Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:47

«Өзі жоқтың көзі жоқ»

Қайсар Қауымбек

Әмірхан Балқыбек ағамыз өмірден озған кезде де «ойбай жанында болып едік, мен дегенде осындай еді, мынадай еді...» деген естеліктер көп айтылды ғой.

 Студент жігіттермен бірге Әмірхан ағамызға жақын болдық. Әңгімесін тыңдай бергіміз келетін. Бар болғаны «сен ұлы ақынсың ей!» дейтін. Сөйтсек, оны жақсы көрген бауырларының бәріне айтады екен ғой. Ешкімді алаламайтын, ешкімді бөле жармайтын. Шын жақсы көрді, бауырына басты. Көбінде КазГУ-дің маңайындағы сыраханаларға ертіп келетін. Мінезінің қыр-сырына қанықпын дей алам. Аса интеллигент тұлға ғой. Біреуді ұнатса да, ұнатпаса да, маймөңкелеп отыратын адам емес. Өмірден өткенде біраз інілері «Әмірхантанушы» боп шыға келді. Көбінің айтатыны – «мені осылай бағалап еді, мені жақыны көріп еді» деген әңгімелер. Шамасы ағамыздың жаңағы «Ұлы ақынсың» дегеніне әлі сеніп жүретін болса керек. Көзінің тірісінде айтылмаған мадақ пен өз басына ғана керек мақтан. Әмірханмен деңгейлес едім дегенді емексіткісі келеді баяғы. Әмірхан қайда, біз қайда?!.  

Аруақтардың есебінен ұпай жинау деген бір қызық дүние секілді. Есенғали көкеміз қайтқанда да тура солай болды. Мен көкемізге аса жақын болдым дей алмаймын. Алдында әбестік жасап алам ба, артық пікір айтып қалам ба деп аздап именетінбіз. Әке мен баланың қарым-қатынасы секілді еді. Есесіне, жанымда жүретін біраз жігіттер ол кісіге бала боп кетті. Әрқайсысын өз ұлындай еркелетті. Ол кісі өмірден қайтқанда қалам ұстаған жігіттердің күйзелмегені жоқ шығар. Шын жанашыр адам еді. Ал сосын әлеуметтік желіде біраз жігіттер артықтау бөсіп кетіп жатқанын да оқыдық, көрдік. Көкемізді жоқтап тұрғандай емес, өзін мақтап тұрғандай әсер ететін мұндай жазбалар бірден-ақ көзге ұрып тұрады.

Мұхтар атамыздың қазасы, сезіне білетін адамға, қазақтың ұлы шыңы, зәу биігі, көз жетпес заңғары құлап түскендей әсер қалдырды. Өзіне ғана жарасатын «Мені» бар Мағауин кабинетіне кіргенімде орнынан атып тұрып қолымды алып еді, мақтап еді, мені жаттап еді» дегенге кім сенеді? Солай да «естеліктер» жазып жатыр ғой енді. Берсе ақ батасын берген шығар. Онда да орнынан ұшып тұрып, елпілдей қоймасы анық.

Ұлттың ұлы тұлғаларын өзімен иықтастырып қоятын мұндай пиғылды аруақ алдындағы қиянат дер едім. Олардың өмірінен шуақты естеліктер айтқан жақсы-ақ. Шығармасын білу, олар туралы ойлану тіптен дұрыс. Ал сондай тұлғалар «үнемі мен туралы ойлап жүреді» деп сезіну – комплекстің бір түрі шығар...

Тұрсынжан Шапай «Мақтанға мадақ» деген эссесінде мақтанудың түрлерін жазушы еді. Рас, мақтанға қашанда орын бар. Реті келсе, мақтанып тұрған да жөн. Бірақ сол аруақты күңірентіп, «өзі жоқтың көзі жоқ» деп, көзі тірісінде жария айтпаған сөзді айттырып және бір қолапайсыз кейіпте мақтанудың не жөні бар? Сол Тұрсынжан Шапай айтқан мақтандар мына мақтанның жанында әжептәуір адамгершілігі бар мақтандар екен-ау. Өлген адамды жоқтағансып, өзін көрсетіп, өзін мақтатуды қалай сипаттарыңды да білмей қиналасың кәдімгідей. Бұндайда бір ғана ұстаным бар. Кім сенің сөзіңді өтірік дей алады? Жаныңда болған бірі жоқ. Айт, мақтан әкесін танытып. Айттыр небір теңеуді. Кім біліп жатыр – «Өзі жоқтың көзі жоқ».

Қайсар Қауымбек