Оралда жарық мәселесіне наразы болған тұрғындар жолды жапты
Орал қаласының маңындағы ауылда «Құс фабрикасы» бау-бақша серіктестігінің тұрғындары жарық мәселесіне байланысты наразылыққа шығып, айналма жолды жауып тастаған.
Бұл туралы жергілікті басылым sarapshy.info хабарлады.
Ауыл адамдары жарықтың болмауына байланысты наразылық білдірген, ауыл адамдары бір тәуліктен бері жарық болмағанын, ал өздері жарықтың ақшасын осы уақытқа дейін төлеп келе жатқанын айтқан. Бірақ серіктестіктің бұрынғы төрағасы жарық ақшасын «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-ына төлемей келген. Қазіргі күнде жарықтың қарызы 71 млн теңгеге жеткен.
2200-дей тұрғыны бар аудандағы тұрғындардың айтуынша олар осы уақытқа дейін серіктестік басшысы Асылбек Қабесовтың Kaspi нөміріне аударып отырған. Кей жағдайда серіктестік төрағасы отырған кеңсеге барып, қолма-қол төлеп жүрген.
«Қыстың күні үйдің іші салқын. Балалар сабақтан келді. Халық ашынғаннан осында шықты. Бұрынғы төрағаның қарызы жабылмай, жарықты қоспаймыз дейді. Осы уақытқа дейін бұрынғы төраға қарызды неге жаппаған? Оған неге халық кінәлі? Бізде лицевой счет (жеке шот) жоқ. Бұрынғы төраға Асылбек Қабесовтың счетына немесе конторға келіп, қолма-қол төлеп жүрдік. Халық қарыз емес. Ай сайын жарықтың, газдың ақшасын төлеп тұр. Ал қазір жаңа төрағаға келіп, «жарықты өшіреміз. Сендер мына қарызды төлеуге міндеттісіңдер» деген нәрсені неге қойып тұр деймін», - дейді осы ауылда бес жылдан бері тұрып келе жатқан Азиза есімді тұрғын.
«Құс фабрикасы» бау-бақша серіктестігінің қазіргі төрағасы Асхат Әнесұлы әлі «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС-мен келісімшартқа отырып үлгермеген.
« Мен ақшаны төлеп үлгерген жоқпын. Маған төле деп жатыр. Мені әлі РЭК-пен келісімшартқа отырған жоқпын”, - дейді қазіргі басшы.
Ал Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясының Бақылау және есеп жөніндегі директор Рүстем Нұрболатұлы шағым түскеннен кейін жарықты өшіріп тастағанын айтады. Әр тұрғынға жеке шот ашу үшін техникалық жағдай (техусловие) керек дейді.
Ереуіл боп жатқан жерге Орал қаласы әкімінің орынбасары Азамат Халелов келген. Әкімдік өкілі алдымен аудит тағайындап, бұрынғы төраға Асылбек Қабесовтың кінәсі бар ма, жоқ па соны анықтап алайық, кейіннен кінәлілер жазаланады дегенді айтқан.
Жиналған халық бұрынғы төрағаның келуін талап еткенімен, ол наразы жұрт жиналған жерге келмеген.