Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:06, 24 Қыркүйек 2024

Осы Төреғалиев «Капустин Яр»-ды біле ме екен? Бөкей Ордасындағы Ресейдің полигонында сынақ күшейіп, ауа ластанып жатыр

Капустин Яр
Фото: Жас Алаш коллаж

Jas Alash редакциясына Батыс Қазақстан облысы Бөкей Ордасы ауданынан тұрғындар хабарласып, арыздарын айтты.

 Қазіргі күнде Ресей бұл ауданнан жерді жалға алып, полигон ретінде пайдаланып жатыр. Бомбаларды бей-берекет жарып, жайылымдық жерді бүлдірген. Зымыран 10 метр жерге кіріп жарылады, оның орнына су жиналады. Бұл су улы. Оның зиянды элементтері ауаға да тарайды. Соның кесірінен ауа да бүлінген. Мысалы, бір ауданда 500-дей мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Олар солай өмірге келген. Ауданда экологияны қадағалайтын да маман жоқ. Облыстан шақырғанымен, келмейтін көрінеді. Бір рет бомба жарылып, тұрғындар ауаның ластануын тексергенде қалыпты нормадан 4 есе асып кеткенін байқаған.

Капустин Яр
Фото: twower.livejournal.com

«Капустин Яр» қандай полигон?

Тұрғындардың айтып отырған полигон 1949 жылы құрылған «Капустин Яр» ядролық полигоны. Бұл полигон Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының батыс аймақтары мен Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Полигонда негізінен аты айтып тұрғандай, ядролық қаруды сынақтан өткізген. Оның қуаты КСРО кезінде 10-300 килотонна, жарылу биіктігі – 5,6; ұзақтығы – 300 шаршы шақырымға дейін жеткен. Жарылыстан соң ауаны тексергенде цезий – 137, стронций – 89 сияқты улы элементтердің мөлшерден бірнеше есе жоғары екені анықталған. Кезінде «Капустин Яр» полигоны аумағындағы халықты тексергенде психоз ауруына шалдыққандардың есебі облыс деңгейімен салыстырғанда еке еседен жоғары болған. 1990 жылдары қатерлі ісік ауруы да 4 есеге өскен. Тәуелсіздік алғаннан соң да Ресей мен Қазақстан арасында жерді жалға беру келісімшарты жалғасқан. 1995 жылдан бері Ресей Қазақстаннан әскери полигондар үшін 8,6 миллион гектардан астам жерді гектарына 1 046 теңге төлеп, жалға алады. Соның ішінде Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының аумағындағы 1 млн 322 мың 398 гектар жер жалға берілген. Оған Бөкей Ордасы аумағының басым бөлігі кіреді.

Жалпы, Бөкей Ордасы ауданы бойынша 1 921 445 гектар жер бар. Соның 943 608 гектар жері полигонға берілген. Содан бері аудан халқы полигон жерінде өмір сүрген, қазір де сол жерде тіршілік кешіп отыр. Аудан халқы негізінен мал шаруашылығымен күн көреді. Құмайтты жерде неше түрлі шөп өскендіктен, мал өсіруге өте қолайлы. Тұрғындардың айтуынша, қазір ауданда ауа райы өзгеріп кеткен. Қыста баяғыдай қалың қар да түспейді. Сайқын округінен 25 шақырым жерде полигонның жері жатыр. Қазір де бомбалар түсіп, жарылып жатады. КСРО кезінен мұнда әртүрлі бомбаларды сынақтан өткізген. Совхоздың малын бағып отырған үйлерді ондай кезде 10 шақырымдай басқа жерге апарып тастайтын болған. Бірақ ол уақытта арнайы нысан қойылып, оның айналасындағы жерді жыртып, өрт қауіпсіздігін сақтайтын болған. Ал қазір Ресей мұндай талаптарды сақтамайтын көрінеді. Олар зымыранды кез келген жерге атып, сынай береді екен. Әсіресе Украинада соғыс басталғалы бомбаны сынау тіпті күшейген. Салдарынан далада өрт те күшейген. Тұрғындар ауылға 60-70 шақырым жерге түсетін бомбалардан пайда болатын өртті өшіруге жиі барады. Тіпті бір рет өрт күшейіп, мыңға жуық қой да өртеніп кеткен. Қазір ауданда бомбадан пайда болған шұңқырдың саны өте көп. Тіпті ауданда эколог маман да жоқ. Бұрын бар штатты қысқартып тастаған.

Нағым Тәжімұратов
Нағым Тәжімұратов жұбайымен. Фото: Нағым Тәжімұратов

Бөкей Ордасы ауданының су да, ауасы да улы

68 жастағы Нағым Тәжімұратов 1997 жылы «Нарын» мал шаруашылығын құрған. Қазір асыл тұқымды мал өсіріп, шағын кәсібін дөңгелетіп отыр.

«Былтыр 16 тамызда жерімізге зымыран түсіп, өртеніп кетті. Облыстағы жауапты органдарға хабарластым, ешкім сөйлеспеді. Сосын полицияға қоңырау шалдым. Олар менен координат сұрайды. Ашынғаннан «сендер не айтып жатырсыңдар, сол жерде жұмыс істеп, Қазақстан бойынша не болғанын қарап отырған жоқсыңдар ма?! Керек құрылғының бәрі бар емес пе?» дедім. Бұл жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Депутат Нартай Аралбайұлы біздің ауылдың баласы. Ол министрлікпен мені сөйлестірді. Содан кейін ғана маған облыстан хабарласа бастады. Облыстық экология департаментінің мамандары бізге көрсетіңіз дейді. «Ал кеттік» десем, «ойбай бізде көлік жоқ» деп қарап тұр. Білдей облыстық департаментте көлік жоқ. Содан соң өзім әкеліп көрсеттім. Өртенген жерді тексергенде радиация мөлшері белгілі нормадан 4 есе асып кеткенін байқадық. Себебі жарылған бомбадан радиация тарайды», – дейді шаруа қожалығының иесі.

Бомбадан қалған шұңқыр
Бөкей Ордасы ауданында жерасты суы жақын. Тұрғындардың айтуынша, су 2 метр тереңдіктен де шығады. 10 метр жерастында бомба жарылғанда орнына су жиналып қалады. Оны ішуге барған мал кейде түсіп, шыға алмай батып өледі. Фото: Нағым Тәжімұратов

«Судың қайда кетіп жатқанын бір құдай біледі. Ол суды мал ішеді. Жаңа айтып кеткенімдей, улы су. Ол малдың етін халық жейді. Қайда сатылып жатқаны тағы белгісіз. Бір сөзбен айтқанда, өзімізді-өзіміз улап жатырмыз. Содан соң жарылған зымыранның қалдықтары 500-600 метр жерге дейін ұшады. Түскен жерінде өрт шығады. Ресейліктер жел өздері жақтан тұрған кезде ғана зымыран атады. Өрт болған жағдайда өздеріне қарай келмеу үшін әдейі істейтін болу керек».

Ауданның тұрғындары бұған дейін аудан басшылығына да, облыс әкімдігіне де бұл мәселені көтеріп, бірнеше рет айтқан. Бірақ ешқандай шара қолданылмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласса, экология және табиғи ресурстарды сақтау министрлігіне сілтеген, ал олар, керісінше, мұны ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысы деген.

«Бұрын адамдар «ұят болады» деп жұмыс істейтін еді. Қазіргілер бір-біріне сілтеп әлек. Ешкім жауапкершілік арқалағысы келмейді. Біздің министрлер айына 2,5 млн жалақы алып, таңертең тоғызда кабинеттеріне камерамен кіріп, креслоларыңды шалқайтып жіберіп, алтыға дейін ұйықтап, кешке камерамен алтыда жұмыстан шығуды ғана біледі. Киікті аулатпаймыз, киелі дейді. Қазір киіктен аяқ алып жүре алмаймыз. Осы уақытта жаңбыр жауып, жер көктейтін. Енді шаңы шығып жатыр. Бәрін киіктер отап бітті. Бұлай жұмыс істеуге болмайды ғой», – дейді Н. Тәжімұратов.

Ауданда 500-дей мүмкіндігі шектеулі жан бар

Қазір ауданда 500-дей мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Мұны тұрғындар жарылған бомбадан тараған радиациядан көреді. Нағым Тәжімұратовтың да қызы мүгедек боп туып, 19 жасында қайтыс болған. Ауданда медициналық көмек көрсетілу қиын. Тұрғындар көбіне Оралға барып емделеді. Полигонға жер берудің кесірінен Бөкей Ордасында жайылымдық жер жетпейді. Былтыр «Капустин Яр» басшылары келгенде 700 мың гектар жерді қайтарып беруге болатынын айтқан екен. Аудан тұрғынының айтуынша, жайылымдық жердің жетіспеушілігі 2000-жылдардан бері келе жатыр. «Мың теңгеге Ресейге жалға берілгенше бізге берсе, малымызға жайылымдық жер проблема болмайтын еді» дейді олар. Бұл мәселені былтыр депутат Серік Егізбаев та көтерген. Бірақ содан бері ештеңе өзгермеген.

«Ордада жайылымдық мәселесі тіпті ушыққан. Ол жердің шаруа қожалықтары бір-біріне тым жақын отыр. Аралары 2 шақырымнан аспайды. Соның салдарынан жер тозып, құмға айналды. Қазір тіпті жаңбыр жаумайды. Киіктер де жерді тапап бара жатыр. Аудан әкіміне де айттым. Былтыр халықтың малы шөп жетпей өлді. Өткенде араладым. Жайылымдық жер биыл тіпті жаман. Осылай жалғаса берсе, мал шығыны былтырғыдан да аса зор болуы мүмкін. Қазірден бастап Оралдан шөп тасып, қамданып жатырмыз. Бір гектар жерге Ресей 1 046 теңге төлейді. Жалпы 10 млрд теңгедей алады екен. Ол ақшаның қайда кетіп жатқанын немесе біреудің қалтасына түсіп жатқанын біз білмейміз. Үкімет есеп бермейді. Үкімет жыл сайын есеп беруі керек емес пе? Дубайдан, жер-жерден миллиардтаған сомаға үй алып жатыр. Жоғарыда отырғандар байып жатады да, қарапайым халықтың баспанасы жоқ, қаңғып жүр. Бізде жағдай осындай», – дейді аудан тұрғыны.

Бомбадан қалған шұңқыр
Бомбадан қалған шұңқыр. Фото: Нағым Тәжімұратов

Ресей біздің жерге білгенін істеп жатыр

«Капустин Яр» полигонында заң бойынша ресейліктер бомбаның орнын тегістеп, бетін жауып, шөп егуі керек. Бірақ оның бірі де істелмейтін көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, кейінгі уақытта зымыран атқанын мойындамайтын дәрежеге жеткен.

«Сүйіндікке зымыран түскенде, эколог маманға айттық. Ол Ресейдегі полигон қызметкерлеріне хабарласса: «Жо-жоқ, біз атқан жоқпыз. Астрахан жақта тағы бір әскери бөлім бар, солар шығар» деп айтыпты. Сөйтіп, бір-біріне сілтейді. Былтыр соғыс басталғалы әскери ұшақпен бірдеңелерді шашуды бастады. Оның исі көрші аудандарға дейін жетті. Кейіннен эколог маманға хабарластым. Ресейліктер әскери ұшақтың жанармайы көп кезде, қонуы үшін шашуына болады екен. Бұл келісімшартта көрсетіліпті. Бірақ біз олардың не шашып жүргенін білмейміз. Бір сөзбен айтқанда, ресейліктер біздің жерге білгенін істеп жатыр».

Мэлс Елеусізов

Белгілі эколог Мэлс Елеусізов Jas Alash тілшісіне өзекті мәселелер халық біріккенде ғана шешілетінін айтады. Себебі экология мәселесі тек БҚО-да ғана емес, республика көлемінде шешімін таппай келеді.

«Бізде экология мәселесі өте ушығып тұр ғой. Семейдегі полигон да жатыр. Тіпті Алматының ластануы да бөлек тақырып. Қай жерге барсаң да осы мәселе. Ауыл құрыды, жер байлығы сатылды, зауыт-фабрика қирады. Полигон мәселесі өте өзекті. Оның бәрін жариялап, есеп беріп отыру керек. Бірақ неден қорқатыны белгісіз, айтпайды, жарияламайды. Соғыс кезінде полигон керек. Сондықтан ресейліктер әзірге бомбасын жара береді. Соғыс біткесін болмаса, қазір оны тоқтата алмаймыз. Бір ауданнан соншама мүгедек жанның болуы кездейсоқ емес, оны дұрыстап зерттеу керек. Бұл негізінен мемлекет айналысатын, тым болмаса мемлекеттік деңгейде атқарылатын жұмыс. Мұндай өзекті мәселелер халық біріккенде ғана шешіледі. Әйтпесе, аудан, я облыс көлемінде көтерілгеннен мәселе шешілмейді. Біз мына жақтан бомбаның зардабын жоя алмай жатып, сөйтіп жүріп АЭС салғымыз келеді», – дейді эколог.

Жергілікті экология департаменті басшысы да тұрғындардың сөзін жоққа шығармайды

БҚО Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің басшысы Мұрат Ермекқалиев те Бөкей Ордасы ауданы тұрғындарының сөзін растап отыр. Полигондағы топырақ, су мен ауада зиянды заттар бар.

«Былтыр Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен бір рет аралап шықтық. Ресейге жататын бізде екі әскери бөлім бар. Соларды тексеріп, анықтама жазып, оны министрлікке жібердік. Ауа, су және топырақты тексердік. Ресейліктер жерді жалға алып отыр. Сондықтан біз бұл аумаққа жиі зерттеу жүргізе алмаймыз. Біздің құзыретімізге жатпайды. Мысалы, биыл сәуір айында барып тексердік. Бомба жарылған шұңқырлардан сынама алдық. Зиянды заттардың бар екені анықталды. Бірақ аудан прокурорынан бізге ескерту берілді. Себебі біз тексеру үшін алдын ала ескертіп, тіркелу керек. Жалпы, табиғатты ластаушы заттардың бар екенін жасырып отырған жоқпыз. Оны тағы да тексеріп, айыппұл салып, шара қолдану үшін мемлекеттік бақылау жүргізу керек», – дейді БҚО Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің басшысы.

P.S. Ресей Қазақстаннан жерді әлі 2030 жылға дейін жалға алады. Сол кезде мерзім бітеді. Егер екі тараптан да 6 айға дейін ешқандай келісімшартты бұзу туралы ескерту болмаса, келісімшарт әрі қарай автоматты түрде жалғаса береді. «Жас Алаш» тілшісі бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министрлігі мен қорғаныс министрлігіне ресми сауал жолдады. Олардың жауабын (келіп жатса) алдағы уақытта жариялайтын боламыз.

Тұрсынбек БАШАР