Өрт сөндіруші күніне қауіппен бетпе-бет келеді...

Әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі өрт сөндіруші қызметі. Тілсіз жауға қаймықпай қарсы тұру, жалынмен арпалыса жүріп өрттен адамдарды құтқару, газ баллон жарылып өз өміріне қауіп төнуі мүмкін жағдайда болса да қауіпке қарсы тұру үшін батыл жүрек, кәсіби машықпен бірге физикалық тұрғыдан мықтылық, ерекше ептілік керек екені ақиқат.
Биыл Қостанай өңіріндегі тұтанған өрт кезінде бірнеше күн қатарынан жалынмен арпалысып, гектарға созылған тілсіз жауды ауыздықтаған өрт сөндірушілердің шаршап әр жерде жүрелей отырып, кейбірі қара жерде жатқан күйі дамылдап отырған суреті тарағанда елімізде олардың суретіне сүйсінбеген жан қалмады. Өйткені бүкіл еліміз үшін қаншама жылдық орманның бір сәтте күлге айналғаны оңай тимеді. Үйін тастай қашып, бас сауғалап қашқан тұрғындардың сол кездегі күйін әрбір қазақстандық сезінді. Сондықтан өрт сөндірушілердің сол кездегі ерлікке бергісіз әрекетіне барша жұрт риза болды.
Тілсіз жау деп бекер айтпайтын өртке қарсы шығу үшін өрт сөндірушілердің құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Себебі, тілсіз жаумен күрес мүлт кетуді кешірмеуі мүмкін. Бүгінде еліміз өрт сөндірушілердің құрал жабдықтарының заманауи, талапқа сай болуына барынша көңіл бөлуде. Ал өрт сөндірушілеріміздің жағдайы қалай, мамандықтың қиындығы белгілі, ал қызығы неде, өрт оқиғалары неге көбейіп кетті деген сұрақтар төңірегінде қауіпті мамандық иелерінен сұхбат жасауды жөн көрдік.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің аға өрт сөндірушісі, құтқарушы Батырбек Айбекұлымен сөзіміз жарасып жүре берді. Батырбек атына заты сай азамат екен. «Рас қою түтінге оранған қараңғы ғимарат іші үрей шақырарлықтай болып тұрады. Көп әріптесіміз сондайда бойларын қорқыныш билейтінін айтып жатады. Алайда дабыл берілгенде бойымды қорқыныш билеп көрмепті» дейді. Сөздері нық, онысы менің де бойыма сенімділік ұялатты. Өрт сөндіруші қызметіне аяқ асты келген Батырбектің бұл салада істеп жүргеніне бүгінде бес жылдан асыпты. Мамандығына деген құрметі ерекше екені әрбір сөзінен аңғарылып тұр.
— Өрт сөндіруші күніге қауіппен бетпе бет келеді. Осы орайда бес жыл ішінде есіңізде ерекше қалған, сол күн менің екінші туған күнім дейтіндей, қызмет барысында өміріңізге қауіп төнген оқиға туралы айтып бере аласыз ба?
— Көп қой ондай оқиғалар. Қайсы бірі есте қалады. Оның үстіне күнделікті ондай жағдаймен бетпе бет келіп жүрген соң қалыпты жағдайға айналып кетеді. Бір оқиға есіме түсіп тұр, Батыс 2 мөлтек ауданында бір үй жанды. Сол оқиға кезінде өмірге келгеніне санаулы күндер болған бір сәбиді құтқардым. Анасы өрттен қорқып үйден шыға алмай, баласын да құтқара алмай, өрт кезінде сасқалақтап қалған екен. Оқиға орнына жете сала алдымен үй ішіндегі адамдарды құтқаруға ұмтылдық. Сонда әлгі сәбиді далаға алып шыққанша қатты алаңдадым. Өрт сөндірушілердің арнайы өрттен қорғайтын киімі бар. Сәбиді сол киімімнің ішіне салып алып шықтым. Түтін салдарынан тұншығып қалмаса екен, уланып қалып өміріне қауіп төнбесе деген ойлар миымды піспектеп тастады. Алып шығып дәрігерлер қолына тапсырып қайтадан өртті сөндіруге ұмтылдым. Өрт ауыздықталып біткенше сол баланы ойлаумен болдым. Сол оқиға есімде ерекше қалды. Әшейінде ер адам шақалақты ұстауға қорқақтайды ғой. Басын қайырып алармын немесе қолым қаттырақ батып кетер деп өз баласын өзі құндақтап алуға қорқатын ер адамдар көп кездеседі. Ал өрт кезінде олай ойланып тұруға уақыт болмады. Ішіме салып алып, сыртқа ұмтылғаным ғана есімде. Шыны керек ол жерде өз өмірімнен гөрі әлі көзін де дұрыс ашпаған баланың өміріне қаттырақ алаңдауыммен есте қалды. Кейін естідім сәби денсаулығы жақсы екен. Аман қалыпты. Оны естігенде қатты қуандым. Жалпы өмірде өрт көп кездеседі ғой. Адамдарды да көп құтқарамыз. Бірақ сол сәбидің өмірі үшін қатты алаңдаппын.
— Осы уақытқа дейін қанша өртті сөндіруге ат салыстыңыз?
— Нақты санын білмедім. Көп қой. Кейді бір күнде оншақты өрт оқиғасы тіркеліп жатады. Тіпті кейде одан да көп болып кетеді. Мәселен жаздың ыстық кездерінде, барлық көк желек қурап тұрған күз айларында да өрт тез тұтанып, көп тіркеліп жатады. Қанша қауіпті мамандық дегенмен қызмет барысында жарақат алып көрмеппін. Негізігі жұмыс режиміміз 1 күн жұмыс, 3 күн демалыс болғанымен ешқашан да тел сөндіріп тастап, хабарсыз қалуға болмайды. Демалыс күндері де толықтай жұмысқа дайын болуымыз керек. Аяқ асты өрт шыққан жағдайда жұмыс күшін жұмылдыру қажеттілігі туындағанда сақадай сай тұрып, жұмысқа жетуге тырысамыз. Бірақ қаншалықты қарбаласқа толы болғанымен өз мамандығымды ерекше жақсы көремін.
— Қызмет барысындағы ең қиын нәрсе не?
— Өрт сөндіру шығар ең қиыны. Тілсіз жау десең нағыз тілсіз жау. Не келісімге келе алмайсың, не мүмкіндік беруін талап ете алмайсың. Кейде жел ұйытқып, өрттің бел алып кетуіне ықпал жасап жатқанда, бетіңді жалын шарпыса да қарамай қарсы тұруға, әрекет етуге, тілсіз жаудың алдын орауға тура келеді. Кейде жанып жатқан үйдің шатыры құлап кетуі мүмкін. Тіпті кейбір ғимараттар өртенгенде жасырын қолданып жатқан баллон бар жоғына сенімді болмайсың. Қашан қай сәтте ажалың аңдып тұрғанын да болжау мүмкін емес. Бірақ оны ойлап қорқақтап тұрсаң өрт өздігінен өшпейді. Сондықтан тәуекелге бел буып ұмтылуға тура келеді. Өрт кезінде «ішінде тұрғындар қалып кетпесе екен» деп тілейміз. Кейде өрт болып жатқан ғимарат туралы ақпарат алатын тұрғындар болмай жатады. Сондайда қызыл жалынның ішінде адам қалып қоймады ма екен деп алаңдаймыз. Әр өрт кезінде ең алдымен адам аман болса екен дейміз. Ең бастысы сол. Өрт кезінде бір адам қаза болса ең қиыны сол дер едім. Кейде түтінге тұншығып, уланып қайтыс болатындар да бар. Өрттің тұтанғанын білмей, ұйықтаған күйі жанып кететін адамдар да болады. Сондай нәрсе ең өкінішті. Әсіресе өрт кезінде жарылыс орын алса адам өміріне өте қауіпті. Біз әйтеуір ондай кездерде қалай әрекет ету керегін білеміз. Ал тұрғындар абайсызда қаза тауып жатады. Сондықтан өртпен ойнауға болмайды. Жалпы өрт сөндіруші қызметі нағыз ер азаматтың жұмысы дер едім. Сондықтан жастарды осы салада қызмет етуге шақырамын. Өрт сөндіруші болғысы келетін азаматтар психологиялық жағынан да, физикалық жағынан да мықты болуы керек. Кейде, биік ғимараттардан тек заттар ғана емес адамдарды да түсіруге, құтқаруға тура келеді. Сондайда адамның білек күші қажет-ақ. Сондықтан биікте жұмыс жасай алатын, денсаулығы мығым, өзіне сенімді азаматтарды осы салаға шақырғым келіп тұрады.
- Неге соңғы кездері өрт оқиғалары көбейіп кетті?
— Халқымыз өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға аса салғырт қарайды. Көп нәрсеге мән бермейді. Мәселен төтенше жағдайлар қызметі жазда жылыту маусымы басталар алдында жеке тұрғын жайларды аралап арнайы рейд өткізеді. Пештерді тексереді. Өкінішке қарай тұрғындар төтенше жағдай қызметкерлерін үйлеріне кіргізбейді, өрт қауіпсіздігін тексеруге мүмкіндік бермейді. Сосын қыс ортасында пештері тартпай, үйлеріне түтін таралып, немесе оқыстан өрт шыққан жағдайда өкінеді. Сондықтан жылда арнайы өрт қауіпсіздігі ережесін сақтаудың арнайы жаднамаларын таратамыз. Соның негізінде тұрғындардан өртке абай болуды ескертеміз. Тек тұрғындар сол қауіпсіздікке мән берсе екен. Дегенмен қазір бұрынғымен салыстырғанда өрт оқиғаларының айтарлықтай азайып келе жатқаны айтылады. Бұл да болса қуаныш.
— Сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рахмет!