Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Сеул қаласының орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді бүлікке басшылық етті деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Іс 2024 жылдың желтоқсанында елде әскери жағдай енгізілуіне байланысты қозғалған. Айыптаушы тарап оған өлім жазасын сұраған болатын.
Соттың шешіміне сәйкес, 2024 жылғы желтоқсанда енгізілген әскери жағдай бүлік ретінде бағаланған. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Юн Сок Ёль парламент – Ұлттық ассамблея ғимаратын әскер мен полиция күштерімен қоршауға бұйрық берді деп айыпталды. Тергеу нұсқасына сәйкес, бұл қадам депутаттардың оның жарлығына қарсы дауыс беруіне жол бермеу мақсатында жасалған. Сондай-ақ ол парламент спикерін, сол кездегі билік партиясы мен негізгі оппозициялық партия жетекшілерін қамауға алуды ұйымдастырды деген айып тағылған.
Айыптау қорытындысында Юн Сок Ёль бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён және басқа да лауазымды тұлғалармен бірігіп бүлік ұйымдастырды делінген. Прокуратураның мәліметінше, елде соғыс немесе төтенше жағдай болмағанына қарамастан, ол заңсыз түрде әскери жағдай жариялаған.
Арнайы прокурорлар тобы бұрынғы президентке өлім жазасын талап еткен. Алайда Оңтүстік Кореяда ең жоғары жаза 1997 жылдан бері іс жүзінде қолданылмаған.
Сот барысында 65 жастағы Юн Сок Ёль өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Оның айтуынша, президенттің Конституцияда қарастырылған төтенше жағдай енгізу құқығын жүзеге асыруын бүлік деп бағалауға болмайды. Ол бұл шешімді оппозициялық партиялардың үкімет жұмысына кедергі келтіруімен түсіндірді.
«Бұл азаматтарды басып-жаншитын әскери диктатура емес еді. Бұл – еркіндік пен егемендікті қорғауға, конституциялық тәртіпті қалпына келтіруге бағытталған қадам болатын», – деді ол.
Юн Сок Ёльмен бірге бұл іс бойынша тағы бірнеше тұлға жауапкершілікке тартылды. Бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ён Хён 30 жылға, Сеул қалалық полиция басқармасының экс-басшысы Ким Бон Сик 10 жылға сотталды.
Қаңтар айында Юн Сок Ёль қамауға алуға кедергі жасағаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сол айда Оңтүстік Кореяның бұрынғы премьер-министрі Хан Док Су бүлік ұйымдастыруға көмектесті деген айыппен 23 жылға сотталды. Ал ақпанда бұрынғы ішкі істер министрі Ли Сан Мин де осы айып бойынша 7 жылға сотталды.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың желтоқсан айының басында Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізіп, бұл шешімін «коммунистік күштерден қорғау» қажеттілігімен түсіндірген және оппозицияны «мемлекетке қарсы әрекет жасады» деп айыптаған. Алайда парламент шешімімен оның жарлығы күшін жойды. Кейін депутаттар оған импичмент жариялап, Конституциялық сот сәуір айында бұл шешімді растады.
2025 жылдың маусымында Оңтүстік Кореяда мерзімінен бұрын президент сайлауы өтіп, онда оппозициялық Демократиялық партия жетекшісі Ли Чжэ Мён жеңіске жетті.