Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:01, 16 Қазан 2025

Өңдеу өнеркәсібі – экономиканың жаңа өзегі болуы тиіс

өңдеу өнеркәсіп
Фото: ашық дереккөз

Жаңа өнеркәсіптік саясат – Қазақстан экономикасының жаңа бетбұрысы. Сарапшы Тоғжан Шаяхметованың пікірінше, бұл бағыт ұзақ мерзімді стратегия мен нақты өндірістік реформалар арқылы ғана табысты болмақ.

Тоғжан ханым, Үкімет жаңа өнеркәсіптік саясатты іске асыра бастады. Бұл саясаттың негізгі мақсаты қандай деп ойлайсыз?

– Жаңа өнеркәсіптік саясаттың түпкі мәні – экономиканы шикізаттан тәуелсіз ету. Бізде бұрын мұнай мен металл сатудан түсетін табысқа тым сеніп келдік. Енді мақсат – сол шикізатты өзімізде өңдеп, жоғары технологиялы өнім шығару. Бұл саясаттың басты ұраны «қосылған құнды ел ішінде қалдыру». Яғни экономикалық өсім халықтың табысына айналуы керек.

Өңдеу секторының қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?

– Қазір өңдеу секторының ІЖӨ-дегі үлесі шамамен 12-13 пайыз шамасында. Бұл – әлі де төмен көрсеткіш. Негізінен, металлургия мен азық-түлік өнеркәсібі жетекші рөлде. Бірақ машина жасау, химия, фармацевтика сияқты салалар әлі толық дамыған жоқ. Егер мемлекет қолдау шараларын нақты мақсатты бағытта жүргізсе, бес жыл ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесін 18-20 пайызға жеткізуге болады.

– Мемлекеттік қолдау тетіктері жеткілікті ме?
– Соңғы жылдары субсидия, арзан несие және индустриялық аймақтар түрінде біраз мүмкіндік берілді. Бірақ басты мәселе жүйелілік пен тиімділік. Кей кәсіпорындарға жеңілдік берілсе де, ол ұзақмерзімді нәтиже бермейді. Бізге нақты өндіріс қуатын арттыратын жобалар керек. Сондай-ақ кадр даярлау мен технология трансферіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Өңдеу саласын дамытуда жеке бизнестің рөлі қандай болмақ?

– Бұрын индустрияны негізінен мемлекет дамытатын. Енді жеке сектордың белсенді қатысуы маңызды. Инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты, тұрақты ережелер мен салықтық жеңілдіктер қажет. Егер мемлекеттің қолдауы мен бизнестің бастамасы ұштасса, өңдеу секторы нақты өсім береді.

Жаңа саясат шетелдік инвесторлар үшін қаншалықты тартымды болуы мүмкін?
– Қазақстанның географиялық орналасуы, шикізат қоры мен нарыққа шығу мүмкіндігі өте қолайлы. Бірақ инвестор үшін ең маңыздысы – тұрақтылық. Егер мемлекет ойын ережесін жиі өзгертпесе, ұзақмерзімді жобаларға келетін инвестор көбейеді. Қазір Үкімет «инвестиция орнына индустрия» қағидатына көшуге тырысып жатыр, бұл – дұрыс бағыт.

– Өңдеу өнеркәсібін дамытудың әлеуметтік әсері қандай болады?

Бұл тек экономикаға емес, қоғамның өмір сапасына тікелей әсер етеді. Себебі өңдеу секторы – тұрақты жұмыс орындарының көзі. Әрбір жаңа зауыт, жаңа мектеп, жаңа инфрақұрылым, жаңа табыс көзі. Демек, өнеркәсіп саясаты – әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі.

Әнуар ҚАЙЫРБЕК