Өрге озған өзбек футболы

Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Бұған дейін Орта Азия елдерінің ешбірі мундиальге шығып көрмеген. 5 маусым күні 2026 жылғы әлем чемпионатына Азия аймағы бойынша іріктеу турнирі үшінші кезеңінің 9-туры аясында Өзбекстан сырт алаңда БАӘ командасымен кездесіп, 0:0 есебімен тең ойнады.
Осы тең нәтижеден кейін Өзбекстан құрамасы 18 ұпай жинап, топтық кезеңнің аяқталуына бір тур қалғанда мерзімінен бұрын әлем біріншілігіне жолдама алды. Бұл топта 20 ұпай еншілеген Иран құрамасы көш бастап тұр. Ал үшінші және төртінші орындағы БАӘ мен Катар құрамасы сәйкесінше 14 және 13 ұпай жинаған. Олар қосымша іріктеуге қатысады. Ал Қырғызстан (7 ұпай) мен КХДР құрамасы (3 ұпай) мерзімінен бұрын жолдамадан қағылды.
Осылайша, Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына шыққан 81-құрама атанды. Бұл жетістік өзбек жұртына өте үлкен қуаныш сыйлап, елдің тарихи жетістігі ретінде қабылданып отыр. Ел президенті Шавкат Мирзиеевтің жарлығымен ұлттық құрама ойыншылары мен жаттықтырушыларына «Өзбекстан мақтанышы» атағы берілді. Бұл сыйлық әдетте ірі халықаралық турнирде жеңіске жеткен спортшыларға беріледі. Футбол құрамасының әлем біріншілігіне шыққанын үлкен жеңіс ретінде бағалауға негіз бар. Сондай-ақ президенттің баспасөз хатшысы ұлттық құраманың құрметіне ұйымдастырылған салтанатты шарада футболшыларға жаңа автомобиль табыс етілетінін хабарлады.
Бұған дейін Өзбекстан құрамасы Қазақстан сияқты әлем чемпионатының іріктеуіне қатысып, финалдық кезеңге шыға алмаған болатын. Бірақ бізбен салыстырғанда олар бұл мәртебеге бір табан жақын жүрді. Әсіресе 2006 және 2014 жылғы мундиаль жолдамасына қол созым жер қалғанда сүрінген. Екі ретте де іріктеу турнирінің плей-офф кезеңіне шықты. Бірақ 2005 жылы Бахрейнге, 2013 жылы Иорданияға жол берді. Бахрейнге қарсы матч үлкен дауға айналғанын жанкүйер қауым жақсы біледі.
2005 жылы 3 қыркүйекте Ташкентте өткен алғашқы ойында Өзбекстан 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Бірақ матч төрешісі өрескел қателік жіберді. Ойынның 38-минутында бос қақпаға кіріп бара жатқан допты Бахрейн қорғаушысы қолмен тоқтатады. Жапониялық төреші Бахрейн қақпасына пенальти белгілейді, бірақ қорғаушыны алаңнан қумайды. Өзбек ойыншысы пенальтиді сәтті орындап, есепті 2:0-ге жеткізген. Бірақ төреші өзге ойыншылар айып алаңына ерте кірді деген желеумен, голды есептемейді әрі өзбектерге пенальтиді қайта тепкізбейді. Өзбекстан футбол федерациясы ФИФА-ға арыз жазған. Бірақ бұл өздеріне таяқ болып тиіп, матчты қайта өткізу туралы шешім шығады. 8 қазанда Ташкентте өткен матч – 1:1 есебімен, 12 қазанда Манамадағы матч 0:0 есебімен аяқталып, Бахрейн келесі кезеңге өтті.
Бұл жолы Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына шығуына турнирге қатысушылар саны 32-ден 48 командаға артқаны пайдасын тигізді. Мысалы, 2022 жылғы әлем чемпионатына Азиядан төрт құрама тікелей жолдама алып, тағы бір құрама құрлықаралық плей-офф кезеңіне қатысқан. Ал 2026 жылғы біріншілікке АФК-дан (Азия футбол конфедерациясы) сегіз команда тікелей, бір құрама плей-офф арқылы барады. Өзбектер құрлықтың үздік сегіз құрамасының қатарына еніп отыр.
Бірақ квота көбеймесе де, Өзбекстан мундиальге жақындап келе жатқан болатын. Жастар және жасөспірімдер құрамасының үздік нәтижесі өзбек футболының алға басқанын анық көрсеткен. Мысалы, 2018 жылы U23 құрамасы Азия чемпионы болды. 2023 жылы U20 құрамасы әлем чемпионатының 1/8 финалына жетті. Сол жылы U17 құрамасы атақты Англияның өзін 2:1 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының ширек финалына жетті. 2024 жылы U23 құрамасы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Париж Олимпиадасына жолдама алды. 2025 жылы U17 құрамасы Азия чемпионы атанды.
Осы нәтижелердің өзі өзбек футболының қазіргі жетістігі бір сәттік өткінші нәтиже емес, ұзақ уақыттың жүйелі жұмыстың жемісі, тұрақты көрсеткіш екенін аңғаруға болады. Мемлекет футболды жүйелі дамытуға көп көңіл бөлді. Көз алдағы уақыттық нәтижеге алданбай, ұзақ болашаққа бағытталған жобалар жасады. Сонау 2010 жылы сол кездегі ел президенті «Футболды дамыту жоспарын» қолға алып, тұтас мемлекет бойынша жасөспірімдерді тәрбиелеуді қолға алды. Ташкентте футбол академиясы салынды.
Сондай-ақ ел чемпионатында бақ сынайтын кәсіпқой клубтарға жергілікті ойыншыларды қолдауға бағытталған бірқатар талаптар қойды. Мысалы, Премьер-лигадағы әр клубтың U21 жастар командасы болу, әр матчта U21 команданың кем дегенде екі ойыншысын негізгі құрамда алаңға шығару. Осы талаптардың арқасында ішкі біріншілікте легионерлерге сұраныс төмендеп, жергілікті жастарға көп мүмкіндік берілді.
Билік Премьер-лига клубтарына мемлекет қаржысын жұмсамай, инвестор есебінен заманауи стадион салуды міндеттеді. Тағы бір талап – әрбір командада балалар академиясы болуы тиіс. Балалар мен жасөспірімдер мектебі жоқ клуб чемпионатқа қатыспайды. Сондай-ақ стадион салу мемлекеттік деңгейдегі бағдарламаға енді. Кейінгі жылдары Өзбекстанда онға жуық заманауи стадиондар салынып, ескілері күрделі жөндеуден өтті. Елде ескі алаңдарда футбол ойнауға тыйым салынған. Клубтар осы талапқа бағынып, қолданыстағы инфрақұрылымын жаңартты.
2023 жылы президент Мирзиеев Өзбекстанда футболды қолдау қорын құру туралы жарлыққа қол қойды. Ол бойынша мектеп пен университеттегі жарыстарды көбейту, инфрақұрылымды жақсарту және елдің футбол қауымдастығы жанынан жаңа академиялар құру басты назарға шықты. Кәсіпқой футбол клубтарына демеушілік жасап, сатып алған инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау мен жеңілдіктер уәде етілді. Экономика және қаржы министрлігіне бұл қорды қолдау үшін жыл сайын мемлекет бюджетінен 25 миллиард сум бөлу тапсырылды. Қорыта айтқанда, Өзбекстанның әлем чемпионатына жолдама алуы – жастарды дамыту және жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Ал біздің елде осының бірі де орындалған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 34 жылда екі-ақ стадион салынды. Кәсіпқой клубтарды мемлекет бюджетінен асырап отырмыз, олар қаржының бәрін шетелдік легионерлерге жалақы төлеуге жұмсайды. Алматылық «Қайраттан» басқа ешбір клубта заманауи академия жоқ. Соған сай құрамамыз жанкүйерлерді қуантатын жетістікке жетістікке жете алған жоқ. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу бәсекесіне УЕФА туы астында 5 мәрте – 2006 (12 матчта 1 ұпай), 2010 (10 ойында 6 ұпай), 2014 (10 матчта 5 ұпай), 2018 (10 ойында 3 ұпай) және 2022 (8 матчта 3 ұпай) жылғы мундиальдің іріктеуіне қатысып, бәрінде нашар нәтиже көрсетті. Ең көп болғанда 6 ұпай еншілеген (Андорра құрамасын 2 рет жеңіп). 5 реткі іріктеудің үшеуінде өз тобымызда көш соңында қалды.
Қуаныш Қаппас