Өткен тәулікте коронавирусқа ұқсас пневмонияға 1799 адам шалдыққан, 17 адам қайтыс болған
Қазақстанда 1 тамыздан бері белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға 8 054 адам шалдыққан, 86 адам қайтыс болған.
5 тамыз күнгі денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында осындай мәлімет айтылған.
Өткен тәулікте елде 1 799 адамның пневмонияның осы түріне шалдыққаны анықталған, 17 адам қайтыс болған.
Қазақстан 1 тамыздан бастап белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққандарды және одан қайтыс болғандарды нөлден бастап жаңадан есептеп, күн сайын жариялап отыратынын айтқан еді. Ведомство аймақтар бойынша мәліметтерді де жариялауға уәде берген. Бірақ әзірге ондай мәлімет жарияланбады. Министрлік хабарламасында аймақтар бойынша мәліметтің апта сайын ведомство басшысының брифингісі кезінде айтылатыны жазылған.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жыл басынан 15 шілдеге дейін 234 мың адам пневмонияға шалдыққан, оның 3,3 мыңы қайтыс болған. Науқастардың 32 мыңы — маусым айында, 135 641 — шілде айының алғашқы жартысында тіркелген.
Шілде айының ортасында денсаулық сақтау министрлігі "коронавирусқа ұқсайтын" пневмонияны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша Covid статистикасымен біріктіретінін айтқан еді. Кейінірек екі ауру көрсеткішін екі бөлек жариялайтыны, бұған қоса осыған дейін тіркелген пневмонияға шалдыққандар туралы мәлімет енгізілмейтіні белгілі болды. Кейбірі мұны "деректі бұрмалау" деп атаған. Министрліктің өзі "біз ештеңені жасыруға тырысып отырған жоқпыз, коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандардың нақты санын білгіміз келеді" деп мәлімдеген. Олардың айтуынша, бұған дейін тіркелгендер арасында пневмонияның өзге түріне де шалдыққандар болғандықтан оларды ажыратып есептеу мүмкін емес.
Халықаралық БАҚ-та этиологиясы белгісіз адам өліміне жиі себеп болып жатқан "қазақстандық пневмония" туралы айта бастаған соң денсаулық сақтау министрлігі елде белгілері коронавирусқа ұқсас пневмония барын мойындаған еді.