Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:31, 07 Қазан 2023

«Өзіңе қызмет қылмай, ұлтқа қызмет ете алмайсың»

7
Фото: из открытых источников

Ұлт мүддесінің атын жамылып, өз мүддесін көздейтіндер әр кезде де болады. Бір биеден ала да, құла да туады демей ме?

Бірақ ештеңеге қарамастан, ұлт мүддесіне үлес қосамын деп тырысқандардың бәрін жақсы деп санаған дұрыс болады. Өйткені біз әбден «ұлтсызданып болған» ұлтпыз ғой. Бір кездері ұлттық болмысымыз бен құндылықтарымыз әлсіреп кеткен еді. Ал бүгінгі күні таразы басы теңесіп келеді, «ұлтым үшін» деген рух күшейіп тұр. Шамасы келсін, келмесін, тырысып жатқандар баршылық. Бір ескерерлігі, ұлттық мүддеге қызмет ету үшін білім мен интеллект керек. Ал жастарға бәрің бірдей сондай бол деп қалай айтасың? Өйтіп басып тастауға да болмайды. Уақыт өте келе, солай-солай көсемдер шығады. Бір қырынан қарасақ, бұл да уақытша құбылыс секілді. Түптің-түбінде нағыз мықтылар өзі-ақ сұрыпталады. Дейтұрғанмен рухани серпіліс, өзгеруге деген ұмтылыс бар екені қуантады.

Ұлт мүддесіне қызмет ету дегеннің өзі – халыққа жаның ашу деген сөз. Жаны ашитын, шын ойлайтын адам қоғамды, ондағы құбылыстарды көріп, бей-жай отыра алмайды. Абай секілді ұрысып айтуға да болады, ақылмен айтуға да болады. Қалай айтса да, әрекетсіздіктен жақсы. Ал қарақан басын ғана ойлайтындар өз кезегінде көрініп, білініп қалады. Сол себептен де көптің ішінен суырылып шыққан азаматтардың ниеті түзу екеніне көз жетіп тұрса, оларды барынша қолдау керек.

Абай дегеннен шығады, ұлт мүддесі үшін қызметті Абай мен Шәкерім бастап берді. Ал осы ұлылардың тәрбиесін көрген алаш арыстары сол ізбен ұлт мүддесі үшін еңбек етті. Бәріміз білетіндей, ұлтшыл деп айыпталып, атылды да. Мұхтар Әуезовті де атап айтқан жөн. Ілияс Омаров та үндемей жүріп біраз дүние тындырды. Ақын, журналистердің ішінде де көп.

Абай өзі биліктің отарлаудағы қитұрқы істерін, амалдарын, бәрін білді. Бірақ тура айта алмады. Өйткені заман сондай еді, сотталып кетесің, айдалып кетесің. Бірақ «Сегізаяқтан» бастап, қай туындысы болсын астарлап, ауыр ойларды жеткізеді. Ал санасы бар, ақылды адам оны түсінеді. Соны Әлихан, Ахметтер қалай ұқты десеңші?! Абайдың сара жолымен кетті лаулап шіркіндер. Міне, олар ұлт мүддесі үшін аянбай еңбектенгендер. Қазір сондай бір-екі мықты тұлға шықса, халық қолдауға, еруге дайын. Бірақ ешкім жоқ. Ұлттық мүдде туралы сөз қозғалса айналып барып Алашты айтатынымыз да осыдан. Себебі сол, мына нарықтық заманда әркім өзін ойлайды. Бұған бұрынғы президенттің саясаты да әсер еткенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан халықты кінәлауға болмайды. Саяси ахуал, қоғамдағы иірім солай болды.

Мәселен, бір ғана мықты министр болса, талай қордаланған мәселені шешуші еді. Соның ішінде қазақ тілінің жайы. Халық болып қолдаған нәрсе, бірақ бірде-бір адам іске асырып, реттей алмай отыр. Қайсыбірі болса да тартыншақтап, қашады. «Пайда ойлама, ар ойла» деген Абайдың сөзі керісінше келіп отыр. Арды тастап, пайдасын ғана ойлап жүргендер әйтеуір...

Тағы бір айта кетерлік жай, ұлт мүддесі деген ұғымды орайы келсін-келмесін айтып, қадірін кетіруге болмайды. «Жақсылар мен жақсымын деп айқайламайды» дегендей, нәтижелі істерді «ұлт мүддесі» деп айқайламай-ақ жасауға болады. Бұлай көпіре беру жақсы тенденция емес. Салмақты істер халыққа пайдасын бергенде өзі-ақ көрінеді. Ал солай шынайы ұлт мүддесі үшін еңбектенгендердің есімі мен істері насихатталуы керек.

Мысалы мен айқайлап, мақтанбай-ақ өз ісімді өзім үшін жасап жүрмін. Абай айтады ғой: «Ынталы жүрек, шын пейіл, өзгесі хаққа жол емес». Хақ деген шындық. Бүгінде шындықты емес, мансап, атақ, медаль алғысы келіп, тыраштанатындар көптің қасы. Мен өз тіршілігімді жасап, көптеген кітап, зерттеу мақалалар жаздым. Соның ішінде екі-үш жыл бұрын Абайдың екі томдығын советтік үлгіден арылтып, жаңа үлгіде жасап шықтым. Осының бәрін ұлт үшін жасаймын, бірақ ұлт мүддесі үшін қызмет етіп жүрмін деп мақтанбаймын. Алдымен өзіңе қызмет қыласың. Еңбектің бағасын тарих, ұрпақ өзі береді.

Асан Омар, абайтанушы