Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовқа автокөлік сыйға тартылады
Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарында парабиатлоннан алтын медаль жеңіп алған қазақстандық спортшы Ербол Хамитовқа Chery Tiggo 7 автокөлігі сыйға беріледі.
Автокөліктің кілтін чемпион елге оралғаннан кейін кәсіпкер Нұрлан Смағұлов табыстауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, Ербол Хамитов Италияда өткен Паралимпиада-2026 ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Қазақстандық спортшы 4,5 шақырымдық отырып жарысатын биатлон спринт-пасьютінде бірінші орын иеленді. Ол қашықтықты 9:39,0 уақытта бағындырып, екінші атыс шебінде бір рет мүлт кеткен.
Күміс жүлдені украиналық Тарас Радь иеленді. Ол біздің спортшыдан 21,5 секундқа қалып қойды. Қола медаль қытайлық Лю Цзысюйге бұйырды (+32,5).
Қазақстандық спортшылардың нәтижелері:
Юрий Березин екі мәрте мүлт кетіп, 19-орын алды (+3:30,4);
Сергей Усольцев бес қателік жіберіп, 23-орынға тұрақтады (+4:43,9).
Айта кетейік, 10 наурызда Ербол Хамитов осы Паралимпиададағы Қазақстан құрамасының алғашқы медалін жеңіп алған еді. Ол шаңғы спринтінде қола жүлдеге ие болды.