Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:20, 26 Мамыр 2025

Өзбек боксшылары рейтингте көш бастады, қазақстандықтар артта қалды

бокс
Фото: olimpic.uz

BoxRec статистикалық платформасы барлық салмақ дәрежелерін ескере отырып, үздік әуесқой боксшылардың жаңартылған әлемдік рейтингін жариялады. 

Бұл тізім салмақ категориясына қарамастан үздіктерді анықтайтын P4P (Pound for Pound) жүйесіне негізделген.

BoxRec өкілдерінің айтуынша, рейтинг толығымен алгоритм арқылы жасалады. Мұнда боксшының қарсыластарының деңгейі, жеңістерінің сапасы, белсенділігі секілді бірқатар маңызды факторлар ескеріледі. Көп жағдайда бұл тізім спортшылардың нақты деңгейін, тіпті бүкіл елдің бокстағы орнын көрсетеді.

2024 жылғы Париж Олимпиадасы бұл рейтингке айтарлықтай өзгеріс әкелген. Олимпиаданың жеті чемпионының бесеуі бірден ТОП-10 қатарына енсе, тек Асадхуджа Муйдинхуджаев пен Хасанбой Дусматов бұл тізімнен түсіп қалған. Себеп – олардың салмақ ауыстыруы: Муйдинхуджаев 71 келіден 65 келіге түскен, ал Дусматов 51 келіден 54 келіге көтерілген. Жаңа салмақтарында олар әлі шешуші жекпе-жектер өткізбегендіктен, рейтингте жоғары көтеріле алған жоқ.

Ал көш басында тұрған боксшылардың есімі күмән тудырмайды: өзбек спортшылары Баходир Жалолов, Абдумалик Халоков, ал украиналық Александр Хижняк алғашқы үштікті түйіндеп тұр. Өзбекстанның ұлттық құрамасынан бірден бес боксшы үздік ондыққа еніп, бұл елдің бокстағы қазіргі үстемдігін дәлелдеді.

Қазақстан тарапынан жалғыз ғана өкіл – Нұрбек Оралбай ТОП-10 қатарына кіріп отыр. Ол Париж Олимпиадасында жалғыз күміс медаль жеңіп алған болатын. Бұл оны BoxRec рейтингінде қазақ боксынан жалғыз үміт иесі ретінде ерекшелендіріп тұр.

Оралбай
Фото: ашық дереккөз

Алда қыркүйекте өтетін World Boxing аясындағы әлем чемпионаты бар. Бұл дода BoxRec рейтингіне тағы да елеулі өзгерістер енгізуі мүмкін. Дәл сол кезде ғана Қазақстан құрамасының Олимпиададан кейін қаншалықты ілгері басқаны немесе керісінше, тоқырауға ұшырағаны нақты көрініс табады.

Тегтер: