Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 27 Маусым 2024

«Отан үшін отқа түс, күймейсің!»

1
Фото: ашық дереккөз

Патриоттық – қанға сіңді қасиет емес, тәрбиемен даритын тағылымдардың бірі. М.Әуезовтің: «...бесігіңді түзе» деп арсы-күрсі болатыны сондықтан.

Әрі патриоттық сезім қалыптастыруға ұлттық және мемлекеттік идеология тікелей қатысты. Мәселен, сіз дегеніңізді тыңдап өсіп келе жатқан бүлдіршініңізді балабақшаға бердіңіз дейік. Арада бір, бір жарым ай өткен соң, енді сіздің дегеніңізге көнбейтін болады. «Апай немесе ағай былай деген». Соның айтқаны – заң. Тізеге салсаң да иліктіре алмайсың. Балабақшамен жалғас мектептің бастауыш сыныбында да сондай. Апай, ағайларын ғана тыңдайтын осындай тұста: «Сендер әке мен шешеден дүниеге келген, енді Отанның ұланысыңдар. Отан қай іске жұмсаса да, қай қиырға салса да сонда баратын боласыңдар», дегенді миларына құйып кеп жібереді. Бұл сөз олардың жүректерінің бір бұрышында сақталады да қалады. Осы тұста «Отан – ана», «Жер – ана», оны қорғау міндетің сынды патриоттық марштарды күнде жаттатады. «...Қолымда, тұңғыш қойнымда бетін бір аштым білімнің» деп оқу шаңырағының табалдырығын аттай сала «Октябрят жырын» жырлатады. Одан мойнына галстуг байлай салып:

«Біз пионер, бір ертеңгі

Ерлеріміз ұлы істің...» –

деп шырқататынын қайтерсің. Отан үшін, Жер үшін жанпидалық осылайша басталады. «Құланның қасынуына мылтықтың басылуы» деп келіп, ақын атамыз:

...Таудан асып, белді басып,

Тасты жарған қандай ер?..

Ол қажырлы, ол қайратты,

Қайтпас, қайсар жұмыскер, –

деп сілтейді. «Ерлеріміз ұлы істің...» деп жұлқынып тұрған жас ұланның бұл кейіпкерге қалай ұқсағысы келмесін! Өйткені Отанының перзенті ғой! Комсомолдық билетке ие болғаны сол, оны тағы бір жыр арбап тұр.

«...Алға, комсомол Туы қолыңда,

Алға, комсомол жеңіс жолында!»

Жалын атқан жас осы маршты шырқап барып отқа жануға да, суға секіруге де дайын. Мемлекеттік саяси идеологияның екпіні мен текпіні, міне, осындай болса керек.

Кешегі соғыс кезінде Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметовалар кімнің күштеуімен қан майданға аттанды? Оларға әке-шешелері қарсылық танытпай, «күл болмасаң, бұл бол» деп жібере салды ғой дейсіз бе? Жоқ. Балабақшадан, мектеп қабырғасынан бойына құйылған патриоттық рух, патриоттық сезім ешкімнің тежеуіне көнбеді. «Алға, комсомол, Жеңіс жолында!» Лейтенант Клачков: «Отан үшін!.. Шегінетін жер жоқ» деп барып, дзоттың ұңғысын неге кеудесімен жапты? Саяси идеология тәлімі.

Халқымыздың аса аяулы тұлғасы, хас батыры Бауыржан Момышұлы «ұлтшыл» атын жамыла жүріп, өмірінің соңына дейін: «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деуден еш жаңылмай кетті. Неге? Халқына деген қайсар патриоттық рух!

Қазір біз ұлттық рух, мемлекеттік идеология дегеннің не екенін ұмытқанбыз. Тәрбиеге тамызық болар ән-жыр дегеннен жұрдаймыз. Бетінде қытығы жоқтар әнші атанып, ұяты жоқтар ән шығарғыш болып алған. Оларға тізгін тартқызып жатқан тірі пенде болсашы! Өлеңді жерде өгіз семіргендей түсініксіз «жырсымақтарға», өлімді жерде семірген молдалардың «әлхамдулласындай», әуен жазғандардың «жұлдызды» сайыстарына төралқа мүшелері болып, қайсыбір өнер, мәдениет қайраткерлері қалталарына түскен «конверттеріне» мәз боп, қайқаңдап жүр.

Ескі ғасырдың соңына таяу американдықтар: «Енді біз он, он бес жылда еш қару қолданбай-ақ, соғыспай-ақ, шоу музыкамен бүкіл әлемді жаулап аламыз. Біздің шоу кез келген мемлекет жастарының патриоттық рух, патриоттық сезімдерін желге желпітеді. Рухсыздар бұйдаланған өгізге айналады» деген болатын. Дегендеріне жетіп келеді.

Ұрпақтарға патриоттық ұялату үшін ұлтта бірлік, ертеңінің қамын ойлайтын тірлік болуы керек. Компартиялық көктеткенді қойып, көгергендеріміздің тамырын қиып жатыр.

Қазіргі жастарымыз «Отан үшін отқа түспей-ақ» ошақтарының оттарын маздата берсе екен деп тілеймін.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

Тегтер: