Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:16, 17 Мамыр 2023

Оралу мен жоғалу немесе келу мен кету

None
None

Құдайдан тілеймін «әр адамның жалпылай алғанда оқыған, немесе оқып жатқан дүниесінің жұпары құдды бір қанттың суды құшырлана жұтқандығы құсап кемірсін рухын» деп…

«Yolcu kimdir ve yol giden nasıl bilinir?

»

(Жолаушы кім, жол жүргенді қалай анықтаймыз?)

Şebüsterî «Gülşen-i Râz»

«Ki bazen günahtır düşünmek, bazen ibâdet...»

(Ал ойлану – кейде күнә, кейде ғибадатболатын)

Şebüsterî «Gülşen-i Râz»

Есік жартылай ашық тұрған, ал бөлме бос. Жақындап, үңілген сәт жерде бір гүлдің жатқанын көрді. Сабағы құмырадағы суға салынған. Жаңа ғана жұлынғаны байқалады...

«Барлық әсерлі хикаялар екі түрде басталады: я бір адамның сапарға шығуынан, яки қалаға бір бейтаныстың көшіп келуінен» дейді Толстой. Яғни «оралу» мен «жоғалудан» немесе «келу» мен «кетуден» десек болатын сияқты.

«Нағыз алып трагедиялар, шындығында «қайта оралған» сәтте орын алады» дейді Кортасар. Бұған мысал ретінде Одиссея, Агамемнон, Оидипустардың хикаяларын келтіруге болады. «Одиссеядағы» Одиссей оралған сәтінде – әйелінен алыста қалған күйеу, ұлдарының өскелең шағының куәсі бола алмаған әке, соғысы аяқталып қойған әскер, мемлекетінен жырақ жүрген билеуші, әскерлері өлген қолбасшы, ұлын өлді деп ойлап қалып, жүрегі қан жылап қайтыс болған ананың баласы болатын. Яғни нағыз оқиға шығармадағы негізгі оқиғаның аяқталған сәтінде басталады.

Ал Інжілдегі «кету» хикаялары Мұса, Жүсіп пен Иса жайлы өрбігенін көреміз. Кетер сәтінде «есікті жаппай кеткендер» деп сипаттайды бұларды Кортазар.

«Білге қаған өлді...сол күннен бері көктем келіпкөкжүзінде көк дауыл күркілдеген сәтте, тауларда киіктер боздаған сәттеқара жамыламын ылғи…» 

 «Білге қаған»Бенгутасы / Батыс жақ беті.

«Кетуді» тек тақтан таю деп қарап көрер болсақ, немесе Одақтың у-шуынан кейін туындаған ой:

Аты шыққан бір адамды мақтап, жақсы жақтарын айтатын тек сол адамның жан-жағында жүріп жақсылығын көргендер болғаны – шынымен жан ауыратын жағдай. Сол аты шыққан адам, немесе аты шықты деп санайтын адам қар үстіндегі іздің қар еріп кеткеннен кейін де сақталып, сақталмағанын, немесе шынтуайтқа келген кез орнында белгілі бір «із» қалды ма екен… жүрген жерлеріне барып, бір қарап көрсін дегің келеді…

Әлі күнге дейін тарихты түгендеумен айналысып жүргеніміз – әрине, әлі күнге дейін оның шикі тұстарының көптігінің көрінісі. Бірақ өстіп жүргенде «дәл қазіргі» сәт пен «болашақ» көлеңкеде қалып, «жастарына кезек келіп бітпеген» қоғамның, немесе «жастығымен қош айтыса алмаған қарттардың синдромының» салдарынан өз кезегін бағдаршамдағы жасыл түсті күту мен келмей қойған автобусқа қарайлап өткізген «жастардың» тағдырын кешпесе екен дейсің.

Светофорға телміріп тұрған адамдар жүзінен

Сезім ізін айнытпай табасыз:

Жасыл шырақты ондаған жылдар бойы күттім деген.

Іле-шала жарық етеді жасыл шырақ,

Ал сіз сезесіз сол арада-ақ

Олардың бұдан өзгені күткенін . Ә.).

Ал тарихтың ішінде кейде мүлдем ұмытылмайтын «оралулар» мен «тәрк етулер» орын алып жатады. Бұлардың мәңгілік деп аталатын кемеге мініп алғандары сонша – оқыған сәтте әрі бейтаныс, әрі саған да өз басыңнан өткендей-ақ таныс болып тұратын қасіретке ие екенін көресің.

1936 жылы Палестинадағы Әл-Шаджара ауылында дүниеге келген Әли Израиль құрылған кезде 1948 жылы палестиналықтардың «Nekbe» (Үлкен апат) деп атаған кезеңінде жерлерінен қуылған 1 миллионға жуық палестиналықтардың бірі еді.

12 жасында Палестинадан күштеп шығарылған Әли отбасымен бірге өмір сүру жағдайлары қиын, әрі кедейлік басқан Ливанның оңтүстігіндегі Айн әл-Хулве босқындар лагерінде қалды.

Израиль әскерлері лагерьде танытқан қарсылықтарының салдарынан қаншама рет бала демей түрмеге тыққан болатын. Карикатура сапарын түрме камерасында бастаған Әли Израиль әскерлері тұтқындаған кезде түрме қабырғаларын сызбалармен толтырып, Ливан әскері тұтқындаған кезде де дәл осындай ұстанымда болды.

1963 жылы әкесі Кувейттегі «Эт-Талия» журналынан жұмысқа ұсыныс алғаннан кейін Әли Кувейтке көшіп, Палестина мен Таяу Шығыстағы оқиғалар туралы көбірек саяси еңбектер жаза бастады.

Наджи ел-Әлидің 1969 жылы оқырмандарына таныстырған «Ханзала» кейіпкері оқиғалардың куәсі, әрі бас кейіпкері болған палестиналық бала. Аяғы жалаңаш, киімі жамау, үнемі жүзін көрсетпей, теріс қарап тұрады. Ол он жаста, Палестина бостандыққа шығып, туған жеріне оралмайынша есеймейді де, жүзін бізге көрсетпейді де…

Иә, сол Ханзала әлі күнге дейін тұтас әлемге теріс қарап тұрған сияқты...

Ханзала тек палестинаның емес, тұтас әлемнің еркіндігін аңсаған секілді көрінеді кейде.

Сол Ханзала «заттарын жинап алып, құдды бір мәңгілікке қарай жол алғандай болып, бұл маңды тәрк еткен құстар сынды» кетіп барады әлі. «Ешкімге ешқашан сау болғайсың, көріскенше деп айтып көрмеген құстар» сынды…

«Tezkire-i Devletşah» кітабында Девлетшах айтатын мына әңгіме мені ойландырады. Оның айтуынша, арап ғалымдары алғаш өлең жазған ақынның Адам ата болғанын алға тартады. Адам ата Тәңірінің әмірімен жерге түскен сәт мына әлем мен оның қараңғы тұстары көзін қорқытса керек. Еңсесін мұң басқан, көзі үрейге толған қалпында жер бетін аралап жүріп алғашқы айтқан өлеңі «Я, Тәңірім, біз қарғысқа ұшырадық» деген жалғыз жолдан ғана тұрған екен. Лакин, бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, әу баста адамзат аузынан шыққан әр сөз – өлең болатын деген тұжырымға келуге болатын сияқты.

Немесе Франц Кафканың «Der Process» атты шығармасының «Шамасы, Жозефті біреу қарғаған болуы керек. Өйткені ешқандай күнәсі болмағанына қарамастан, бір күні тұтқынға түсті» деп басталуы мен Адамның осы «минималист өлеңінің» арасында бір мағыналық байланыс құруға болатын сияқты.

Ал Şeyh Ebû Ali Miskeveyh «Âdâbu’l – Arabi ve’l – Furs» кітабында айтылатын мына оқиға да тым қызықты. Әли Хазреттен «Алғашқы өлеңді жазған кім?» деп сұрапты бір ойшыл адам. Әли Хазрет «Адам Алейхиссалам ғой» деп жауап беріпті және Адамның Өмірінде жазған ең әсерлі де қасіретті өлеңі ретінде Абыл өлген сәттегі өлеңін көрсетеді:

Мемлекеттер мен мемлекеттерде өмір сүріп жатқан адамдар өзгерді,

Жер беті сұрықсыз да сүйкімсіз қалыпта.

Барлығының түсі мен дәмі де басқаша дәл қазір.

Жып-жылы жүздер жымимайтын болған.

Бәрінен бұрын

өлтіріліп қабыр топырағын көрпе еткен ұлым Абылға обал болды...

Обал болды жай ғана...

Ал Адамның жерге түскен бұл сапары «оралу мен жоғалу, келу ме кету хикаяларының» ең алғашқысы түрінде сипатталады. Тек мұны «оралу» десеңіз де, «жоғалу» десеңіз де, «келу» десеңіз де, «кету» деп атасаңыз да әртүрлі сипатқа ие болады, әртүрлі тұжырымның тууына себепші болады.

Сүлеймен пайғамбар өзінің данышпандығына қарамастан, бір күні бір ақсақ құмырсқадан көптен бері ойында жүрген сауалының жауабын сұрап көріпті. «Әй, құмырсқа айта ғой, қай топырақ ең алып қасіретпен иленеді?» деп.

Ақсақ құмырсқа: «Тап тар қабірге қойылған ең соңғы кірпіштің топырағы» деп жауап беріпті… Себебі «ең соңғы» кірпіш қабірді жапқан сәт жерленіп жатқан адамның «ендігі қайта тұру, жер жүзін қайта көру» жайлы барлық үміті үзіледі деп түсіндіреді мұны Феридүддин Аттар.

Феридүддин Аттардың «Mantiku’t – Tayr» (Құстардың тілінде) атты еңбегінде «Шүбәсіз, біздің де бір падишаһымыз бар. Ол аноооу Қап тауының аржағында» деп Самұрыққа жетуді аңсап, жолға шығатын құстар – «оралуды» аңсаған шексіз бір тұңғиық иелері ретінде сипатталады.

Ал осы жердегі құстардың патшасы саналған Самұрық – қазіргі кездегі билеуші, басқарушы сипатына енген «қол жетпес» ақ патша, өзін ұлылардың ұлысы деп есептеуші емес, тәңірлік сипаттағы бір (кейде тәңірдің өзіне деген аңсар) тұлға ретінде сипатталады. «Самұрық патшаны көзің көрмей тұрса – көңілің айна секілді нұрлы емес деген сөз» деген жолдар тұтас адамзаттың жаратушыға деген аңсарын жайып салатын сөздер десек болады. Бұл тұрғыдан құстардың шексіз аңсары – «оралу». Ал маған ол құстар жай ғана «кетуді» аңсайтындай елестейді кей кезде...

Логикалық тұрғыдан белгілі бір дәлелге ие кез келген тұжырым – тіптен ақиқат деп атауға жарайтындай деңгейде қуатты болып келеді. Маған Шопенгауэрдің философиялық тұжырымдарының ең ұнайтын тұсы осы дер едім.

Адамдар мен жануарлардың жалғыз айырмашылығы – ойлана алу, немесе ойлана алмау қабілеті дей алмаймыз. Бұған ешбір нақты дәлеліміз жоқ. Ал негізінен олардың басты айырмашылығы – жануарлардың өлімнен бейхабар болуында, өлімнің нақты танымын білмегендіктен, оны ойлай алмауында. Бірақ олардың бойында өлім қорқынышы бар. Сол үшін де барлық бәледен өздерін де, балаларын да қорғап бағады. Ал адамдардың басты ерекшелігі – өлімнің дәл өзін нақты білуінде ғана. Философияның пайда болуы да осымен тікелей байланысты. Өлім болмағанда философия да болмас еді деп түсіндереді ол. Бірақ бізге өлімді шексіз бір қорқыныш ретінде көрсететін – «бар болмау», немесе «жоғалу» жайлы түсініктер дей алмаймыз. Өйткені бұлай болған жағдайда әлі тумаған кезіміз жайлы да қорқынышпен, үрейлене отырып ойланар едік. Өйткені өлімнен кейінгі «жоқ болу», «жоғалу» түсінігі, өлімнен бұрынғы «бар болмау», «жоқ болу» түсінігінен басқаша бөлек мәнге ие болуы мүмкін емес, екеуі де бірдей процесс деп түсіндіреді тағы бір сөзінде.

Кейде көшеде көрген бір адамның сенен бұрын да өмірінің болғаны, немесе он сегіз жасыңда ғашық болған адамыңның сенен алдыңғы он сегіз жылдық өмірінде түрлі естеліктерінің, бағалы сәттерінің болғандығын ойлай берген сәтте ішің өзінен-өзі қанжылататыны да шындық. Бұл тұрғыдан Шопенгауэрдің сөзінің жүзден бір пайыздық болса да дәлелі бар деуге келеді. Өйткені Мөрфи заңдылығына сүйенетін болсақ «бір нәрсенің іске асуының үш ықтималдығы бар болып, іске аспауының бір ықтималдығы болатын болса, ол міндетті түрде іске аспайды. Өйткені іске асатын болса, ол бір «дана» ықтималсыздық мүлдем туындамаған болар еді»…

Ал онда өлімді, «жоғалуды» қорқынышты қылып көрсететін не нәрсе сонда?, Мына өмірге шөлдеу дәл қазір осы өмірдің дәміне үйреніп, жұпарын жақсы көріп қалуымыздан және соны қимағандығымыздан болуы тіптен мүмкін емес» дейді Шопенгауэр. Керісінше, өмірде жүріп жинаған тәжірибеміз – «әлі тумаған», «жоқ болған» сәтімізге, жоғалған жәннатымызға деген шексіз сағынышымызды оятуы тиіс.

Сонымен қатар біз үнемі «кететін» жеріміздің «тәрк еткен» жерімізден жақсырақ болуын қалап, ішімізде бір үміттің жалынын үнемі алып жүреміз. Бұл да дәл қазіргі жүрген әлемімізге көңілдің толмағандығын көрсететіні ақиқат. Сол үшін өлімнен қорқу – өмірді қимаудан туындап отыр деу қате пікір болар еді. Ал қазіргі өмірімізден «кеткеннен» кейінгі кезеңді ойлап қайғыға берілу – тура қазіргі өмірімізге «келместен» (тумастан) бұрынғы кезеңді ойлап қайғыға берілу секілді бір ақымақтық әрі күлкілі жайт болар еді…

Сонымен «Оралу мен жоғалу немесе келу мен кету жайлы» бұл жазбаныТомас Транстрөмердің мына өлеңімен тұжырымдағаным жөн болар деп шештім:

ІЗ

Түнгі сағат екіде

ай сәулесі түсіп тұрған түнгі сағат екіде

пойыз келіп тоқтады,

Қала шамдарынан тым жырақ айдалаға.

Құдды бір шырт ұйқыдан терең түс көріп оянған адамдай,

Кері қайтқан сәтінде мүлдем еске ала алмайды бұл жерде болғанын.

Тіпті бір адамның дауасыз дертке шалдыққанындай,

Күндері мен айлары жанып өшкен болмашы бір жарық сынды өтіп жатады оның...

Салқын ызғарлы алқапта бүріскен қоңыздар секілді күндер.

Пойыз мүлдем қимылдамастан сол қалпы тұр:

Сағат екі… ай сәулесі… аспанда санаулы жұлдыздар...

Тегтер: