Өлмейтұғын артында сөз қалдырған...

(Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері Қажығали Мұханбетқалиұлының 80 жылдығына орай)
Ешбір пендеге опа бермеген бұл жалған дүниеден бұйырған дәм-тұзы таусылып, осыдан тура екі жыл бұрын бақилық болған қазақтың белгілі сөз зергері Қажығали Мұханбетқалиұлын еске алғанда ұлы Абайдың жоғарыдағы асыл сөздері ойымызға орала кетті.
«Артында өлмейтұғын сөз қалдырған» аса талантты жазушы сонау Ақтөбе облысы Байғанин ауданының бір түкпірінде орын тепкен кіп-кішкентай Қызылбұлақ елді мекенінде, зұлмат соғыс барынша өршіп тұрған 1942 жылдың 8 желтоқсанында дүниеге келіп, жиырма үш жасында Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін үздік бітіріп, алпыс жылға таяу әдебиет пен өнер үшін ерекше сүйіспеншілікпен барынша адал еңбек етті. Әдебиеттегі сәтті жолын сыршыл әңгімелер мен хикаяттар жазудан бастаған Қажығали Мұханбетқалиұлы сол кездегі әдебиетсүйер қауым арасында жастайынан танымал болды, ал кейінірек басқа жанрларға да еркін қалам тербеді. Солайша көз майын таусып жазған сан қырлы шығармаларын өткен ғасырдың екінші жартысында қалың оқырман сүйіп оқыды, сүйсінді, сондықтан да оны нағыз суреткерге тән бақыты мен бағын әдебиет әлемінен тапты десек, ешбір қателеспейміз.
Өткенге көз жүгіртсек, талантына әлем тамсанған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің есімі әйгілі «Абай жолы» эпопеясымен ел есінде мәңгілік қалған екен. Онымен тұстас өнегелі өмір сүрген Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндер де қоғам дамуының сұранысын тап басып, шоқтығы биік романдарымен әдебиет көшін алға жетелеген данагөй жазушыларымыз болатын. Алыптардың ізін жалғастырғандардың алдынғы сапында халқының ащы тағдырына үш томдық «Қан мен терді» арнаған Әбдіжәміл Нұрпейісов, тарихи шығармалары тұтас дәуірлерді қамтыған Ілияс Есенберлин сынды ағаларымыз тұрса, ал одан беріректегі роман жанрына қалам тербегендердің ерекшеленгендері – Ақан серіні алты Алашқа айшықтаған Сәкен Жүнісов, Әбілқайыр ханның жоқшысы Әбіш Кекілбаев, қазақтың біртуар тұлғаларын шыңға шығарған Мұхтар Мағауин, көшпенді халқының хикметті көшін шығармаларына арқау еткен Қабдеш Жұмаділов және біздің бүгінгі шолуымыздың кейіпкері, соңғы дәуірдің тартымды романы «Тар кезеңді» жазып, Мемлекеттік сыйлық алған Қажығали Мұханбетқалиұлы болатын. Сонау 2002 жылдың өзінде туған өлкесіндегі белді басылым «Ақтөбе» газетіне берген сұхбатында журналистің қойған «Ал Сіз өзіңізді қай шамада жүрген жазушымын деп есептейсіз» деген сұрағына ол – «Мен өзімді жақсы жазушымын деп қана есептеймін. Мына роман бітпей ештеңе айта алмаймын. Роман бітсе, бәлкім… Адам үміттенеді ғой. Сенің өмірлік шығармаң болуы тиіс. Әр жазушының қадау-қадау шығармасы болады. Толстойды айтса, «Война мен мирді» айтады. Әуезов әңгіме болса, «Абай жолы» эпопеясы ойға оралады. Нұрпейсовке келсек, «Қан мен тер» еске түседі. Сол сияқты нәрсе ғой...» деп жауап берген екен. Соған қарағанда, роман сәтті шықса өзінің шығармашылық өмірі мен жазушылық мәртебесіне бір өзгеріс келетінін болжаған сияқты. Біздің кейіпкеріміздің бұл кезде «Тар кезең» романының жолында бар уақыты мен ынта-жігерін сарп етіп жатқан кезі болатын, өзінің шама-шарқын, жетер межесін жақсы білгендіктен, осылайша болжам айтуының дұрыс шыққанын кейін көрдік.
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан өте бұрыннан қалыптасқан әдебиет көшін бастаған марқасқалар мен жайсаңдар кәдуілгі қарқындарын бәсеңдетіп, ендігі кезекте ықпалды тапсырыстармен жекебасты дәріптейтін арзанқол шығармалар, науқандық мемуарлар жазатын пысықайлар алдынғы қатарға шыға бастады. Материалдық игіліктер рухани құндылықтарды тықсыра бастаған тұс еді бұл. Соның нәтижесінде, бұған дейінгі қарасы нөпір қазақ оқырмандары шашау тартып, замана ағымының тынысымен өздерінің керегін басқа жақтардан іздей бастады… Жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлының өзінің сұхбаттарында айтатынындай, «Тар кезең» романының жазыла бастауы осы шырғалаңы мен күдік-күмәні көп уақыт мезгіліне тап келген екен. Романның ұзақ жазылып, әбден иіні қанғандығынан болар, белгілі қаламгер Мархабат Байғұт өз тұстасы жөнінде «Жиырма жыл жоғалған жазушы» деп «Егемен Қазақстан» газетінде аса көлемді арнау-мақала шығарып, өзінің роман жөніндегі, оның аса маңыздылығы мен жазушының көркемдік шеберлігі жөніндегі оң пікірін бүкіл елге паш етті. Шынтуайтқа келгенде, талантты суреткер үшін бұл жиырма жыл жоғалу емес, жоғалғанды табуға арналған кезең еді. «Халық тағдыры тар кезеңге тап келгенде, тығырықтан жол тапқан елдің есті азаматтары туралы жазбағанда жазушы нені жазу керек?..» деген екен Қажығали Мұханбетқалиұлы өзінің бір сұхбатында. Жазушылық ұстанымы мен өмір сүру кредосын бір арнаға тоғыстырған тұлғаның тек осылайша сыр бөлісуін оқырмандары құптады да.
«Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» депті Ұлы Абай, сол айтқан, шығармамен танысқанда Қажығали Мұханбетқалиұлың суреткерлік қолтаңбасының әбден жатықтығына, романның баяндалу тілінің саздылығына, сөз қолданысының аса көркемдігіне, сол сияқты өзіңіз куә болатын оқиғаларының тартымдылығына ерекше сүйсініп отырасыз. Бейне бір сол дәуірдің ішіне өзіңіз кіріп кетіп, кейіпкерлердің қасында жүргендей күй кешесіз. Жазушы шеберлігі дейтініміз – сірәсі, осы болар...
«… Бір есіктен соң бір есік… Осип Андреевич мұнда бұрын да болған. Қос қабат емен есіктің ар жағында күн нұрына құбыла ойнақ салған қызыл ала гүлді, жұп-жұмсақ жолкілем ұзыннан-ұзақ созылып жататыны да есінде. Сол былқылдаған жұп-жұмсақ жол кілемнің бір қиыр шетінде алыстан қарасаң шап-шағын, қасына келсең-айлапат, үлкен үстел тұрады… Көз ұшындағы үстелдің басында әуелі үкідей ғана біреу көрінер еді. Сен жақындаған сайын, ол бірте-бірте зорая беретін. Ол зорая түскен сайын, сен өз-өзіңнен бүрісіп, бірте-бірте кішірейе беретінсің. Қасына келгендегі халіңнің мүшкілдігін тіпті айтпа. Атағы да, айбары да күллі әлемге әйгілі болып отырған ұлы Россияның бүгінгі құдірет-күші қайда екенін басқа жерде білмесең, тап осы арада сезесің; басқа уақытта мән бермесең, тап осы арада есіңнен кетпестей ұғасың...» деп баяндалады болашақта қазақ даласының батыс өлкесіне билеушілікке жіберілмекші генерал Игельстромның Россия әскерлерінің қолбасшысы Г.А.Потемкиннің қабылдауына кірер сәті. Бұл дегенің – әлі Патшаның өзі емес, тіпті оның тікелей ізбасарларының да бірі емес, бірақ не болғанда да сол Потемкиннің образы арқылы, тіпті образы емес-ау, отыратын кабинетінің сыр-сипаты арқылы-ақ бүкіл Россия империясының тыныс-тіршілігін, мәртебелі билігінің бағыт-бағдарын сезе қоясыз. Жағымды құбылысты түгендеп айтуымыз керек, бұндай аз суреттеумен көп нәрсені ұғындыратын, кішкентай ғана эпизодқа үлкен саясаттың тынысын сиғыза қоятын сәтті баяндаулар романның бойында өте көп. Жазушы баяндауында, бұдан сәл кейінірек барон Игельстром Ресей империясының билеушісі ұлы патшайымның да қабылдауында болып, атақ-шенін иеленіп, оның: «Әлі күнге құлқы беймәлім, мінезі әрпіл-тәрпіл мынау басасау қырғыз-қайсақ жұртын жөнге салып, күллі Ресейге ортақ Заң жолына бейімдей алсаңыз, сөйтіп оларға да тәртіп пен тыныштық орната алсаңыз, ұлы Россияға сіңірген ұлық еңбегіңіз ескерусіз қалмайтынына бек сене беріңіз...» деген жалпы қазақ жұртына берген біржақты бағасын басшылыққа алып, ел билеушісінің тапсырмасын бұлжытпай орындауға Орынборға, кіші жүз жеріне аттанып кетеді. Бір қарағанда бас аяғы жалғыз-ақ құрмалас сөйлемге сиып кеткен императрицаның әлгі сипаттамасынан, жазушының шеберлігінің арқасында, бүкіл империя саясатының қазақтар жөніндегі ұстанған негізгі бағыты айқындалып-ақ тұрады. «Басасау» деген теңеудің адам табиғатын соншалықты дәл бейнелемейтіні өз алдына, оған қосымша біртұтас ұлтқа «қырғыз-қайсақ» деген таңбаны жапсыра салуы да ұлы держава тарапынан үлкен кемсітуді, менсінбеуді анықтап тұр емес пе? Патшалық саясаттың шындығының шыңы жазушы Қажығали Мұханбетқалиұлы қалам тербеген 18-ші ғасырдың белесінде дәл осыған саятын.
Сырым – өзі батыр, әрі би мәртебесін иеленген тарихта үлкен орны бар өте күрделі тұлға, саясаткер. Ол – Жайықтың бойын өз жеріндей еркін жайлаған казак-орыстарға есесі кеткен «басасау» қазақ руларының басын біріктірушісі. Ол кезеңде Ресей империясы жоғарыдағы жазушы баяндағандай шовинистік-отаршылдық саясатын ұстанғандықтан, жер иесі қазақтарды өз мекендерінен жаппай қуғындау, мал-мүлкін тартып алу, кісісін өлтіру сияқты озбырлықтарды күнде жасаса да, соның бәрін өз қолдарымен жасап отырған келімсек казак-орыстар онша жауап та бермейтін. Басқасы-басқа, болмашы себепке бола қазақтардың бас көтерер ханы Нұралыны қамауға алу, болмаса оның баласы Айшуақты өлтіру сияқты әрекеттер әлгілер үшін қалыпты шаруа болатын. Ал өз шығармасында жас кезінен өмірін азаттық миссиясына арнаған Сырым батырдың сондай тар заманда отаршылдыққа қарсы тұрып, тіпті сол үшін Ресейдегі әйгілі Пугачев көтерілісінің қатысушысы болып, оқ пен от шайқасының жауынгерлік тәжірибесінен де өтіп, қалған тағдыр-талайында ер мен ел намысын бар тіршіліктен жоғары қойған біртуар жан екендігін Қажығали Мұханбетқалиұлы өте дәлдікпен, адами сүйіспеншілікпен баяндаумен қатар, өзі білетін тарихи фактілерден алшақтамай көрсетеді. «Тар кезең» романына бел шешіп кіріспей тұрып-ақ, сонау 1992 жылдың 22 ақпанындағы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған оның «Сырым Датұлы» деген ауқымды мақаласының басқы бөлімінде: «...Әрине, патшалық Ресейдің отарлау саясатын барынша қатал түрде, қарудың күшімен жүзеге асырмақ болған Жайық казактарының озбырлықтарына қарсы күрес Сырымға дейін де, Сырым тұсында да кіші жүзде ешқашан толастаған емес. Барымтаға-қарымта қашан да жасалып отырған. Бірақ қазақтар тарапынан шабуылдар ылғи бытыраңқы түрде жүргізілген, бір басшыға бағынып, бір орталыққа топтастырылмай келген» деп 1783-1797 жылдар арасындағы он төрт жылға созылған Сырым батыр көтерілісінің ауқымдылығына нақты баға берсе, тағы бір тұсында: «… Оның үстіне, Сырым бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің кейінгілерге ұлағатты тағы бір жері, әрі Сырымның кемеңгерлігі – бірде қолына қару алып шайқасса, енді бірде қарсыластарымен мәмілегерлікпен, саясатпен, ақылмен арбасып, он төрт жылға созылған күресте ақырында Сырым жеңбесе де – жеңілмей кеткендігінде; халқын қан сасытпай, қырғызбай, елінің еңсесін түргізбей, жұртының ар-намысы мен рухын жасытпай күресті аяқтағанында» деп бұрынғы дәйектемесін одан әрі өрістете түскен. Романдағы Сырым образымен жақынырақ танысқанда да жазушының сол өзі сілтеме жасаған ұстанымдарынан айнымағанын көреміз, бұған қосымша, Қажығали Мұханбетқалиұлының қажырлы қаламгерлігі, биік адами сауаттылығы мен парасаттылығы, көркем әдебиетке тән сөз құдіретін өте жоғары меңгергендігі өзінің басты кейіпкерін басқалардан бөлектеп, даралап алға шығаруда өте үлкен рөл атқарған.
«… Рас, қаншама ақылды, қаншама сұңғыла болса да, Сырым отаршылдық жүйені жеңе алған жоқ. Бірақ озбыр отаршылардың ел намысын таптамақ болған лас аяғын уақытша болса да тартқызды емес пе?! Сонысымен елінің мойнына құлдық қамытын кигізбек болғандардың қарау әрекеттерін белгілі бір уақытқа болса да кешеуілдетті емес пе?! Демек, шамасы келмегенді істей алмадың деп жазғырғанша, шамасы келгенін тындырғанына лайықты баға бермейміз бе?» дейді талант иесі. Бұл да суреткердің өз пайымы, өз пайымы болғанда да бүкіл өркениетті сыйлайтын адамдарға тән, солардың тәжірибесі мен көзқарасына сай келетін пайым. Сезімтал жүректен, ақыл тоқтатқан бастан шығатын пайым. Сондықтан да, «Тар кезең» романы жазылып біткенде көзі қарақты қазақ оқырмандары мен әріптес жазушылары Қажығали Мұханбетқалиұлының сұңғыла суреткерлігі мен жанкешті еңбегіне жоғары баға берді. Сонымен қатар Сырым батырдың өмір жолы мен ел қорғау идеялары тұлғалық ұстанымдарға сусап жүрген үлкендерімізге де, ынталы жас өскелең ұрпағымызға да бір рухани серпіліс әкелгендей болды.
Сөз жоқ, халқына осындай рухы биік сүйекті шығарма сыйлап, өзі де оқырман жүрегінде мәңгілік орын алған Қажығали Мұханбетқалиұлының ізбасарлары әлі-ақ «Қажығалитану» деген қазақ әдебиетінің бір тарауына арнайы жол салар. Біздің айтарымыз – Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығына тоқталған кезде, оның әңгімелерін ауызға алмай кетудің мүмкін еместігі. Заманымыздың қайраткер жазушысы Әбіш Кекілбаевтың пікіріне сүйенсек, «Қажығали Мұханбетқалиұлын қазақ әңгімесінің айтулы шебері деуге әбден болады. Оймақтай ғана оқиғаға ойдай мағына сиғыза алатын прозашы адам құлқынындағы құбылмалылықтан басталатын дәуірлік трагедиялар мен әлеуметтік драмалар жұлынын дөп басады. Сезім иірімдеріне зер сала отырып, замана келбетін зерделейді. Әдебиеттің төл табиғаты мен басты міндеті – адамның өзін-өзі ұғып, өзіне-өзінің жаны аши білуіне баулу екендігін терең түсініп, қатаң қадағалайтын суреткер тез өзгеріп жатқан уақыт пен тез есейіп келе жатқан ұрпақтардың қатаң талабына шымбайға батар шындығымен, еріксіз ден қойғызар шынайылығымен жауап бере алатын шымыр шығармалар тудыра алған...» деп бағалаған екен. Бұдан артық не айта аласыз...
Жазушы өзінің тұңғыш әңгімесіне «Жөке атай» деп ат қойған екен. Кейініректе: «Неге мен осы әңгімеден бастадым» деген сұраққа, жазушы: «… Біз, соғыс басталған жылдары дүниеге келген ұрпақ, есіміз кіре бастағанда көргеніміз – жесір әйел, жетім бала, жеткіншегінен, артында қалар тұяғынан айрылған қарттар болды. Біздің жетімдігіміз – өз алдына ғой, «е-е, орны бар оңалар-ау… мына біз болмасақ» деп сол қарттар күрсінгенде – көкіректерінен жалын шығатындай еді. Солардың үнсіз шеккен қасіреттері мен еш пендеге көрсетпей, оңашада сығып тастайтын көз жастары балалық бәйкүнә жүрекке өшпестей болып басылып қалыпты...» деп бейкүнә, қамкөңіл тағдырлардың өз шығармашылығындағы алатын орнын анықтап беріпті. Қажығали Мұханбетқалиұлының қаламынан 1972 жылы «Жұлдызды түндер» әңгімелер жинағы, 1974 жылы «Тоғай сыбдыры» повестер мен әңгімелер жинағы, 1978 жылы «Жаңғырық» әңгімелер мен повестер жинағы», 1981 жылы «Старые друзья» әңгімелері мен повестері орыс тілінде, 1984 жылы «Қайдасың сен, махаббат» әңгімелер мен повестер жинағы, 1986 жылы «Дороги жизни» әңгімелер мен повестер жинағы, 2003 жылы «Сынық терезе» әңгімелер мен хикаяттар жинағы, 2005 жылы «Жалғыз жиен» әңгімелер мен повестер жинағы, 2008 жылы «Бауыр» шығармалар жинағы жарық көрген. Жалпы оның шығармашылығы жөнінде әріптестері «аз жазса да саз жазады» деп бағалап келген екен. Сол саз жазған әңгімелеріне көз жүгіртсеңіз, шығармаларының көркемдік шеберлігінің бір төбе болуымен қатар, образдарының боямасыз шынайы берілуі, оқиғаларының шырқау шегіне жеткізілуі, сюжеттерінің баяндалу тәртібі мен жүрегіңіздің тыныш соғысын шым еткізер дәйектемесі сияқты өзекті мәселелер табиғилықпен қабысып-ақ тұр. Прозашаның өзіне тән сезімталдықпен бағамдағанындай, өткен ғасырдың орта тұсынан ауа бұрын соғыс көріп, жұдырықтай жұмылған ел-жұрттың арасында ендігі жерде ашық бет жыртыспағандарымен де, бір-біріне іштей алакөздік танытып, рухани жүдеулік пен текетіреске бой ұрып, «жаны кедейдің құлқыны тоймайды» дегенге саятын пендешілдік мінез-қылықтар молынан қылаң бере бастады. Міне, осы бір өтпелі-өліара дәуірдің шындығын, ірілі-ұсақты әлеуметтік қақтығыстардың өрістеуін, адамдардың құлдырау себептерін және олармен жарыстыра жастықтың, адалдықтың, қимастық сезімдердің нышандарын аталған шығармаларына арқау еткен суреткер өз оқырмандарына үлкен ой тастап, баршасының көкіректерінде жоғарғы ар-ожданға әкелетін тәрбие шырағын тұтатуға, адамшылық шеңберінен шықпауға оң ықпал етті. Оның «Жігіттің көз жасы» деген әңгімесінің айтар ойы дәл жоғарыдағыдай. Басында тіпті адам өліміне де онша қынжыла қоймаған кейіпкер – әңгіме соңында тастүнек тығырықтан шыға алмай, баяғы астамшылық пиғылына қатты опынады, налиды. Кейіпкерінің дәрменсіздігі жазушы қаламымен: «Көшенің қарсы бетіндегі үйдің іргесінде екі-үш бала ойнап отыр екен. Көз кемері жасқа толып, жанары бұлдыраған Бекжан оларды тани алмады. Қарап отыр. Үй – Кәріпжанның үйі екені біраздан соң барып есіне түсті. Сонсоң анада Кәріпжан қайтқанда өзінің тап сол жерде, анау жарға арқасын сүйеп, безірейіп отырғаны ойына оралды. Иә, онда көзінен жас шықпап еді. Осыған көрінген шығар… Өмір ғой, қайтерсің...» деп тұжырымдалыпты. Әңгіме аяқталғанда сіз де осындай ойға келесіз. Тағы бір қысқа шығармасы – «Қысқы түн» әңгімесінде адамдар арасындағы аянышты ара-қатынастардың бір көрінісін, оның ішінде қарттардың дәрменсіздігін «… Шал түнімен жөн-жоқсыз айтақтап, әлденеге дүңкілдетіп мылтық атумен болды» деп жеткізсе, «Бір машина шөп» шығармасының айтар түйінінде: «… Келесі күні ыңыранта тиелген нән машина шөп үйінің қасына түсіріліп, кемпірі есі шыға қуанып, пішеншілер абыр-сабыр боп жатқанда, Әлекең анадай жерде іші әлем-жәлем боп жүдеп тұр еді. Неге екенін кім білсін, қартайғандағы қадірінің ендігі құны – осы бір машина шөп секілді көрінді» деп баяндайды. Байқаған болсаңыз, автор ешкімді кінәламайды, жазғырмайды, ақыл айтудан да аулақ, бірақ Әбіш ағамыз айтып кеткендей, «оймақтай ғана оқиғаға ойдай мағына сыйдырады». Жануар екеш жануардың да өз қандастарына деген адалдығын дәріптейтін кең тынысты шығарма «Оралу» үлкен психологиялық желіге құрылған, оқыған адамға соны ой тастайтын, қай заманда да өзектілігін жоғалтпай жүрген хикаят екені белгілі. Бақсақ, текті жылқының түйсігі қарапайым пенделердікінен жоғары екен. Сондықтан да ол өз ұрпақтарын құтқару жолында басқа шапқыншы айғырлармен жан алып, жан беріскен шайқасқа түсіп, оларды жеңеді. «Еш қызыққа айырбастамас қатерлі де қым-қуыт тірлігіне қайта оралғанын айғыр аталық рухымен түйсінді. Айқай жел, азынаған ақ боран әрқашан айқасқа шақырғандай арқасын қоздыратын. Мұндайда ол өзін мүлде ұмытып, сонау жүрек түкпіріндегі бір ғана бұлқынысқа – ұрпақты қорғау, ұрпақты сақтау деген түйсікке бағынушы еді. Тап қазір де тек соны сезді. Басын жерге салып, тік тұрғанда тізеге төгілетін қап-қара жалы қобырай, жанарынан ызалы ұшқын атты. Әрегідік әлденеге қаһарлы кісінеп, үйір маңдайын үйреншікті мекенге бұра берді. Қараңғы түн қойнында қарауыта жылжыған шоғыр да ізінен жосыла қозғалды. Өзгелерден айбаты асып, аруағының үстем болғанын сезу – айғырдың аталық рухын тасытты. Қаракер екіленіп, үйірден қия аттағандарды сауырлата қуып, қайта тығып отырды. Қатал да қаһарлы айғырдың еркіне мойын ұсынған қалың шоғыр тас түнекте түзу бағытпен келе жатты...» деп аяқталады бұл әңгіме.
Сорғалаған шындықтан алмастай, ақиқаттан адам баласы қашып құтылған ба? «Бұралаң жолда» адасып жүрген тағы бір кейіпкер ақыр аяғы соны ұғады: «… Саяділ Саржанович көп жылдан бері өзін тығырыққа тіреп келген күмәнді сауалдың басы оп-оңай аршылғанына қайран қалып, кенет ешкімге өкпе-реніші жоқ, еш ыза-кексіз, сәбидей пәк мына күйінің өмірдегі ең бір бақытты сәті екенін сезді. Сол-ақ екен, осы сәттің рахман нұры бойын балқытып, көзіне ып-ыстық жас әкелді. Кеңсірігі де ашып бара жатты… Бірақ ол мұның бірде-біріне назар аударған жоқ. Назар аударуға мұршасы да жоқ еді. Ұлы шындықты ұққанның ұсақ-түйекте несі бар, тәйірі...».
Міне, айта берсек, адами аса жоғары байқампаздығымен талайды тәнті қылған Қажығали Мұханбетқалиұлының ұшқыр қаламынан туған, дәуір шындығы мен замана тынысын боямасыз бейнелеу арқылы оқырмандарын бейжай қалдырмайтын, тайпалған жорғадай көркемдік шеберлігімен ерекшеленетін өміршең әңгімелері мен хикаяттары аз емес. Оның шығармаларында жасандылықтың, асыра сілтеушіліктің, науқаншылықтың нышандары мүлде жоқ, оның есесіне есті ойлар мен сезімтал мұңдар, сарғайған сағыныштар мен үзілмеген үміттер оқырман көңіліне «мен-мұндалап» ұмтылып-ақ тұр, сондықтан да «Қажығалитанудың» басталуына мұрындық болуға олардың қай-қайсысы да әбден лайықты.
«Дарынды дарын таниды» деген Шерхан Мұртазаның әйгілі афоризмі бейне Қажығали Мұханбетқалиұлына арналғандай. Ол – әдебиеттің тамырын тап басатын сыншы да, ол бөтен тілдің қаламгерлерінің болмысын дұрыс көрсете білген шебер аудармашы. Кезінде қазақ әңгімелерінің тарихына тоқталғанда: «Егер күні бүгін қазақ әңгімелерінің таңдамалыларын немесе антологиясын құрастырар болса, уақыт тезінен өткен Әуезовтің, Майлиннің, Мүсіреповтің, Ахтановтың, Әлімқұловтың әңгімелерімен қоса, Сералиевтің «Шеткері үйдің түтіні», Кекілбаевтың «Тасбақаның шөбі», Мұратбековтың «Күсен-Күсеке», Мағауиннің «Мұрагер», Сарсенбаевтың «Мәміле», Сараевтың «Демалыс айы», Жұмаділовтің «Сиқымбай», Әбдіковтың «Жат перзент», Исабековтың «Ақырамаштан наурызға дейін», Нұржекеевтің «Не үшін», Нұрмағамбетовтың «Сушы» секілді әңгімелерін еш қысылмай, қымтырылмай енгізуге болар еді» деп есімдерін кәделі тізімге енгізбеген жүздеген әріптестерінің алдында сын ақиқатын бүкпесіз айтудан тартынбаған. Біреу бұны түсінер, немесе түсінбес, бірақ өзіндегі шындықты тамыр-таныстықтан, сыйластықтан жоғары қоюы – нағыз сыншының ұстанымы сияқты ой қалдырады екен оның жоғарыдағы пікірі. Тағы бір сондай тұста әңгіме жанрының проблемалары жөнінде үн қатқанда: «… Біріншіден, өзіндік айтары жоқ, ашқан жаңалығы жоқ, әлдебір жерден оқыған, әлдебір жазушының жақсы дүниесін еске салатын «көшірме» әңгімелер көбейіп барады. Ондай әңгімелердің жазылуы да жап жақсы, адам характерлері де ашылған секілді; бірақ жанымызды қозғамайды. Неге? Бұл сұрақтың түп-төркініне үңілсек, толғақ – әлгі әңгіме авторының өзінікі еместігінде болып шығады. Бұл аса қауіпті мін деп білу керек. Екіншіден, қазақ әңгімелері қарадүрсіндіктен қашып – қызылсөзділікке, қызыл сөзден қашып қарадүрсіндікке соғатыны әлі де байқалады. Ылғи есіліп сөйлеу де, ылғи езгілеп отырып алу да жақсылыққа апармаса керек» деп нағыз әдебиет жанашырының, әңгіме деген жанрдың бүге-шігесін толық білетін кәсіби тұлғаның толымды пікірін білдіреді. Жалпы алғанда, осы сарындас, құрғақ ақылдан гөрі дәйекті талдаумен ұштасқан мағыналы сындар Қажығали Мұханбетқалиұлының шығармашылығында аз ұшыраспайды.
Ал аударма жайын айтқанда, ол кісінің атқарған еңбектері бір томға сыймайтындай екен. Ол – әлемдік классика жауһарларын жазған Ги де Мопассанның, Д.И.Фонфизиннің, П.Мерименің, С.Моэмнің, тағы да басқа әр халықтың танымал көптеген жазушыларының шығармаларымен қазақ оқырманын жай ғана таныстырып қоймаған, өзіне тән биік жауапкершілігінің арқасында солардың қолтаңбалық ерекшелігін, шеберлік деңгейін толықтай төл тілімізде бейнелеген. Сондықтан Қажығали Мұханбетқалиұлының аударма еңбектеріне әр кезеңде де оқырман тарапынан сұраныс жоғары болған, оның бұл салада мол, ауқымды көлемде еңбек етуінің шын сыры – сол ел ықыласының нәтижесінде десек, қателеспегеніміз.
Қорыта келгенде айтарымыз, Қажығали Мұханбетқалиұлын айтулы суреткер ретінде еске алғанымызда ең алдымен Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын иеленген әйгілі «Тар кезеңін» алға шығарып жүргенімізбен, роман әлі шықпаған көптеген жылдар белесінде кейіпкеріміздің әңгіме жанрының нағыз майталманы деп танылып келгендігі – талассыз ақиқат. Ендігі кезекте артына өлмейтұғын сөз қалдырған талантты жазушының екінші өмірі, біз ойлағандай, «Қажығалитану» идеясымен жалғасып жатса, ұлт намысы мен тіл құдіретін алға апаратын жанашырлардың қатарының көбейгендігі дерміз… Тарих дамуы мен ерекше құбылыстардың өрістеу жүйесіне үңіле қалсақ, өлмес шығармаларды жазатындар да қатардағылар емес, рухы аса биік, таланты ерекше жоғары тұлғалар екен. Бұл фәни дүниеде табиғи талантының арқасында ешкімнен тосылмаған тарланбоз ағамызды есімізге алғанда, шындықтың шырайын шығарып жатқанымыз да сондықтан...