Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:38, 06 Тамыз 2024

Олимпиада жаңалықтары

Олимпиада Париж
Фото: Финам.AI

Жаңа чемпиондар додасы

Жаңа чемпиондар додасы

Париж олимпиадасы жүлде жағынан ең ауқымды додаға айналды.

Әйелдер арасында 100 метрге жүгіру бағдарламасында ямайкалық желаяқтардың 2008 жылдан бері жалғасқан үстемдігіне нүкте қойылды. Осы елдің даңқты спринтері Шел-Энн Фрейзер-Прайс іріктеу кезеңі басталар сәтте алаңға жалпыға ортақ талаппен емес, жеке келемін деп кешірек кірді. Соның салдарынан ба, әлде шынында да аяғын жарақаттап алды ма, Шел-Энн жартылай финалда сынға түсе алған жоқ. Оның жоқтығы америкалық Шакарри Ричардсонға пайда бола ма деп күткен едік. Алайда жартылай финалда да, финалда да сент-лусиялық Юльен Альфред есімді желаяқ қыз мәреге бірінші жетіп (10,02 секунд), олимпиада чемпионы атанды.

Ол – Сент-Лусия тарихындағы алғашқы олимпиада чемпионы. Оны айтасыз, 176 мың тұрғыны бар осы арал спортшылар арасында жалпы олимпиадалардың алғашқы жүлдесін де Альфред жеңіп алып отыр.

Үш секіру бағдарламасында да тарих жаңарды. Кезінде Ольга Рыпакова атой салған сында доминикалық жеңіл атлет Теа Лафон олимпиада чемпионы атанды. Ол 15,02 метрге секіріп, күміс жүлдегер Шаниека Риккетстен (Ямайка) 15 см озып кетті. Лафон да – Доминика тарихындағы алғашқы олимпиада жүлдегері және олимпиада чемпионы.

Ал 17 жастағы спорттық гимнаст Кайли Немурдің (Алжир) өмірі керемет фильмге негіз бола алады. Ол Францияда туды, осы елдің жастар құрамасында өнер көрсетті. Бірақ ауыр жарақат алып, құрамадан шығып қалды. Кейін жазылып қатарға қосылса да, Франция құрамасы оны қажет еткен жоқ.

Кайли оң шешім қабылдап, әкесі туған Алжир елінің атынан сынға түсуге бел буды. Париж олимпиадасына жолдаманы ол соңғы сәттерде ғана иелене алды. Ал олимпиада төрінде екі деңгейлі керме бағдарламасында мүлтіксіз өнер көрсетіп, төрешілерден ең жоғары ұпай алды. Техникалық шеберлігінің кемелдігі сонша, Кайли бағдарламаны көзді-ашып жұмғанша еш қателіксіз аяқтап шықты.

Осылайша, Кайли спорттық гимнастикадан олимпиада чемпионы атанған алғашқы африкалық спортшы болып отыр.

Париж шынында да әлем астанасы екенін осылай дәлелдеді.

Оралбай мен Қызайбай – асыл үміттеріміз

Бокстан қазақ спортшылары олимпиада сайын қомақты жүлде әкелетін еді. Сол алтын бұлақтың көзі Токио олимпиадасында сарқылғандай алаңдағанымыз да рас. Үш жыл бұрын екі боксшымыз қола жүлдемен қайтты.

Ал Париж шаршы алаңы да қазақ боксшыларына қаталдық танытты. Махмұд Сабырхан испаниялық Хосе Кильеске 1:4 есебімен есе жіберді. Асланбек Шымбергенов (71 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі), Айбек Оралбай (92 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), ақыр соңында Сәкен Бибосынов (51 келі) қарсыластарынан 2:3 есебімен жеңілді. Жарыс жолында жалғыз Нұрбек Оралбай қалды. Ол ширек финалда әзербайжандық Мұрат Аллаһбердиевті 5:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда доминикандық Кристиан Пиналесті тізе бүктірді. Бұл жолғы 3:2 есебі енді біздің пайдамызға жазылды. Финалда Нұрбек украиналық Олександр Хижнякпен қолғап түйістіреді. Хижняк екінші рет олимпиада финалына жолдама алып отыр. Екі мықты арасындағы жекпе-жек 6 тамыздан 7 тамызға қараған түні 00:18 шамасында өтеді.

Әзірше тағы үш салмақ дәрежесіндегі финалистер анықталды:

51 келі. Біләл Беннама (Франция) – Хасанбай Досматов (Өзбекстан)

63,5 келі. Софиан Умиа (Франция) – Ерисланди Альварес (Куба)

92 келі. Лорен Альфонсо (Әзербайжан) – Ләзизбек Моллажанов (Өзбекстан)

Әйелдер арасында Назым Қызайбай (50 келі) жартылай финалдық кездесуін қытайлық Ву Юнге қарсы 7 тамыз күні Астана уақытымен түнгі 01:02 шамасында өткізеді.

Мергендер қуанта алмады

(Олимпиада нәтижелері)

Жеңіл атлетика. 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру бағдарламасына қазақстандық екі спортшы қатысып, біреуі финалға жолдама иеленді. Дейзи Жепкемей 9:24.69 нәтижесімен қалың топ арасында қалса, Нора Джеруто бесінші нәтижемен финалға шықты (9:16.46). Ол 7 тамыз күні түнгі 1 шамасында медаль сынына қатысады.

Ту ұстаушы Ольга Сафронова 200 метрге жүгіру бағдарламасында өз тобында 7-нәтиже көрсетті (23,58 сек). Ол кіші жартылай финалға қатысып, финал жолдамасы үшін таласу мүмкіндігін иеленді.

110 метрге кедергілермен жүгіруші Давид Ефремов іріктеу кезеңінде 13,88 секунд уақытпен орташа көрсеткіш көрсетті. Ол жартылай финалға шыға алған жоқ.

Стенд ату. Әсем Орынбай скит бағдарламасының қорытындысында 116 ұпай жинап, Париж олимпиадасын 18-орынмен аяқтады. Ол да іріктеуден аса алмады. Эдуард Ещенко жинаған 115 ұпай да финалға шығуға жол ашқан жоқ.

Мылтық ату. Мерген Никита Чирюкин (10 метрден тапаншамен ату) 583 ұпаймен финал жолдамасынан тыс қалды.

Спорттық гимнастика. Милад Карими еркін жаттығуда 14,500 ұпай жинап, олимпиаданы бесінші орынмен аяқтады.

Велоспорт. Ерлер арасындағы топтық сында Евгений Луценко жеңімпаздан 7:23 минут артта қалып, жарысты үздік елу спортшыдан кейін аяқтады. Евгений Федоров мәреге жете алған жоқ.

Теннис. Даңқты Новак Джокович Париж олимпиадасының финалында испаниялық Карлос Алькарасты 7:6, 7:6 есебімен жеңді. Сөйтіп, жеке сында алғаш рет олимпиада чемпионы атанды. Джокович теннистен ең мәртебелі сындардың барлығында жеңіске жеткен алғашқы спортшы атанып отыр. Оның еншісінде 24 «Алтын Дулыға», 40 «Мастерс», 1 Дэвис кубогы, 7 қорытынды турнир жүлделері бар.

Есей Жеңісұлы