Өлкетанушы Қараша Қараман: Ғани ғұмыры – тарихтың айтулы бір парағы

Кешегі Кеңес заманында жастардың басын біріктірген бірден-бір ұйым – Қазақстан Комсомолы жастар одағы болғаны рас.
Және де оның бастауында өткен ғасырдың 20-жылдары сол кездегі Орта Азия мемлекеттерінің рухани астанасы Ташкентте ТКЖО-ны құрған Ғани Мұратбаевтың тұрғаны да дау тудырмаса керек. Иә, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қоғам тұтастай жаңа заман ағымына сай құндылықтарға бет бұрған кезде бұл ұйым келмеске кетті. Бірақ аталмыш ұйымның өз уақытында жастарды білім мен ғылымға ұмтылдырып, саналарына сілкініс тудыру бағытындағы рөлі айрықша болғанын тарих әсте жоққа шығара алмайды. Анығында, Қазақстан комсомолы тарихының қозғаушы күші де, бетке ұстар мақтанышы да биыл туғанына 120 жыл толған Ғани Мұратбаевтың өзі. Біз осыған орай жалт еткен жасын ғұмыр иесінің атқарған еңбегі мен өмір жолына тағы бір рет үңілу мақсатында – біраз жылдардан бері ол туралы қалам тербеп жүрген, белгілі журналист-публицист, өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының Алматы облыстық бөлімшесі тағайындаған К. Тоқаев атындағы сыйлықтың иегері Қараша Қараманды сұхбатқа шақырдық.
– Аға, өзіңіз білесіз, Ғани туралы бұған дейін де зерттеуші Сейілхан Асқаровтан бастап, біраз журналистер қалам тербеді. Бір қарағанда, ол жайлы тың деректер әлдеқашан баспа бетін көрді. Ал сіздің ғанитануға бетбұруыңызға не себеп болды?
– Ғанитануға бірден келдім десем, артық айтқандық болар. Менің бұл тақырыпқа қызығушылығым журналистік қызметке кірісіп, оңды-солымды таныған кезімде басталды. Сөз басында айтқанымдай, өзім сол топырақтан болғандықтан, Ғанидың өмірін зерттеген жазушы С. Асқаровтан бастап, тағы басқалардың еңбектерін оқығаннан кейін қызығушылық туды. Сол заманда өмір сүрген адамдардың шет-жағасын көрдім. Ғанимен қатарлас Ырыстығұл деген қария болды. Бертінде 90-жылдардың ортасында 100-ге келіп қайтыс болды. Мен сол Ырыстығұл ақсақалмен кездесіп, әңгімелескенмін. Кезінде журналист Б. Омарұлы да осы Ырыстығұл ақсақалмен сұхбаттасып, «Жас Алаш» газетіне «Ғани – ғұмыр» деген мақала берген. Одан кейін Ғанидың әкесімен қызметтес болған, Мұратбаев ауылында тұратын Нұржан деген атамызды да көрдім. Онымен де жүздестім. Ғанидың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында жастар газетінде Қали інімізден бастап, басқа да тілшілер тау тұлғаға қатысты тұщымды мақалаларды жариялады. Мен де одан шет қалған жоқпын.
– Десек те, тәуелсіздік алған 30-жылдың ішінде қоғамдық формация мен саяси көзқарас-қатынастардың өзгеруіне орай 20-жылдардағы Ә. Жангелдин, Т. Бокин секілді қайраткерлерге басқаша баға беріле бастағанындай, Ғ. Мұратбаевты да «Кеңес заманындағы қызыл комсомол, партияның қолшоқпары» деген пікірлерді де естіп жүрміз. Бұған не дейсіз?
– Иә, еліміз егемендік алғаннан бері тұтастай қоғамдық сананың өзгергені рас. Содан да болар, өткен ғасырдағы бірқатар революцияшыл тұлғаларға басқаша баға беріліп жатқаны да жасырын емес. Қазір кейбіреулердің пікірінше, «Ғани кызыл комсомол, барып кел, шауып келмен жүрген Кеңес заманындағы партияның қолшоқпары» деген үстірт ойлар бар. Ал шындап келгенде, біз бұл кісінің табиғатына терең үңілсек, оның Қазақстан мен Орта Азия жастарының басын біріктірудегі, оларды білім мен өнерге тартудағы атқарған еңбегі өте зор. Мен оны жерлесім болғаннан кейін мақтап отырған жоқпын. Отыз жылдың бедерінде ол жайлы жазылған дүниелерді оқып, архивтегі құжаттар мен музейдегі жәдігерлермен танысып, оның жан-жақты адам болғанына көзім жеткеннен кейін айтып отырмын. Басты сауал – Ғани мұндай деңгейге қалай көтерілді? Оның әкесі төрт жасында қайтыс болып, жетім қалғаны рас. Бірақ анасы Бәтиманың арқасында ол қиналмай ержетті. Бір деректерде: «Ғани жетім өскен, жарлының баласы. Шешесі қаладағы бір байдың еденін жуып, асыраған» деп айтылады. Бұл жерде бұрмалаушылық бар, өйткені Мұратбай Қалыңбас болысында екі рет болыс болып сайланған. Құжет деген ақсақалдан тарайды. Мұратбайдың қасында Орысбай сынды ықпалды адамдар болған және де ол заманда қазақ жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған ғой. Ол заман 20-ғасырдың басы. Ол кезде Қазалы Түркістан өлкесіне қарасты, қарамағында Арал, Қармақшы аудандары мен Жалағаш ауылы бар уез орталығы болды. Сол кездерде қаншама отаршылық заман болғанмен, орыстар білімге алып келгенін, орыс тілінің ықпалы басым болғанын жоққа шығара алмаймыз. Өзі де қара жаяу емес Мұратбай Ғанидың тек ауыл молдасынан ғана дәріс алмай, орысша да білім алғанын қалады. Оны сол жердегі «Русская туземная школа» деп аталатын мектепке оқуға берді. Сыр бойындағы атақты шайыр Ерімбет бұл кісіге құда болып келеді. Сол атамыз өзінің баласы Құлахметпен қатар Ғанидың да осы мектепте білім алуына түрткі болды. Қазақ тілін әуелден жақсы білетін, бойында ата-бабасынан дарыған тек бар Ғани осы мектепте орысша білім алды. Оның білімдарлығы сондай, бір деректерде сол кезде орыстың дінін тықпалап, мектепке поптар келіп дәріс жүргізген кезде, оның үнемі «Бізге неге таза білім бермейсіздер?», – деп қарсылық білдіргені айтылады. Көңілді көншітерлігі, ондай сәттерде Ресейден келген зиялы қауым өкілдері оны үнемі жақтап, қолдап отырған. Болашақ жастар жетекшісі математика, қоғамтану секілді пәндерді өте жетік меңгерген. Осы мектепте 1911-14 жылдары білім алғаннан кейін, ол екі сатылы орыс училищесінде оқып, одан кейін Ташкенттегі мұғалімдер дайындайтын қазақ-қырғыз училищесінде білімін жалғастырады. Осы жерде комсомол қатарына өтіп, 1919 жылы Ташкенттегі Финклинштейін атындағы мектепті бітіреді. Сол кезден бастап, ол бойындағы ұйымдастырушылық қабілетімен таныла бастайды. Осылайша көзге түскен ол, Ташкентте сол кездегі Түркістан атқару комитетінің республикасы құрылғанда оның жастар қанатына басшылық жасап, жанына өзі секілді мықты жігіттерді тартады. Бұнымен қатар Ғани жастардың қамқоршысы бола білген. 19-жылдардағы қызылдар мен ақтардың шайқасынан кейінгі ашарылық жайлаған қиын кезеңде білім іздеп, Ташкентке келіп, қиналып жүрген Жүсіпбек Арыстанов, Бейсембай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Нұртас Оңдасынов секілді панасыз қазақ жастарын Ғани жалғыз өзі емес, өзі секілді ниеттес адамдар арқылы интернатқа орналастырып, мектептен кейінгі үшінші деңгейлі «КУТБ» «Күншығыс еңбекшілерінің коммунистік университетінің» дайындық курсында білім алуларына жағдай жасаған. Олар аяқтарына тұрғаннан кейін комсомол жастар ұйымы атынан өзі жолдама беріп, Мәскеуге оқуға жіберген. Бұған қоса Қазақстанның халық артисі, Қазақконцертте әнші болған Үрия Тұрлықұлованың да Мәскеуде оқуына жағдай жасаған.
– Ғани есімін ғасырларға жалғайтын алтын көпір – өзі ұйымдастырып, тұңғыш редакторы болған «Жас Алаш» газеті. Кейбір жазбаларда оның сауатты аудармашы, әжептәуір әнші болғаны да айтылады. Айтулы тұлғаның сол қырларына тоқталып өтсеңіз?
– Ғанидың қазақ жастарына мінбер болатын үнпарақ ашып, оның тұңғыш редакторы болғаны белгілі. Оның қасында жауапты хатшы болған ақын І. Жансүгіровтің соған қатысты бір естелігінде: «Әлі ұмытпаймын газеттің бетін тізіп, енді баспаға жібергелі тұрғанда Ғани келіп: «Бұған бір ұран жіберелік. Тұңғыш жастар газетінің ұранын осы газеттен бастап жариялайық», – деп еді. Сондағы Ғанидың газеттің алдына қойған ұраны, міне, Заманға қожа болу, тұрмысқа тұтқа болудың кілті – бірігіп, ұйымдасуда! Ояныңдар, ұйымдасыңдар, езілген Күншығыс жастары! Ол өзі де мақала жазған. Өзінің «Жетісу мәселесі Һәм қазақ-қырғыз мәселесі», «Жастардың міндеттері» сынды мақалаларында сол замандағы күн тәртібіндегі мәселелерді көтерді. Оның қалам қуаты туралы журналист Әміржан Қосанов 2002 жылы «Жас Алаш» газетіндегі мақаласында арнайы тоқталып, болашақта Ғанидың журналистігін ғылыми айналымға енгізу қажет деген ой тастайды. Естеліктерді оқып отырсақ, ол пленум, конференция, съездерде баяндаманың тезисін өзі жасап, қалғанын сөзбен жеткізеді екен. Демек, бойында ораторлық қабілеті бар. Бұл кісінің білімдарлығы сондай, өзіміз бүгінде жоққа шығарып отырған Лениннің жастар съезінде жасаған «Жастар міндеттері туралы» деген баяндамасын орысшадан қазақшаға аударып, Қазақстан басылымдарында жариялаған. Орыс классиктерінің шығармаларын да түгел оқыған. Тіпті экономикалық әрі саяси білімді қажет ететін, екінің бірінің оң жамбасына келе бермейтін К. Маркстың «Капиталын» қазақшаға аудармақ болған. Бірақ оған ғұмыры жетпеді. Бұнымен қатар оның өнерге де жақындығы бар. Бірде Ғани комсомолдардың Орынбордағы бір жиналысына барғанда Затаевичті кездестіреді. Сол жерде музыка зерттеушісі Ғанидан екі әнді жазып алады. Кейін Затаевич сол әндерді нотаға түсіріп, «Қазақтың 1000 әні» кітабына енгізген. Оның біреуі «Сәулем-ай, екіншісі «Дудар-ай» екенін кейін Аян Нысаналин де атап көрсетті. Ғанидың лингвистикалық қабілеті де жоғары болғанға ұқсайды. Кезінде онымен бірге жүрген ВЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы Александр Мильчаков бір естелігінде: «Мәскеуде «КИМ-нің» құрамында жүргенде бізге шет тілін оқыта бастады. Арамыздағы Ғани неміс, ағылшын тілдеріне ден қойды. Оның тілді меңгеру қабілеті керемет еді» дейді. Ғани секілділерден астыртын бір агент жасағылары келді ме екен, сол кезде қабілетті қайраткерлерді Мәскеу сүзгіден өткізіп отырған ғой. Олай дейтінім – онымен небәрі 1,5 жарым жыл ғана отасқан Бақытжан апамыздың: «Бір жолы Ғани маған бізді болашақта Жапонияға елшілікке қызметке жібере ме екен, тілдерді үйретіп жатыр. Сондай бір ой бар. Көреміз» деп айтып еді дегені бар естелігінде.
– Ғ. Мұратбаев есімі 50-жылдарға дейін тасада қалғаны жасырын емес. Кейбір зерттеушілер мұны сол кездегі Кремльдегі саясат пен бірге шовинистік көзқарастармен де байланыстырады. Бұл қаншалықты рас?
– Ол кездегі Кеңестік идеологияның ықпалына орай, әсіресе Орта Азиядан шыққан ондай тұлғалардың өлшеусіз еңбегі үнемі тасада қала берді. Бұл бір орталықтан басқару мен сол кездегі Кремльдегілердің «далада өскен қазақтың қолынан мал бағудан басқа не келеді?» деген шовинистік көзқарастарынан туындаған арам пиғыл екені сөзсіз. Иә, заманның құбылмалылығына орай Ғанидың есімі 50-жылдарға дейін ұмытылып қалғаны рас. Ел есін жиғаннан кейін қазақ қауымы оны іздей бастады. Ж. Арыстанов, Қызылорда облысындағы Ы. Қалиев, Ө. Жәнібековтердің мұрындық болуымен 1960 жылдардың соңында Шымкентте Ғаниға ескерткіш орнатылды. Қиындықпен тұрғызылған бұл ескерткіш туралы кезінде Қ. Тұрсынқұлов «Ғани ескерткішінің хикаясы» деп жазды да. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «ЖА-тың» Қали бастаған журналистері газетте Ғанитануға қатысты мәселені көтерді. Өзі де кезінде Мәскеуде оқыған Ұлықбек Есдәулет «Ғани мүрдесін елге әкелсек» деген бастама көтерді. Тек Ғаниды ғана емес, М. Шоқайдан бастап, басқа да жырақтағы арыстарымызды туған топыраққа қайтару мәселесін кезінде Ақселеу ағамыз да сан рет жазған. Бертінде Иманғали Тасмағамбетов бастаған Қазақстан комсомолының бір топ қайраткерлері Мәскеуге арнайы барып, Ғани есімін жаңғырту жұмыстарына белсене атсалысты. Ғани ғұмыры – тарихтың айтулы бір парағы. Ұрпақ сабақтастығы туралы айтқанда, Ғанидың басшылығымен жастар ұйымының өнегелі ісін бертінде жалғастырған Ө. Жәнібеков, Қ. Тұрсынқұлов, Қ. Сұлтанов, С. Әбдірахманов, И. Тасмағамбетов, У. Қалижан, Қ. Көшербаев, Ә. Қосановтардың есімін айрықша атауға болады. Мұратбаев есімін Мәскеулік әріптестері мен қайраткерлер де бек қастерлеген. Солардың қатарына Н. Подвойский, ВЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы А. Мильчаков, Н. Чаплин, В. Колчин, Матусов, Д. Бендюков, Н. Фокин, тіпті ВЛКСМ Орталық комитетін басқарған Физельниковтың өзі Ғанидың Мәскеудегі зиратына көңіл бөлуге, ол кісінің шығармаларын сол жақта насихаттауға мұрындық болған.
– Бүгінде Ғани есімін ұлықтайтын бір нысан – Қазалыдағы мұражай. Қазіргі кезде аталмыш музей қандай жаңа жәдігерлермен толықты? Ғани өмірінің «тың парағы» деп тағы нені атар едіңіз?
– Бұл музей жәдігерлермен негізінен оның 100, 110-жылдық мерейтойлары аясында толықты. Онда Ғанидың өзі тұтынған заттар жоқ. Керісінше, ол өмір сүрген ортаға қатысты заттар. Мысалы, қызмет үстелі, телефон, сол кездегі киім үлгілері мен тұрмыстық заттар қойылған. Тіпті бір адам сол заманның тұрмыстық салтынан хабар беретін, қолдан тоқылған кілем сыйлапты дегенді де естідік. Бүгінде мұражайда көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, туған күніне орай үнемі конференция, жиындар өтеді. Ғанидың өз заттарының сақталмауының себебі, ол қызмет бабымен бірде Ташкентте, бірде Мәскеуде тұрды. Бақытжан апамыз оған тұрмысқа шыққаннан кейін, екеуі Мәскеуде жатақхананың бір бөлмесінде тұрған. Үлкендердің айтуынша, Ғани қайтыс боларынан бұрын жарын Жұмағали деген жанында жүрген жерлес інісіне аманаттаған. 18-жасында жесір қалған Бақытжан апамыз сол Жұмағалиға тұрмысқа шығып, қыздары дүниеге келді. Қызынан туған бір жиені Серік Ғаниұлы Мұратбаев болып, ағамыздың тегін қабылдаған.
– Оның Ваганьковтағы зираты да біраз жылдар қараусыз қалғанын білеміз. Бүгінде оны қарап-күтіп отырған Мәскеудегі қазақ диаспорасы дегенді естідік...
– Ғани қайтыс болғанда оны 20 мыңнан астам Мәскеу жұртшылығы ақтық сапарға шығарып салғандығы, Балтық флотының 200 теңізшісінің қаралы жиында құрметті күзетте тұрғандығы, Ваганьков зиратына жерленгендігі туралы талай жазылды. Бірақ екі ортада алағай-бұлағай заман өтті ғой. Ары қарай саяси қуғын, соғыс басталды. Содан да болар, оның қабірінің де біраз қараусыз қалғаны рас. Дегенмен бүгінде Мәскеуде тұратын қазақ ағайындар оның қабірін күтіп-қарап отырғаны көңілді марқайтады. Жақында Қазалы мұражайының директоры Р. Асанованың фейсбук парақшасынан Мәскеуде тұратын Байсақаловтар отбасы бастаған қандастардың Ғани зиратының темір қоршауын сырлап, ескерткішін жуып, жан-жағын тазалап, сенбілік ұйымдастырғаны түсірілген бейнетаспаны көріп, қуанып қалдым.
– Айтулы тұлғаның биылғы 120 жылдық мерейтойында, оның есімін ұлықтау мақсатында қандай шаралар атқарылуы тиіс деп ойлайсыз?
– Оның 100, 110 жылдық мерейтойлары аталып өтілген шараларға бастан-аяқ қатыстым. Әлі есімде, сол кездегі Қызылорда облысының әкімі С. Нұрғисаевтың басшылығымен, бұрынғы министр М. Құл-Мұхаммед, Ғанидың ізбасары И. Тасмағамбетовтердің қолдауымен 2002 жылы Ғ. Мұратбаевтың ғасырлық мерейтойы кең ауқымда аталып өтті. Елордадан делегация келіп, мерейтой иесінің ғұмырнамалық кітапшасы жарық көріп, іс-шаралар Қазалыға дейін жалғасты. Одан кейін 110 жылдығы да сол кездегі облыс әкімі Қуандықовтың ұйытқы болуымен жоғары деңгейде өтті. Конференция болып, Қазақстан комсомолы ұйымында қызмет еткен Қ. Сұлтанов бастаған, жігіттер жақсы әсер қалдырды. Соның арқасында Мұратбаев есімін иеленген ауыл гүлденді. Қазақ бұндайда жақсының шарапаты демей ме?! Кезінде драматург Ш. Құсайынов Ғани туралы «Алғашқы ұшқын» деген пьеса жазса, 90-жылдығы қарсаңында «Біздің Ғани» көркем фильмі түсірілді. Енді, міне, биыл оның 120 жылдық мерейтойы. Бүгінде Қызылорда облысы мен Қазалы ауданы әкімдіктерінің қолдауымен мерейтой иесін еске алу шаралары өткізілуде. Десек те, мұндай шаралар тек аудан, облыс көлемімен шектелмей, республикалық деңгейде өтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір ондай мерейтойларды өткізуге қатысты бір ережелер бар ғой. Ол үкіметтің қаулы-қарарында бар ма, білмеймін. Үкімет тарапынан жоспарға енгізілсе, қаражат бөлініп, Ғани туралы фильм түсірілсе, конференция өткізілсе, «Ғани ізімен» деген атаумен экспедиция ұйымдастырылса құба-құп болар еді.
– Білуімізше, өзіңіз Ғани туралы естелік-кітап шығаруды қолға алыпсыз. Ол жинақта не қамтылмақ?
– Болашақ тарихи-танымдық кітап «Ғани ғұмыр» деп аталады. «Ғанидың қалам қуаты», «Замандастар мен бауырластар лебізі», «Естеліктер мен эсселер» және «Ақындар жырлайды» деген 4-бөлімнен тұрады. 1-бөлімде Ғанидың өмірбаяны, журналистік, аудармашылық қыры сипатталса, 2-бөлімге жастар мен замандастары, қоғам қайраткерлері Н. Төреқұлов, Н. Оңдасынов, С. Қожанов, Ш. Артықбаев, Қ. Әміров, жазушы-журналистер Ж. Арыстанов, С. Есова, әдебиетші-ғалым Б. Кенжебаев, Ә. Қоңыратбаев, ақын І. Жансүгіров, қырғыз жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Аалы Тоқомбаев, жұбайы Бақытжан Құрманбаева және т. б. естеліктері енгізілген. Ал соңғы бөлімдерде Ғ. Мұратбаев туралы эсселер мен ақындардың арнау өлеңдері топтастырылған.
– Әңгімеңізге рақмет!