Өзбекстан президентінің қызы жаңа лауазымға тағайындалды
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев жаңа Америка–Өзбекстан іскерлік және инвестициялық кеңесін құру туралы жарлыққа қол қойды.
Жаңа құрылымның өзбек тарапының теңтөрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёва болып бекітілді. АҚШ тарапынан кеңесті президент өкілі басқарады, деп хабарлады Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі.
Кеңестің міндеттері
Кеңестің негізгі мақсаты – стратегиялық бизнес-бастамалар мен ірі инвестициялық және сауда жобаларын үйлестіру және келісу, сондай-ақ олардың іске асырылуын тұрақты бақылауда ұстау.
Сонымен қатар кеңес:
-
тарифтік келіссөздер жүргізуді,
-
Өзбекстанның IT Park өнімдерін АҚШ нарығына шығаруды ілгерілетуді
міндетіне алады.
Саида Мирзиёва — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қызы, елдің Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің бұрынғы жетекшісі, қазіргі уақытта Президент әкімшілігінің басшысы. Ол соңғы жылдары әлеуметтік саясат пен халықаралық имидж жобаларына белсене араласуымен, сондай-ақ реформалық көзқарастарымен көпшілік назарында жүр.
Жаңа кеңес АҚШ пен Өзбекстан арасындағы инвестициялық әріптестікті нығайтуға, сондай-ақ Ташкенттің экономикалық және технологиялық байланыстарын кеңейтуге бағытталған.