Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:20, 26 Тамыз 2023

Өң мен түс және Абай атам екеуміз

None
None

Түс деген бір қызық нәрсе бар. Көргеніңді ешкімге дәлелдей алмайсың. Сол сияқты көрмеген түсіңді көрдім деп айта беруіңе болады.

Көрмегеніңді де ешкім дәлелдей алмайды. Мен енді айтпақ болып отырған түсімді нақты көрдім. Әрине, біреу сеніп, біреу сенбес. Маған да ешкімді сендірудің қажеті жоқ. Көргенім өзіме анық. Тағы бір қызығы, түстің сюжетін өзің құрай алмайсың. Ондағы оқиғалар сенің еркіңнен тыс болып жатады. Әйтпесе, былай басталып, былай аяқталса да деп өзің құрап алмайсың ба. Қорқынышты түстерді көруге кім құмар дейсіз? Адамның өз қолында болса, кілең ғажап түстерді көріп қана жата бермес пе еді?.. Жә түс туралы емес, көрген түсім туралы айтайын.

Түнеугүні түсімде ұлы Абайды көрдім. Тіріліп келіпті. Суретшілер әспеттеп тастаған әдемі Абай емес, кәдімгі қарапайым Абай ата екен деймін. Әйгілі әртіс Болат Әбділманов сомдап жүрген; жанары ойнақшып тұрған, жарт бұрылып, шалт қимылдайтын Абайдан мүлде басқа. Баяу қозғалатын салмақты Абай. Жә, әңгіме Абай туралы емес, сол сәттегі өзіміз туралы.

Неге екенін кім білсін, Абай ата Астанаға да, Жидебайға да емес, дәп осы біз тұратын Алматыға келіпті. Күтіп алуға мені жіберіпті. «Неге сені жібереді, басқалары қайда, қалалық әкімдіктің адамдары не қарап жүр» деп байбалам сала көрмеңіз. Жоғарыда айттым ғой, түс деген адамның ықтиярында емес. Менің еркімде болса қолдарына гүл ұстатып, қала әкімінен бастап бәрін тізіп қоймаймын ба. Өзім де жүрексініп, әрең жүрмін. Өзім бәрін реттеп ала беретін болсам, ең құрымаса жөні түзу көлік мініп баратын едім ғой. Ескі «Хайлендеріммен» желпілдеп жетіп бардым. Қолымда қашан, қайда апару керек екені жазылған қағаз бар. Оны кім жазып бергенін де білмеймін. Қойшы, әйтеуір сол жоспар бойынша атамды бірінші кезекте Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педогогикалық университетіне алып бардым. Филология факультетінің мұғалімдері мен студенттерін жинап, кездесу өткіздік. Студенттер әртүрлі сұрақ қойып, ақын өлеңдерін оқыды. Үлкен кісі риза-қош көңілмен отырды. Көздерінде үміт оты ойнаған, жүздері бал-бұл жанған жас өрендеріне разы болды шамасы. Бірақ көп сөйлемейді екен. Қойылған сұрақтарға қысқаша жауап берумен болды. Одан шыққаннан кейін Абай көшесі мен Достық көшесінің қиылысындағы өзіне қойылған ескерткішке алып бардым. Абай атам ескерткішке үнсіз ұзақ қарап тұрды да:

— Жақсы жасаған екен. Авторы кім? – деп сұрады.

— Сіз өмірден өткеннен соң жиырма жылдан кейін дүниеге келген Хәкімжан Наурызбай деген мүсінші балаңыз қашаған. Ал мынау ортасын ағаш пен гүл көмкерген үлкен даңғыл да сіздің атыңызда.

— Пәлі. Қазағым менің атымды әбден әспеттеген екен.

— Асықпаңыз, әлі көрсетерім бар, – деп ерте жөнелдім, осының бәрін өзім жасағандай, кеудемді мақтаныш кернеп.

Алматы метрополитеніндегі Абай бекетін де, атамның атымен аталатын Опера және балет театрын да көрсеттім. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептің де өзінің атында екенін айттым. Уақыттың тығыздығына байланысты Абай шыңына апара алмадым. Қайда асығып жүргенімді өзім білмеймін.

— Бұл сізге көрсетілген құрметтің бір парасы ғана. Тіпті өзіңіздің туған жеріңіздегі тұтас облыс сіздің атыңызбен аталады, – дедім езеуреп.

Атам қатты қуанбаған сыңайлы. Тым қаптатып жібергенімізді жаратпады ма, әлде, қуанышын сыртқа шығармай отыр ма, анығын білмедім. Әйтеуір салмақты, сырбаз қалпынан танбады. Мүмкін «осының бәрін жасауын жасапсыңдар, өздерің өзгердіңдер ме, әлде сол он сегізінші ғасырдың аяғындағы қалыптарыңдасыңдар ма» деп ойлады ма екен? Егер дәл осы сұрақты тіке қойған болса, не деп жауап берерімді де білмеймін. Бірді-екілі білім алғанымыз болмаса, қатты шығандап кетпедік-ау деп қоямын.

Енді, әрине, әдебиетіміз біршама дамыды. Поэзияның өзінде Мағжан, Қасым, Мұқағалилар бастаған көрнекті ақындар болды. Олар қазақтың қара өлеңін жаңа көкжиекке алып шықты. Бірақ Абайдан асып кетті дей алмаймыз ғой. Мұқағалидың өзі: «қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын, Абай, бірақ қайтадан тіріле ме» деп жазып кетті емес пе?

Атекем көліктің артқы жағына жайғасқан. Бағдаршамның қызыл түсі жанғанында тоқтап, айнадан қарадым. Ойлы жүзін сыртқа беріп, үнсіз отыр екен. Өте терең емес екенімді сезді-ау деймін, менімен әңгімелесуге құлқы болмады. Өзім де үндемей-ақ қойса екен деп қорқақсоқтап отырмын. «Өзің ақынсың ба, жазушысың ба?» деп сұрап қалса не деймін? Қайткен күнде де өлең жазғанымды жасырып қалармын. Абайға оқып берерлік бір өлеңім жоқ болса, қай бетіммен ақын едім демекпін.

Тым үнсіз отыра бергенім жарамас деп:

Бізде Қазақстан жазушылары деген анықтамалық бар. Сіз сонда бірінші тұрасыз, – дедім.

Шындығында солай. Анықтамалық кітаптың бар екені де, онда Абай атамның бірінші тұратыны да рас. Ғәділдікті жаны сүйген Абайды әдейі бәрінен аттатып барып бірінші қойған ешкім жоқ. Заңында солай. Біздегі барлық нәрсе әліпби бойынша орналасады. Әліпбиде А қарпінің, одан кейін ә, одан кейін б әрпі тұратынын бәріңіз білесіздер. Енді осы заңдылыққа салғанда Абай бірінші тұрмағанда, кім тұрады? Әрине, басқалары фамилия бойынша орналасқан. Ал Абай атымен ғана жазылған. Өйткені бізде қай Абай дейтіндей екі Абай жоқ. Құдай сүйген Құнанбайұлы қай жағынан да бірінші тұрады екен-ау.

Қағазда жазылған жоспар бойынша Алма-арасан шатқалын бетке алдым. Ең жоғарғы жағындағы алаңқайға үлкен киіз үй тігіп тастапты. Мен атамды қыдыртып жүрген кезде бұл жақтағылар соны пайдаланып, дайындықты қатырған екен. Тай қазанда буы бұрқырап ет қайнап жатыр.

Билік басындағы шенеуніктердің бәрі осында жүр. «Чартерный рейспен» келген-ау деп ойладым. Президент көрінбейді. Ақордада арнайы қабылдайын деді ме екен деп қоямын. Астана әуежайынан күтіп алар-ау. Алып Абайдың қызыл кілем төселген траптан түсіп келе жатқанын елестетіп үлгердім. Жә, ол жақты қоя тұрып, мына жақтың әңгімесін айтайын. Үлкенді-кішілі шенеуніктер тізіліп тұр. Һәкім жапатармағай амандасқан ұрпағының кезек-кезек қолдарын алып болғаннан кейін айналасына қарап, кең тыныстады. Шіркін, Алматының табиғаты бөлек қой. Күз жақындап қалды, дегенмен Алма-арасан шатқалында сарғайған жапырақ жоқ. Бәрі де жап-жасыл. Абай атамның өзі жырлаған:

«Жаздыкүн шілде болғанда,

Көкорай шалғын, бәйшешек,

Ұзарып өсіп толғанда;

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда», – деген өлеңіндегідей болып тұр.

Оны екі қанат үйге кіріп, дастарқан басына жайғасқаннан кейін дастарқанға бата жасалды. Содан кейін ақырындап таныстық басталды. «Мына балаңыз «Аманат» партиясының төрағасы» дегенде Абай атам болмашы езу тартқандай болып:

«Болды да партия,

Ел іші жарылды.

Әуремін мен тыя,

Дауың мен шарынды», – деді ертеректе жазған өлеңін оқып.

— Абай Құнанбайұлы, бізде бірнеше партия бары рас. Бірақ оның бәрі ел ішін екіге жаратындай бір-бірімен араз емес. Бір ананың баласындай тату. Тіпті әртүрлі атауы бар бір партия деуге болады, – деді негізгі тізгінді ұстап отырған ұзын бойлы жас жігіт.

Абай отырған үйге кіруге, һәкіммен бір дастарқан басында отырып сұхбат құруға әркім-ақ құмар. Бірақ оның бәріне орын жете бермейтіні тағы рас. Сондықтан да арнайы тізім жасалған. Өнер қайраткерлері мен ғалымдарды да бас-көз жоқ шақыра салмай, Абай шығармаларына қатысты зерттеу жүргізген, мақала жазған ғалымдарды, Абай туралы шығарма жазған қаламгерлерді, Абай әндерін орындайтын әншілерді теріп алып енгізген. Одан артық адамды кіргізбеуге тура келеді. Өйткені тәртіп керек. «Все по протоколу». Сәлем берсем деп едім дегендердің бәрін кіргізіп жіберсең, он екі қанат киіз үй түгілі мына шатқалың тұтас толып-ақ кетер.

Таудай ет, көлдей сорпа дерсің. Бір келіншек шай құйып, бір жігіт қымыз сапырып, сапырылыстырып жүр. Бір кезде бүгінгі күннің бетке ұстары берлік ақын ағамызға кезек берілді. Ол кісі өз өлеңін оқуы керек.

«Абайдың монологы» деп бастап кетті. Яғни өлеңнің тақырыбы айтып тұрғандай Абай болып сөйлеп тұр. Арындап келіп тоқтады. Бәрі енді Абай атама қарады. Пікір күтіп тұр.

— Осы, – деді ұлы ақын майлықпен қолын сүртіп жатып, – осы бәленшенің монологы, түгеншенің монологы деп тақырып қойып алып, сол адамның атынан сөйлеу не ғадет? Жаңағы кейіпкеріңнің дәл солай демегіне көзің жете ме? Мисалы мен айтарымның бәрін айтып кеткен адаммын. Ол күнімде ешкім аузыма қақпақ болмады. Жаңағы менің атымнан айтылған сөздер айтқым келген болса, сол кезде-ақ жазып кетпес пе едім, – деп бір жымиып алды.

Жақсы пікір күткен ақын ұрпағының көңілін демеп қойғысы келді ме екен, артынша: «өлеңнің өзіне келетін болсақ, жаман емес» деп бір қайырды. Бірер уақыт өткенде жоғары билікте отырған жігіттердің бірі бүгінгі қазақ, Қазақстан жайында арнайы баяндамаға бергісіз әңгімені бастады. Жетпіс жыл бойғы теперіш, дінсіз қоғам, одан кейінгі ұры-қары билеген отыз жылды айта келіп, енді ғана әділетті һәм жаңа Қазақстанды құрып жатқанымызды сөз етті. Бір сөзбен айтқанда, «бас-басына би болған өңкей қиқымдардан» тазарып, адал азаматтар бірігіп жатыр екенбіз. «Сапалы қоғам құруда сіздің қара сөздеріңіз бен өлеңдеріңізді басшылыққа аламыз», – деді. Әңгіме жалғасып жатты. Мен бір уақ сейілдейін деп сыртқа шықтым.

Далада адам қарасы көп екен. Бәрі де ұлы ақынның қолын алғысы келеді. Сол көпшіліктің арасынан уағында қазақ халқының сүйіктісі болған, бертінде дінге бет бұрып кеткен әйгілі әншіні көріп қалдым. Кірмекке ниет қылып тұр. Оған еңгезердей жігіттер рұқсат етпей тұр.

— Аға, сізді сыйлаймыз, бірақ тізімде жоқсыз. Тізімде жоқ адамды кіргізіп жіберетіндей біздің басымыз екеу емес, – деп ақталып тұр.

— Әй, інім, мына үйге мен кірмегенде кім кіреді? Абай деңгейінде әңгіме айтып бере алатын бір адам бар ма өзі іште? Әндерін менен артық орындай алатын бір адам бар ма? Айтшы, кім бар? – деді.

— Аға, біз күзет қызметінің жігіттеріміз. Мүлде басқа саланың адамдарымыз, іштегілердің бәрін танимын деп айта алмаймын. Абай атаның өзін мектепте жаттатқан – «Қыс», «Жаз» деген сияқты тақпақтары арқылы ғана білеміз.

— Ей, қой, мыналарыңды Һәкім естімесін. Ұят болады.

Мына бір охран жігіттердің ішке кіргізбесін білген әнші ағай қалалық әкімдікте істейтін жігіттердің біріне жақындады.

— Әй, інім, сауатты жігіттердің бірі едің ғой, мені кіргіз бірдеңе қылып, – деді.

— Аға, менің қолымда тұрса бірінші болып сізді кіргізер едім. Тікелей Астананың өз бақылауында, біздікі сол ұйымдастыру ғана, араласа алмаймыз, – деп шыр-пыр болды.

Әнші ағамыз ішке де кіре алмаймын, иә, біржола кетіп қала алмай біраз тұрды. Насыбайын атты. Мына тұрғандармен әңгімелесуге зауқы да соқпады. Оның үстіне бұлардың ішінде «Конец власти» мен «Окно Овертонаны» оқи қойғандары бар деп айта алмайды. Олармен не деп әңгімелеспек?

Мен ішке кірдім де әйгілі әншіге обал болмасын деп, тізгін ұстап жүрген кісіге сыртта ағайдың кіре алмай жүргенін айттым. Парасатты адам ғой, сәл ойланып тұрды да:

— Кіргені дұрыс болар еді, бірақ ол кісі кірсе мына бағдарламамыздың бәрі жайына қалады. Сөзді де сол сөйлеп, әнді де өзі айтып кетеді. Оған бізде уақыт тығыздау. Кейінірек жеке кездесу ұйымдастырып берерміз, – деді.

Киіз үйдің мына бір тұсында сол Астанадан келген екі кісі сөйлесіп тұр. Қызметі сәл төмендеуі есеп беріп тұрған сыңайлы.

— Қазақстанның Халық жазушысы атағын қалпына келтіріп жатырмыз ғой, алғашқы болып ұлы ақынға берейік. «Еңбек ерін» де беріп жіберсек қалай болар екен?

— Соған асықпайықшы. Артық қыламыз деп тыртық қылып жүрерміз. Әліптің артын бағайық. Бүгін осында қондырайық, ертең Ақ ордаға апарамыз. Арғы күні Семейге ұшамыз. Абай облысының әкіміне хабарласып, дайындықты пысықтаңдар. Жидебайға барар жол жақсы ма еді?

Бұдан да басқа әңгімелер айтылды. Соған қарағанда, дайындық деген өте жоғары деңгейде сияқты. Шіркін, соның бәрінің басы-қасында жүріп, өз көзіммен көрер ме едім деп қоямын. Бірақ мені кім ерте қойсын. Мына жерде жүргеніне риза болсын дейтін шығар. Жоғарыда айттым ғой, тағы қайталап айтайын, түс деген адамның өз ықтиярында емес. Осы түсті қалай көрмегім өз еркімде болса өзімнен аянып қалмаймын ғой. Ұлы ақынның көңілін тауып, дәп жанына төрге жайғасып алып отырмаймын ба? Әй, осылар қалдырып кетеді-ау мені.

Абай әндері бірінен кейін бірі айтылып жатыр. «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып» сынды әндердің әрқайсысын бір-бір әнші орындап жатыр.

Ұйымдастырушылардың тағы бір сөзіне қарағанда Жидебайда айтыс ұйымдастырмақ болып жатқан сияқты. Ойпыр-ай, оған Абай атамыз қалай қарар екен? Әлі күнге айтысып жүрмісіңдер демес пе екен? Екі жұптың айтысын көрсете салса бір жөн, үлкен аламан айтыс ұйымдастырмақ. Бұған дейін екі күнге созылған айтыстар болған екен, мына айтыс үш күнге созылса дейді. Оны бастан-аяқ көріп отыруға һәкімнің төзімі жетпес-ау. Егер олай болған жағдайда финалын ғана тамашалатармыз дегенді де айтып қалды. Финалын ғана тамашалатса, соны ғана ұйымдастыру керек қой. Жоқ, үш күнге созылды, бәленше ақын қатысты деп ауыз толтырып айтқанға жақсы екен. Идея жақсы, бірақ Абай жазба ақын ғой. Бұл айтысты кейін Жамбыл тәтем келіп жатқандай болса, сол кезде ұйымдастыру керек шығар. Жә, мені тыңдап жатқан кім бар?

Кеш қарайып қалған кезде үйдегілер тысқа шықпақ болды. Сол кезде ақынды көргісі келіп, үміт үзбей жүргендердің бәрін қайтармақ болды.

— Жақында ақынмен үлкен кездесу өткіземіз. Сол кездесуге бірінші кезекте сіздерді шақырамыз. Қазір сіздерді тізімдеп аламыз. Нақты уақыты мен өтетін орнын қосымша хабарлаймыз. Бүгінше мазаламаңыздар, ол кісі демалу керек. Ұзақ жол жүріп, шаршап келді, – деді.

Ұзақ жолы несі? Айтпақшы, Абай атам қайдан келіп еді? Күтіп алған мен білмеймін, бұлар қайдан білсін-ау. Көпшілік жаңағы бір уәдеге сеніп, қайтпақ болды. Мені де қоса қайтармақ болды. Әй, айналайындар-ау, мен әуежайдан бері өзім алып жүрген адаммын ғой. «Жоқ, сіздің шаруа бітті», – деді.

Амалдың жоғынан басымды салбыратып, қалаға қайттым. Көңілсіздеу ояндым. Осы бір ғажаптың түсім болғанына қапа болдым ба, әлде, атқамінерлердің адам құрлы көрмей қайтарып жібергеніне өкпелімін бе, ол жағын айырып жатпадым. Түсім әлі де жалғасқан болса және мені қуып жібермей ертіп жүрсе, көрер қызығым бұдан да көп болар ма еді? Абай заманынан бері қаншалық өзгергенімізді, өскенімізді білер ме едім. Айттым ғой, адамның көрмек түсі өз ықтиярында емес. Түс қана емес, кейде өз өміріміз де өз қолымызда емес сияқты көрініп кетеді. Өң мен түстің ортасындағы өмір ғой.

Біз ұлы ақынды дәріптеп, рухына құрмет көрсетіп-ақ жүрміз. Оқыған боламыз, ойланған боламыз. Жылда туған күнінде жырларын ел болып жаппай оқып, жақындай түсеміз. Бірақ сол Абай заманынан бері өзгердік пе, өстік пе? Одан бері жүз жиырма жыл өтіпті-ау. 

Тегтер: