Отбасылық қарым-қатынастың тірегі – махаббат, сенім, мейірім
Әрбір дүние жарығын ашқан сәбидің тұлға ретінде қалыптасар жолында елеулі рөл атқаратын маңызды институт – отбасы.
Отбасылық құндылықтар мен әке-шешенің бала бойына сіңірер тәрбиесі – адамның негізгі болмысын құрайтын маңызды іргетас екені анық. Тұлғаның қалыптасуы отбасыдан басталады, ал отбасылық құндылықтар мен болмыс табиғатының үйлесімді дамуы тұлға бойындағы ең маңызды дағдылар мен қасиеттерді қалыптастырады. Адамның рухани өзегі – отбасы, әкесі мен шешесі. Балалардың мінез-құлқы отбасында болып жатқан оқиғалардың симптомы десек, қателесе қоймаймыз. Сондықтан қоғамдағы отбасылық құндылықтарды нығайту әрі дамыту бүгінде кез келген мемлекеттің өзекті бөлігі болып отыр. Осы орайда, халқымыздың «Отан отбасыдан басталады» деуі бекер емес. Бүгін біз отбасылық құндылықтарды нығайту жөнінде сауалнама ұйымдастырдық. Сауалнамаға тарихшы-этнограф Дәметкен Сүлейменова, психолог Амангелді Мейрамбек және педагог, көпбалалы ана Әлия Еркінқызы қатысты.
– Ұлт болашағы мен мемлекет тұғырында отбасы – ең басты құндылық. Баланың қалыптасуы да, ұрпақтың өсіп-өркендеуі де отбасынан басталады. Осы орайда, отбасылық құндылықтар ұғымының өзін шартты түрде қарастырғанымыз абзал сияқты. Бұл тақырыпқа келгенде әркімнің пікірі әртүрлі. Ал сіздің ойыңызша, отбасы құндылықтары неден тұрады?
Д.С: Отбасылық құндылықтар мәселесі бүгін, я кеше туындаған мәселе емес, адамзат жаратылғалы бері үй болу, үйлену, ұрпақ қалдыру мәселесіне ерекше назар аударған.
Сондықтан отбасылық құндылықтар да жалпыадамзаттық, ұлттық құндылықтарға негізделеді. Ұлттық тәрбие дегенде көз алдымызға бесік тербеткен ананың әлдиі, немересіне ертегі оқыған әже, еңбекке баулыған әке мен атаның бейнесі елестейді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, адамгершілік қасиеттен айнымау, намысты болу, ұятты білу ұлтымыздың дәстүрлі тәрбиесіндегі бала кезден бойға сіңуі керек қасиеттер. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсілді халқымыз текке айтпаса керек. Талай дана, ғұламалар дүниеге келген қазақ даласында олардың дәрежеге жетуі отбасындағы тәрбие, ата-ана тәлімінің нәтижесі екенін жоққа шығара алмаймыз.
А.М: Отбасы адамның жақсылық жасауға үйрететін ең бірінші әлеуметтік ортасы деген жақсы сөз бар. Отбасылық құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі, адам болмысының рухани өзегі. Осы орайда құндылықтар отбасы ішіндегі қарым-қатынас пен отбасы мүшелерінің өзара байланысын реттейтін принциптер, сенімдер мен нормалар жиынтығы деуге де болады. Отбасындағы құндылықтар адамгершілік-моральдық принциптерге құрылады. Яғни махаббат, мейірім, сенім және жауапкершілік сынды қасиеттер тоғысқан тұста отбасылық құндылықтардың негізі қаланады. Әрбір отбасы мүшесінің жеке шекарасын, мәдени және діни дәстүрлерін құрметтеу – сенімді қарым-қатынас орнатуға және бірлікті нығайтуға ықпал етеді. Тереза ана:
«Әлемді көркейткің келсе, жай ғана үйіңе бар да, отбасыңның жанында бол» дейді. Міне, отбасылық құндылықтар отбасы ішіндегі ғана емес, жалпы әлемдегі салауатты және бақытты қарым-қатынастың негізін құрайтынына осы сөз дәлел.
Ә.Е: Отбасы – адам жаны дүниені шарлап, кезіп шаршаған соң, қайта келіп тыныштық табатын құтты мекені, аяулы орны. Иә, отбасылық құндылықтардың бірі – материалдық, бірі – рухани принциптерге негіздейді. Алайда ғасырлар бойы маңызы мен мазмұнын жоғалтпаған махаббат, сенім, қолдау сынды құндылықтар отбасылық қарым-қатынастың тірегі. Кейде саған бүкіл әлем қарсы тұрса да, әкең мен анаңның қолдауы бойыңа қанат бітіріп, үлкен жетістіктерге жол салады. Отбасы дегеніміздің өзі өмірге деген көзқарасы бірдей екі адамның қосылып, үй болуынан пайда болады. Адамдарды жақындастыратын да, алыстататын да адами құндылықтар. Адами-моральдық құндылықтарға құрылған отбасында тыныштық пен татулық орнайды деп ойлаймын.
– Жалпы, отбасылық құндылықтар салауатты және бақытты қарым-қатынастың негізін құрайды делік. Бақытты отбасы болудың қандай да бір тетігі, я принциптері бар ма?
Д.С: Халқымыз небір заманды бастан өткерді ғой. Отарлықты да, ашаршылықты да бастан кешті. Тарихымызды жоюда қаншама қастық саясат жүргізілді. Сондай тар жол, тайғақ кешу замандардың өзінде халықтың ешқашан естен шығармаған «ұят болaды, обaл болaды», жaмaн болaды» деген негізгі ұстанымдары бар. Aтaлмыш cөздер ұлтымыздың киелi ұғымы, қaғидacы, ұрaны болғaн. Бүгінде осыларды ұмытудан, обaл, caуaптың мәнін түсінбегендіктен, жас отбасылар aжырacып, ақ жолдан адасып жатыр. Біздің кезімізде әкені құрмет тұту, шешені сыйлау, бауырларыңа қамқор болу, ағайынға жанашырлық таныту, ардан аттамау, ұят тірлікке бармау басты ұстаным болды. Осындай тәртіппен өсіп, адам болып қалыптастық. Одан жаман болғанымыз жоқ. Қазір заман өзгеріп, оның талабы жаңашылдыққа ұласқан сайын ұлттық тәрбие, қазақи әдебіміз бен құндылықтарымыз шеткері қалып бара жатқандай, сәйкесінше, бұл ұғымдардың мәні біртіндеп өзгеріп келеді.
А.М: Шексіз махаббат, отбасы мүшелерінің бір-біріне құрметі, сенім, жауапкершілік және білімге деген ұмтылыс отбасына қиындықтарды жеңуге және бірге бақытты, тұрақты өмірге қол жеткізуге көмектесетін негізгі принциптер деп ойлаймын. Сонымен қатар соңғы кезде орын алып жатқан жағдайлар отбасылық құндылықтың негізгі принципі – теңдік пен еркіндік екенін тағы бір дәлелдеп отыр. Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сенімі, таңдауына құрмет пен сыйластық – маңызды факторлардың бірі. Сыйластық – әр отбасы мүшесін жеке тұлға ретінде мойындау, олардың пікірлерін, тілектері мен қажеттіліктеріне құрметпен қарауды қамтиды. Сыйластық бағаланатын отбасында ашық диалог болады. Ондай отбасы өзара түсінісіп, адамның ерекшелігін, айырмашылығын қабылдай біледі. Міне, осындай принциптерге негізделген отбасы тату, кикілжіңді бірге отырып шешетін, психологиялық тұрғыда сау азаматтарды өсіріп шығарады деп ойлаймын.
Ә.Е: Бақытты отбасының белгілі бір тетігі, я формуласы жоқ. Өз басым әр балама жеке тұлға ретінде көңіл бөліп, ерекшеліктерін қабылдауға, ішкі күйін түсінуге тырысамын. Мен балаларымның өмір бойы қасында жүре алмайтыным анық. Біз – бұл дүниенің қонағы ғанамыз. Ал мен тәрбиелеген ұрпақтың жан баласына зиян келтірмейтін, адал, әділ болуы – маған, яғни ата-анаға артылған жауапкершілік дер едім. Ал әке мен шешенің жауапкершілігін ақтау баланың ар-ұятына, санасына байланысты шығар.
– Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда құндылықтардың орны алмасып, отбасындағы жылулық, ата-ана мен бала арасындағы түсіністік төмендеп бара жатқаны – ащы да болса ақиқат. Осы жайлы не айтар едіңіз?
Д.С: Біз ананың бір ғана күрсінісі мен әкенің қатулы қабағынан көп дүниенің мәнін ұғынушы едік. Бақытын баладан іздейтін қазақ «не ексең, соны оратынын» да жақсы түсіне білген. «Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без, ана тұрып, қыз сөйлегеннен без» деп, үлкеннің алдына түсіп сөйлейтін жастарымызды тыйып-жиып отырғанының өзі тәрбие бастауы еді. Ал қазір бесіктен белі шықпай жатып, ата-анасының бетінен алатын, қарсы сөйлеп, дөрекілік көрсететін, психологтардың сөзімен айтсақ, агрессивті мінез-құлықтағы ұрпақ өсіп келеді. Ұяты бетіне төгіліп тұратын бойжеткен мен қайсар мінезді жігіттердің сүйсінер қылығы азайып бара жатқандай-ақ. Мұның барлығын заман ағымына теліп немесе шетелдің еркіндігіне еліктегендіктен деп бүркемелегенмен, оның арғы себебі неде жатқанын зерделеп жатқан ешкім жоқ. Қазіргі балаларды «тәк-тәк» емес, «тик-ток» тәрбиелеп жатқаны өкінішті-ақ.
А.М: Бүгінгі нарық заманында осындай құбылыстың орын алуы – заңды. Қарапайым мысалмен түсіндірсек, қазіргі ата-аналар баласының қарнын тойдыру үшін рухани құндылықтарды құрбан қылып жатыр. «Маслоу» пирамидасы деген ұғым бар. Пирамиданың төменгі сатысында физикалық қажеттіліктер, ал ең жоғары жағында руханият, ғылым тұрады. Міне, осы себепті ата-аналардың көпшілігі күн көрістің қамымен таңнан қара кешке дейін жұмыста болғандықтан, баласының тәрбиесіне көңіл бөлуге уақыттары тапшы болып жатады. Ата-анасынан ала алмаған жылулықты өзгеден, көшеден іздеген баланың тағдыры орны толмас өкініштерге соқтығып қалатыны бар. Көп жағдайда әке мен шеше тәрбие дегеннің өзін, жалпы бала алдындағы міндетті перзентінің қарны тоқ, киімі бүтін, қалтасында ақшасы болуы деген сынды материалдық құндылықтарға байлап, жаңсақ пікір қалыптастырып алады. Осы себепті кей ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарап, бар жауапкершілікті мектеп пен балабақшаға міндеттеп қоятыны бар. Бірақ әке мен шешенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере алмайтыны айдан анық.
Ә.Е: Қандай да бір проблема ашық сөйлеспеуден, біріңді-бірің тыңдамаудан туындайды деп ойлаймын. Отбасы өзімшілдік пен эгоизмді сүймейді. Отбасының басты мақсаты – қуанышқа ортақтасу, бақытты бөлісу ғана емес, жығылғанды демеу, сүрінгенді қолдау, жылағанды жұбату. Кейде ата-ана ретінде біз де, бала боп жас та өзімшілдікке салынады. Естіп отырсақ та, түсінгіміз, тыңдағымыз келмейді. Осындай себептер салдарынан түсіністік төмендеп, сыйластыққа сызат түсуі мүмкін.
Дайындаған
Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ