Өзбекстанда 30 наурыздан бастап әуежайлардың жұмысы тоқтайды
Өзбекстанда 30 наурыздан бастап барлық әуежайлардың жұмысы тоқтайды. Коронавируспен күрес жөніндегі арнайы республикалық комиссия осындай шешім қабылдады деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі.
"30 наурыз сағат 00.01-ден бастап 20 сәуір сағат 00.01-ге дейін Өзбекстандағы барлық әуежайлардың жұмысы тоқтайды, әуе қатынасы толық үзіледі" делінген ресми хабарламада.
Сенбі күні Азаттықтың Өзбек қызметі — Озодлик радиосы шамамен жүз өзбек азаматының Мәскеудегі "Внуково" әуежайында бір аптадан астам уақыттан бері тұрып жатқанын, елге апаратын чартерлік рейсті күтіп жатқанын хабарлаған. Стамбул әуежайында да чартерлік рейсті күтіп отырған өзбек азаматтары бар.
Өзбекстан ақпарат құралдарының хабарлауынша, билік шетелде қалып қалған өзбек азаматтарын елге қайтаруға күш салып жатыр. Дегенмен Стамбул және Мәскеу әуежайындағы азаматтардың еліне қашан қайтатыны белгісіз.
29 наурыз түнгі дерек бойынша, Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 144 адам болды. Емделіп жатқан 19 науқаста пневмония белгілері байқалған. Төрт науқастың жағдайы — ауыр. Екі науқастың жағдайы салыстырмалы түрде ауыр. 27-28 наурызда екі адам қайтыс болған.
Жексенбі, 29 наурызда билік жеті науқас айықты, бірақ карантинде қала береді деп мәлімдеді.