Отарда сарбазды сабаған әскери қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды
Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылып, жақ сүйегі сынған Есбол Қапарға қатысты іс бойынша күдікті анықталды.
ҚР Қорғаныс министрлігіндегі дереккөздің мәліметінше, қылмыстық іс зардап шеккен сарбазбен бірге қызмет өткерген өзге әскери қызметшіге қатысты қозғалған.
Күдіктінің Қызылордада тұратын анасы ұлын іздеп Отардағы әскери бөлімге барған. Алайда ол казармадан ұлын таппаған. Әйел түсірген бейнежазбаны журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
"Мен екінші сарбаздың анасымын. Отарға келіп, бірден казармаға бардым. Бірақ казармадан баламды таппадым. Жақ сүйегі сынған сарбаздың ата-анасы келгенде, олар ұлдарын пәтерден тауыпты. Бұл не масқара?! Біз балаларымызды әскерге Отан алдындағы борышын өтеу үшін жібердік. Біз оларды сотталсын немесе соққы жесін деп жібердік пе? Мұны қалай түсінуге болады? Не істеуге болады?" - дейді айыпталушы сарбаздың анасы.
Еске сала кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы әскери бөлімде мерзімді әскери қызметші соққыға жығылып, ауруханаға жеткізілгені хабарланған болатын. Зардап шеккен сарбаздың туыстары таратқан ақпаратқа сәйкес, сержант оны темір затпен ұрып, жақ сүйегін сындырған. Алайда сержант бұл айыпты жоққа шығарып, зардап шеккен әскери қызметші дәл сондай шендегі – қатардағы жауынгермен төбелескенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери полиция бас басқармасы әскери қызметшіге күш қолдану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға байланысты 3 командир мен олардың 1 орынбасары қызметінен босатылғанын мәлімдеді.