Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 08:00

Олимпиада алдындағы жауапты сын

1

Шымкент қаласы кейінгі жылдары қысқы спорттағы табыстарымен ел назарын өзіне аударып келеді. Бұған қала спортшыларының халықаралық ареналарда, соның ішінде әлемдік деңгейдегі бәсекелерде Қазақстан атынан сәтті өнер көрсетіп жүргені дәлел бола алады. Жақында Шымкенттің бес бірдей спортшысы фристайлдан әлем кубогы кезеңіне қатысу үшін Финляндияға аттанды.

2025 жылы 6-8 желтоқсан аралығында Финляндияның әйгілі Рука тау-шаңғы курортында фристайлдан (акробатика мен могул) әлем кубогының кезекті кезеңі өтеді.

Бұл жарыс – 2026 жылы Италияның Милан-Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына іріктеу жолындағы шешуші сатылардың бірі. Осындай жауапты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі тірегіне айналған шымкенттік спортшылар ел үмітін арқалап отыр.

Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан атынан сынға түсетін бес спортшы Шымкент қаласынан. Олар осы қаладағы спорт мектебінің түлектері.

Ұланбәкір Өмірзақов – Қысқы Азия ойындарының қатысушысы, ұлттық құраманың белді мүшесі;

Дінмұхаммед Райымқұлов – жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, елдегі ең үздік спортшылардың бірі;

Асан Асылхан – Қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері, могул бағдарламасында жоғары нәтижелерімен танымал;

Шерзод Хаширбаев – Қысқы Азия ойындарының жеңімпазы, елдегі көшбасшы фристайлшылардың бірі;

Ардана Маханова – Қысқы Азия ойындарының күміс жүлдегері, қыздар құрамасындағы көшбасшыларының бірі.

Спортшыларды тәжірибелі бапкер, фристайлдан Қазақстанға белгілі маман Іңкәрбек Бағлан жаттықтырады. Бапкердің жүйелі еңбегі мен дұрыс жоспарланған дайындық бағдарламасының арқасында шымкенттік спортшылар халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп келеді.

Финляндиядағы әлем кубогы кезеңі қатардағы жарыс емес, спортшылар Олимпиада жолдамасына тікелей әсер ететін рейтингтік ұпайға ие болады. Әрбір жиналған ұпай Милан-Кортина Олимпиадасының лицензиялық қорына қосылады. Сондықтан бұл жарыстың жауапкершілігі аса жоғары.

Мамандардың айтуынша, дәл осындай додада тәжірибе мен психологиялық дайындық шешуші рөл атқарады. Бұл тұрғыда шымкенттік спортшылардың артықшылығы бар: олар бұған дейін Азия ойындары, әлем чемпионаттары мен халықаралық турнирлерде талай мәрте сыннан өткен.

Көпшілік Шымкентті жылы өңір деп қабылдайтыны рас. Алайда кейінгі жылдары қалада қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның арқасында фристайл, шаңғы акробатикасы сияқты күрделі спорт түрлерінде шымкенттік спортшылар тұрақты түрде жүлде алып жүр.

Шымкент қаласындағы спорт мектептері мен олимпиадалық резерв дайындайтын орталықтарда заманауи әдістемелер енгізіліп, жастарды ерте жастан кәсіби спортқа баулу жолға қойылған. Соның арқасында Шымкент бүгінде Қазақстандағы қысқы спорттың маңызды орталықтарының біріне айналып отыр.

Айта кетейік, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қысқы Олимпиада ойындарына фристайлдан үздіксіз қатысып келеді. Бұл спорт түрі еліміздегі басты қысқы олимпиадалық бағыттардың қатарында. Осы жолда Шымкент қаласының қосқан үлесі жыл санап артып келеді десек, қателеспейміз. Өйткені ұлттық құрама сапындағы шымкенттік спортшылар өте жақсы өнер көрсетіп жүр.

Финляндиядағы әлем кубогы кезеңі шымкенттік спортшылар үшін жаңа белес болмақ. Олимпиада алдындағы бұл сын шымкенттік фристайлшылардың мүмкіндігін тағы бір мәрте дәлелдеп, қала спорты тарихындағы жарқын беттерге жол ашады деген болжам бар.

Қуан Өмірхан 

Тегтер: