Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
21:32, 23 Қаңтар 2018

ӨМІР ӨТТІ ЗЫРҒЫП АҒЫП...

Жақсы адам күн сияқты. Одан төгілген шуақ жаныңды жылытады. Бірақ мына жалған дүниеде көп жағдайда қасыңда жүрген асылдың қадірін біле бермейсің.

Кімді жоғалтқаныңды ол бақиға кеткенде барып түсініп, көкірегің қарс айырылады. Қалың қазақ «Жетісудың желмаясы» деп таныған Есенқұл ақынды да өмірден өткеннен кейін іздеп, «кезінде әлдекімдердің шағыстырғанын аңғармай, сөзге еріп, өтірікке сеніп, жақын араласпағаныма, сыйласа алмағаныма өкінемін» дейтіндер бүгінде Жамбыл елінде жетіп-артылады. Соны естігенде «жаратылысында бір жалғандық жоқ, бала мінезді, аңғал, ақкөңіл Есаға соншалықты кімнің аяғын басып кетті, кімнің алдын орады» деп еріксіз ойлайсың. Сосын «қу пендешілік-ай» деп, бәрінің себебін ішіне пышақ айналмайтын әлдекімдердің іштарлығынан іздейсің. Ал неге көре алмады дегенде, бар гәп Есағаның сан қырлы тұлғасына барып тіреледі.

Айтыста – шақпалығымен, жазба поэзияда  ақпалығымен дараланған «сары тентектің» тұла бойы тұнған өлең еді. Оның «Өлең жазғанда жаным кіреді. Өйткені ол кезде мен жылаймын, күрсінемін, қуанамын, сағынамын, сүйемін, жек көремін, жақсы көремін, боқтаймын, қарғаймын, дауылды күні теңізге шығып кеткен шап-шағын ағаш корабль сияқты аждаһа толқындармен арпалысып, әйтеуір, аударылып түспей, шыбын жаным жаннан түңіліп барып, барса келмес бір аралға жетіп жығыламын» деген сөзі – сөз. Қолына қалам алғанда ерекше құдіретке ие ететін орасан зор күш оған, бәлкім, бала кезінде Нидәй шалдың өгіз арбасына ұрланып мініп алып, талай рет өзі құмарта тыңдаған сыбызғы үнімен дарыған болар. «Өгіз арбаға емес, мен сол Нидәйдің ұзын сыбызғысына қызығамын.… Боз даланың бозторғайлары әлгі сыбызғының ұшына қона жаздап шырылдап, өгіз арбаның үстіне тұрып алады.… Бір күні сыбызғы күйін тыңдап отырып сұңқылдап жылап жіберіппін. Нидәй шал ұстап алып, шешеме апарды. «Мына балаң жасырынып күй тыңдап жүреді екен, өзін шалық шалған сияқты ма, қалай, әлгінде еңкілдеп жылап жіберді. Өзі әсершіл бала екен, мүмкін, ақын болатын шығар, бәлкім, бақсылығы бар шығар, бірақ мұндай баланы көзден таса қылуға болмайды» деді», – депті Есаға өзі жайлы бір жазбасында. Жаратылысы ерекше ақын жарық дүние есігін ашқаннан-ақ сынаққа тап болған. Жеті айлық кезінде шала туған әлжуаз нәрестені ешкім адам болады деп ойламайды. Құжатын алмай, бәрібір өліп қалады ғой деп жүрген сәби күннен-күнге беті бері қарап, көзге көріне бастайды. Содан кейін ғана ата-анасы туу туралы куәлігін рәсімдеп, жыл аяғында туған балаға жаңа жылдан кейін ғана құжат алады. Бұл туралы Есағаның: «Менің екі туған күнім бар: 19 желтоқсан және 10 ақпан. Сөйтіп жазып берген ауылдық кеңестегілер әулие екен. 9 ақпан Мұқағалидың туған күні ғой. Өзім соған қуанып, ырымдап қоямын», – дегені бар. Десе дегендей, өмірдің өзіндей қарапайым, шыншыл, сыршыл табиғаты тұрғысынан алғанда, өлеңдері өзі пір тұтқан Мұқағали ағасының жырларымен рухтас та. Сөйте тұра: «Өзімнің ақын екеніме кейде сенемін, кейде сенбеймін. ...Әйтеуір, тәнім – күйбің тіршіліктің құлы, жаным – өлеңнің құлы екендігі айдан анық», – дейді ол. Күйбің тіршілік демекші, Есағаның өмірден өтерінен бірнеше сағат бұрын ғана түсірілген «Айтылмаған әңгіме» бағдарламасында танымал журналист Серік Әбікен: «Біз осындай ақынға қара базарда арба сүйреткен халықпыз. Үйін жылытатын көмір таппаған да кездері болған», – деп, былайғы жұртқа беймәлім бір шындықтың шетін шығарды. Ал өзі болса: «Әрине, менің тағдырым оңай болған жоқ. Базарда ұн тасыған, елдің арбасын сүйреп тіршілік еткен де кездерім болған. Енді… ол өмір ғой. Бірақ, жалпы, ел-жұртыма ешқандай өкпем жоқ. Ел-жұртым мені аялады, еркелетті, асырады, бақты, қателігімді кешірді. Енді мен сол халқыма қызмет етуім керек», – деген-ді сол хабарда. Бұл ойын:

Аялады мені адамдар, аяды,

Олар әлі кең құшағын жаяды.

Өле-өлгенше арқа сүйеп соларға

Өмірдің де таяп қалды аяғы.

 

Аялады мені адамдар, түсінді,

Тәкаппарлар өлеңіме кішірді.

Биік таулар көлеңкесін түсірді,

Адамдарға деген алғыс толып тұр,

Менің жарып көрер болсаң ішімді.

 

Мені адамдар аяуменен жүріпті,

Жалғыз қалсам маңайыма бірікті.

Сөйте-сөйте бәйтерек қып жіберді,

Шымшық қонса майысатын шыбықты.

 

Қарс айырылған тандыр шөлде жүргенде,

Таңдайымды тамшы нұр боп жібітті.

Кейде-кейде қинаса да хас надан,

Дүниеде көп екен-ау жақсы адам!.. – деп, өлеңінде де толықтыра түседі. Адамдарға, ел-жұртқа деген неткен махаббат! Оның тұлғасын биіктетіп, жырларын халыққа сүйікті еткен де – сол ішкі сәуле, сол шынайы сезім. Жан баласына қылдай қиянаты жоқ, дархан көңілді, кең пейілді ақын өзгелерден де еш жамандық күткен жоқ. Тіпті бүкіл сырын бөлісіп, талай жылдан бері бірге жасасып келе жатқан базбір «досының» сыртынан неше түрлі ғайбат сөз айтып, ал көзі кеткен соң, аяқастынан әдеби мұрасына жоқшы бола қалары оның тіпті үш ұйықтаса түсіне кірген жоқ. «Соңғы кездері ғана шет-жағасын білді және соған жүрегі қатты ауырды. Сол үшін тіпті қызметін тастап кеткісі де келді», – дейді бұл жөнінде жары Меңсұлу апай.

Қызмет демекші, Есаға еңбек жолын Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы ретінде аяқтады. Өзі айтпақшы, 50-ге дейін белгілі бір жерде қызмет істемеген ол бала-шағаны бағу үшін әр кезеңде әртүрлі кәсіптің басын шалды. Негізінен, жазумен айналысты. Мектепте, әдебиет үйірмесінде сабақ берді. Бұл ретте өзі: «Балалардың ортасы таза ғой, жаның кіреді. Содан мектепті қимай жүріп алдым», – деп сыр ақтарғаны бар.

«Мәңгілік оқылатын бір шығарма тастап кетсем...» деп армандаған ақынның соңғы сұхбаты: «Кейде өмірімді керек емес нәрселерге, өзімнің рухани жан дүниеме ештеңе бермейтін нәрселерге жұмсап жатырмын-ау деп ойлаймын. Соған ішім ашиды. Уақыт мен үшін ең қымбат нәрсе болып тұр. Менде қазір абырой да, бедел де – бәрі бар. Тұрмысым да, құдайға шүкір, жаман емес. Жетпейтін бір-ақ нәрсе: уақыт жетпейді маған...» – деп түйінделген екен. Соңғы сағаты қашан соғып, ақтық демін қашан аларын ешкім білмейді, әрине. Бірақ… уақыттың зәрулігін сезініп, сонша асыққанына қарап, Есаға өмірінің өтіп бара жатқанын әлдебір ішкі түйсікпен сезді ме екен дейсің… Енді ше?..

Шөп шыққанға бір қуанып,

Көк шыққанға бір қуанып,

Өмір өтті зырғып ағып...

Қайран өмір, сонша сүйген,

Кетесің-ау бір күні ауып… – деп өзі алдын ала айтып және ол ән болып таралып та кетті емес пе?!

Ал «мәңгілік оқылатын шығарма» туралы арманына келсек, ол жазылмады емес, Есаға оны да әлдеқашан жазып қойған-ды. Ол – Жамбыл ауданының ғана емес, бүкіл қазақ жігіттерінің абыройын асқақтатқан «Біздің елдің жігіттері». Оның шығу тарихын ел сан-саққа жүгіртеді. Осы орайда, Есағаның өзінің соңғы айтқаны мынау: «Баяғыда, әлі тәуелсіздік алмаған, бірақ елдің рухы, ұлттық намысы ояна бастаған кезде, 90-жылдардың басында бір келімсектер бізді қорлап, қыздарымызды зорлап, өктемсіген жағдай болды. Сонда біздің елдің жігіттері атқа қонып, дауыс көтеріп: «Келімсектер біздің елден кетсін!» – деп талап қойды. Бас жарылып, көз шыққан жоқ. Есесіне талап орындалып, аннан қашқан, мұннан қашқандар елден кетті. Тура сол кезде үйге Жәкен келіп қалды. Көзіне жас толып: «Есаға, сіздің елдің жігіттері-ай, сіздің елдің жігіттері-ай», – дей берді. Бұл маған қатты әсер етіп: «Мен сөз жазайын, сен ән жаз», – дедім. Сөйтіп, ән де, сөз де бір деммен құйылып түсті. Оны әлгі атқа қонған жігіттерге барып, орындап бердік. Олар қатты толқып, көздеріне жас алды. Сол өлеңдегі «Ерте туып, еш заманның маңдайына сыймаған» деген сөздің өзі бір көріпкелдік болды ма, сол жігіттердің біразы шейіт болып кетті. Мен ақынның әулиелігінен қорқам кейде. Сөйтіп айтпау керек пе еді, түсінбеймін...»

...Қалай дегенмен де, бұл – Есағаның ақын ретіндегі артықшылығы. Ол өзі де аңғармай, алдағы көп жайтты өлеңмен өрнектеді. Тіпті қазасының да өзі жайлы хабар түсірілген күнмен тұспа-тұс келгенін қараңызшы… Құдды өзі шын сүйген, қалтқысыз қызмет еткен халқымен, көңілі жақын дос-жаран, іні-қарындастарымен соңғы рет дидарласуға берілген мүмкіндік сияқты.

– «Қашан келесің?» деп телефон шалғанымда: «Түсірілім ұзақ болды. Балалардың қарны ашты. Қаскелең жақта тамақ ішіп отырмыз. Қазір барамын», – деді. Содан түнгі сағат бір шамасында қақпаның алдына келіп тоқтаған көліктің дыбысын естіп, жүгіріп барып есік аштым. Көзі қызарып кетіпті. «Бір жерің ауырып тұр ма?» – деп едім, «Жоқ, шаршап тұрмын», – деді. «Тамақ ішесің бе?» – деп едім, «Жоқ, тек суық шай болса...»  – деді. Сосын: «Мен жуынып-шайынып, намаздарымды оқиын да, демалайын. Таңертең сөйлесеміз ғой, бәрін айтып беремін», – деді. «Жарайды» деп, төсегін салып бердім де, қора жақты қарап қояйын деп далаға шығып кеттім. Анау-мынау шаруалармен жүріп үйге кірсем, жатып қалыпты. Таңғы бес шамасында даусынан оянып кетіп, жанына барсам, қиналып жатыр екен. Біресе телефонға, біресе оған жүгіріп, не істерімді білмей қалдым. Сол екі арада жүріп кетті, – дейді Меңсұлу апай көзіндегі жасты әрең іркіп.

Өлеңмен өрілген тұтас бір ғұмыр осылай үзілді.

Қалбаңдап қара қарғалар,Қанаты барға мәз болар.Періште бар, пенде бар,Бізге де біреу зар болар, – деп өзі айтпақшы, Есағаның тап-таза әлемі, бояусыз болмысы – көп адамға енді сағыныш. Көңілге бір демеу болары – артында қыруар әдеби мұра қалды. Жарық көрмегені қаншама! Шәкірті Меруерт Орынбайқызының сөзіне сүйенсек, болашақта оның бәрі әр жанр бойынша жинақталып, оқырманға жетеді. Демек, ақынның сан алуан айтыстары, терме-толғаулары, әнге айналған жырлары, «деген екендері», публицистикалық шығармалары көзіқарақты қауымның лайықты бағасын алар сәті әлі алда.

Ешкімге ештеңені міндетсінбеген Есаға қарапайым қалпында қоңыртөбел күй кешіп өмірден өтті. Ақынның рухы алдында арымыз таза болсын десек, енді тым болмаса өлеңін жерлеуге, бірегей болмысын мансұқтауға тырыспайықшы.

Роза РАҚЫМҚЫЗЫ

Тегтер: