Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Өтемұратовтың вилласын салған құрылысшылар ісі прокуратураға қайтарылды

Өтемұратов
Фото: zhasalash.kz

Олигарх Болат Өтемұратовтың ұлы Алидар Өтемұратовтың вилласын салған құрылысшылар ісі прокуратураға қайтарылды.

Бұл туралы «За нами уже выехали» телеграм-арнасы хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 323-бабына сүйене отырып, сот қаулы шығарды: Дархан Нұрымов, Айбек Ноғайбаев, Данияр Омаров және Александр Бажежаға қатысты қылмыстық істі Алматы қаласы Медеу ауданының прокурорына ҚПК-нің елеулі бұзушылықтарын жою үшін қайтару», - делінген хабарламада.

Сот Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша айыпталушыларға тағылған материалдық шығын сомасын нақты анықтай алмаған. Аудиторлар мен сарапшыларды тергегеннен кейін және екі күндік есептеулердің нәтижесінде судья соманы шығара алмағанын мәлімдеді.

«Аудиторларды, мамандарды, сарапшыларды тергегеннен кейін, екі күн бойы арифметикалық есептер жасаған соң, бұл сома анықталмады. Екі күн есептеп отырмын – нәтиже шықпайды. Осыған байланысты сот өз бастамасымен істі алдын ала тыңдауға көшіру туралы шешім қабылдады, себебі істің аясын анықтау мүмкін болмады», - делінген хабарламада.

Айыпталушылардың адвокаттары істі прокурорға қайтару және қамауда отырған үш құрылысшының бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш түсірді. Олар тергеу барысында заңбұзушылықтар орын алғанын және қысым көрсетілгенін алға тартты.

Данияр Омаровтың айтуынша, полиция құрылысшыларды қорқытып, Өтемұратовтың ықпалын меңзеген. Бұдан бөлек ол кей жоғары лауазымды құқық қорғау орган өкілдері істі Өтемұратовтың пайдасына шешу туралы бұйрық алды дегенді тілге тиек етті.

Алайда прокурор бұл өтінішті қолдамады. Ал зардап шеккен тарап – Алидар Өтемұратовпен байланысы бар компанияның адвокаттары бұл отырысқа қатыспаған. Судья олардың бұл туралы алдын ала хабарланғанын, сот отырыстарының кестесі екі ай бұрын бекітілгенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, бұған дейін зардап шеккен тараптың адвокаттары судьяға сенімсіздік білдіріп, істі басқа судьяға беруді сұраған, алайда өтініш қанағаттандырылмаған.