«Оралғандарға» қуанамыз ба?

Бұл күндері футболдан Қазақстан құрамасы Алматыда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
Бас бапкер Магомед Адиев алдымен 30-дан астам ойыншының тізімін жариялап, артынша нақты 27 футболшыға тоқтады. Жарақаты бар Б.Исламханның, ойын тәжірибесі аздау М.Сейсеннің құрамада болмау себебін бапкер өзі түсіндіріп берді.
«Астананың» жартылай қорғаушысы Аслан Дарабаев бақайын сындырып алса да жиынға шақырылған еді. Бірақ толық тізім жарияланған күннің ертеңіне-ақ Дарабаевтың бұл жолы жарақат салдарынан құрамаға көмектесе алмайтыны айтылды да… оның орнына Александр Зуев шақырылды. Яғни Асланның алдағы ойындарға қатыса алмайтынын қарапайым жанкүйерлер де біліп жүрді. Бірақ оның орнына неге Зуев шақырылды? Жалпы, Зуев деген кім?
Александр 1996 жылы Қостанай қаласында туған. Алғаш Рафик Балбабянның қол астында жаттыға бастаған. Қостанайдың жастар командасында екі жыл шыңдалған соң, 2005 жылы ата-анасымен бірге Ресейдің Челябі қаласына қоныс аударды. Ресейдің «Спартак», «Ростов», «Рубин», «Химки» командаларында ойнады. Биыл «Крылья Советов» командасына ауысып, барлық турнирлерде 12 матч өткізді, 1 доп соқты. Соңғы кездесулерде ол негізгі құрамнан орын таба алған жоқ.
Зуев Ресей жастар құрамасы (U17) сапында 2013 жылғы Еуропа чемпионы атанды. Ресей құрамасына шақырылған жоқ.
Алғаш рет оған Қазақстан құрамасынан 2016 жылы шақыру түсті. Бұл кезде 20 жастағы футболшы «Спартак» сапында ойнап жүрді. Өзін әне-міне Ресей құрамасының ойыншысы сезініп жүргені де жасырын емес. Александрдың сол кездегі агенті Михаил Череповский Зуевке Қазақстан футбол федерациясынан ұсыныс келгенін, бірақ оны түбегейлі қарастырмағанын айтқан еді.
Міне, өзін бірнеше командада сынап көріп, Ресей құрамасына шақырудан үміт үзген шақта Зуев «тарихи Отанын» есіне түсірді. Оның Қазақстан азаматтығын алу шараларына кіріскенін ақпарат құралдары қаңтардың аяғы мен ақпанның басында жарыса жазды. Тіпті құрама бапкері М.Адиев те Зуевті құрамаға шақыруға «кетәрі» емес екенін, бірақ құраманың наурыздағы матчтарына Александрдың мүлде үлгермейтінін мәлімдеді. «Зуев Қазақстан азаматтығын алсын, сосын жағдайға қараймыз» деген-ді Адиев...
Міне, «құланның қасуына – мылтықтың басуы», Дарабаев жарақат ала қалды, Зуевтің азаматтық мәселесі шешілді. Енді әмбебап жартылай қорғаушыны Сан-Марино және Солтүстік Ирландия құрамаларына қарсы кездесулерде алаңнан көріп қалуымыз әбден ықтимал.
Десек те көңілде күпті ой жоқ емес. 2000 жылдардың басында, одан кейінгі онжылдықта біздің құрама мықты футболшыларға шынында да ділгір еді. Қазақстанда туып, жан-жаққа тарап кеткен Г.Шмидтгаль, Р.Дубинский, К.Энгель, Д.Ляпкин, Г.Жуков, А.Мухутдинов, А.Меркель сияқты ойыншылар осындай қажеттіктен шақырылды. Оның ішінде «әне барам, міне, барам», «барсам, Қайрат аға үшін ғана барам» деп кергіп, ақыры Қытай асқан Жуковты қалай ұмытармыз? Шешесі қазақ болғаны үшін М.Быстровты шақырдық, әкесі Қазақстанда мерген болған Д.Мирошниченконы да қағыс қалдырмадық. Бірақ құрама баяғыша ұпай таратумен айналысты.
Енді Қазақстан құрамасымен жұрт санаса бастаған уақытта Зуев бізге керек пе еді? Әрине, ол «Қазақстан атынан сынға түсу – мен үшін мақтаныш» деп мәлімдеме жасап та үлгерді. Бірақ ол соншалықты жарқырап тұрған футболшы ма? Дарабаевтың орнын жоқтатпауға Ислам Чесноков неге лайық емес? Бір ойымыз Зуевтің шешімі қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты емес пе деп те түртпектейді.
Қазақстанның құшағы кең. Осы уақытқа дейін біздің ұлттық құрамада 40-қа жуық сырттан келген ойыншы ойнапты. Соның ішінде ұзақ жылдар тұрақты ойнағаны – украиналық Сергей Малый ғана (62 матч). 40 футболшының үшеуі ғана (Малый, Сидельников, Жуков) 20-дан астам ойынға қатысқан.
Кім біледі, асылық айтып отырған шығармыз, Зуев шынында да құрамаға зор пайда әкелер. Бірақ бәрібір көңілде дық қалады.
Қазақстан құрамасы Сан-Мариномен – 16 маусымда, Солтүстік Ирландиямен 19 маусымда кездеседі. Қазір Н тобында отандастарымыз 2 ойында 3 ұпай жинап, үшінші орында келеді.