Өз ұлтын өгей қылған қазақ қана

Қарағандыда мемлекеттік тілдің еңсесі езіліп тұр. Еңкейген қариядан – балпанақтай балаға дейін Ата заңымызда жазылған ұлтаралық қатынас тілінде шүлдірлейді.
Мемлекеттік мекемелерде кез келген ақпаратты алу, оны тарату түгелдей орысша жүреді. Көшенің көрнекі жерлерін көбіне орыстілді жарнамалар жаулап алған. Соған қарағанда жерлестерімізді туған тілдің тағдыры алаңдатпайтын сияқты.
Тіл полициясын құру арқылы қазақ тілін сақтап қаламыз
Диссидент жазушы Кәмел Жүністегі елімізде осындай жүйе орнатуды үздіксіз айтып, талмай жазып келеді. Бұл жолы да қарымды қаламгер пікірін бүкпесіз жеткізді.
– Тіл құрыса ұлт жұтылады. Тың игеру кезеңінде менің әкем Шет аудандық атқару комитетінде жауапты қызметте болды. Сталиндік сойқан заманда әкем бірде қызмет барысында грамматикалық қатеге бой алдырған екен. Іле қызметінен аластатты. Орыс тілінде сөйлеп, түсінетіні ескерілмеді. Орыс тілі грамматикасының ұңғыл-шұңғылын бір жылдың ішінде меңгерген әкемді жұмысына қайта қабылдады. Қазіргі қазақ қоғамына осындай мәжбүрлік жүйені орнататын уақыт келді. Ол үшін Қазақстанда тіл полициясын құрған жөн. Құзыретті орган қажет болса, қоғамдық ортада, көшеде өзге тілде сөйлейтін қазақтарға айыппұл салу керек. Мұндай тәжірибе Францияда бар. Олар француз тілін білмейтін, емлесін бұзған өз ұлтының өкілдерін жауапқа тартады.
Мен айтқан жазалауды елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдеріне қолданудың қажеті жоқ. Тек осындай амалмен ғана қазақ тілін сақтап қала аламыз. Бар кілтипан өзімізден шығып отыр емес пе? Олай дейтінім, Қарағандыда немересімен орысша сөйлесетін қаракөз қариялардың қарасы қалың. «Бөріктінің намысы бір» дейтін заман келмеске кеткені ме деп кейимін. Бірде облыс орталығындағы көшемен келе жатқанымда жасы қырықтың шамасындағы қазақ жігіті баласымен ұлтаралық тілде сөйлесіп келе жатыр екен. Әлпетіне қарап, мін түсінер бауыр болар деп: «Мұның қалай?» деп едім, әлгінің түсі сұрланып, «Что тебя нужно?» деп, маған дүрсе қоя берді. Ұлтымның арын аяққа таптағанына кейіп, өз отыма өзім күйдім, – дейді тоталитарлық жүйенің құқайын тартқан жазушы.
«Тартады аққу – көкке, шаян – кейін...»
Тіл тағдыры әр қазақты толғандыруы тиіс. Өкінішке қарай, мұны кейінгі буын түгіл, аға буын өкілдері әлі жете түсінбей отыр. Жетпіс жыл тоталитарлық жүйенің бодауында болған қазақ туған тілін кенжелетуден арыла алмай келеді. Еліміз тәуелсіздік алғалы 30 жыл болды. Дербестікке қол жеткізуді бабаларымыз ғасырлар бойы көксегені аян. Десек те, кеңестік қалыбымыздан өзгере қоймадық. Н.Назарбаев: «Еліміздегі ұлттарды ұйыстыратын тіл – қазақ тілі», – деп, ынтық көңілдерге жол ашып берді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тілі болатын кезеңге келіп жетті», – деп, мемлекеттік тілдің абыройын айқын меңзеді. Ендеше мемлекет қайраткерлерінің керім бастамаларын кері кетіріп, кежегесінен тартып отырған кімдер? Ол – орыс, неміс, корей, ұйғыр, шешен емес, өзіміз.
–Ұлтым орыс болса да, қаршадай кезімнен қазақ көршілермен қазақ тілінде сөйлестім. Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген ұстазым өз кәсібінің шебері еді. Ол әр сабағын қызықты өткізетін. Менің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігімді оятқан сол ұлы ұстазым еді. Кейін қазақ -түрік лицейіне түскенде де, ондағы аталмыш пәнді оқытқан мұғалімдерім ілкімді қадамымды ұштады. Қазақша жатық сөйлеуге дағдыланып қана қоймай, лицей өмірінен сыр шертетін газет шығарып, оның бас редакторы болдым. Осылайша қазақ тілі өмірімнің айнымас бөлшегіне айналды. Менің талабымнан өнеге алған анам қазақша үйренді. Құрдастарымның арасында әр ұлттың өкілдері бар. Олар қазақ тілін құрметтейді, аздап біледі. Қажет болса, қатынас тіліне айналдыруға бейілді.
Ең өкініштісі, байтақ елдің бай тілін қазақ достарым қажетсінбей жүргеніне қатты қиналамын. Жергілікті ұлт өкілдерінен құралған достарыммен қазақша сөйлей бастасам, олар: «Несіне қиналасың? Бізге де жеңіл болсын, орысша айтшы» деп қолқа салады. Бұл өз ортамдағы жағдай. Бұдан сорақы жайтты білемін. Менің туысқан інім Қарағанды қаласындағы колледждің бірінде оқыды. Ұлты орыс дегені болмаса, қазақ тілін жақсы меңгерген. Оқуын үздік бағалармен бітірді. Бірақ дипломында тек бір ғана төрттік баға бар. Оның өзі қазақ әдебиетінен. Парадокс дерсіз. Ол қазақ тілі мен әдебиетінен мемлекеттік сынақ тапсырардың алдында мол білім жинады. Емтиханда пән мұғалімі: «Сенің ұлтың – орыс. Бәрібір қазақ тілін қазақтан артық білмейсің!» – деп бетін қайтарып, бағасын түсірген. Келемеждеу ме, кеміту ме? Осындай орашолақ ойлайтын, мамандығына кездейсоқ келген ұстаздар орта және жоғары оқу орындарында кездесіп қалады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстанда әлі күнге дейін қазақ тілін қысқа уақытта жылдам әрі оңай үйретуге арналған әдістемелік оқулық жоқ, – дейді қазақ және орыстілді жасөспірімдер мен жастарға ағылшын тілін үйрету курсының жетекшісі Сергей Зорин.
Әр өңірде бостандық алған елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтайтын діні, ділі басқа жастар аз емес. Төл тілді төмендетіп, аға тілдің мерейін үстем ететін қандастарымыз жоғарыда айтылған әдеттен арылмаса, 30 тұрмақ, 60 жылдың өзінде Қазақстан қазақшалана қоймасы кәдік.