Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 09 Желтоқсан 2025

Өнер мен руханияттың тоғысқан нүктесі

жиһаз өнеркәсібі
Фото: ашық дереккөз

Елдің негізгі ордасына айналған Астана қаласы еліміздің қазіргі мәдениеті мен рухани жаңғыруында маңызды рөл атқарар негізгі нүктелердің бірі.

 Астананы жай ғана әкімшілік орталық қана деп қабылдаған жөнсіз болар, анығында, қазір бас қаламыз мәдени идеялардың, шығармашылық ізденістің, өнер мен білімнің тоғысын дәлелдейтін алып шаһар. Ұлттың тарихи жадысын, мәдени мұрасын сақтап, оны жаңа заман талабы бойынша қайта жаңғыртуда бұл қаланың еліміз үшін маңызы зор. Елорда қалыптасқаннан бері Қазақстан қоғамында мәдениетке деген көзқарас жаңарып, шығармашылыққа, өнерге, рухани даму мен мәдени коммуникацияға жаңа мән берілді, тың тыныс келді. Қалаға тән басты ерекшелік оның мәдени дамуды стратегиялық бағыт ретінде қабылдауы десек болады. Мұнда салынған әр нысан, ұйымдастырылған әрбір шара, ашылған әрбір орталық елдің мәдени тынысын кеңейтуге, халықтың эстетикалық талғамын дамытуға, ұлттық болмысты жаңа деңгейге көтеруге күн сайын қызмет етіп келеді.

Осы орайда биыл да Астананың төсінде сан түрлі мәдени шаралар өтіп, қазақ руханиятындағы сан қилы жаңалықтардың легі өтті. Жыл аясында елордалық мәдени өмірде театрдан басталған көркемөнер, жастар шығармашылығы, дәстүр мен жаңа форматтардың тоғысуы, халықаралық әріптестік пен гуманитарлық диалогтардың барлығы да ел үшін Астананың мәдени орнын одан сайын нығайтқан сияқты. Мұндай біртұтас шығармашылық атмосфераны қоғамның рухани дамуына деген ұмтылыс деп қабылдап, сондай-ақ ұлттық және әлемдік мәдениеттің үйлесуіне арналған мәдени алаңдар желісіне баласақ болады. Осы орайда 2025 жыл Астананың мәдени өміріндегі жағымды жаңалықтармен басталды. Жаңа жылмен бірге Астана театрларында сан түрлі премьералар қойылды. Мәселен, ақпан айында қала әкімдігінің «Жастар» театры Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидың «Жолы болғыш жігіт» пьесасын сахналады. Спектакльдің қоюшы режиссері – мәдениет саласының үздігі Нұрфат Вахитов. Сонау 1973 жылы жазылған Әкім Таразидың «Жолы болғыш жігіт» пьесасының негізінде қойылған спектакль бүгінгі күнге икемделген. Астарлы әзіл, қағытпа қалжың, атмосфераны сезіндіретін әндер, барлығы қазіргі заманды көрсетеді. Алайда Тарази шығармасының өміршеңдігі сол, кейіпкерлердің ішкі шиеленісі, өзара қарым-қатынасы, көтерілетін мәселелер мен сұрақтар баз баяғы жарты ғасыр бұрынғы деуге болады. Қоғамның тыныс-тіршілігіне қарап, заманның беталысы әлі сол бір үйреншікті бағытпен сылдырап ағып келе жатқан сыңайлы. «Өзеннің арнасын бұрса ғана тақыр жерге егін шықпай ма, көктеп көгермей ме? Неге бәрі бұрынғыдай? Бұл «Асау Бөкендердің» әлі де жеңіліс тауып келе жатқанын көрсетпей ме?» деген сұрақтар ойға еріксіз орала береді. Дәл осы жылы театр репертуары бес жаңа қойылыммен толыққан еді. Атап айтқанда, «Қызжылаған» драмасы, «Сылаң қыз» комедиясы, «Әміре» моноспектаклі, «S.O.S» драмасы және «Мәншүк» музыкалық драмасы театр қоржынына еніп, жалпы репертуардағы спектакльдер саны 28-ге жетті.

Ал 9 мамыр күні Астанадағы Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрында даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл және Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасының премьерасы өтті. «Ар адамы. Бауыржан» деректі драмасы – адамзат тарихындағы ең ауыр Екінші дүниежүзі соғысы жылдарындағы қасірет пен ерліктің, ар-намыстың және отансүйгіштіктің көркем шежіресі. Туындыда Бауыржан Момышұлының қайраткерлік тұлғасы, жауынгерлік рухы, әділет пен адамгершілікке деген биік мұраты сахналық тілмен бейнеленген.

Қай елдің де астанасы күн сайын өсіп, жаңарып, жаңғырып отыратын тірі мәдени ағза секілді десек, біздің елорданың кеудесінде дәстүр де, заманауи өнер де, әлемдік тәжірибе де қатар өмір сүріп, бірін-бірі үздіксіз толықтырып тұрады. Мұндай синтез қазақ мәдениетін жаңа биікке шығарып, еліміздің мәдени картасын айтарлықтай байытары анық. Мәселен, барлық Қазақстан бойынша 14 наурыздан бастап наурызнама онкүндігі басталған еді. Осыған орай Астана қаласында әз-Наурыз құрметіне 10 күн бойы мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Наурызнаманың онкүндігінде Астанада 200-ден астам ауқымды іс-шаралар өткізілген еді. Негізгі мерекелік бағдарламалар 21-22 наурызда қаланың алаңдарында, сондай-ақ 14 тұрғын алапта өткен еді. Аудан әкімдіктері мен Мәдениет басқармасының қолдауымен концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, жәрмеңкелер мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылды. Ал сәуір айында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда қазақ музыкасының ұлы композиторы, халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Құстар әні» фестивалі өтті. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдары қатысты. Оның ішінде даңқты дирижердің замандастары да бар еді. Фестиваль аясында Нұрғиса Тілендиев негізін қалаған «Отырар сазы» оркестрі арнайы кеш өткізді. «Отырар сазы» оркестрі елорда төрінде Нұрғиса Тілендиевтің халық арасында кеңінен танылған туындыларын орындап, шараға даңқты дирижердің көзін көрген замандастары мен шәкірттері келді. Олар сазгердің қазақ музыкасына қосқан үлесін айтып, естеліктерін бөлісті.

Елордадағы театрлар, музейлер, галереялар, концерт залдары мен кітапханалар шығармашылық идеялар туатын зертхана іспетті орталықтар. Күн сайын қала әдебиетшілердің басқосқан әдеби клубтарын, зиялы қауым қатысатын ғылыми-мәдени жиындарды, жас өнерпаздардың дебюттік концерттерін, заманауи бейнелеу өнері көрмелерін, қоғамдық пікірталастар мен мәдени форумдарды қабылдайды. Осындай әрбір басқосу ұлттық ой-сананың кеңеюіне, азаматтардың мәдени талғамының қалыптасуына ықпал етеді. Астананың бүгінгі мәдени тынысы қазақ қоғамының интеллектуалдық деңгейінің көрсеткіші десек, 2025 жылы үш кітапхана жаңғыртылып, тағы үш жаңа кітап үйі іске қосылған еді. Қазір Астанада 25 кітапхана жұмыс істейді.

Астананың мәдени рөлі тек орталықтандырылған шаралармен шектелмесі анық, бүгінде елорда шығармашылық энергиясы мол жастардың мекеніне айналған. Әдебиетке қызығатын жастар үшін поэзия кештері, кітап форумдары, авторлық кездесулер, жазушылармен сұхбат алаңдары жиі өтіп тұрады. Музыкаға қызығатындар үшін симфониялық оркестрден бастап, заманауи электронды музыка фестивальдеріне дейінгі алуан түрлі музыкалық кеңістік қалыптасқан. Театр өнерінде классикалық қойылымдар да, эксперименталды режиссура да қатар дамуда. Кино саласында да жас режиссерлерге арналған шығармашылық платформалар көбейіп келеді. Мұның бәрі Астананы жастардың өзін танытуына мүмкіндік беретін ерекше мәдени ортаға айналдырады. Осы орайда биыл Астанада шығармашыл жастарға арналған беделді форум Шабыт XXVIII Халықаралық шығармашыл жастар фестивалі өтті. 18-22 қараша күндері өткен фестивальге Қазақстан мен шетелден 800-ден астам жас таланттар қатысты. Фестиваль аясында камералық хор, академиялық ән айту, фольклор ансамбльдері, поэзия, эстрада вокалы, көркемөнер және тағы басқа бағыттар бойынша жарыстар, концерттік шығарылымдар, сондай-ақ шеберлік сабақтары мен шығармашылық лабораториялар ұйымдастырылды. Бұл шара жас таланттарға өздерін көрсетуге, кәсіби деңгейін көтеруге, мәдени платформалармен байланыс орнатуға мол мүмкіндік берді десек болады.

Елорданың мәдени дамуына қаладағы көпұлтты орта да ерекше серпін береді. Этномәдени орталықтар, түрлі халықтың өнерін танытатын фестивальдер, ұлттық тағылымды паш ететін шаралар Астананы көпқырлы мәдениеттің орталығы ретінде көрсетеді. Мұнда қазақ мәдениеті негізгі өзек болғанымен, әлем мәдениетімен байланыс үзілмейді. Елордадағы мәдени кездесулер, көптілді шығармашылық жобалар, халықаралық ғылыми-мәдени форумдардың барлығы елді әлеммен байланыстыратын рухани көпір. Сөзімізге тағы бір мысал болсын, биыл алғаш рет Астанада «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі ұйымдастырылды. 24-25 қараша күндері өткен фестивальде түркі халықтарының ортақ рухани мұрасы – музыка, дәстүрлі аспаптар, қолөнер, тарихи-этнографиялық мұра сияқты салалар назарға алынды. Фестиваль аясында «Тамыр мен үн: Түркі аспап жасау дәстүрі және заманауи шешімдер» атты халықаралық симпозиум өтті, мұнда ұлттық музыкалық аспаптардың тарихи қалыптасуы, өңірлік ерек­шеліктері мен заманауи интерпретация мәселелері талқыланды. Сонымен қатар музейде аспап жасау бойынша тәжірибелік сабақтар, аспаптармен жұмыс, жас шеберлердің шеберханалары ұйымдастырылды. Фестиваль гала-концертпен аяқталып, заманауи этно-жаңғыру, дәстүр мен қазіргі заман арасындағы диалог көрініс тапты.

Сонымен бірге Астанада мәдени мұраны сақтау мен тарихи құндылықтарды насихаттауға бағытталған шаралар да болды. Мысалы, ASTANA ARCHIVE FEST-2025 атты халықаралық форум аясында қала архивінің 30 жылдығы атап өтіліп, «Төрдегі төл тарих» атты фото-құжаттық көрме, архив қорындағы жәдігерлердің таныстырылымы, сондай-ақ «Архив: Жаңа дәуір. Жаңа мүмкіндіктер» атты ашық диалог алаңы ұйымдастырылды. Әрине, мәдени шаралармен қатар, Астананың театр-опера, музыка, өнер саласындағы беделі де арта түсуде. Мысалы, 2025 жылы Astana Opera театры еліміздің түрлі өңірлеріне гастрольдік сапармен шығып, музыканы, опера және балетті қолжетімді етудің мысалын көрсетті.

Осындай оқиғалар мен шаралар Астананың мәдени, рухани, тарихи, шығармашылық орталыққа айналғанына анық мысал. Мұндай мәдени шаралар елорданың мәдени капиталын арттырып қана қоймай, Қазақстанның бүкіл мәдени кеңістігіне серпін берері анық.

Сәруар Бақберген

Астана қаласы

Тегтер: