Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:36, 29 Тамыз 2023

Паралимпиадалық спорт түрлері дамып келеді

None
None

Елімізде бочча паралипиадалық спорты дамып келеді. Бочча доп ойыны ағзадағы тірек-қозғалыс аппараттарының жұмысы әлсіз балалар мен ересектерге өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретін спорт түрлерінің бірі.

Ерекше қажеттілігі бар жандардың әртүрлі спортпен шұғылдануы мен сайыстарға қатысуы олардың денсаулығына, өмір салтына оң әсер етеді.

Қазіргі таңда Қазақстан бочча федерациясы осы бағытта қарқынды жұмыс істеп жатыр. Ресми түрде халықаралық Бочча федерациясына мүше болған біздің елде жаттықтыру жұмыстарынан бөлек турнирлер мен сайыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып жүр.

Мәселен, 2022 жылы республикалық турнирден жүлделі орын алған боччашылар тамыз айының 17-25 аралығында Польшада өткен халықаралық жарысқа барды. Қатысушылармен бірге сапарлап келген жаттықтырушылардың бірі Асан Итеновтің айтуынша бұл сайыс спортшылар мен жаттықтырушыларға үлкен тәжірибе болған.

– Мен 2021 жылдан бері боччадан жаттықтырушымын. Бұл ойын бір жағынан мұздағы керлингқа да аздап ұқсайды. Ойынды кішкентай қызыл және көк доптармен ойнайды, олар алты данадан. Және бір ақ доп болады, ол джекболл деп аталады. Ойынның мақсаты өз добыңды старттағы ақ допқа, яғни джекболлға барынша жақын лақтыру. Аталған спорт түрімен айналысу адамның концентрациясы мен физикалық күйін жақсартады.

Қазіргі таңда Алматы қаласында 10-12 адам бұл спорт түрімен тұрақты түрде айналысады. Ал Қазақстан бойынша 18 қалада дайындық орталықтары, секциялары жұмыс істейді. Алдағы уақытта көп спортшы тартамыз деген мақсатымыз бар. Әрі боччаны кәсіпқой деңгейге жеткізгіміз келеді. Осы үшін болашақта Алматыда және тағы 4 қалада спортшылардың кәсіпқойлығын арттыратын арнайы орталық ашылмақ.

Польшаға өткен жылы іріктеуден өткен, республикалық бочча додасынан жүлделі орын алған спортшылар барды. Сапар алдында екі апта бойы оқу-жаттығулар өтті. Дайындық қызу жүргізілді. Жеке және командалық есепте сайысқа түстік. Бірақ бұл жолы орын ала амадық. Алайда боччашылар әлемнің ең үздік ойыншыларының ойынын көріп, өте үлкен тәжірибе жинақтады. Біз салыстырмалы түрде бұл спортқа жаңадан ғана келдік. Сондықтан жеңістер әлі алда. Қазақстан жеке емес, командалық ойындар арқылы көбірек ұпай алды. Әрі әлем елдері біздің үлкен командамызға қызыға қарады. Бочча әлеміндегі рейтингімізді көтердік. Соған өте қуаныштымыз. Ал қатысушыларымызда қуану да, жылау да, өкініш те, реніш те болды. Олар күрестің дәмін татты. Бірге болудың, қолдаудың, қабылдаудың маңызын түсінді. Физикалық, психологиялық дайындықтың мәнін ұғынды. Бәрі де бұрынғыдан көбірек жаттығамыз деген шабытпен келді. Спортпен шұғылдануға, денсаулықтарын жақсартуға мотивациялары артты, жаңа инсайттар алды. Енді қазан айында Қытайда болатын Азия паралимпиада ойындарына бармақпыз. Бұл жарысқа маусым айында өткен республикалық іріктеу ойындарында жеңіске жеткен спортшылар барады. Сонымен қатар Грекияда өтетін турнирге де бару жоспарымызда, – дейді Асан Итенов. Польшаға барып келген спортшылармен де тілдестік.

– Польшаға жақсы барып қайттық. Боччамен айналысқан маған қатты ұнайды. Қазір менің басты мақсатым – бочча бойынша спорт шебері атану. Спортпен 2021 жылдың аяғынан бері шұғылданып келемін. 2022 Қазақстан Астана қаласында болған чемпионаттан бірінші орын алдым. Алда Астанада тағы республика кубогы ойнатылады. Сол жарыста бірінші орын алуға тырысып, үздіксіз жаттығып жатырмын, – дейді спортшы Бақытжан Омашев.

Тегтер: