Озод – Азат, Ройхон – Райхан бола алмай жүр. Неге?
Іргедегі көршіміз өзбектердің құшағы кең халық екендігін мойындау керек. Кеңдігі соншалықты, айналдырған соңғы жарты ғасырда өзбектер, кем дегенде, өзге ұлттың 10 миллион өкілін өзбекке айналдырып, өздеріне сіңіріп жіберді, деген мәліметтер кездеседі.
Өзге халықтарды өзбектендірудің бір жолы азаматтың тегін құжат жүзінде өзбекшелеу. Осылайша, ешкімді тегіне, түріне, тіліне қарамастан, өзекке теппей, өзіне тарта отырып, өзбекшелеу саясатының нәтижесінде, бүгінде өзбектер отыз миллионнан асып, Орталық Азиядағы саны жағынан ең көп халық атанып отыр. Ал біз Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да әлі күнге қазақыландырудың қыр-сырын игере алмай келеміз… Өзбектерден үйренетін нәрсе көп.
Жақында редакцияға Сарыағаш ауданынан «Жас Алаштың» оқырмандарының бірі, қоғам белсендісі Хамит Қыдырбайұлы деген азамат хабарласты. Бұған дейін ауыл шаруашылығы, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты өзекті проблемаларды көтеріп, жиі байланысып тұратын оқырманымыз бұл жолы құжаттарда аты-жөні өзбекше жазылып кеткен қазақтар туралы мәселе қозғады. Жо-жоқ, Өзбекстанда тұратын қазақтар емес, Қазақстанда, өз отанында жүрген қазақтар туралы.
– Тәуелсіздік алғалы бері елімізге 1 миллион оралман көшіп келді деген мәлімет жиі айтылады. Қандастарымыздың 90 пайызы Өзбекстаннан қоныс аударғандар. Олардың көпшілігі Түркістан облысына, соның ішінде, шекарадағы Сарыағаш ауданына көшіп келген. Сол бауырларымыздың арасында аты-жөні, тегі құжатта өзбекше жазылып, оны әлі күнге қазақшалай алмай жүргендер бар. Мәселен, өзіміздің Азат бауырымыздың аты төлқұжатта Озод, Нұрдәулет – Нурдавлат болып кеткен. Кейбірінің төлқұжатындағы «уғли» деген өзбекше сөздер де өзгермеген. Бұл үшін өзбектерді кінәлауға болмайды. Өйткені Өзбекстанда өзбек тілі мемекеттік тіл болғандықтан, туу туралы куәлігіне баланың аты-жөні өзбек тілінің ерекшелігін сақтай отырып жазылады. Ал енді олар Қазақстанға көшіп келген соң, аты-жөнін төлқұжатта қазақша жаздыра алмай жүр. Себебі Халыққа қызмет көрсету орталығында отырған көші-қон қызметіндегілер «Өзбекстанға барып, анықтама алып кел», дейді. Ол жақтағылар анықтаманы бере қоймайды. Қысқасы, тегін қазақшалаймын дегендер әжептәуір әуре-сарсаңға салынады. Осыдан кейін менен келіп көмек сұрайды. «Өз елімізде аты-жөнімізді қазақшалай алмай жүргенімізге намысым келеді, төлқұжатта жазылған аты-жөнімізді біреуге көрсетуге ұяламыз», дейді. Күні кеше осы жөнінде тағы бірнеше азамат хабарласты. Мәселен, бір азаматшаның аты-жөні төлқұжатта Болтаева Ройхон деп жазылған. Ол қазақшаланғанда, Балтаева Райхан болуы тиіс емес пе? Нұрбол-Нурбул деп жазылған. Мейірман – Майрман болып жүр. Бақтыгүл-Бактигул болып кеткен. Себебі олардың бәрінің Өзбекстанда берілген туу туралы куәлігінде аты-жөні осылайша, өзбекше жазылған. Ал енді өздерінің тарихи отандарына келген кезде олар неге аты-жөндерін қазақыландыра алмайды? Оларды әурешілікке салудың не қажеті бар? – дейді Хамит Қыдырбайұлы.
Азаматтарды құжаттандырумен көші-қон қызметі, яғни, ішкі істер органдарының айналысатыны белгілі. Сондықтан біз мәселенің мән-жайын білу үшін Түркістан облыстық Полиция департаментімен хабарласқан болатынбыз. Баспасөз қызметі арқылы жолданған мәліметке қарағанда, мұндай жағдайда азаматтар сотқа жүгінулері тиіс. Сот шешімімен АХАТ бөлімі арқылы жаңадан туу туралы куәлік алулары керек. Соның негізінде, құжаттарын ауыстырады. Азаматтың құжатта аты-жөні қате жазылып кетсе, ол бірінші кезекте АХАТ арқылы түзетіледі екен. Өйткені заң талабы осындай. Көші-қон қызметіндегілер егер азамат осы жағын реттесе, төлқұжатын тез арада қайта жасап беруге көмектесе алатындықтарын алға тартып отыр.
Жалпы, отыз жылдан астам уақыттың ішінде аты-жөнімізді, тегімізді құжат жүзінде қазақыландыруды ретке келтіре алмағанымыз ащы да болса, ақиқат. Кеңес одағының кезінде дүниеге келген азаматтардың барлығының туу туралы куәлігінде тегі, әкесінің аты «ов», «ев», «ович», «евич» болып жазылды. Бертінде төлқұжатқа туу туралы куәліктен көшіріле салынды. Сол себепті көптеген қандастарымыздың аты-жөні құжат жүзінде дүбәрә. Мұның бір ұшы өзіміздің құнтсыздығымызға барып тіреледі. Бұған құжаттандырумен айналысатын мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлердің сауатсыздығы, осы жұмыстың бір ізге түспегені, жүйелендірілмегені де кері әсерін тигізіп отырғаны рас.
Аты-жөнінің құжатта қазақша жазылуын талап еткен азаматтар неге әурешілікке түсуі керек? Үкіметтегі жауапты шенділер бұған не дейді?