Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:35

Өзге депутаттар Сәрсембаевқа күледі, Қожаназаров өзіне күледі

Армения парламенті
Фото: Сергей Гриц / АР / ТАСС

Парламенттен репортаж

Елімізде отбасын құрғандардың жартысы ажырасып тынады. Былтырғы статистика осыны көрсеткен. Ал алимент төлей алмағандардан тәркіленген мүлік дүние жымқырудың нағыз ордасына айналған. Мәжілістегі Үкімет сағатында Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының проблемалары мен даму болашағы жайын сөз еткен әділет министрі Ерлан Сәрсембаев осындай көңіл құлазытар біршама статистика айтты. Елдің жайын әдемілеп айтамыз деп қызыл тілге ерік беріп, ыңғайсыз жайға қалған депутаттар да болды.

Сәрсембаевтың сүйкімсіз статистикасы

Алдымен министр айтқан келеңсіз жайттарды бір тізіп алалық. Бүгінде заң бойынша алиментін төлей алмай, қарыздар болып жүргендерге қолданылатын шаралардың ең соңғысы – әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту. Былтыр 4 642 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 745 іс қылмыстық жауапкершілік ретінде қаралған. Соның 461-і сотқа жіберіліп, 391-і сотталып тынған. Бірақ министр Сәрсембаев мұны мәселенің шешімі деп қарастырмайды. Себебі борышкерлердің алдымен балаларын асырауға деген ниеті жоқ. Отбасы қатынастарының әбден дағдарысқа түсуінен жағдай осыған жеткен. Соның дәлелі ретінде мынадай деректер келтіреді. Былтыр 124 774 отбасы құрылса, 61 080 отбасы ажырасып кеткен.

Сәрсембаев келтірген тағы бір жайт, алиментін төлей алмай, тәркіленген мүліктерге қатысты. Істің басында отырған әккілер әдісін тауып, дүние-мүлікті төмен бағамен сатып, пайда табуға көшкен. Министр оның жолын айтып берді. Алдымен сатып алушы жоғары баға ұсынады. Сосын жеңімпаз деп танылғаннан кейін төлем жасаудан бас тартады. Нәтижесінде бағаны көтерумен өткен аукцион өтпеді деп танылады, ал мүлік бағаны төмендету әдісімен қайта шығарылады. Баға төмендетілгеннен кейін әлгі тұлғалар әрекеттер мен қадамдар тізбегін өте қысқа уақытта бекітетін арнайы бағдарлама пайдаланады.

«Мысалы, Астанада төмендету әдісімен өткен саудада аукцион жеңімпазы мүліктің бағасын 0,2 секундта немесе бір секундтан аз уақытта растаған. Нәтижесінде мүлік нарықтық құны 100 млн теңгеден 13 есе төмен, бар-жоғы 7,5 млн теңгеге сатылды. Дәл осындай мысал Ақмола облысында да анықталды, онда осы схема арқылы жер телімі бастапқы құнынан 15 есе арзан, 2 млн теңгеге сатылған», – дейді Ерлан Сәрсембаев.

Есбаева Сәрсембаевтың тілін байлады

Алдына келген министрді сұрақ қоймай жібергісі келмейтін мәжілісмендердің легін Магеррам Магеррамов бастады. Алимент төлеу мәселесіндегі бірқатар қиындықты атап өтіп, сол мәселенің шешімі ретінде мемлекеттік алимент қорын құру жайын сұраған. Сұрағы қарапайым әрі нақты еді, ондай қор керек пе, жоқ па?

Бірақ министр нақты сұраққа нақты жауап берудің орнына басын статистикадан бастап, соңын ой түкпірінде жатқан отбасы құндылығы туралы толғамымен созыңқырап жіберді. Айтуынша, осы күндері 12 мың борышкер төлем қабілеті болмай, қызыл деңгейде тұр. Солар үшін арнайы қор құрылатын болса, ол біріншіден, республикалық бюджетке қосымша жүк. Екіншіден, борышкерлер үшін «менсіз де төлейтін жер бар» деген бейқам түсінік қалыптастырады. Сондықтан бірнеше рет өткен талқылау барысында мұндай жоба министрліктің өз ішінде қолдау таппаған.

Ал әлгі 12 мың адамға енді әкімшілік не қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Бірақ министрдің сөзінше, ол қанша жерден қатаң шара болғанымен, бәрібір мәселені шешпейді. Өйткені қазіргі қоғамда салтымыздағы бұрынғы отбасы құндылығы түсінігі ұмытыла бастаған. Отбасы деген құр екі адамның бас қосуы емес. Сонымен бірге, зор жауапкершілік деген сыңайдағы тебіренісін айтып барып тоқтаған.

Осыған келгенде жиынды жүргізіп отырған Дания Есбаеваның төзімі таусылды ма, министрге ескерту жасап, енді жауап бергенде шұбалаңқы сөзден қысқа жауапқа өтуін сұрады. Есбаеваның шорт кесуі де бекер емес. Соңғы кездері мәжіліс отырыстары үш сағатсыз бітпейтін болып барады. Сайлаушыларынан жиып-теріп келген мәселелерін министрдің тікелей өзіне айтып қалу үшін сұрақ қоюға бірі қалмай кезекке жазылып жатады.

Есбаеваның ескертуінен соң министрді мұнша сасып қалады деп кім ойлаған?! Төрдегі ханымның сөзінен қатты секем алып қалды ма, жарытып сөйлеуден қалды. Магеррамовтан кейін сөз алған Ержан Бейсенбаев үш жыл бұрын айтылған мәселені көтерген еді. 2022 жылы мерзімі өтіп кеткен атқару құжаттары бойынша борышкерлерді бірыңғай тізімнен шығару процесін автоматтандыру шараларын қабылдау ұсынылған. Арада осынша уақыт өтсе де мәселе жабулы қазан күйінде қалып, аты-жөні тізімде жүрген борышкерлердің бір парасы тіршілігін айналдыра алмай отыр екен. Соның қашан жасалатынын білгісі келген.

Депутаттың дерек-дәйегімен қағазға жазып келіп, асықпай оқыған толымды сұрағына Сәрсембаев жауабын жалғыз сөйлеммен қайыра салды. Көтеріп отырған мәселесін жыл аяғына дейін орындайтынын айтты да қойды. «Қысқа сөйле» дегенге тым шолтитып тастағаны залда отырғанның бәрін күлкіге қарық қылды.

Қожаназаровтың жаңылтпаш мақалы

Әділет министрінен әділдік талап етіп, бұрышқа бір тақаған Екатерина Смолякова мен Бақытжан Базарбек болды. Смолякованың сөзінше, Бас прокуратураның 2021-2022 жылдардағы жеке сот орындаушыларын тексеру нәтижесінде 660-тан астам қаржы жымқыру дерегі анықталған, нәтижесінде 1,1 млрд теңге ұрланған.

Әріптесінің бұл сөзін Бақытжан Базарбек сәтті жалғап әкетті. Өзі заңгер болған соң заң тілімен сөйлеуді жақсы меңгерген депутат өз саласының министрі алдына келіп тұрғанда неге бір осып алмасқа? Оның айтуынша, қазір 29 сот орындаушы ұйымның бәрі жұмыс істеп жатыр. Ендеше, министрлік лицензиядан айырғаны қайсы?

Бас прокуратура олардың лицензиясын тоқтату туралы 2022 жылдың жазында нұсқама берген. Сол нұсқамаға сай министрлік көрсетілген сот орындаушыларына тиісті шарасын қолданып, нәтижесін көрсетіп, есеп беруге тиіс болған. Бірақ арада үш жыл өтсе де бірінің де мұрты қисаймаған. Сайтын көрсетіп, нарықта емін-еркін жұмысын істеп жатыр.

Сәрсембаев лицензиядан айыру оңай жасала қоятын шаруа емес деп шырылдап кетті. Оның сөзінше, біріншіден, лицензия мәселесі сот арқылы ғана шешіледі. Өйткені министрлік өкілдері сотқа арыз беріп, тиісті айғақ-дәлелін ұсынып, соттың сөзін жеткізу керек. Екіншіден, мәселе дәлелдің жеткіліксіздігіне келіп тіреліп тұр. Сол үшін электронды платформаның мүмкіндігін арттыру қажет дейді. Сонда ғана борышкердің де, тәркілеушінің де қолында құжат жүзіндегі дәлелі болады. Нәтижесінде сот орындаушыға шара қолдану да, сот органдарына үкім шығару да жеңілдейді.

Қызықтың көкесін Айдарбек Қожаназаров жасады. Соңғы кездері жұртқа қазақылық қырын көп танытқысы кеп жүргені әлеуметтік желілерден байқалатын. Ауыл-елді аралап, дәстүрлі киініп, атқа мініп, тіпті Кенесарының басына зиярат етіп қайтқанына дейін желідегі жазбаларынан біліп жүрміз. Соның логикалық жалғасы іспетті «Көкпар» федерациясының президенті болып сайланды.

Бәрін қатырып келгенде Айдарбек мырзаның ұлтшылдық қыры тілінен көрінбей-ақ қойды. Былайғы тіршілігінде өзгенің тілін қолданып келген тіл мен жақ нағыз керек жеріне келгенде қазақшасын судай сапырып отырудың орнына мүдіреді де қалады. Кешегі отырыста да үдеден шықпай қалғаны енді өзіне сабақ болатын шығар.

Сондағы айтпағы, мақал араласқан бір ауыз сөйлем. Екінің бірінің аузында жүрген жаттанды нақыл мәжіліс депутатының аузынан жаңылтпаш болып шықты: «қазаннан қақпат кет-сет-се, иттен ұят кетеді». Сөйлемінің сәтсіз шығып жатқанын басталмай жатып өзі де сезді. Оқып бітпей жатып өзінің жүзіне күлкі ұялай бастады.

Сот орындаушыларына келгенде депутаттардың айтары іште жиналып-ақ қалған екен. Үкімет сағатын үш сағаттан асырып барып әрең тоқтады. Енді депутаттардың өздеріне айтар сөзін белгіленген уақытқа сыйдырып үйрену керек сияқты. Әйтпесе, соңына қарай сөз алғандардың дайындап келген мәтіні құр қалып, тек негізгі деген ұсынысын айтып қана үлгерді.

Ербол Тұрымбет

Астана