Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:19, 23 Мамыр 2024

Өлімі халқын қайғыртқан һәм қуантқан Раиси

Раиси
Фото: dzen.ru

Иран жұрты президентИбраһим Раисидің қазасын әртүрлі қабылдады. Қара жамылып қайғырғандары да, бөркін аспанға атып қуанғандар да көп.

19 мамыр күнгі тікұшақ апатын кейбіреулер «аятолла Али Хаменеи режимін шайқайтын оқиға» деп бағалады.

Президент Ибраһим Раисидің өлімі туралы хабарды жарықтан да жылдам әлеуметтік желі, сайттар бірінен-бірі алып қашып, жаһанға жария қылғанда Иранның «рухани көсемі» аятолла Али Хаменеидің X (бұрынғы Twitter) желісіндегі ресми парағында «Иран халқы алаңдамасын. Ел билігі ісінде ешқандай кідіріс болмайды» деген екі сөйлем пайда болды. Адамның қазасына қайғырмай, ең алдымен билігін күйттеген ол араға бір күн салып қана көңіл айтты. Иранның мемлекеттік телеарналары 20 мамырда оқыған мәлімдемеде Хаменеи «Раиси еліне қалтқысыз қызмет етіп жүріп қаза тапты. Ол мемлекет пен ислам дініне еңбегі сіңген адам. Бұл қайғылы оқиғада Иран халқы шын мәніндегі адал қызметшісінен айырылды» деген. Марқұм президенттің мәйіті 23 мамыр, бейсенбі күні жер қойнына тапсырылады.

Иран үшін президент атқарушы биліктің жетекшісі әрі халықаралық қатынастарда елдің атынан келіссөз жүргізетін, түрлі құжаттарға қол қоятын тұлға. Бұл елде шынайы билік иесі – аятолла. Иранның қазіргі «рухани көсемі», рахбар аятолла (аятоллалардың төресі) Али Хаменеи (1979 жылы Иранда болған ислам төңкерісінің жетекшісі Сейіт Хомейнимен шатыстырмаңыз ) 85 жаста. Кәрі, денсаулығы нашар, кейбір ақпарат құралдарының хабарлауынша, ауру әбден меңдеген, сырқаты қалың адам. Сөйте тұра елді 1989 жылдан бері ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отыр. Мемлекеттік биліктің барлық саласы ең алдымен осы аятоллаға бағынады. Кімді қай қызметке қоюды өзі біледі. Тіпті елдегі президент ресми сайлауларда халықтың жәшікке салған бюллетендерінің санымен емес, Хаменеи батасымен «сайланатыны» да өтірік емес. Ол президенттен де жоғары тұратын, классикалық диктатура ұғымын теократияға (шариғат билігі) бағындыра алған діни қайраткер. Сондай-ақ пәтуа шығарып, халықты рухани тұрғыда жөнге салушы көсем әрі пендәуи нәрселерден, дүниелік істерден үнемі биік.

Ибраһим Раиси өлімінің нақты себебі әлі белгісіз. Ата жау Израиль билігі бірден «біздің қатысымыз жоқ» деп мәлімдеме таратып үлгерді. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров тікұшақтың америкалық өнімі екенін меңзеп, санкция кесірінен Иранда ондай ұшақтарды жөндеудің қиындығы кісі өліміне әкелгеніне сілтеп, АҚШ-ты бір шымшып алмаққа тырысты. Бірақ АҚШ мемлекеттік департаменті бұған назар аударған жоқ. «Апат болған күні Иран билігі тікұшақты табуға көмек сұрады, алайда жәрдем бере алмадық» деп қана өте шықты. Апатқа себеп ең бірінші әрі әзірге нанымды нұсқа – қолайсыз күн райы. Раиси 19 мамыр күні шекарада Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, Аракс өзені бойында екі елге де пайдалы делінген су бөгенінің ашыл салтанатына қатысып, Тегеранға қайтып келе жатқан жолда мерт болды. Тау ішінде тұманға кірген кортежіндегі үш тікұшақтың бірі, бірі болғанда да президенттің өзі отырғаны апатқа ұшырап, борттағы сегіз адам түгел жан тапсырған. Раисимен бірге елдің сыртқы істер министрі Хусейн Әмір Абдоллахиян да о дүниеге аттанған.

Иранда Раиси өліміне қайғырған жұртта есеп жоқ. Ол қаза тапқан шығыс Әзербайжан провинциясының орталығы Тебриз қаласында дүйсенбі күні мыңдаған адам көшеге шығып, зар еңіреп, жоқтау айтты. Халықаралық Reuters агенттігі таратқан видеоларда марқұмдардың мәйіті салынған табытты сипап, көз жасын тоқтата алмай еңкілдеген адам аз емес. Қала орталығындағы қаралы шеру бірнеше шақырымға созылған. Алайда BBC агенттігі мұндай көріністі осы қалпында қабылдаудан сақ болуға шақырады. Агенттік сөйлескен сарапшылар кез келген диктаторлық, автократиялық жүйе іспетті Иран билігі де мұндай шерулерге мемлекеттік қызметкерлерді, мұғалімдер мен студенттерді күштеп апаратынын, сол арқылы жалпыхалықтық сипат беруге тырысатынын айтқан.

Иран президентінің қазасына байланысты бірнеше мемлекет өз елінде «қаралы күн» жариялады. Үндістан, Ирак, Түркия, Пәкістан бір күн аза тұтты. Тәжікстан екі күн арнаған. Ал Сирия мен Ливан үш күнді арнады. Халықаралық қарым-қатынас тәртібіне сәйкес, АҚШ президенті Иранға көңіл айтып, жеделхат жолдады. Бірақ Ақ үйдің баспасөз қызметі «Раиси қолы қанға малынған адам» дегенді қосып айтты. Владимир Путин жеделхатында марқұмды «Ресейдің шын досы» деп сипаттады. Дәл осындай сөзді Беларусь басшысы Александр Лукашенко да қолданды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21 мамыр күні Иранның Астанадағы елшілігіне барып көңіл айтып, қолдау білдірді. Тоқаев Раисиді «парасатты басшы» деп атады.

Шетелде жүрген ирандық диссиденттер, Иранның 1979 жылғы «Ислам төңкерісіне» дейінгі өмірін аңсайтын жұрт Раисиден бұрын Хаменеи өлсе деп армандады. Дегенмен Раисидің қазасына да қуанғандар көп. 20 мамырда Ұлыбритания астанасы Лондон мен Германия астанасы Берлинде тегі ирандық жүздеген адам орталық көшелерде президенттің өлімін атап өткен. Германиядағы Иран елшілігінің алдына жиналған топ бірін-бірі құттықтаған. Reuters агенттігіне Мәжит Кәрім есімді жігіт «Иранның демократиялы, еркін ел болуын армандайтын біз үшін бұл жағымды жаңалық. Қуанышым қойныма сыймай тұр. Иранның ішінде де таныстарым, идеялас, пікірлес замандастарым көп. Олар да қазір қатты қуанып отыр» деген. Оның жанында тұрған Жавад атты адамның сөзінше, «бұл оқиға Иранның еркіндігін аңсаған жұртты рухтандыра түседі және қазіргі диктатураға қарсылықты күшейтеді. Себебі кәрі Хаменеиге Раисидің өлімі ауыр соққы әрі ол үшін орны толмас қаза». Ұлыбританияның The Guardian басылымы Тегеранның бірнеше тұрғынымен сөйлескен. Олар қала орталығында азалы жиынға барғандардың көп екенін, бірақ «қаралы күнге» қарамастан дүкен-кафелерін жаппаған, президенттің өліміне қайғырмаған адамдардың да аз емесін айтқан. Аты-жөнін атамаған тұрғындардың кейбірі Раисиді қанішер, зорлықшыл жүйенің жендеті деп білетіндерін жеткізген.

Раиси – рахбар аятолла Хаменеидің сенімді серіктерінің бірі. BBC агенттігінің жазуынша, Хаменеи оны өзінен кейінгі аятолла дәрежесіне лайық көрген. Ізбасары есебінде билік сатысынан біртіндеп көтеріп келе жатқан. 2021 жылы президент болып сайланған Раиси оған дейін жоғарғы сот төрағасы қызметінде отырған. Оның алдында қадағалаушы орган, яғни прокуратураны басқарған. Қарсыластары Раисиді 1979 жылғы «Ислам төңкерісінен» соң қамалған 30 мың саяси тұтқынның өлім жазасына кесілуіне бірден-бір кінәлі әрі соңғы үкімді шығарған аятолланың «құлақкесті құлы» деп атайды. Ол процесс Иранда 1988 жылы басталып, бір жылдан соң аяқталған. Сонда Раиси «өлім комиссиясы» деп аталған төрт судьяның бірі болған. Бірақ Раиси көзі тірісінде бұл айыптауды ешқашан мойындаған емес. «Радио свобода» сайты сөйлескен шығыстанушы әрі саясаттанушы Никита Смагин де Раиси әуел баста аятолланың мұрагері іспетті көрінгенін жоққа шығармайды. Алайда оның сөзінше, Раиси президент лауазымына келген соң ахуал өзгерген. Сайлауалды уәделерінің орындалмауына байланысты оған іштен де, сырттан да сын көп айтылған. Ол президенттікке келгелі елді қымбатшылық жайлап, кедейлік дендеген және инфляция 40 пайыз өскен. Үгіт-насихат кезінде халықты арзан баспанамен қамту жөніндегі уәделері де жайында қалған. Әсіресе 2022 жылдың күзінде хиджаб кимеген қыздың өлімінен соң тұтас елді қамтыған бірнеше ай наразылық Раисидің жағдайды толық бақылауда ұстай алатын басшы екеніне күмән тудырған. Бұл күмән билік тармақтарының арасында да кең тарап, аятолла Хаменеи айналасында өзге мұрагер іздеу операциясы басталып кеткен. Осындай уәжді алға тартқан батыс сарапшылары Раисидің өлімінен соң билікке талас күшейіп, түрлі наразылық жиындары көбейеді, бірақ оның бәрі Иранның қазіргі режимін шайқалтатындай әсері болмайды дейтін қорытындыға келеді.

Президент Ибраһим Раисидің қазасына байланысты ресми түрде бес күнді «қаралы күн» етіп белгілесе де Иран үкіметі әлемге оқиғадан соң жылдам ес жиғандай түр көрсетті. Әмірі күшті аятолла оның орнын жоқтатқан жоқ. Тізгінді вице-президент Мұхаммед Мохберге ұстатты. Иран конституциясына сәйкес, Мохбер келесі сайлау өткенше президент лауазымында отырады. Мохбер де мұндай оқиғаға алдын ала дайын жүрген іспетті, президент міндетіне кірісе сала: «Бұл бәріміздің көңілімізді түсірген, қабырғамызды қайыстырған қайғылы оқиға. Бірақ біздің ұлттың, халқымыздың мүддесі барлығынан жоғары тұруға тиіс. Мемлекет қазіргі биліктің бастауымен алға жылжи береді. Мына жағдайға қарамастан, бәріміз өз қызметімізді атқаруға міндеттіміз», – деді.

Иран аятолласы мен оның айналасы енді келесі президенттің кім болатынына бас қатыруға мәжбүр. Кезектен тыс президент сайлауы 28 маусымға белгіленді. Қаралы күн бітпей, марқұм президенттің денесі жерге көмілмей жатып кандидаттардың алға суырылып шықпайтыны түсінікті. Дегенмен сарай маңында түрлі интрига, әрқилы алыпқашпа әңгіменің басталып кеткеніне де күмән жоқ. Bloomberg, CNN, The Guardian сынды батыс баспасөзі әзірше екі адамды атайды. Оның бірі – мәжіліс төрағасы Мұхамед-Багер Ғалибаф. Ол бұған дейін де президент сайлауына қатысқан, бұл лауазымнан үміті барын көрсеткен, тәжірибелі саясаткер. Ал екінші адам – қазіргі аятолланың ұлы Мотжтаба Хаменеи. Ол бұған дейін көбіне әскери блокта жүріп, көзге көп түспеген, үнемі тасада келе жатқан адам. Бірақ диктатуралық режимнің қауіпсіздігі үшін қартайған, мемлекеттік істерді жүргізуден қалып бара жатқан аятоллаға өз баласынан артық сенімді кісі табылмайтынын да ескерген жөн.

Айгүл Баба