Өзбекстан АЭС салу бойынша Ресеймен келісім-шартқа қол қоюға дайын емес
Өзбекстанның энергетика вице-министрі Шерзод Ходжаев өзбек тарабы атом электр станциясын (АЭС) салу бойынша Ресеймен келісім-шартқа қол қоюға әзірге, дайын емес деп мәлімдеді.
Бұл туралы ол Podrobno.uz сайтына берген сұхбатында айтқан.
"Келісім-шартты әзірлеу үшін бізге уақыт керек. Өкінішке қарай, әзірге дайын емеспіз. Бір жағынан, бұл жаман. Себебі процесті біраз тежейді. Екінші жағынан алып қарағанда, әрбір келіссөз кезеңі біткеннен кейін өзбек тарабы үшін шарттар жақсарып жатыр. Кейбір сәттерді сәл кешігіп, бірақ жақсы шартпен жасаған абзал. Міне, қазір дәл сондай шақ туып тұр" деді ол.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда қазір өзбек және орыс жағы жобаның барлық параметрлерін мұқият зерттеп жатыр.
2018 жылы 19 қазанда Өзбекстан президент Шавкат Мирзияев және Ресей президенті Владимир Путин Жизақта атом электр станциясының құрылысын бастауға рұқсат беріп, символдық батырманы басқан еді.
Былтыр 3 қыркүйекте "Росатом" басшысы Алексей Лихачев Өзбекстанда атом электр станциясының құрылысы 2020 жылы басталады деп айтқан. Алайда ТАСС агенттігі станция құрылысы 2022 жылы басталады деп хабарлаған.
Қазір ресейлік "Атомстройэкспорт" компаниясы АЭС салатын орында инженерлік-іздестіру жұмыстарының екінші кезеңін жүргізіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Өзбекстанның АЭС салу жоспарына Қазақстандағы реакция
Telegram бізге жазылыңыз