Орынбасары орнын басқан Әбдіғалиұлы ренжіп кетті
Рыспеков Ұлытау облысын дамыта ала ма?
Бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қызметінен босатылғаны туралы ақпарат тарады. Ол бұл облысты екі жылдан аса басқарды. Берік Әбдіғалиұлының не үшін орнынан босатылғаны нақты айтылмаған. Ақорда таратқан ақпаратта қызметінен кеткені ғана жазылған. Өңірдің әкімі етіп бұған дейін облыс әкімі орынбасары қызметін атқарған Дастан Рыспеков тағайындалды.
Берік Әбдіғалиұлы қызметінен не үшін босатылды?
Берік Әбдіғалиұлының қызметіне сын көп айтылды. Оның қол астындағы басшылары биыл ақпан айынан бастап бірінен кейін бірі парамен ұсталып жатты. Мысалы, ақпан айында ұсталған Ұлытау облыстық мәдениет басқармасының басшысы пара алғаны үшін сотталды. Жезқазған қалалық соты Ұлытау облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасы мен Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының басшыларына пара алғаны үшін 6 жылдан жаза тағайындаған еді.
Аталған лауазымды тұлғалар сөз байласып, мердігер ұйымның өкілінен облыс аумағындағы көне қорымдарда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт бойынша актілерге қол қойғаны үшін 2 миллион теңге көлемінде пара алған. Сот «Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы» ЖШС мердігер компаниясының өкілін де 3,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сотталғандардың барлығы өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұдан кейін тамыз айында Жезқазған қалалық соты Ұлытау аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат істері басқармасының басшысы Әнуар Омарды 2,3 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырды деп айыптап, тағы да жаза кесті.
Ақпан айында Сәтбаев қаласының әкімі Шапағат Әубәкірді де антикор ірі көлемде пара алғаны үшін ұстады. Тергеу нәтижесінде 2024 жылдың ақпан айында Шапағат Әубәкір қала әкімі бола тұра Сәтбаев қаласындағы жолдарды күтіп ұстау жұмысын жүргізетін жеке кәсіпкерден мемлекеттік сатып алу шартының сомасын ұлғайтуға және оны кеңейтуге жәрдемі үшін 10 млн теңге көлемінде пара алғаны анықталды. Сот қала әкіміне 3,5 жыл бас бостандығынан айыру және 200 млн теңге айыппұл тағайындады.
Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметкер жемқорлықпен ұсталса, оның басшысы отставкаға кетуі тиіс. Бірақ бұл ғана емес, маусым айында Ұлытау облысының табиғи ресурстар басқармасының жетекшісі де су тасқынын жоюға берілген қаражатты жымқырды деп айыпталған. Дәл сол кезде Ұлытау облыстық білім басқармасының басшысы да қызметінен босатылды. БАҚ беттерінде тараған ақпаратқа Ұлытау әкімдігі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінен және Экономикалық даму департаментінен бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулылар келіп түсті, осыған байланысты аталған лауазымды тұлғалар қызметтерінен шеттетілді» деп жауап берген еді.
Бұл оқиғалардың Берік Әбдіғалиұлының қызметтен кетуіне қатысы бар-жоғы белгісіз.
Ұлытаудағы лауазымды қызметкерлер арасындағы қайшылықтар
Жалпы, Ұлытау облысындағы лауазымды қызметкерлердің арасында қайшылық көп. Атқарылатын жұмыстардың бітпей жатқанына да солар әсер етіп жатуы мүмкін. Былтыр «Жас Алаш» тілшісі Ұлытау облысына арнайы барғанда да қайшылықтар мен қордаланған мәселелердің шаш-етектен екеніне көз жеткізіп қайтқан. Мысалы, президент Ұлытау өңіріне сапары кезінде облысқа бөлінетін 25,4 миллиард теңге ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз деп, «Қазақмысты» осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырып, орталыққа бірнеше ғимараттар, театр, спорт кешендерін салып беруді міндеттеген. Сондықтан 2022 жылдың қараша айында «Қазақмыс» облыстық әкімдікпен меморандумға қол қойған. Келісімшарт бойынша жалпы шығыны 35 млрд теңгелік 22 жобаны іске асыруға келісілген. Бірақ жобаның барлығы соңына дейін зерттелмегендіктен, оларды қай уақытта бітіру нақты белгілі емес. Осылайша, «Қазақмыс» пен әкімдік облысты абаттандыру жұмысы кезінде бір-бірін түсінбей, бұл іс созылып келеді.
Оқи отырыңыз: Ұлытауға бардың ба?
Берік Әбдіғалиұлы «Жас Алашқа» неге ренжіді?
Біз мақала дайындап жатқанда Берік Әбдіғалиұлының Ұлытау облысы қызметінен кеткені белгілі болды. Экс-әкім «Жас Алаштың» 1-қазан күні шыққан санындағы «Шайжанов алдапты, Әбдіғалиұлы бармапты» атты мақаласын оқып, «маған жала жапты» деп біздің редакцияға ренжіп қалыпты. Ренжуінің себебі бұрынғы әкім сол кезде шынымен де Астанаға барыпты. Бірақ «Жас Алаш» оған жала жауып, жалған ақпарат та таратпаған. Себебі тілшіміз хабарласқан кезінде облыстың баспасөз хатшысы «әкім жұмысында» деп жауап берген еді.
Редакцияға хабарласқан әкімдіктің баспасөз хатшысы Еркеназ Оспанбекованың айтуынша, наразылық боп жатқан уақыт – жұма күні облыс әкімі Астанаға ресми іссапармен барған. Дүйсенбі ресми іссапар күні болып есептелгенмен, Берік Әбдіғалиұлы шаруаларын ерте бітіріп, облысқа уақытынан бұрын қайтып кетіпті. Облыс басшысы жұмысында болғасын баспасөз хатшысы «Жас Алаш» тілшісіне «әкім жұмысында» деп жауап беріпті. Ол әкімнің Астанаға нақты қандай іссапармен барғанын білмеген екен.
Оқи отырыңыз: Шайжанов алдапты, Әбдіғалиұлы Астанаға бармапты
«Жас Алаштың» мақаласына тақырып болған оқиға – өткен аптада Ұлытау облысының Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорнының 100-ден астам жұмысшылары 2 күн бойы мекеме алдында наразылық өткізді. Олардың басты талабы – жалақысын көтеру, медициналық сақтандыру, зейнетақы қорына ақшаларын түсіру болды. Жалпы ЖСЖК мамандары әкімдікке 5 талап қойды. Себебі былтыр Жезқазған қаласының әкімі мен мекеме директоры келер жылы жалақыларыңызды көтереміз деп уәде беріп, биыл сол сөзінен айнып кеткен. Әкім былтыр берген уәдесін орындау тұрыпты, мойындамай қойғандықтан кәсіпорын қызметкерлері наразылыққа шыққан.
Бұл мәселе бойынша Берік Әбдіғалиұлы шынында да Астанаға барып, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярмен кездесіпті. Ол «ЖСЖК» АҚ-ның көрсеткіші екі есе төмендеп кеткенін, қарызы қазіргі күнде 2,1 млрд теңге болғанын айтып, тарифті көтеруді сұраған. Әкімнің өзінен кәсіпорын қызметкерлерінің талабы орындала ма, жалақысы көтеріле ме, мекеменің алдағы тағдыры қалай болады деп сұрағанымызда, ол былай деп жауап берді:
«Жезқазған қаласын жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорыны АҚ қызметкерлерінің еңбекақы мәселесінде тарифті көтеру қазіргі уақытта оңтайлы шешім. Осы мақсатта ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.В.Склярға өтініш хат жолдадық, вице-премьерден жолдарын қарастыруға байланысты тапсырма да келіп түсті. Соның аясында жұмыстар қолға алынып жатыр. Жұмыскерлердің наразылығына келер болсақ, қыркүйек айының жалақысы 10 қазанға дейін төленеді. Сондай-ақ 2024 жылдың шілде және тамыз айларының зейнетақы, әлеуметтік аударымдар және міндетті медициналық сақтандыру өтеледі. Энергетиктер күніне сыйлықақы 2024 жылдың желтоқсан айының соңында 50 000 теңге көлемінде беріледі деп жоспарланып отыр».
«Жас Алаш» тілшісі кәсіпорын қызметкерлеріне хабарласып, жалақыларының шынымен де түскенін білді. Бірақ жұмыскерлер президенттің қыркүйек айындағы жолдауында «тарифті негізсіз көтеруге болмайды» деген сөзін алға тарта отырып, алдағы уақытта жалақымыз тағы да өспей қала ма деп алаңдайтынын жеткізді.
Берік Әбдіғалиұлы кетті, мәселелер қалды
Облыста шешімін таппаған мәселелер өте көп. Әкімдік пен «Қазақмыс» проблемасын бір-біріне сілтеп жүрген «Кеңгір» су қоймасының жағдайы мәз емес. Экология мәселесі де шешілмеді. Өңір қатерлі ісікпен ауру бойынша республика арасында бірінші орында тұр. Ауыз су мәселесі де шешімін таппады. Жезқазғанның топырағы ғана емес, ішер суы да сары екенін былтыр көргенбіз. Қазір халық фильтр орнатып қана күнелтіп отыр.
@jasalash.kz Жезқазғандағы ең өзекті мәселенің бірі - ауызсу. Краннан ағатын судың сапасы сын көтермейді. Халық лай су ішуге мәжбүр. #жезқазған #су #ұлытау #fyp ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz
Жол мәселесі де өзекті болып тұр. Қыркүйектің соңында антикор өңірдегі жол жөндеуде жемқорлық фактілері барын анықтаған болатын. Ұлытау облысы құрылғалы жол жөндеуге 30 млрд теңге жұмсалған. Құзырлы ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ұлытау облысы құрылғаннан бері әкімдіктердің бейінді бөлімдері мен басқармалары жолдарға паспорттау жүргізбеген.
Облыстағы ғимараттардың да тозығы жеткен. 25 жылда бір үй салынбаған, қала көркі де тым сұрықсыз. Салынған үйлердің астынан су шығып, қазір қаңырап тұр. Облыстағы білім ғимараттары да 40-50 жыл бұрын салынған. Сапасы сын көтермейді. Өңірде мұғалім тапшылығы сезіледі. Былтыр 300-ден аса мұғалім жетіспейтінін жазған едік.
Өңірдегі тағы бір өзекті мәселе – электр жарығы. Облыстағы ауылдар мен аудандарда электр жарығы жетіспейді. Ауыл әкімдері өздерін әкім емес, «электрикпіз» деп есептейді.
@jasalash.kz Ұлытау облысындағы Жезді кенті әбден ескірген тоқ жүйесінен зардап шегіп отыр. Бұл ауылда жарық күнде өшеді. Ал оны жөндейтін электрик маманы жоқ. #жезді #жезды #ұлытау #жезқазған #fyp ♬ оригинальный звук - Jasalash.kz
Оқи отырыңыз: «Біздің әкім – электрик». Мәселесі көп, шешімі жоқ Жезді тұрғындары қалай өмір сүріп жатыр?
Осылайша, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысы қызметінен босатылғанымен, қордаланған мәселелер сол күйі қалды.
Тұрсынбек БАШАР