Өз-өзіне қол жұмсаудың басты себептері неде?
Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына сәйкес, 2023 жылы суицид жағдайы бойынша Қазақстан әлем бойынша 19-орынға жеткен.
Соның ішінде жасөспірімдер арасында 155 суицид жағдайы тіркелген. Бас прокуратураның Құқықтық статистикасы және арнайы есепке алу комитетінің дерегіне сай, Қазақстандағы өңірлер бойынша суицидтік жағдай Жамбыл облысы үштен он үшке дейін, Алматыда он екіден он екіге дейін, Қостанайда алтыдан сегізге дейін, Солтүстік Қазақстанда екіден беске дейін өскен.
Түркістан облысында да суицидке қатысты 36 оқиға тіркелген. Дәл осындай жағдай Ақтөбеде он алтыдан, Атырау облысында сегізден он төртке дейін өзіне-өзі қол жұмсау дерегі анықталған.
Психолог-суицидологтардың мәліметінше, әйел адамдарға қарағанда ер адамдар мен жасөспірім балалар өз-өзіне қол жұмсайды-мыс. Оның себебін білікті маман, психолог-суицидолог Светлана Богатырева былай деп түсіндіреді.
«Е г е р а д а м н ы ң б о й ы н д а қиындықтар көбейіп, ұзақ күйзелістен ағзасындағы ресурстар таусылса, адамның өмірмен күресу қабілеті төмендейді. Әйел адамдар көбіне бойындағы күйзелісті жылап, айқайлап шығарып тастауы мүмкін. Ал ер адамдардың көбісі өміріндегі болып жатқан жағдайларды ішіне жинақтай береді. Егер оның қасында түсінетін жандары болмаса, оның өміріне қауіп төніп тұр деген сөз. Ал жасөспірімдердің арасындағы суицид көбіне ата-анама жанжалдасу, оқу орнындағы буллингтік оқиғалар, өтпелі кезеңдегі жауапсыз махаббат себеп болуы да мүмкін. Бірақ мұндай жағдайға түскендердің барлығы суицидке бара бермейді. Себебі адамның менталды саулығы, психологиялық күйі маңызды болса, оның сыртқы ортадағы әртүрлі қиындықтарға төтеп беруіне көмектеседі», – дейді психолог-суицидолог.
Сонымен қатар елімізде соңғы жылдары әскери қызметкерлердің де жаппай суицид жасауы алаңдатып отыр. Бас әскери прокурордың Бірінші орынбасары Мақсат Қазиевтің мәліметінше, 2020 жылдан бері елімізде 270 әскери қызметкер қаза тапқан. Нақты есеппен айтқанда, 2020 жылы 78 азамат қайтыс болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 96 адамға жеткен. Ал биылғы, яғни 2023 жыл басындағы дерек бойынша 11 әскери қызметкер суицид жасаған.
Оның себебін Мақсат Қазиев былай деп түсіндіріп берді:
«Суицид жағдайлары бәрімізді алаңдатып отырған мәселе. Елімізде өлімнің 36 пайызы аурудан, 24 пайызы жол-көлік оқиғаларынан болса, 20 пайызы суицидтің салдарынан болып отыр. Біздің әскерлердегі суицидтің алдын алуды талдау нәтижелері көрсеткендей, әскерилердің көбісі өзара келеңсіз оқиғалардың салдарынан өз-өзіне қол жұмсауға барып отыр. Дегенмен елімізде жаппай әскерилер суицид жасайды дегенмен келіспеймін. Себебі Қазақстанда Құқықтық статистика комитетінің нақты ресми дерегіне сүйенсек, 17631 суицид және 21332 әрекет тіркелген. Оның ішінде әскерде 86 суицид, 20 өзін-өзі өлтіру әрекеті, яғни 10 мың іскери қызметкерге шаққанда 6 суицид және 1 әрекет тіркелді. Демек, әскерде өзін-өзі өлтіру жиі орын алады деген қоғамдық пікірді ресми деректер растамайды», – дейді.
Ал Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов Қорғаныс министрлігінің бастамасымен суицидтің алдын алуға қатысты тиісті шаралардың атқарылып келе жатқандығын айтады. Оның түсіндіруінше, «Өмірге қамқор бол» арнайы ведомствоаралық бағдарламасы 2025 жылға дейінгі барлық спектрді қамтиды. Және аталмыш бағдарлама барлық күш құрылымдары мен мүдделі мемлекеттік органдарды қамти отырып, тиісті тәжірибеге негізделген іс-шаралар қамтылып келеді.