Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:00

Оңтүстік Кореяның экс-президентіне 10 жыл түрме жазасын сұрады

Юн Сок Ёль
Юн Сок Ёль. Фото: Yonhap/AFP

Оңтүстік Кореяда экс-президент Юн Сок Ёльге қатысты ірі қылмыстық істер қаралып жатыр. Арнайы прокурор Сеулдің орталық аудандық сотында оның үстінен қозғалған төрт істің алғашқысы бойынша-ақ 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.

Бұл туралы 26 желтоқсанда Yonhap агенттігі хабарлады.

Айыптаушы тараптың түсіндіруінше, жазаның құрылымы мынадай:

  • 5 жыл – 2025 жылғы қаңтарда тергеушілердің оны қамауға алуына кедергі келтіргені үшін. Сол кезде Юн президент резиденциясына бекініп, күзет қызметі арқылы тергеуге қарсы тұрған.

  • 3 жыл – тоғыз министрдің құқығын бұзғаны, яғни әскери жағдай енгізу жоспары талқыланған кеңеске оларды шақырмауы, сондай-ақ шетелдік БАҚ-та әскери жағдай туралы жалған ақпарат таратқаны және қорғалған байланыс құралдарындағы әңгімелер жазбасын жойғаны үшін.

  • 2 жыл – әскери жағдай енгізу туралы жалған жарлық дайындап, кейін оны жойғаны үшін.

Прокуратура Юн Сок Ёльдің әрекеттерін «мемлекеттік институттарды жеке мүддесіне пайдалану арқылы заңсыз шешімдерін жасыруға және ақтауға тырысу» деп бағалады. Айыптаушылардың пікірінше, бұл қадамдар елдегі заң үстемдігіне ауыр соққы болып, халықтың президентке деген сенімін шайқалтқан. Қазіргі уақытта түзету мекемесінде отырған Юн барлық айыптарды жоққа шығарады.

Тағы үш іс бар

Сот бұл іс бойынша үкімді 16 қаңтарда – экс-президенттің қамау мерзімі аяқталуына екі күн қалғанда жариялауы мүмкін. Алайда Юн Сок Ёль бұдан бөлек тағы үш қылмыстық істің фигуранты болып отыр. Олардың бірі – әскери жағдай енгізуге байланысты бүлік ұйымдастырды деген айып. Бұл істі қаңтардың басында аяқтап, үкімді ақпанда шығару жоспарланған.

Сонымен қатар қарашада арнайы прокурорлар Юнды билікті асыра пайдаланды және КХДР-ға көмектесті деп те айыптаған. Тергеу дерегінше, 2024 жылдың қазанында Солтүстік Корея аумағына дрондар жіберу арқылы ол әскери қақтығысты әдейі ушықтырып, соны әскери жағдай енгізуге сылтау етпек болған. Тергеушілер мұны «жауға пайда келтіру» деп бағалайды.

Саяси дағдарыс пен импичмент

2024 жылдың желтоқсанында бюджетке қатысты саяси даулар аясында Юн Сок Ёль елде күтпеген жерден әскери жағдай жариялаған. Ол бұл шешімін оппозицияның «анти-мемлекеттік әрекеттерімен» түсіндірді. Алайда парламент оны мақұлдамады, ал келесі күні президент жарлықты кері қайтарып алуға мәжбүр болды.

14 желтоқсанда парламент Юнға импичмент жариялап, 2025 жылдың сәуірінде Конституциялық сот бұл шешімді бекітті. 15 қаңтарда экс-президент екінші рет қамауға алынды (алғашқы әрекет оның күзетінің қарсылығына байланысты сәтсіз болған). Наурызда уақытша босатылғанымен, шілдеде қайта қамауға алынды.