Орыстілділердің он «білместігі»

Шындық деп қабылданатын жалған түсініктер
Тіл мәселесінде көпшілігіміз көңіл бөле бермейтін, бірақ қазақ тіліне деген теріс көзқарас қалыптастыратын немесе қазақ тілін білмеуді, үйренбеуді ақтап алуға бағытталған, кейде қазақ тілінің қасиетін төмендетіп, оның мүмкіншілігін жоққа шығаруға тырысатын түрлі ұғымдар мен «аңыздар» бар. Олардың біздің өмірімізге кірігіп кеткені соншалықты – көптеген адамдар үшін бұл ұғымдар мен «аңыздар» шындық ретінде қабылданады. Осы құбылыстарды біреулер «қазақ тілін үйренуге қарсы «мифтер» деп атаса, енді біреулер «стереотип» (белгілі бір мәселелерге қатысты халық арасында кеңінен қалыптасқан жалпы түсінік, оның қате болуы да мүмкін) деп атайды.
Қазақ тіліне, қазіргі тіл саясатына, мемлекеттік тілдің дамуына белгілі деңгейде кері әсер ететін бұл стереотиптер әсіресе орыстілді қауымда кең таралып, таптауырын болғаны соншалық – оның шындықтан алыс жатқанын түсіндіру, ұғындыру, көздерін жеткізу орасан еңбекті қажет етеді. Өкінішке қарай, бұндай көзқарастар қазақ қоғамында да кездеседі. Орыстілді қауым бұл стереотипті өздерінің қазақ тіліне деген салқын көзқарастарын ақтау үшін пайдаланса, қазақ азаматтары бұл ертегілерді қараңғылық пен надандықтың, ұлтсыздықтың салдарынан қайталайды. Өз басым бұл көзқарастардан құтылудың жалғыз жолы түсіндіру, халықтың сауатын ашу деп білемін.
Қазақстанның ақпарат және азаматтық қоғамды дамыту министрлігі «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізгі факторы» деп аталатын жобаны (аталмыш жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының мемлекеттік гранты аясында ұйымдастырылған) бастады. Оның басты міндеттерінің бірі орыстілді қауымға қазақ тілінің қазіргі жағдайын және болашағын түсіндіре отырып, қоғамда қазақ тіліне деген позитивті көзқарасын қалыптастыру болып табылады. Алдарыңыздағы сараптамалық мақаланы осы бағыттағы зерттеуден, орыстілді азаматтармен кездесуден, пікірлесуден туған тұжырым деп қабылдауға да болады. Мақала барлық азаматтарға ой салып, қазақ тілін дамыту мақсатында жұмыс істеп жүрген жандарға ақпараттық көмек береді деген үміттемін.
«Орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген заң бар. Өтірік. Дөңгелек үстелдер мен кездесулерде орыстілді азаматтардың көпшілігі «орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген бап бар дегенді алдымызға тартудан жалықпайды. Заңнан хабары жоқ жұртшылықта осы жалған ақпараттың салдарынан «Қазақстан – қостілді мемлекет» деген көзқарас қалыптасатын сияқты. Мойындауымыз керек, 1989 жылғы «Тілдер туралы» заңда мұндай бап (2-бап) бар болатын. Бұл ешқандай сын көтермейтін, адам құқығына қарсы баптың бірі болатын. Екі ұлттың өкілі, екі адам бір-бірімен қай тілде қатынас жасағысы келеді, қай тілде сөйлеседі – оны өздері біледі. Бұл мәселе ешқашан, ешбір елде заңмен реттелмейді. Сондықтан да 1997 жылы «Тілдер туралы» заңнан бұл бап алынып тасталды. Алайда орыстілділердің көпшілігі осы күнге дейін орыс тілін «ұлтаралық тіл» деп есептейді. Өкінішке қарай, бұл қате тұжырымды кейде мемлекеттік қызметкерлерден де естиміз. Бұл ұғым Қазақстанда орыс тіліне заңдық тұрғыдан ерекше рөл беретіндей пікір тудырады. «Ұлтаралық қатынас тілі» ұғымын орыстілділерге түсіндіре отырып, тілді қатынас құралы ретінде қолдануда ешқандай тілге заңдық тұрғыда артықшылық берілмейтінін түсіндіру қажет. Ұмытпасам, академик Д.А.Сахаровтың «Еуразия елдерінің Конституциясы» деген еңбегінде «ұлтаралық қатынас тілі заңмен реттелмейді» деген нақты бап та бар.
Қысқасы, егер пікірталас кезінде «орыс тілі заң жүзінде ұлтаралық тіл ғой» деген сөзді естісеңіздер, «бұл – барып тұрған өтірік» деп ашық айта аласыздар.
«Орыс тілі – ресми тіл» ұғымы. Бұл да өтірік. «Тілдер туралы» заңында кездесетін «ресми тіл» деген ұғым да бүгінге дейін орыстілді қоғамда (өкінішке қарай, қазақтілді қоғамда да) қате қабылданып келеді. Заңдарды тағы бір қарап шығыңыздар, ешқандай құжаттан (Конституция, «Тіл туралы» заң) «орыс тілі – ресми тіл» деген сөзді таба алмайсыздар. Заңда «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлем кездеседі. Демек, екі жерде ғана «ресми тіл ретінде», онда да қазақ тілімен тең дәрежеде қолданылады. Бұл сөз тіркесі орыс тіліне «ресми тіл» статусын бере алмайды.
Екіншіден, барлық өркениетті елдердің заңдарында «мемлекеттік тіл» мен «ресми тіл» деген – бір ұғым. Біреуі тілдің статусына берілген атау да, екіншісі – оның қолданылуы деңгейіне берілген атау. Википедияны қарап көрсеңіздер, «мемлекеттік тіл» деген сөздің қасында, жақшаның ішінде «ресми тіл» деген сөз тіркесі кездеседі. Әрине, заң шығарған заңгерлер осыны білмеді ме деген сұрақ туады. Меніңше, білді. Бірақ ол кездегі, кеңес жүйесі кезіндегі саяси, тілдік, ұлтаралық жағдай мүлдем бөлек болатын. Сондықтан бір ұғымды екіге бөліп, қазақтілділерге «мемлекеттік тілдің» статусын беріп, ал орыстілділерге «ресми түрде тең қолданылады» деген тіркесті құшақтатып, екі жағын да риза қылуға тырысқан сияқты. Қазір тілдік ахуал түбегейлі өзгерді. Демек, Қазақстанда заңдық негізде айрықша статусы бар бір ғана тіл бар екенін ашық айтуымыз керек. Ол – қазақ тілі. Орыс тілінде ешқандай статус жоқ.
«Тілдік дискриминация» ұғымы. Орыстілді азаматтармен кездесу барысында азаматтардың көпшілігі «тілдік дискриминация» деген саяси-әлеуметтік терминді мүлдем түсінбейтіндерін не қате түсінетіндеріне көзіміз жетті. Олардың көпшілігі өздеріне қазақша сөйлегендерді «біздің құқығымызды бұзып, орыс тілін шеттетіп тұр» деп ұғады екен. Бір ғана мысал: Қазақстаннан Ресейге көшіп жатқан азаматтардың 37 пайызы (2013 жылғы әлеуметтік зерттеудегі дерек) өздерінің Қазақстаннан кету себептерін «орыс тілінің шектелуі (дискриминация)» деп түсіндіріпті. Алайда дөңгелек үстелдер мен кездесулерде менің «тілдік дискриминация» деген сөз тіркесін қалай түсінесіңдер» деген сұрағыма ешқандай нақты жауап ала алмадым. Жауап бергендердің біреуі «мен дүкенге барып, орыс тілінде бір зат сұрасам, ал маған (дүкенші) қазақ тілінде жауап қайтарса, орыс тілінің дискриминация жасалуы деп түсінемін» десе, енді біреуі «егер мынадай қызметті атқарушылар мемлекеттік тілді білуі қажет деген талап заңда болса, орыс тілінің шеттетілуі деген сол болады» деп жауап берді. Демек, орыстілді тұрғындар бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегідей «бізді түсіну үшін, бізбен сөйлесу үшін басқалар орыс тілін білуі керек» деген ұстанымнан құтыла алмай жүр.
Белгілі бір тілдік топты (ұлтты) белгілі бір тілді білмегені үшін азаматтық не саяси құқықтан айыруды, немесе белгілі бір ұлттың не ұлттардың өзінің ана тілінде сөйлеулеріне, өз тілдерін қолдануларына заң жүзінде тыйым салынуы тілдік дискриминация деп аталады. Құдайға шүкір, біздің заңдарымызда барлық ұлт өкілдерінің азаматтық, саяси құқығы бірдей. Ал қызметке байланысты белгілі бір тілді, оның ішінде мемлекеттік тілді білу талабы тілдік дискриминацияға жатпайды. Мысалы, транспорт саласында жолаушылармен тікелей қарым-қатынас жасайтын қызметкерлердің қазақ тілін білуі – біздің елімізде заң арқылы белгіленген талап. Қазақ жерінде, қазақ елінде, тұрғындардың басым көпшілігі қазақтілді азаматтар болғанда оларға қалайша басқа тілде қызмет көрсетуге болады? Қысқасы, орыстілді азаматтардың көпшілігі қызметке қатысты қазақ тілін білу талабын немесе өздерімен қазақ тілінде қарым-қатынас жасауды орыс тілінің шектелуі деп қабылдайды екен.
Мемлекеттік тілді білудің азаматтарға міндеттілігі. Іс-шара барысында көптеген азаматтар мемлекеттік тілді білудің сол елдің азаматтарына міндеттілігі туралы мәселе қозғады. Оларға қарсы пікір айтушылар «тілді заң жүзінде міндеттеу демократияға жатпайды» деген сылтауды алға тартты. Меніңше, бұл жерде халықаралық тәжірибе мен халықаралық заңдарды алға тартуымыз керек. Мысалы, Испанияның тілге қатысты заңында «Испания Республикасының тілі – испан тілі (кастиль диалектісі). Испания азаматтарының мемлекеттік тілді білуі міндетті болып табылады» деген баптар бар. Осыған ұқсас баптар Балтық жағалауындағы елдерде, Израиль мемлекетінің заңдарында да кездеседі. Қазақстан заңдарында бұндай бап жоқ, бірақ осыдан он жыл бұрын қабылданған, республиканың ұлттық саясатының негізгі бағытын анықтайтын «Ұлт бірлігі доктринасында» «мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы және міндеті» деген жолдар бар. Демек, келешекте мемлекеттік тілге қатысты жаңа заң қабылданатын болса, азаматтарға өздерінің мемлекеттік тілін білуді міндеттейтін баптың болуы әбден мүмкін. Бұл талап адам құқығы мен еркіндігіне қайшы келмейді.
Осы жерде тағы бір мәселені ескерте кеткен дұрыс сияқты. Қазақстанда орыс тілін білу міндетті емес. Мемлекеттік мекемелер немесе мемлекеттік қызметкерлер сіздерден қазақ тілімен қатар, орыс тіліндегі сауалнаманы толтыруды немесе құжаттың орыс тіліндегі мәтінін қоса тапсыруды талап ете алмайды. Бұл нағыз заңсыз талап болып табылады.
«50/50 пайыз». Телехабарлар мен радио хабарлары туралы сөз болғанда ондағы хабарлардың 50 пайызы қазақ тілінде, 50 пайызы орыс тілінде болуы шарт деген тұжырымды да жиі естиміз. Екі тіл тең дәрежеде талап етілетін сияқты. Дұрыс емес. Шындығында, заң жүзінде «мемлекеттік тілдегі хабарлар 50 пайыздан кем болмауы керек» деген талап бар. Демек, қазақ тіліндегі хабарлардың 99 пайыз болуы да мүмкін.
«Қостілділік» ұғымы. Кеңес Одағынан бері келе жатқан тағы бір «миф» бар. Бұл – «қостілділік» деген ұғым. Кеңес кезінде «Қазақстан – қостілді республика» деген сөзді көп айтатын. Әлеуметтік лингвистика бойынша тұрғындардың барлығы да қос тілді меңгеріп, сөйлесу кезінде бір тілден екінші тілге еркін көше алатын болғанда ғана ондай елді «қостілді ел» деп атайды. Өкінішке қарай, Қазақстанда тек қазақтілділер ғана қостілді болды да, орыстілді қауым біртілді деңгейде қалды. Бұндай жағдайды әлеуметтік лингвистикада «біржақты қостілділік» деп атайды және бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздік пен қоғамдағы қайшылыққа алып келеді. Орыстілді азаматтардың «біз қостілді елміз ғой» деген ұстанымының астарында «сендер орыс тілін білесіңдер ғой, онда біз қазақ тілін үйреніп неге әуре боламыз, біз түсінісе аламыз ғой» деген ой жатыр. Бұл да бұрынғы орыс тілі үстемдік құрып тұрған кезеңнен қалған ұлыдержавалық шовинизмнің қалдығы.
«Қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды» деген «ертегі». Орыстілді аудиторияның құдайдай сенетін тағы бір стереотипі, ертегісі – қазақ тілінің мүмкіндік деңгейінің төмендігі. Бұл ертегіні орыстілді қазақтар да жиі қайталайды, сондықтан болу керек, орыстілді азаматтар «қазақтардың өздері де осы пікірді қолдайды» деп, «бұлтартпас дәлел» келтіреді. Меніңше, бұл өздерінің ана тілін білмейтін адамдардың қазақ тілін төмендету арқылы өздерін ақтап алуға тырысуы сияқты. Көптеген кездесулерде орыстілді аудиторияда «қазақ тілі қанша дамығанымен, от басы, ошақ қасының тілі болып қала береді, ғылым, медицина, жаңа технологияның тілі бола алмайды» деген ойды ашық айтады. Ең қызығы, мұндай ойларды қазақ тілінен хабары жоқ, қазақ тілін білмейтін, түсінбейтін адамдар көп қайталайды екен. Оларды бұл пікірлерінен қайтару да оңай емес, өздері сенгісі келіп тұрған жалған тұжырым олар үшін аксиома болып табылады.
Өз басым мұндай жағдайда Ресей мемлекетінің тарихынан мысал келтіремін. ХVІІІ ғасырдың ортасында Ресей елінде де тілдік ахуал күрделі болды. Бірде-бір жоғары оқу орындарында орыс тілі қолданылмады. Ресейдің ғылым академиясы тек француз тілін қолданды. Зиялы қауым француз тілінде сөйлесіп, француз тілінде шығармалар жазылды (Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының алғашқы беттері француз тілінде жазылған және әлі күнге дейін француз тілінде жарық көреді). Кеңес Одағы кезінде біздің тіліміз де француз тілінің көлеңкесінде қалған орыс тілінің күйін кешті. Орыс тілі үшін осы бір қиын жағдайда орыстың бір ғалымы «орыс тілі де ғылым тілі болады» деп бастама көтерді. Оған қандастары «ақымақ» деген атақ берді. Француз тіліне көшкендер «орыс тілі ешқашан ғылым тілі бола алмайды, ол от басы, ошақ қасы, мұжықтың тілі болып қалады» деп дес бермеген. Ол «ақымақ» М.Ломоносов болатын. Сол азаматтың бастамасымен, ұлтшыл орыс оқығандарының қолдауымен орыс тілі де ғылым тілі болды, жоғары оқу орнының тіліне айналды. Ал қазақ тілінің мүмкіндігі орыс тілінен артық болмаса, кем емес. Біздің академия алғашқы күндерден бастап өзінің жұмысын екі тілде жүргізсе, жоғары оқу орындарындағы факультеттердің барлығында қазақ бөлімдері болғаны талассыз шындық. Демек, біздің старттық мүмкіндігіміз ХVІІІ ғасырдағы орыс тілінің жағдайынан көш ілгері. Сондықтан «қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды» деген ұстаным – сауатсыздарға арналған «мифтердің» бірі.
Орыстілді мектептер сапалы білім береді. Қоғамда қолдаушылары көп, кеңес кезінен келе жатқан тағы бір тұжырым – «орыстілді мектептер жақсы білім береді, ал қазақтілді мектептердің сапасы нашар» деген ертегі. Айта кету керек, бұл ертегіні көбінесе балаларын орыстілді мектепке берген қандастарымыз қайталаудан жалықпайды. Кейбіреулері қуыстана қайталайды, енді біреулері өзеуреп осы идеяның соңында өлуге дайын адамдай беріле қайталайды. Әрине, қай тілдегі мектепке баласын береді – ол ата-ананың таңдауы, бірақ қазақ тіліндегі мектептерді ешқандай дәлелсіз жамандау бәріміздің намысымызға тиетіні анық.
Біз унитарлы мемлекетпіз. Сондықтан оқу бағдарламалары екі тілде де бірдей. Оқулықтар сол бағдарламаларға сай жазылады. Демек, олар да бірдей. Кей жағдайда қазақ бөлімдеріне де, орыс бөлімдеріне де бір адам сабақ береді. Қысқасы, барлығы бірдей болса, орыстілді мектептер неліктен сапалы білім береді деген заңды сұрақ туады. Меніңше, бұл сұрақтың бір ғана жауабы бар – «орыстілді адамдар ерекше ақылды, құдай оларды артық етіп жаратқан да, қазақтілді азаматтарды екінші сорт етіп жаратқан». Бұл – өздеріңіз жақсы білетін фашизмнің идеологиясы. Өз басым орыстілді мектептерді қазақтілді мектептермен салыстырып, орыстілді мектепті артық деп есептейтін жандарды фашистік идеологияны жақтаушылар деп білемін. Әрине, қай тілдегі мектептің оқушылары олимпиадаларда жеңіске жетті, қаншасы алтын медаль алды деп, деректерді салыстыруға да болады, бірақ ол ойын балаларының «менің әкем күшті» дегені сияқты әсер қалдырады. Меніңше, мектептің атын жақсы ұстаз және сондай жақсы ұстаздарды жинаған директор шығарады. Оның қай тілде оқытуы ешқандай әсер етпейді. Алайда қазақтілді мектептердің бір артықшылығы бар екенін ешкім жоққа шығармайды деп ойлаймын. Орыстілді мектепті бітірген жастардың басым көпшілігі біртілді (орыстілді) болып шығады екен, ал қазақтілді мектепті бітірген жастардың барлығы қос тілді меңгерген азамат болады. Айырмашылығы осы ғана.
Барлық қазақтілділер орыс тілін біледі. Орыстілді қауымның тағы бір адасуы, тағы бір құдайдай сенетін «ертегісі». Бұл да «қостілділіктің» жалғасы. Біріншіден, білу бар да, сол білген тіліңді қолдану бар. Алдында айтып кеттім, қандай тілде сөйлеу – сенің таңдау құқығың. Әр адам өзіне оңай, өзінің қажет деп тапқан тілінде сөйлейді. Сондықтан «орыс тілін білесің ғой, онда неге орыс тілінде сөйлемейсің» деген талап – ең ақымақ талаптың бірі. Ең қызығы, осы ақымақ ұстаным сот жүйесіне де жетіпті. «Дүкендердегі тауардың атаулары неліктен тек орыс тілінде, заң бойынша екі тілде болуы керек» деп, сотқа дейін барған азаматтарға сот төрағасының «сен орысша біледі екенсің ғой» деген уәжін естіп, жағамды ұстадым.
Соңғы деректерге қарағанда, Қазақстанда орыс тілін білмейтіндер 20 пайызға жетіп қалыпты (Грузияда орыс тілін мүлдем білмейтіндер – 80, Тәжікстанда – 67, Өзбекстанда – 60, Қырғызстанда 50 пайыз). Сондықтан «қазақтілділердің барлығы орыс тілін біледі деген стереотиптен арылатын кез келді. Енді орыстілділердің, мемлекеттің тілін білмейтін қызметкерлердің, қызмет көрсету саласы өкілдерінің алдында орыс тілін түртпейтін жаңағы 20 пайыз отандастарымен қарым-қатынасқа түсу мәселесі тұр.
Тіл мәселесін саяси, ұлтаралық мәселеге айналдырмау қажеттігі. Орыстілді аудиторияда қазақ тілінің мәселесін сөз ете бастасаң, «ал орыс тілі ше?», «орыс тілі неліктен..?» деп басталатын сұрақтар қойыла бастайды. «Әлеуметтік лингвистиканың заңы бойынша кез келген адам, егер ол туғаннан топас болмаса, басқа тілді үш жылдың ішінде меңгеріп алады. Ал біздің орыстілді азаматтарымыз отыз жылда да меңгере алмай жүр. Сонда оларды кім дейміз?» деген сөзімнен кейін бір қызыл көз келіншектің «сізді сотқа беремін, сіз орыстарды топас дедіңіз» деп, айқай-шу көтергісі келгені есімде. «Менің әр сөзім жазылып отыр, мен орыстарды деген жоқпын, орыстілділерді дедім» деп, «түрмеден» аман қалдым. Қысқасы, орыстілді аудитория «орыс тілі» деген сөзді «орыс ұлты» деп қабылдайды. Бұл да жылдар бойы қалыптасқан стереотиптердің бірі. Сондықтан болар, кездесулерге келген әсіреқызыл орыс ұйымдарының өкілдері тіл мәселесін ұлттық, ұлтаралық мәселеге бұруға барлық күш-жігерлерін салады.
Демек, дөңгелек үстелдер мен кездесулерде ерекше көңіл бөліп, жан-жақты түсіндіретін бір мәселе – лингвистикалық мәселені саяси мәселеге айналдырмау мәселесі. Сондықтан да кездесулерде біз тек «орыстілділер», «қазақтілділер» деген сөздерді қолданамыз. («Орыстілділер» дегенде оның ішіне миллиондаған қазақтар кіреді де, «қазақтілділер» деген ұғымға мыңдаған басқа ұлт өкілдері енеді). Өкінішке қарай, 90-жылдарда тіл мәселесін саяси, оның ішінде ұлтаралық мәселеге айналдыру кең орын алды. Сол кезеңдегі психологияның зардаптары әлі күнге дейін сақталып келеді. Осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде, қуанышымызға қарай, дөңгелек үстелдер мен кездесулерде тіл мәселесіне байланысты ұлтаралық мәселе қозғалмады. Бұл да қоғамның оянып келе жатқанының көрсеткіші деп білуіміз керек.