Ортақ әліпби, ортақ тарих жасау мүмкін емес
«Ортақ тарих жазу» деген бір қарағанда халықты біріктіретін, ортақ мүддеге топтастыратын ой сияқты боп көрінеді. Бұның алдында түркі халықтарының ортақ әліпбиін жасаймыз деген келісім болып, соны дабыра қып айтқан едік.
Ортақ емле жасау дегенің де, біріге отырып ортақ тарих жасау да мүмкін емес нәрсе. Әр халықтың тілі, сөзі, ұғымы бар болатыны сынды әр халықтың өзіне тән тарихы болатыны анық. Ортақ әліпби, ортақ тарих қалай жасалады?! Бәріміз бір мемлекетте тұрып, бір тілде сөйлесек мейлі дейсің ғой. Ортақ тарих жасау дегенің де дұрыс емес келісім. Мәселен, Орбұлақ шайқасын алып қарайық. 1643 жылы қалмақтарға қазақтар қарсы шықты деп жазалық, ал орыс тарихшылары бұған қарсы болса, сонда біздің тарих жазылмай қалады деген сөз бе? Тәуелсіздік алған әр халық тарихына, әліпбиіне, тіліне өзі ғана қожа болуы керек.
Тарих бөлісетұғын ақша, не басқа емес қой. Бұл ұсыныс жай ғана елді саяси біріктірудің тағы бір амалы. Біріге отырып тарих жазсақ, ортасындағы бір халық міндетті түрде билік айтушы болады. Кешегі Кеңес үкіметінде орыс халқының аузына қарағанымыз секілді бір халықтың аузына қарап отырамыз. Тарихты ортақ жазсақ, бір халық қожа боп қалғаны, соның айтқанына көнеді, айдағанына жүреді. Тарихты біріге отырып, ортақ жазу – басқыншылықты бүркемелейтін амал сияқты. Мысалы, Райымбек бабамыз елімізді, халықты жаудан қорғады деп жазсақ, орыс тарихшысы оны қай деректен біледі? Сол қожа халық қарсы шықты деп, біз тарихымыздағы елеулі тұлғалардың болғанын, олардың еңбегін терістеп отыруымыз керек пе?
Бұл, бәлкім, саяси науқан болар, әлде халықтың көңілін аударып, алдарқата тұратын саяси ойын. Ештеңе білмейтін, мәнісін түсінбейтін билік өкілдерінің ойлап тапқаны. Қазақтың халық боп сақтап қалуына үлкен үлес қосқан Ақтабан шұбырынды 1723 жылы қыркүйек айында басталған. Сол қасіретті оқиғаның болғанына былтыр тұп-тура 300 жыл толған еді. Бір өкініштісі, осы оқиғаны біздің тарихшылар мемлекеттік деңгейде атап өткен жоқ. Тек Көкшетаудағы керейлер Қожаберген жыраудың 360 жылдығын атап өтер тұста бұл тарихи оқиғалардың 300 жылдығын да қатар атап өтті. Ал бұл мемлекеттік деңгейде талқылануы керек тарихи оқиға. Орысқа не қытайға, басқаға осыны қалай түсіндірмексің?! Мәселен, мемлекеттік деңгейде атап өтуі керек шапқыншылықты атап өте алмай отырып, қандай тарих, тарихшы бар деп айтамыз? Осыдан кейін қайдағы ортақ тарихты жасау? Одан 100 жыл бұрын 1643 жылы Орбұлақ шайқасы өтті. Бұл шайқастың өткеніне былтыр 380 жыл толды.
Оны да елемей өте салдық. Бұл елді алдарқату шарасы ғана, тарихымызды орыс құптамады екен деп отырсақ, тарих кері кете беретіні анық. Мұның ақыры істелмей жатқанды бүркемелеу боп шығады соңында. Дәл солай тарих жазылмайды, одан тарих жылжымайды. Әр ұлт, мемлекет, халық өз тарихын өзі жазуы керек. Бұл тәуелсіз елдігіміздің белгісі. Ал тарихты біріге отырып ортақ жазу – Кеңес үкіметінің саясатын қолдау, соның сарқыншағын қайта жаңғырту. Кеңес үкіметі тұсында қазақтың да, өзбектің де тарихы жазылмады, бәрі бұрмаланды. Сондықтан «Ортақ тарих жазу» дегеніміз – өте бұлыңғыр, түсініксіз ұсыныс. Бұдан бас тартқанымыз жөн. Бауырласып жатырмыз, бірігіп жатырмыз дегеннің бәрі – саясаткерлердің елді алдау әрекеті ғана. Сен басқа адаммен пікірлесіп, достаса аларсың, бірақ тұлғасы, ойы, жөні бөлек адаммен тұтасып кете алмайсың ғой. Ділі, тілі, құндылығы бөлек ұлттардың тарихын да, басқасын да біріктіруге болмайды.
Бексұлтан Нұржекеұлы, Халық жазушысы