Отыз жылды обыр кезең, жебір жұт деп ныспылаймын

«Жас Алаштың» ежелгі дәстүрі бойынша айтары бар саясаткерлер мен қаламгерлерді, қоғам қайраткерлерін әңгімеге тартып отырамыз.
Айдарымыздың бүгінгі қонағы – ақын Исраил Сапарбай.
– Исраил аға, президенттің жолдауын әрі оқып, әрі тыңдаған шығарсыз. Көңіліңізге қонған не бар? Бұдан бұрынғыларымен салыстырғанда, қандай айырмашылық байқадыңыз?
– Жолдаудың аты жолдау. Жоғарғы жолақтағы ел басшысы мен төменгі қабаттағы қарашаның өзара хабар-ошары. Тыңдауын тыңдадым. Уақыт-сәті демесең, негізі, қалыпқа құйғандай қайталау. Ал қайталау жалықтырады. Әсіресе, сөз иесі – қаламгерді. Уәденің астарында кәде болса, кәнеки...
– Реті келгенде, өлеңдеріңізді оқып, әндеріңізді тыңдап тұруға бейілмін. Өйткені кәсіби нәсібіміз бен ауыл-аужайымыз ағайындас. Қоғамдық үрдіске келгенде, арман-аңсарыңыз бен ішкі қыжылыңыз, ұйқы қашырар уайымыңыз менмұндалайды. Алдыңғы екеуі алпыс екі тамырыңызға тән болса, кейінгісі қайдан, неден жұқты, әлде, замана зауқы ма?
– Абай айтады емес пе: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» деп. Астары зілмауыр. Өзіңді ойлайсың… Бала-шағаңды ойлайсың… Баянсызын қайдам, аялсыз өтіп, кетіп бара жатқан күнді ойлайсың. Қоғам, Адам деген ұғым-танымның ауқым-аясы күн санап, кемел ойлап, кең пішуді керек ететіндей. Сол күннің санаға салмақ салған әрбір сәті сағынышыңмен қоса сарыуайымыңды еселейді. Ал сарыуайым сарала таңда ұйқы қашырады, бағзы-баяғылар айтпақшы, әуселеңді «әбілет басады»...
– Ұйқы қашқаны ғой түсінікті, ал… Әбілет басқанын қалай ұғынсақ керек?
– Екеуінің де оңып тұрғаны шамалы. Есі түзу адам ертеңін ойлайды. «Бүгінге салауат, ертеңге саламат» айта жүріп, жасымық жанарын көк пен жер арасына күнара сайын ұзатып салатын қариялар ауылды қайдам, қалада қазір тақ-тұқ. Кешегі қария (кәрі ие) бүгін жоқтың қасы. Өз басым талайды алдап, талайды арбап, талайды жалмап өте шыққан Отыз жылды обыр кезең, жебір жұт деп ныспылаймын! Ауыл, аймақ, дала, өлке, жапан, түз… деген айдарлы да айшықты қазақы ұғымдар көзден ұшты, көңілден көшті. Қайта орала ма, оралмай ма… ол да беймәлім.
– Жер ғой тарыла қоймас, пейіл болмаса… Дұрыс айтасыз, Сіз айтқан айшықты атаулар, байырғы бастаулар, шынында да бірте-бірте күнделікті сөздік қордан да, қолданыстан да қалыс қалып бара жатқандай. Есесіне, урбанизация үрдісі қан-жынымызға сіңіп, қайдағы қаңғыма сөз нөпірі санамызды жаулай түсуде. Қалыпты үрдіске қарсы қайрат та, қамал да байқалмайды. Есесіне, етек-жеңімізді бүрудің орнына түруге бет алдық. Жаратылыстағы «қосмекенділік» былай қалып, Қостілділік қойын-қолтығымызға ентелей еніп барады. Күні кешегі жолдауда бұл кеселді кеспір президенттің өз аузынан бір емес, бірнеше рет қайталанды. «Кеше келген тоқалдар шөміш алып қоқаңдардың» кебін киіп жүрмейміз бе? Осы күмәнді де тұманды...
– Қайдағы кешегі? Сан-санағың жетпейді. Ата заңның талайғы тармағына еніп үлгерген бұл кісәпір алпыс екі тамырыңа тарап кетсе, не дауа, не рәуа? «Қос тілді» айтам. Жолдау иесінің де қайта-қайта қайыра қайталап отырғаны жайдан-жай деймісің? Көкейде де, көмейде де бір гәп бар болғаны да. Мысалы, мені теледидарда жүрген сенің әріптестерің хабар-ошарлары мен дидар-ғанибеттеріне жиі шақырады. Сондағы байқайтыным: бәрі болмағанымен біразы титрға жиі қарағыштайды. Бұл, енді...ғадетке де, әдепке де нақолай, ерсі. Екі ауыз сөздің басын ауызша құрай алмаған адамды шешенге де, көсемге де қалай қиясың? Байқаймын, біздің президентімізге де аталмыш «әдет» жап-жақсы жұққанға ұқсайды. Бұл жолғы жолдау аясында бұл ап-анық байқалып тұрды. Ерсі де ебедейсіз. Естуімізше, ең кемінде, бес-алты тілді емін-еркін меңгерген ел басшысы өз тіліне келгенде, неге мүдіріп-кідірістейді? Дұрысы, неге кідірістеуі тиіс? Осыны түсінбей-ақ қойдым. Түсінгім де келмейді! Менің ұғымымдағы Патша — ең алдымен, өз Ана тілінің төл перзенті, қамқоршысы, жанашыры, содан соңғы артықшылығы ғана — Әмбебаптық. Әмбебап дегеніміз — данышпан, ғұлама, шешен, көсем, көреген, бірегей, біртуар ұғым-танымдарының толық мәніндегі мұзмұнды иесі. Басқасын былай қойғанның өзінде кешегі Абылай ханның болмыс-бітімі, ақыл-амалы, айла-шарғысы, терең тектілігі кімге үлгі-өнеге емес?! Солай бола тұрса да неге Бұқар жырауды басы-қасына ақылшы, һәм кеңесші етіп алды? Жалғыз Абылай емес қой: одан әргідегі Кейқауыс, Әмір Темір, т.б. өнегелері кімнің басына тар келіпті?! Қазақ аман болғанда, абыздар мен нағыздар қашанда тақ-тұқ таусылып қалмаған!.. Ал біз...
– Жіктеп-жіліктеп, талдап-талқылап жатпасақ та дәл қазір жолдаумен түс көріп, жолдаумен ішке еніп жүрміз емеспіз бе? Сәті келсе, қайта айналып соғармыз. Сөз сонарын бір сәт өзіңізге де бұрып отыралық. Машықты тақырыбымыз ғой: қолына қалам ұстаған ақын-жазушылардың дәстүрлі аламан бәйгесі биыл да өз кезегімен жалғасып жатыр. Қаламгерлердің біразы әл-қадарынша, әрекет етіп жатқан көрінеді. Бірақ арасынан сізді байқамадық. Бір-екі рет сүрінгеніңіз де бар, демекші?..
– «Жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас», дейді мақалшыл да мақамшыл қазекем. Әр сөздің астары мен тысын ескерсек, сөз арасында бір-екі буыннан мүлт кеттің-ау деймін...
— Кешіріңіз, қай тұстан?
– Сүрінген жоқпын, сүріндіргені болмаса!
– Кім?
– Ат төбеліндей атжалмандар...
– Әділ қазыларды айтасыз ба?
– Иә, солай шығар. Кім-кімнің ішіне кіре алған дейсің. Әсіресе, мынау түлкі заманда...
– Бұл жолы ше?
– Бұл жолы өзім үлгере алмадым.
– Аралықта біраз уақытыңыз болса да ма?
– Иә, анау атың өшкір індет пе, пандемия ма… Оңай жеңе қояр жау емес екен — алыстық, жұлыстық, өлмеуге тырыстық...
– Жолыңыз ауыр білем...
– Солайын солай. Өзімнен де кінә аз емес. Кезінде кезегін өткізіп алдым білем...
– Ашып та айтпай отырсыз, ашынып та?..
– Несін жасырайын, осыдан он-он бес жыл бұрын алдыңғы буын ағаларым ағынан жарылып: «Әй, Исраил, алып та, шалып та жығатын кезің келді, мемсыйлыққа ұсынсайшы өзіңді?!» деп кезіккен-кездескен кездерінде айтып жүрді.
– Ал Сіз?
– Онша мән берген жоқ-ем...
– Ағалар болғанда… кімдер?
–Қадыр ағам да, Тұманбай ағам да. Кейін оларға Дулат, Төлендер қосылған. Оның бер жағында ол кездегі сарапшылардың ұзын-ырғасы 20-дан аспайтын. Қазір ғой, естуімше, 50-ден асып кеткен көрінеді.
– Соның бәрі дерлік оқи ма екен ерінбей-жалықпай?
– Онысын білмедім. Бірақ іштерінде тақырыбын, мазмұнын, астар-сырын, т.б. қадағалайтын «жіті көздер» де бар көрінеді.
– «Жіті көздер»?
– Кеңес заманынан қалған сарқыншақтар ғой, баяғы...
– Ол кезде, былай, идеология дегеніңіз алдыңғы шепте болды емес пе? Ал қазір сарыезу Саясат...
– Дұрыс айтасың. Орта ғасырлық әл-Фарадж деген ғұлама: «Үйде де, түзде де кімде-кім саясатты сағызша, шайнап соза берсе, сол елдің болашағы болмайды», депті ғой. Есіңде болсын, орта ғасырлық данышпан!..
– Апырай, ә, «естімеген елде көп» демекші.
– Саған бір сауал: сені мен менің өзекті тақырыбымызға айналып отырған аталмыш жолдаудан, саясаттан өзге не көрдің?
– Негізі, сол Саясат қой деймін. Одан қалса, әлеуметтік, материалдық, тұрмыстық, экономикалық хал-ахуалдарды жақсарту, жаңарту, жөндеу, емдеу демекші...
– Меніңше, дәп солай! Рухани ілім-білім, таным-наным, сана салауаты, имани үрдіс-үлгі кемшін жерде күнделікті кеңқолтық өмір, қалыпты тіршілік болмақ емес. Керісінше, күңкіл-сұңқыл күйзеліс, адами азғын-тозғын, ақырзамандық нышан-белгілер белең алады. Сырттан жұғатын індет бір бөлек, іштен шығатын індет бір бөлек. Екеуі екі жақтан қосылғанда, әлгі, тіл ұшындағы «Ақырзаманыңыз» заманақырға айналып, шыға келеді! Өз басым, бұл жолғы жолдаудан ұлы мәртебелі идеологияңыздың өзі түгілі нышанын да көре алмадым. Өкінішті, әрине.
– Жазушылық қуатты, азаматтық ұстанымды сыйлықпен, немесе аумалы-төкпелі атақ-даңқпен өлшеп-пішуге бола ма? Мұны айтып отырған себебім: өткендегі, одан әргідегі мемсыйлық алған қаламгерлердің қайсыбіреуі бүгінгі басымыздан өтіп жатқан саяси, мәдени, рухани ахуалымызға немкетті қарайтын сыңай танытып жүр. Сонда сыйлық алу жазарман үшін тек белгілі бір меже ғана болғаны ма?
– Біреу үшін біреу жауап бере алмайды. Әр жазушының немесе ақынның таланты мен талабы, өресі мен өрісі, өлшемі мен мөлшері әрқалай. Оқырман дегеніміз — мына Сіз және Мен, одан қалаберді, қалың қазақы қауым. Бірақ бұл шартты ұғым, тұрлауы тұрақсыз жалпылама түсінік. Себебі мен салдары айқын да анық. Бүгінгі қазақ кітап оқымайды, бірен-сараны болмаса. Ал енді, кітап оқымаған жұртты надан деп айта аласыз ба? Бір жағы қиянат, бір жағы ұят әрі қисынсыз. Өйткені көпке топырақ шашуға сіздің хақыңыз жоқ. Кітапсыз да дерек, мәлімет, хабар-ошар, т.б. руханият көздері жетіп-артады. Бірақ иә, әйткенмен, біле-білген кісіге сол кітабыңыздың ішкі әлемінде, әр парағы мен бетінде ғажайып та сиқыр сәулелі, нұрлы да ғұмырлы бір тылсым күш жатыр! Жазушы дейтін пенде иесінің періштелік сыр-сипатын, ақын дейтін тумысынан адал жанның иллаһи дүниедегі илхам-шабытын жауһари сусынға жаратамын десеңіз, райыңыздан қайтыңыз, шырайыңызға үңіліңіз! Сіз дәл қазір роботтық өркениет пен хайуандық хал-ахуалдың қосақабат алғышартын бастан кешіріп жатырсыз!.. Құдайым өзі кешіре көрсін…
– Ішкі дүниеңізден шырылдап шығып жатқан жанайқайыңызды сезіп те ұғып отырған жайым бар. Адуын арпалыс. Алмағайып дүние. Бұлдыр болашақ. Бар да жоқ сол оқырманыңыз ішіңізде аламантасыр құйын ойнатып жатқандай, әсер қалдырады. Бұл не: ауру ма, айқас па, әлде, үміт пен күдік жекпе-жегі ме?
– Шығарманы жазар, жарық дүниеге әкелер алдындағы ішкі жай-күйімнің жағдай-жадуалы ғой. Дүниеге келген шараналы сәби өз жағдайының не болмағын алдын ала қайдан біле қойыпты? Келген күнде де мынау алмағайып әлемде оның тағдыр-талайына кім алаң бола қойыпты? Сол дүние ертең кітап болып басылғанда да мынау кең дүниенің тар қолтығына емін-еркін еніп кете қоя ма? Адам деген мынау рухани мақұлықтың ағзасына азық бола алар ма? Оны бір құдайым білмесе, мен білер халде емен. Әйткенмен, анық-қанығы сол — мендегі жазу-сызу үрдісі тоқтамайды да тоқырамайды! Басқа-басқа, бұған кәміл сенімдімін. Ал сыйлық-мыйлық дегеніңіз, аса бір мен бас қатыратын шаруа емес. Кезінде былай деп те жазғанмын:
СЕРТ
Көгілдір таудың бөктері
Көктем мен Жазда жылиды.
Орманға емес, Көкбөрі
Арманға налып ұлиды.
Құлдығым емес тұрмыс, хал,
Құқайдың көрген көбісі—ем.
Бақытым болса бір мысқал,
Оны да көппен бөлісем.
Көзінде көлгір мұң жатқан
Ажалмен күнде көрісем.
Азабым болса зіл-батпан,
Оны да елмен бөлісем.
«Көтек»ке көнгіш Көнбісбай,
Жетекке ергіш Тазы емен:
Көгілдір қанат көл құшпай
Саябыр таппас саз, өлең!
Жең ішіндегі жұдырық—
Көп ішіндегі сұмға ажал!
Сабадан саумал сіміріп,
Салтанат құрар бұл ғазал!
Желпілдеп жебір желбезек,
«Шайласын» айла құрсаған:
Алуға бар да «берге» жоқ
Бишікеш біздің тым сараң.
Кеңістік кернеп кеудемді,
Сары алтынды езер салмағым!
Орданың емес,
Орденді
Өзінен алам Алланың!
– Аға буын ақын, қадірлі қаламдасыңыз Қадыр Мырза Әлі кезінде былай деп жазып еді:
«… Айтамыз біздер ақын деп,
Адамды оттай маздаған.
Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған...». Ал асаулық — мінез. Мінез мінсіз болмайды. Көптің көзіне біртоға, байсалды, тіпті, жуас болып көрінесіз. Ал мынау өлеңіңізде керісінше, ішкі бұрқ-сарқ бұрқаныс, адуын асаулық анық байқалады?
– «Жуастан жуан шығады», дейді айтқыш қазақ. Халық айтса, қалып айтпайды ғой. Мінезсіз адам ғана мінсіз міскін. Бұдан асып не дейін?!
– Ендеше, осы сұрақтың айнала-төңірегінен тағы да бір сауал туындайды. Қазақстан үшін биыл ауру демесек те ауыр жыл болғалы тұр. Болып та жатыр. «Қаңтар оқиғасынан» бері халық екіұдай күйде. «Билік толықтай, Тоқаевтың қолына тиді ме, әлде, экс-президенттің ықпалы әлі де жүріп тұр ма? Тұтас қоғамды осы сауал сан-саққа жүгіртеді. Сергек сезім, салауатты сананың көзімен қарасақ, сіздің түйсік не дейді?
– Дерт, ауру, науқас, дімкәс дейтін сөз үзіктері бар. Айналып келгенде, бір-ақ ұғымның ұрымтал тұсын аңғартады. Жеке адамның өз шаруасы шама-шарқы мен әл-әлеуетіне тікелей байланысты, ал тұтас қауым-қоғамның, мемлекеттің тағдыр-талайы Бір адамның мойнында. Қырық рет өлшеп бір рет пішсең де, қырық кез құдықтың ішіне түссең де осы. Біз, қазір аталмыш орқұдықтың апанды аузында тұрмыз. Қолымызда арқан жоқ. Себебі, орға түсер ойымыз да, опанға түсер бойымыз да шамалы. Жаман айтпай жақсы жоқ, уақыт желі үйріле соғып, сойқанымыз шықса, обалымыз кімге тиесілі? Ел аузындағы Екеуге ме? Екеудің біреуі—Елес:
«Бейнетті күннен безіп жыр,
Берекем қашты...
О несі?
Ел ішін Елес кезіп жүр—
Елбасының Елесі...».
Ал Екіншісі,соңғы кездері көрші алпауыт елдерге жиі барғыштап жүр. Дипломатиялық үрдістің өзіндік барыс-келіс, әдіс-тәсіл рәсімі, қайсыбір қапталда айла-шарғысы болатынын да ептеп шамалаймыз. Ақыл, ой, айла, әккі қулық-сұмдықтың бәрі дерлік керек-ақ. Бірінде ес басым, бірінде сес басым дегендей. Қайсысы бізге тиесілі, әсіресе, дәл қазір? Еріксіз ойланасың. Ал ой түбі тұңғиық. Менің ойым айтады: Алдымен ойыңды, бойыңды, ішіңді, өз микроәлеміңді түзе. «Іштен шыққан жау жаман» болып жүрмесін. Ұлттық деградация деген сол аурудың көкесі! Ел ішіне ен. Өз елінен қаймыққан, қауіп алған Қаһанға кімнің іші жыли қойсын? Саакашвили аса алаңғасар адам емес еді. Айыбы сол: аталмыш әрекетті астын-үстін бастады. Есіңізде болсын, Ел мен Ел басшысының арасында ешқашанда елші жүрмек емес. Жайшылықта бәрі дос. Сырт көршілерді айтам. Сыр білдіріп алма. Бұл орайда, Абайдың айтқанын қаперіңе алғайсың:
«Сенбе досқа, тұрса да қанша мақтап,
Сыртыңнан сөз етеді сені даттап.
Өзіңе сен,
Өзіңнің ақылыңмен
Екеуі алып шығар екі жақтап...»
– Айтпақшы, Сіз бірер жылыңызды дипломатиялық қызметке бергенсіз. Есітуімізше, көрші Өзбек елін қалаған көрінесіз...
– Ол рас. Самарқан уәлаятында туылғанмын. Әкем де сол жердің топырағын жамылып жатыр. Мен үшін екі тіл де тепе-тең. Жазған, сызған дүниемнің бір парасы өзбек әдебиеті мен руханиятының тұма тұнығы десем, асырып айтқандық емес. Жә, бұл енді… ауаны бөлек, өзгеше әңгіме ғой...
– Дегенмен оқырман үшін бұл да керек, аға. Сіз бен біз күніге кездесіп, жүздесіп жүргеніміз жоқ қой? Оның үстіне...
– Иә, дұрыс шамалап отырсың, дегенмен. Қазіргі президентіміз ол кезде Сыртқы істер министрлігін басқаратын. Батыс пен Шығыс елдерінің бірін ұсынғанымен, Өзбекстанды өзім қаладым. Оның себебі біразыңызға белгілі—Самарқан уәлаятында туылғам. Екі жасқа толар-толмаста, әкем дүниеден қайтып, сонда жерленген. Оның үстіне, өзбек тілін ауызша да, жазбаша да жап-жақсы білемін (бұл үрдіс бүгін де жалғасуда). «Елдестірмек, елшіден» демекші, біраз әрекет-берекет жасамақ ниетте едім, бірақ елшімен арамыз майға нан жаққандай бола қоймады. Өйтті-бүйтті… мені кетірді.
Анау бір аумалы-төкпелі кезеңде Алаш арыстарының бірқатары Ташкенде, Самарқанда, Қоқанда қызмет атқарған. Көрші Өзбекстанды қалау себебімнің негізі осы екенін енді сезген боларсың. Әттең, бірақ...
– Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз. Ескі кадрмен Жаңа мемлекет құру бос әңгіме деген сөз де жоқ емес. Сіздің бұл орайдағы ой-пікіріңізді білсек деп едік?
– Дәл осы тақырыпқа тиесілі нақты ұсыныс-пікірімді осыдан бірер ай бұрын фейсбук парақшасына жариялағанмын. «Жаңа Қазақстан», ең алдымен, президенттің аузынан шыққан сөз. Меніңше, бұл, әзірге идея. Идея жүзеге асқанда ғана өміршең. Көктегі идея жерге түсіп, іске асу үшін, өмірге ену үшін, өрісін көру үшін, жемісін теру үшін алдымен, оның Алғышарты/Концепция/, мән-маңызы, бүгіні мен ертеңі ел-жұртқа анық-қанық жария етілуі тиіс. Көз көрмей, көңіл көншімейді. Құр даурықпа ұшпаққа шығармақ емес. Аспандағы құс ұшарға қанаты барда, талда ұясы барда, қолға қона қоймас. Судағы балықтың да өз тереңі бар. Өлі балық қана су бетінде қалқып жүреді… Оның үстіне, қазақы мінез, болмыс дәл қазір аңыз бен ертегінің ала жібін қайдам, ара-жігін көріп, байқай алатын дәрежеде...
– Бағаналы бергі сыр-сұхбатымыздың ащылы-тұщылы дәм-тұзын қазақы оқырманның өзі берер деген ниеттеміз, рақмет!