Пәкістан қытайлық вакцинаны адамдарға сынап көруді мақұлдады
Пәкістан билігі Қытайда жасалған коронавирусқа қарсы вакинаны адамдарға сынап көруді мақұлдады.
Мемлекеттік денсаулық сақтау ұлттық институтының хабарлауынша, Пәкістанның дәрі-дәрмек қадағалау басқармасы қытайлық ғалымдар мен Пекин биотехнология инстуты бірігіп жасаған CanSinoBio вакцинасын кеңінен сынақтан өткізуге рұқсат берген.
Институт соңғы кезеңге таяған вакцинаны елде алғаш рет клиникалық сынақтан өткізетінін мәлімдеді. Институт мамандарының сөзіне қарағанда Пәкістан осылайша екпені елге жеткізу және бағасы бойынша да бірқатар артықшылыққа ие болмақ.
Коронавирусқа қарсы вакцина Қытай, Ресей, Чили, Аргентинада сынақтың соңғы кезеңінен өтіп жатыр. Мексика және Сауд Арабиясы клиникалық сынаққа қосылуды жоспарлап отыр.
Ресми мәлімет бойынша, Пәкістанда 290 мың адамға коронавирус жұққан, 6 мыңнан астам адам Covid-тен қайтыс болған.