Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:50, 30 Желтоқсан 2024

Оңтүстік Кореяда ұшақ апатынан кейін бір апталық қаралы күн жарияланды

Корея ұшақ апаты
Фото: AP

Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы апатқа ұшырап, 179 жолаушы қаза тапты.

Оңтүстік Корея президентінің міндетін атқарушы Чой Сан Мок елдің Муан қаласында жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты 7 күндік аза тұту жариялады.

Jeju Air әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағы Бангкоктан ұшып шығып, қону кезінде ұшақтың дөңгелектері ашылмай, ұшып-қону жолағынан шығып кетіп, қоршау қабырғасына соғылды. Салдарынан ол бірнеше бөлікке бөлініп, өртеніп кеткен.

Боинг бортында 181 адам: 175 жолаушы және 6 экипаж мүшесі болған. Оның 179-ы қайтыс болса, 2-уі аман қалды. Жолаушылардың көпшілігі Оңтүстік Корея азаматтары еді.

Бұл Оңтүстік Кореядағы ең көп адам қаза тапқан ұшақ апаты. Ол сондай-ақ оңтүстіккореялық әуе компаниялары арасында қаза тапқандар саны бойынша үшінші орында.

1983 жылы Кеңес Одағының жойғыш ұшағы КСРО әуе кеңістігіне енген Korean Air ұшағын атып түсіріп, 269 жолаушы қаза тапты. 1997 жылы Гуам аралында Korean Air ұшағы апатқа ұшырап, 225 адам қаза тапты.