Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 13 Желтоқсан 2024

Ортақ тарих Кремльдің диктовкасымен жазылады

1
Фото: ашық дереккөз

«Тарихты жеңгендер жазады» деген сөз бар. Яғни күшті елдер тарихи фактілерді бұрмалап, бұрып жазуға, өзін зор, өзгені қор етіп көрсетуге құштар.

 Ал диктаторлық режимдегі мемлекеттер тарихты идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, ғалымдардың емес, саясаткерлердің қолымен жазады. 

Қазақстанмен көрші отырған Ресей мен Қытай осы типке жататын елдер. Олар ақбас тарихты сыйлау дегенді білмейді, бірі – оңға, бірі – солға тартып, тарихтың жұлма-жұлмасын шығаруға дайын. Онымен қоймай, көрші елдерге нұсқау беріп, диктовкамен тарих жазғызғысы келетіні тағы бар. Мысалы, ресейліктер «Украина жері бұрыннан Ресей территориясы болған, оларға шекараны большевиктер сызып беріп, жомарттық танытты» деген тарихты оқып жүр. Сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путиннің «қазақтарда мемлекет болмаған» деген сөзі бар. Ал қытайлар Қазақстанның Балқашқа дейінгі жерін өзінікі деп санайды.

Қазақ тарихы жайлы айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» деген сөз ойымызға оралады. Әрине, жазба тарихымыз жұтаң екенін мойындауға тура келеді. Бірақ тарихымызды түгендеп алуға дерек жеткілікті. Халқымыз патшалық Ресейдің боданына түскеннен бастап арқаға аяздай бататын ауыр тарихты бастан өткізді. Әрісін айтпағанда, ХХ ғасырдың өзінде екі реткі ауыр ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, тың игеру, Желтоқсан оқиғасы сынды жаныңды мұздатар жағдайлар аз болған жоқ.

КСРО кезіндегі тарих оқулықтарында не жазылғаны белгілі. Халқымыз ата-бабасы қандай жолмен жүріп өткенін мүлде білген жоқ. Есесіне, отаршылардың өткен-кеткенін түгендеп, солардың айтқанына сенуге мәжбүр болды. Ал тәуелсіздік алған соң қазақ халқы жоқтан пайда болмағанын, Қазақстанды Ресей қолдан жасамағанын дәлелдеуге мүмкіндік туды. Мың жылдық тарихымыз жазылып, Қазақ хандығы – қазақ мемлекеті болғанын білдік. Ғалымдарымыз патшалық Ресей мен қызыл империя қазаққа қандай қиянат жасағанын, ашаршылық кезінде халқымыздың тең жартысы бір үзім нанға зар болып, ажал құшқанын дәлелдеді.

Бірақ одақтас көршіміз Ресей мұны мойындаған емес. Солтүстік көршімізден «қазаққа жерді КСРО берді», «қазақтың көзін біз аштық», «Қазақстан жерінде ашаршылық болған жоқ» деген сияқты сөздерді үнемі естиміз. Мұндай сөзді көбіне Кремль пропагандасының өкілдері, тарихшы ғалымдары, кейде саясаткерлері айтады. Өздері айтып, өздері сеніп жүрген сол сөздерге біздің билік аса мән бермеген түр танытады.

Бірақ Мәскеу мұны қанағат тұтпай, ортақ тарих жазайық дегенді шығарды. Кейінгі 10 жыл бойы айтылып келе жатқан осы жыр кейінгі кезде шындап қолға алына бастады. Әсіресе Мәскеу Украинадан біржола айырылып, енді оларды ескі ертегіге сендіре алмайтынын сезінгеннен бері Орта Азияға бағытталған идеологиялық шабуылды күрт күшейтті. Кремльге Қазақстанның тарихты өз бетінше жазып, Ресейді отаршы, басқыншы ретінде көрсеткені ұнамай қалыпты. Олар енді тарихты бірлесе жазып, бізді бақылауда ұстамақ.

Ортақ тарих – ғылымды саясиландыру

Қазақстан мен Ресей – бірі отаршы, екіншісі отар болған мемлекет. Олар тарихты қалай ортақ жазатыны түсініксіз. Мысалы, ашаршылықты қалай сипаттайды? Мәскеу Астананың ығына жығылып, бірнеше миллион қазақ аштықтан қырылды деп мойындай ма, әлде Астана Мәскеудің нұсқауымен ашаршылық деген болған жоқ, бұл батыстық арандатушылардың жалған мәліметі деп жаза ма?

Ортақ тарих жазуға деген талпыныстың күрт күшейіп кетуіне Путин түрткі болған сияқты. Биыл 20 қыркүйекте Путин Ресей қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, тарихты объективті жазу керек екенін айтқан. Ол кейбір ел тарихты бұрмалап, Ресейге қарсы саясат жүргізіп жатыр деп ашуланды. Осы жиналыстан кейін Ресей ғылым академиясының тарихшылары ТМД елдерінің тарих кітаптарын зерттеп, 28 қыркүйекте бұл елдердің оқулықтарында Ресейдің жағымсыз образы қалыптасқан деген қорытындыға келді. Олар постсоветтік елдер оқулықта Ресейді отаршы мемлекет деп көрсетеді, Қазақстанда тіпті Кеңес одағының саясатын қатты сынайды деп дабыл қақты.

Осыдан кейін Ресей сыртқы істер министрлігі мен оқу-ағарту министрлігі көрші мемлекеттердің мұндай әрекетіне реакция білдіру керек деп шешті. Сәйкестік пе, әлде Ресейде қабылданған осы шешімнің әсерінен бе, 29 қыркүйекте Путиннің көмекшісі Владимир Мединский Астанаға келіп, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездесті. Ақорданың сайты бұл кездесуде мәдени-гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту мәселесі талқыланғанын ғана хабарлады.

Ал 18 қазанда әл-Фараби атындағы университетте Қазақстан және Ресей тарихшылары «Қазақстан мен Ресейдің жалпы тарихы және «отарсыздандыру» дискурсы» атты дөңгелек үстел өткізді. Кейін кездесуді ұйымдастырушы Александр Князев қазақ қоғамында Қазақстанның Ресей империясы мен КСРО құрамында болған тарихын бұрмалайтын, ғылыми емес идеялар насихатталып жатқанын айтты. Ол Қазақстанның Ресейге қосылғанын отаршылдық деп санамайтынын және Қазақстан тарих ғылымына батыстық қорлар әсер етіп жатқанын жеткізді. Ұйымдастырушының осы пікірінен-ақ дөңгелек үстелде не талқыланғанын болжай беруге болатын сияқты.

6 қарашада Астанаға Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров келді. Қазақстанда бірнеше кездесу өткізіп, айдың аяғында Путин мемлекеттік сапармен келетінін хабарлағаннан кейін ол екі ел тарихшыларының жұмыс тобы құрылатынын айтты. Лавров ортақ тарих жазу жұмысына Путин және Мединскиймен бірге белсене атсалысып жүр.

26 қараша күні Астанадағы Еуразия университетінде Қазақстан мен Ресей тарихшыларының біріккен форумы өтті. «Тарихи жад және тарихи білім беру: жаңа сын-тегеуріндер мен көзқарастар» деп аталатын шараға Қазақстаннан ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қазақстанның Мәскеудегі елшісі Дәурен Абаев, Ресей президенті әкімшілігі мемлекеттік саясат басқармасының жетекшісі Владимир Бочарников, Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин қатысты. Тарихшылармен бірге шенділердің төбе көрсетуі бұл жиналыстың саяси астарын қалыңдатып жіберді. Жиында ресейлік тарап Украинаның тарихты қайта жазғанын айыптай сөйледі. Сондай-ақ екі ел тарихшылары бірлесіп жазған «Ескі дәуірге жаңа көзқарас: қазақ даласы мен Ресей империясы» деген кітаптың тұсауы кесілді.

Ұйымдастырушылар форумда тек ғылыми мәселелер сөз болды дегенімен, саяси тұлғалардың жүргеніне қарап, Путиннің Астанаға сапары алдындағы бұл бас қосудың ауқымы кең болғанын болжауға болады. Ғылым министрі Саясат Нұрбек отандық БАҚ-қа берген сұхбатында ел тарихын өзіміз жазамыз деп шыр-пыр болды. Бірақ Қазақстан және Ресейдің тарихшылар тобы дайындап жатқан 7 томдық үлкен хрестоматия жарық көрсе, оқулықтарға енетінін айтты.

Ресей тарихшыларымен бірге жазылған ортақ тарих Қазақстан оқулықтарына енетінін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та айтқан. Ғылым-білім саласындағы екі министр «ортақ тарихты» оқулыққа қалай қосқалы жүргені белгісіз. Өйткені бір тарихи оқиғаға екі елдің тарихшылары екі түрлі көзқараспен қарайды. Әлде олар оқушылар мен студенттерге Астана мен Мәскеудегі шенділердің көңіліне қарап жазылған, жалтақ, жалған тарихты оқытпақ па?

Ресейге ортақ тарих не үшін керек?

Сарапшылар Ресейдің бұл әрекетін Қазақстан сияқты бұрынғы бағынышты елдерді уысынан шығарып алмауға деген талпыныс деп санайды. Өйткені олар Украинадағы жағдайдан сабақ алып отыр. Киев тәуелсіздік алған соң бірден дерусификация бағытына бет алды. Ұлт тарихын жазды, тілін ұлықтады. Тіпті 1932-33 жылдарғы «Голодоморды» геноцид деп жариялап, әлем елдеріне мойындатып алды.

Ал өзге ТМД елдері мұндай радикалды қадамға барған жоқ. Бірақ мысықтабандап болса да дерусификация жүріп жатты. Мысалы, Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандары ақталды, Алаш арыстары ұлықталып жатыр, мемлекеттік тілге де сұраныс артып келеді. 2020 жылы елде қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы комиссия құрылып, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы тұлғаларды толық ақтауға кіріскен. Бірақ Мәскеудің әсері болды ма, әлде миссиясын аяқтады ма, комиссия биыл қаңтарда жұмысын тоқтатты.

Мәскеудің әсері болды ма дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Ресей кейінгі кезде Кеңес одағы тарихын жаңаша жазуға қарсы шығып жүр. Мысалы, 2022 жылғы сәуірде Ресей президенті КСРО-ны нацистік Германияға теңестіргендерді жауапқа тартатын заңға қол қойған. Бұл заң бойынша Екінші дүниежүзілік соғысты Германия мен КСРО бірге бастағанын айтуға болмайды. Ал тарихи факт соғысты бастауға Кеңес одағы да қатысқанын дәлелдеп отыр.

Ресей одақтас елдерімен ортақ тарихты «қаралауға» жол бермеу туралы келісім жасап жүр. 2022 жылғы 28 қарашада Мәскеуде Қазақстан мен Ресей бірге қабылдаған декларация бойынша екі елдің ортақ тарихын бұрмалауға, қайта жазуға және қаралауға жол берілмейді әрі Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихи шындығы сақталуы қажет. Сондай-ақ Ресей тарапы тарихи оқулықтарда отаршылдық жайлы жазбауды, қуғын-сүргін, тың игеру туралы айтпауды талап етеді.

КСРО ыдырағаннан кейін Ресей мемлекеттік мүддеге қайшы келетін архив құжаттарын басқа ел азаматына бермеу туралы заң қабылдаған. Оның үстіне Мәскеу Қазақстан тарихшыларын саралап, ой-пікірі күдікті авторларды анықтаған. Ол тізімге ілінген тарихшылар Ресейге барып, архивке кіру құқығынан сот шешімі бойынша айырылған. Осының өзі Ресей тарихты шынайы емес, өз қалауы бойынша жазғалы отырғанын көрсетеді.

Танымал тарихшы Арман Жұмаділов Ресейге «ортақ тарих» не үшін қажет екенін айтып берді.

«Тарих – тоталитарлық елдерде биліктің қолжаулығына айналатыны заңдылық. Оған дәлел – патшалық Ресей мен Кеңестік тоталитарлық жүйе кезінде империяның қол астында болған халықтардың, соның ішінде қазақ халқының тарихы қасақана бұрмаланды. Тарих бұрмаланып қана қоймай, сол тарихпен айналысқан қаншама тарихшы ғалым мен зиялы жазаланды.

Бір ғасырдан бері қазақ тарихын бұрмалап келген, қазір де қазаққа шекараны да, мемлекеттікті де қимай отырған, «Назарбаевқа дейін қазақта не шекара болған жоқ, не мемлекет болған жоқ», «Қазақстан Мәскеудің сыйы» деп жар салып жүрген елге аяқ астынан Қазақстан тарихшылары не үшін қажет боп қалды деген сұрақ туындайды.

Қазақстанның тарихшы ғалымдары Ресейдегі әріптестерімен онсыз да өзі зерттеп жүрген тақырыбы мен жобалары бойынша ғылыми байланыс орнатқан. Керек десеңіз, Ресей тарихшылары «Қазақстан тарихының» 7 томдық академиялық басылымын дайындауға атсалысып жатыр. Ал археология саласында бұл әріптестік 30 жылдан бері жалғасып келеді. Қазақстан – Ресей экономикасы мен саясатына тәуелді ел. Кедендік одақ, ЕАЭО сияқты ұйымдар Ресейдің саяси-экономикалық мүддесі үшін құрылған, тек сол елдің пайдасына жұмыс істеп тұр. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, стратегиялық серіктестік туралы келісімдердің көбі Ресейдің мүддесі тұрғысынан жасалған.

Қазақстан мен Ресей тарихшыларынан ортақ топ құру жоспарының артында бір ғана мақсат тұр деп есептеймін. Қазақстан экономикасы Ресейге кіріптар болғанымен, тәуелсіздік жылдары санасы ояу, көкірегі ашық ұрпақ пайда болды. Кеңестік жүйеде тәрбиеленген аға ұрпақ азайған соң қазақ қоғамында Ресейді «аға тұтатын» адам қала ма, жоқ па деген сұрақ Мәскеуді алаңдатып отырған сияқты. Егер Ресей мен Қазақстан тарихшыларынан ортақ топ құрылса, ол «РФ прогрессивтік рөлін көтергеннен» басқа не тындырады?» – дейді ғалым.

Биыл 20 қыркүйектегі Путиннің жиналысынан тартып, 26 қарашадағы Қазақстан мен Ресей тарихшыларының форумына дейінгі жоғарыда біз атаған оқиғалар бір-біріне тығыз байланысты сияқты. Бұл қатарға Лавров пен Путиннің Астанаға сапарын да қосуға болады. Кремль басшысы қатысқан ҰҚШҰ жиналысында жеңістің 80 жылдығын бірге тойлайтынымыз белгілі болды. Демек Путиннің өзі бастап, жандайшаптары қостап, Қазақстанның тарих ғылымына қысым жасалып жатыр.

Егер тарихты Ресеймен бірге жазатын болсақ, бізге көп жағдайда шегініс жасауға тура келеді. Тарих түгендегіш Мәскеу өз дегенін жасатпай қоймайды. Қазақстан зұлмат жылдардың запыранын ұмытып, Ресей құрамына өз еркімізбен қосылдық деп оқулық жазуға мәжбүр болады. Тіпті КСРО кезінде бақытты өмір сүрген болып шығамыз. Өйткені Путиннің көмекшісі Мединский жазған жаңа кітапта Кеңес одағында өмір жайлы болғаны жазылған. Демек ортақ тарих жазу – өте қауіпті әрі орынсыз қадам. Кремльдің көңілін табамыз деп шегініп, жол бере берсек, жар жағасына бір-ақ жетуіміз мүмкін.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: