Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:14, 04 Желтоқсан 2024

Оралдық студенттер наразылыққа шықты

Орал
Фото: видеодан скриншот

Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің студенттері  оқу орнының ғимаратының алдына жиналып, Жаратылыстану-география факультетінің деканы Ахан Тұрғынбаевтың қызметінен кетуін талап етті.

«Жаңа адамдар» қоғамдық бірлестігінің жетекшілері Әсел Бәденова мен Мейіржан Ғарифоллаев жастардың талаптарын екі тілде жеткізген соң, наразылық білдірушілер тараған. 

Жастардың наразылыққа шығуына деканның жөнсіз әрекеті себеп болған. Студенттердің айтуынша, оларда Ахан Тұрғынбаев пен Батыс Қазақстан университетінде оқитын қозғалыс белсенділері арасындағы әңгіменің аудиожазбасы бар.

Бұл жазбада декан «Жаңа адамдар» тобын экстремистер деп атайды, студенттерге қозғалысқа қатысуға тыйым салады, ал бағынбағандарды оқудан шығарамыз деп қорқытады.

«Нәтижесінде Тұрғынбаев біздің 7 белсендімізден «отбасылық себептермен» оқудан шығу туралы өтінішпен ректордың атына арыз жазуын талап етіп отыр», - дейді наразылық білдірушілер.

Наразылыққа шыққан студенттер Тұрғымбаев Жаңа Қазақстан ұрпағын тәрбиелеуге құқығы жоқ деп санайды.

Мұндай адамның жаңа, әділ Қазақстанның жас ұрпағын тәрбиелеуге құқығы жоқ деп есептейміз. «Жаңа адамдар» Тұрғымбаевтан дереу қызметінен кетуін талап етеді. Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевтен оқу орнының қабырғасында болып жатқан жайттарға назар аударып, Ахан Тұрғымбаев өз еркімен қызметінен кетуден бас тартса, шара қолданып, лайықты еместігіне байланысты қызметінен босатуын сұраймыз», - дейді белсенділер.

Университеттің баспасөз қызметі бұл әрекетті заңсыз деп атап, жағдайға қатысты түсініктеме берді. Жалпы, митингке 40-қа жуық адам шыққан. Шараны «Жаңа адамдар» қоғамдық бірлестігінің жетекшілері Әсел Бәденова мен Мейіржан Ғарифоллаев ұйымдастырған. Университеттің хабарлауынша, наразылық білдірушілердің арасында ұйымдастырушыларға оқу орнынан "заңсыз шығарылуы" мүмкін екендігі туралы жалған ақпарат берген университет студенті де бар.

"Негізі, қазіргі уақытта оның оқу үлгерімі мен сабаққа қатысуы төмен деп бағаланып, жатақханада тәртіпті бірнеше рет бұзып, тазалық талаптарын сақтамай, себепсіз үнемі сабаққа келмей жүргені туралы ақпарат бар. Бұл фактілер университет жарғысы мен ішкі тәртіп ережелерін бұзу болып саналады. Сондықтан факультет деканы Ахан Тұрғымбаев студенттерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оның салдары, тіпті оқудан шығару мүмкіндігі туралы ескерткен," - деп хабарлады университет.

БҚУ студенттің қазір университетте оқуын жалғастырып жатқанын және оны оқудан шығару туралы бұйрықтың жоқтығына сендірді. Сондай-ақ университеттің баспасөз қызметі қатысушылар мен студенттің университет басшылығына акцияны ұйымдастыру туралы ресми өтініштерін жібермегенін атап өтті.

"Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы жиналғандарға заңсыз әрекеттердің салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алайда, түсіндіруге қарамастан, қатысушылар акцияны бір минут бойы жалғастырды, содан кейін полиция департаменті мен облыстық прокуратура қызметкерлері келгеннен кейін наразылық білдірушілер тарап кетті. Қазір оқиғаның мән-жайын полиция мен облыстық прокуратура анықтап жатыр. Полицейлердің айтуынша, акцияны ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті жастардың заңды және бейбіт жолмен өз пікірін білдіру құқығын құрметтейтінін, бірақ студенттердің ешқандай заңсыз әрекеттерге қатысуын қолдамайтынын баса айтады. Университет басшылығы заңды және қоғамдық тәртіпті сақтайтын саналы азаматтарды тәрбиелеу жұмысын жалғастырып, студенттермен кезекті кездесу өткізді. Кездесу барысында студенттерге сұрақтар немесе мәселелер туындаған жағдайда университет басшылығына, университеттің Әдеп жөніндегі кеңесіне, қалалық «Жастар рухы» жастар ұйымына немесе жастармен жұмыс ресурстық орталықтарынажүгіну туралы ақпарат берілді", - дедә университеттің баспасөз қызметі.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі жағдайға қатысты кейінірек түсініктеме беруге уәде берді.

 

Тегтер: