Парасат майданының суреткері

Ауыр қасіретті арқалап, жан азабын кешкен науқас, ақырында, ешқандай да бейтаныс хат жазушының жоқ екені, өзінің біресе ізгілік, енді бірде зұлымдық болып айтысып жүргені туралы ащы ақиқатқа көзі жетіп, өзіне-өзі қол салып өледі.
Повестің басты кейіпкері қаза тапты. Бірақ рух тазалығы үшін болған шайқас әлі жалғасып жатыр. Зұлымдық салтанат құрып, үстемдігін жүргізіп тұрған замандағы парасат майданында сол ұлы ұрыста қиналып, азапқа түсетін бір жұмбақ әлем бар. Ол – адамның жаны. Жан өлген күні – Ізгілік өледі. Өмір өледі. Біз өлеміз...
***
Өнерге үлкен дайындықпен келген Төлен Әбдікұлы «Оң қол» әңгімесін жиырмадан асқан шағында жазып, әдебиет әлемін дүр сілкіндірді. Ал «Парасат майданы» секілді кемел туынды қаламгердің қаламынан алпысқа жақындап қалған шағында туды. Уақыт таразысымен өлшесек, көңіліңе алуан-алуан ой тағалайтын екі шығарманың өмірге келуінің арасын отыз жылдан астам уақыт бөліп тұр. Әрине, осы жылдардың ішінде Төкеңнің шығармашылық шабыты талай мәрте жемісін беріп, әдебиетіміздің баға жетпес байлығы болып қалатын талай-талай туындылар өмірге келді. Бірақ сол дүниелердің барлығы да, осы екі аралықты жалғап тұрған жазушы шығармашылығының алтын көпірі, «Парасат майданы» повесін туғызуға себепкер болған тізбекті туындылардай болып көрінеді маған.
Әдебиет табалдырығын аттауға мүмкіндік берген «Оң қол» әңгімесі Төлен Әбдікұлының өнердегі ұстанымының беташарын жасап берген алғашқы туындысы болды. Ал көркем туындыдан гөрі жазушының жан азабына көбірек ұқсайтын «Парасат майданы» повесінен өнердегі ұлы мақсатын зұлымдықпен күресуге арнаған шығарма авторының, сол парасат майданын қорытындылаған ойының түйінін танығандай боламыз. Дегенмен, «Тозақ оттары жымыңдайды», «Әке», «Ақиқат», «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт», «Қайырсыз жұма», «Өліара» секілді, осы екі шығарманың өмірге келуінің аралығында туған талай тамаша туындылардың көркемдік табиғатын таразыламайынша, Төкеңнің тамыры тереңге жайылған суреткерлік шеберлігін де толық тани алмайтынымыз басы ашық әңгіме.
Зады, өнердегі үлкен суреткерлердің барлығының да шығармашылық табиғатының күретамыры болып табылатын, індетіп өтетін өмірлік тақырыбы болады. Шекспирдің ақындық жанары пенделік болмыстағы екіжүзділікке қатты қадалды. Бальзак ақша құдіретінің күйретуші күшке айналып, адамдық табиғатымыздың тұнығын қалай лайлайтынын жырлады. Толстой пенде баласының болмысындағы жалғандыққа қарсы соғыс ашып, өмір бойы сонымен күресіп өтті. Чехов адамның бүкіл үмітін қиратып, ауызға алуға да тұрмайтын өлі жандардан мәңгі өлмейтін шығармашылық жасады. Жазушының жаны жыртысқа түсетін парасат майданында жүрген қатыгез талант Төлен Әбдікұлы болса, жылы сәуледен гөрі, қайғының бораны қаттырақ соғатын шығармалары арқылы, түптің түбінде адамзатты көрге тығатын зұлымдықпен өмір бойы айқасып келеді.
Байқадыңыз ба, суреткерлік табиғаты Чеховқа қатты ұқсайтын Төленнің шығармашылығында шамадан тыс қатыгездік те бар. Егер Толстой мен Достоевскийдің өнерлері Маслова мен Раскольников сияқты, өмір сүруге еш үміті қалмаған адамдардың жанын түнектен суырып алып тірілтіп жіберсе, Чехов пен Әбдікұлының шығармаларында ізгілік үшін күресуге тиіс ғажайып сәуленің өзі сөніп, адамның ең соңғы үміті талқандалып, зұлымдықтың өртінде жанып жатады. «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде жазушы Әбдікұлының өнердегі қатыгездігі Чеховтан да асып түсіп, зұлымдықтың қатал табиғатын көрсету үшін ол, тіпті тұтас бір тайпаның жанын құрбандыққа шалып жіберуден тайынбайды.
Хикаяда шаңырағы қиратылып, ортасына түскен араку тайпасының қалай жойылатыны баяндалғанымен, «Тозақ оттары жымыңдайды» повесін оқыған біздің бәріміз де ол шығармадан, қан жұтып, қасірет шегіп, зұлымдықтың отында жанып бара жатқан ұлтымыздың жаны мен аянышты тағдырын көргендей әсер алғанбыз.
Асылы, жазушы Әбдікұлы, өнердің тіл, форма, стиль т.с.с формальдық жағына ғана назар аудармай, Алланың талантқа аманат етіп арқалатып қойған ұлы мақсатын әлимсақтан дұрыс түсінгендіктен, қасаң қағида мен ғұмыры шектеулі идеологияның шылауына шырмалып кетпеген суреткер. Шерімізді тарқатып, қайғымызды жеңілдетіп, адамдық сүрлеуден адасып кетпеуді үйрететін оның ғажайып дастандарының барлығында да, пенделік мұратқа бағынбайтын, имандылық күнінің әсем шуағындай жарқыраған ізгілікті идея мен толғақты ой жатады.
Төлен шығармашылығынан жалған идеологияның тіршілігіне құндақталып, уақытша ғана қажеттіліктің қазанын қайнатып, пенделік мұратқа ғана қызмет етіп жатқан бірде-бір туындыны таба алмайсың. Оның қаламынан туған әңгіме, повесть, романдарының ішкі табиғатында, қоғамның зұлымдығы туғызған әділетсіздікке қарсы шығып, ар-ұяттың сөзін биіктен сөйлеген азаматтық үн мен өмірдің жабайы шындығына бағынғысы келмей бүлік бастайтын, ой мұңын емген адамдық парасат жатады. Жазушы Әбдікұлы заман сұранысы туғызған сайқал шындықты емес, зұлымдық салтанат құрған қоғамдағы, өмір топырағының астында көміліп қалған Құдайлық шындықты іздейтін суреткер. Суреткердің жанын шүберекке түйіп, сондай ұлы шындықты іздеген шығармаларының бірі – «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі.
Егер «Оң қол» әңгімесінде Алманың санасына батпандап кірген зұлымдық, байғұс қызды қылқындырып өлтірген болса, «Тозақ оттары жымыңдайды» повесінде енді сол тажалдың тұтас бір халыққа қалай ауыз салып, аяусыз жаныштап, қанға тұншықтырғанының куәгері боламыз.
Қоғамның ізгіліктен адалануы (дегуманизация), адам психикасының әбден ширығып, шегіне жетуі, әлемдік деңгейдегі апаттардың көбеюі, жауыздық, қастық, зорлық-зомбылықтың күшеюі – адам болмысын күйзеліске түсіреді, үрей шақырады. Қаламгер Т.Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайды» шығармасы адам баласының көп қалтарысты дүниесін ашуға септеседі. Туынды Янумаканың әңгімесінен басталады. Ол рухтар мен о дүниелік құбылыстар туралы әңгімелейді. «Кеш түсіп, қараңғылық орнайды. Орман алқабы қарауытып, кенет жоғары жақтағы адамдар мекенінен ғажайып оттар көрінеді. Оны көрген адам иә кәдімгі жарыққа, иә отқа ұқсата алмайды. Сонда Янумака «Тозақ оттары! Тозақ оттары жымыңдайды. Көріп тұрсыңдар ма? Тозақтың оты», – дейді күбірлеп. (Тамұқ – діни түсінік бойынша «күнәлі жандардың» өлгеннен кейін «о дүниедегі» жазаланатын орны. Діни ұғымда көр азабын «тозақ отын» бейнелейді. Тамұқ нанымы алғашқы қауымда жанның «о дүниеде өмір сүретіні» жөніндегі түсінікке байланысты шыққан). Араку тайпасына келген тынышсыздық бұл тайпа өмірінің астаң-кестеңін шығарып, тозаққа айналдырады. Ол – тозақ оттары болып жымыңдаған атылған оқ, адамға қауіп төндіретін соғыс. Ол енді адам баласына тозақ оттары болып елестемегенде ше? Бейбіт өмірден қол үзген адамның жаны тозақ оттарына түскендей азап шегетіні тағы да ақиқат. Отбасынан бастап, тұтас елдің күйреуі адамға ауыртпалық, қайғы-қасірет әкелді. Осы бір қауіп пен қатер адамның соңынан қалмай, өкшелеп қуып келеді.
Шығармадағы «Азаның ақыры» мейрамынан кейін көз жұмған Янумака соңында сол тозақ оттарын аузына алумен өмірден өтеді. Иә, қашсаң да құтылмайтын өлім, ақтық жол. Индеецтер тайпасына келген зауал адамзатты ойландыруы тиіс. «Адамның басы – Алланың добы». Өмір шіркіннің адамға барша қайшылығымен қымбат екені белгілі. Ендеше, тіршіліктің мәнін ұғып өткен жөн. Шығармада адамның тіршілік үшін күресі бейнеленеді. «Шешесі орманға кіргеннен кейін де ұзақ жүгірді. Мылтық дауысы саябырлаған кезде барып, Киякуді бауырына басқан күйі қалың шырмауықтың арасына құлай кетті. Қолындағы ортасынан сынған шолақ найзасын оңтайлап, айналасына ашынған аңның жүзіндей жабайы қызғанышпен жауыға қарады».
Өмірдің, тіршіліктің бағасы осыдан байқалады. Кейде тіршілікті тірі жан атаулыдан қызғанады адам баласы. Шығармада адамның өмірге құштар, жасампаздыққа жақын болатындығы сипатталады. Аз ғана индеецтердің күшінен жаратылыстың күші басым түсіп жатады. Бұл халықтың өмірге, күнге деген сүйіспеншілігі шығарманың өне бойынан байқалып отырады. Олар отанын «жасыл тозақ» дейді екен. Оның себебі ағаштары тұтасқан жасыл аймақтың қауіп-қатері көп. Олар: улы жыландар, ауру тарататын масалар, адамды түпсіз құрдымға тартатын батпақтар, адам жейтін балықтар. Алайда, шымыр да төзімді индеецтердің бұған шамасы жетер еді. Оларға басты қатер – ақ адамдар әкелген өркениет. Сондықтан елдің ендігі үміті тайпаның жөн-жоралғысын сақтап қалатын – аракудың сегізінші бақсысы Кияку болмақ. Қаламгер осы арқылы адам баласының түп-тамыры, ата-бабасының салты үшін күресін баяндайды. Бұл қаламгерлер бейнелеген кейіпкерлер кім болса да, қандай ортада өмір сүрсе де, адамзатқа ең қымбат құндылықтар туралы толғанады. Адамгершілік, әдемілік, адалдық пен мейірімділік – кейіпкерлер үшін мәңгілік құндылықтар.
Шығарманың басты кейіпкері Эдуард Бейкер мырза өркениет әлемінде төңкеріс жасаған – ұлы ғалым. Ол жасаған операциялардың сәтсіз аяқталғаны жоқ. Топырақтан адам жаратпағаны болмаса, қалғанының бәрі оның қолынан келеді. Бейкер мырза – моргта жатқан адамның өзін тірілтіп алған, медицинадағы феномен. Өмір сүруге еш үміті қалмаған науқастарды да аяғынан тік тұрғызып жіберген – нағыз сиқыршы.
Бір жағынан шыққан тегі мен бауырына басып әлдилеген топырағын ұмытып, даңқтың дәл осындай биік тұғырына көтерілген профессорды кіналауға да болмайтын шығар. Өркениет әлеміне ол өз еркімен келген жоқ қой, мүлде бейтаныс өмірге оны жаңқа құрлы көрмеген зұлым тағдырдың дауылы ұшырып әкелді. Әйтпесе, өркениетке қызмет етпек түгіл, ол өзінің ішкі арманында, оның быт-шытын шығарып қиратып, күлін көкке ұшырғысы келіп жүрген адам емес пе? Оралмайтын күндер үшін! Даңқты жылдар үшін!
О, Тәңірім-ау! Егер қарғыс атқыр өркениет болмағанда, Кияку-Бейкердің тағдырының бораны мүлде басқа жаққа қарай соғып, өмір-жайлауы мүлде басқаша жайқалушы еді-ау! Ол ата-бабаларынан қалған батырлықтың сарқытын ішіп, қанды жорықтарға аттанып, жұртты тамсандырып, қалаған қалыңдығын таңдап, үйленіп, бақуатты, барақат тірлік кешер еді. Ол берген сертіне адал болып, әкесі Чородан үйренген киелі шөптен жасайтын дәрісін, араку жұртын емдеу үшін ғана қолданар еді. Араку тайпасының сегіз бақсысының бірі болып мойындалған ол, керек болса тіпті өзінің сертінде тұрып, бауырлары үшін жанын пида етіп, нағыз оғыландай ерлікпен қаза табар еді. Ол...
Бірақ бәрі де оның армандағанынан басқаша болды. Қайғы жамылып, қасірет жастанып, тағдырдың жартасына соғылған Кияку-Бейкердің балалық арманының күлі көкке ұшты. Басына аспан құлағандай қайғыны көтере алмаған ол, кіндігін кескен халқының тағдырынан ажырап, жылдар өте асқақ армандарының қайда қалғанын ұмытып, өркениеттің адамына айналды. Ғылымға құлай беріліп, тынымсыз ізденіс пен адал еңбегінің арқасында адам баласының ақылы сенбейтін игілікке жетті. Бойындағы ерекше дарыны оны әлемдегі ең танымал адамға айналдырды. Оқиға күтпеген жерден күрт өзгермегенде, Бейкер мырза ештеңені де есіне алмай, өмірі қалыпты арнасымен аға беруі әбден ықтимал-тұғын.
Бейкер мырзадан италияндық Ливино Паллатели есімді журналистің сұхбат алуға келіп, екеуінің арасында болған әңгіме, оқиғаны мүлде басқа арнаға бұрып жібереді. Енді сіз, адамзат баласын Құдайдай табындырған құдірет иесінің емес, өткен өмірінің елесінен құтылу үшін, ұзақ жылдар бойы өзін-өзі алдаудан қажыған бейбақтың қабырғасын қайыстырған жан азабымен танысып, оған деген бір аяушылық сезім бойыңды билеп ала жөнеледі. Журналистпен әңгімелескеннен соң, профессордың ішінде бір алапат құйын көтеріліп, сезімдері өрмектің құрындай шайқалып қоя береді. Балалық шақтың белесінде қалып қойған өмірдің кермек дәмі есіне түсіп, сағыныштың саусақтары жан жарасының аузын тырнап жібереді. Сол уақытта ол өзінің ешқандай да ғұлама ғалым емес, араку тайпасының өкілі Кияку екенін есіне түсіріп, шын мәнісіндегі бақытты өмірінің терезесінен ойша сығалап, жанын қоярға жер таппай қиналады. Оқырманды еліктіріп әкететін негізгі оқиға осыдан соң басталады.
Повестегі негізгі оқиға басталмай тұрып, әуелі біз, бағзы замандардағы қазақтың нағыз батырларындай жүрегі жомарт, ештеңеден қорықпайтын, рухы асқақ баһадүрлердің ерлігін тамашалағандай боламыз. Олардың барлығы шетінен – жаужүрек жігіттер, хас сұлуға үйлену үшін, жан шыдамайтын ауыр сынақтан өтіп, өмірін өлімге тігуден де қорықпайтын – жанкештілер. Индеецтерді аяусыз қыратын зұлымдық басталғанға дейін, сіз тек, мұражай аралап, ондағы жәдігерлерді тамашалауға келген көрермендей, шығармада суреттелетін аракулықтардың өмірін қызықтап, салт-дәстүрімен танысып, жігіттерінің намысшылдығына, ержүректігіне сүйсініп, бәрін тек алыстан бақылап қана жүресіз.
Міне, сүйген қызына деген шексіз махаббатын дәлелдеу үшін, ішінде үлкендігі бармақтай улы құмырсқалары бар қолғапты киіп, аппақ тістерін ақситып, сізге қарап, күліп тұрған – Канато батыр. Ол он жасында аңға шықты. Бес ягуарды өлтірді. Қанталаған көздері шоқтай жанып, тиқандармен соғыста жауырынына қадалған садақ оғын жұлып алып, атқан адамды жекпе-жекке шақырған – нағыз жігітіңіз, осы Канато. Мұндай оғылан құмырсқаларға қолын талатқанға селт ете қоюшы ма еді, тәйірі. (Шығарманы оқи бастағаныңда ондағы сипатталатын осындай көріністер «алғаным ару болмаса, алдыма алып сүймен-ді!» (Шалкиіз) деп, дүниедегі сұлулықтың өзіне асқақ қарап, батырлықтан басқаны бақыт санамаған қаймағы бұзылмаған қазақтың бағзы замандағы өмір сүру салтын көз алдыңа елестетеді).
Көктегі ұлы Тәңір мен ата-бабалардың аруағы қолдаған, арманы әппақ, жүрегі шыныдай таза, әділеттілік пен батырлықты ғана мұрат еткен ұлы тайпаға қандай нәубат келуі мүмкін? Кім олардың аруағын қорлап, рухын таптай алады? Кім? Олардың тізесін бүктіруге кімнің шамасы жетеді? Өкінішке қарай, ондай қара күш бар екен. Оның аты – өркениет. Бұл шығармада да ең негізгі қылмыскер көзге көрінбегенімен, біз оның кім екенін түйсікпен сеземіз. Ол өркениетті ойлап тауып, зұлымдығын заңдастырып алған – қоғамның санасы.
Өркениеттің зұлымдығы араку тайпасын қызыл қанға бояды, ержүрек батырларының рухын сындырды, қыздарын күңге, ұлдарын құлға айналдырып, індет таратып, ақыр соңында оларды жер бетінен жойып жіберді. Адамзаттық мүддені жалаулатып, айуандықпен істелген осы зұлымдықтардың барлығы да, шын мәнісінде жер бетіндегі бес-алты халықтың пайдасын ғана көздегендіктен жасалған жауыздықтар болатын.
Шығарманың соңында Бейкер мырза Бразилияға аттанып, өзін даңқтың аспанына шығарған өркениеттің, тайпаластарының жерін тартып алып, қалай көзін құртып жіберген зұлымдығын көзімен көреді. Ең ақыры оның, араку тайпасынан қалған соңғы индеецті құтқаруға да шамасы келмей, шарасыздықтан зар қақсап қалады. Ақырында ол араку тайпасының ең соңғы адамы өзі екенін де ұмытып, тіпті өзін адам қатарынан да шығарып тастайды.
Оқиғаның қайғылы аяқталып, зұлымдықтың тағы да жеңіске жеткені үшін, оқырманның жазушы Әбдікұлымен келіспеуіне, тіпті өкпелеуіне толық қақысы бар. Дегенмен зұлымдықтан сақтандыру үшін, оның адамзатты жарасы мәңгі жазылмайтын қасіретке душар ете алатынын жеріне жеткізіп айта алмаса, оқырманның көңілін қимай, ығына жығыла кетсе, суреткер Әбдікұлы өзінің жазушылық парызын адал атқарып шықпаған болар еді.
Әрине, адамдық ақыл-таразымен өлшесек – оқырмандікі дұрыс. Пенде баласының сағын сындырмай, алдағы күндерге құлшындыру үшін, үнемі оның рухын көтеріп, шабыттандырып отыратын идея керек. Алайда, Құдайлық мизан-таразыға салып өлшесек, жазушы Әбдікұлынікі дұрыс болып шығады. Себебі, мойнына үлкен жауапкершілік жүктеп, халықтың мұңын жырлай отырып, Құдайлық шындықты айтпауға суреткер Әбдікұлының еш қақысы жоқ. Ал Құдайлық шындықты әңгімелейтін болсақ, қоғамда ылғи да зұлымдықтың жеңіп, салтанат құрып келе жатқаны өтірік пе екен?
Қаламның құдіретіне жүгініп, жазушының Құдайлық шындықты іздеген сондай шығармаларының бірі «Тозақ оттары жымыңдайды» повесі, замандасым, ақын Есей Жеңісұлының дәл байқағанындай барлық уақытта да маңыздылығын жоймайтын шығарма болып қала береді. Және қазақты ұзақ уақыт үнсіз қалған рухымен сырластырғаны, жүрегіндегі шемен болып қатып қалған зарын қозғағаны үшін ғана повестің маңыздылығы арта түспек емес. Адамзаттық ақыл-ойды тұншықтыруға жанталасып жатқан жабайы өркениеттің зұлымдығы қайтадан үстемдік ете бастаған, алып империялардың жақсы өмір сүруі үшін, тұтас бір халықтарды жер бетінен жойып жіберудің амалдары жасалып, санамыз қайтадан қылмыскерге айнала бастаған шақта, мұндай шығармалар еш уақытта да маңыздылығын жоймайды. Қайта олардың маңыздылығы бұрынғыдан бетер арта түседі. Езілген ұлттарға деген аяушылық сезімді оятып, адам баласының санасын сілкіндіріп, жабайы өркениеттің зұлымдығына қарсы жұмылдыру үшін «Тозақ оттары жымыңдайды» секілді, өз ұлтының жүрегін жұбата отырып, адамзатқа ортақ қайғыны жырлаған шығармалар мәңгі жасауға тиіс. Өркениеттің ойлап тапқан машинасы өзімізге қарсы шығып, Қабылдың пышағындай біздің халқымызды жайратып тастамауы үшін, мұндай туындыларды әлемнің барлық тіліне аударып, адамзаттық ақыл-ойдың ортақ игілігіне айналдырған абзал.
Жазушы Әбдікұлының «Әке» повесіндегі баяндалатын оқиғаларда мүлде басқа ситуация суреттелгенімен, өмір ағысымен ұмытыла бастаған тағы бір зұлымдықтың шындығын есімізге түсірген бұл туынды, «Тозақ оттары жымыңдайды» да айтылған ақиқатты толықтырып тұрған шығармадай болып көрінеді, маған. Повестің ішкі табиғатын тереңірек қопара бастасаңыз, екі шығарманың рухани үндестігін байқап, бір кіндіктен жаратылған екі үлкен идеяның өзара туыстығын сезінгендей боласың. Қарғыс атқан замандағы, әулетті аман алып, артына ұрпақ қалдыру үшін болатын парасат майданындағы арпалыстың жұмырбасты пендеге тартқызатын азабы мен бейнеті, ұлтты сақтап қалу үшін күресетін жанталастан бір мысқалдай да кем емес екен.
Шығармада, міне, осындай сұмырай, залым заманда туып, тұтас бір әулеттің қалай құрып кете жаздағаны Сейсен шалдың тағдыры арқылы суреттеледі. Повесті оқып болып, соңғы парағын жапқанымызда суреткер Әбдікұлына, дәл осындай дүниені туғызуына, Томас Манның бір әулеттің қалай күйреп кететіні туралы баяндалатын «Будденброки» романының қатты ықпал еткенін аңғарғандай болдық. Дегенмен суреткер Әбдікұлы немістің ұлы жазушысының адамзатты толғандырған идеясын өзіне ғана тән бояуымен айшықтап, ұлттық өнеріміздегі баға жетпес туындылардың бірі болып қала беретін керемет картинаны өмірге әкелді. Төленнің туындысында советтік дәуірдің жалған шындығы емес, атты казактардың озбырлығы, халықты қырған ашаршылық, көзі ашық азаматтарымыздың басын жұтқан қанды репрессия секілді, реалистік өмірдің тереңгі қабатында жасырынған заманның зұлымдығы кестеленген ақиқат бар. Жазушы повесінің, кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған уақытта жазылғанын еске алсақ, Төленнің еңбегін рухани ерлікке балауға болады.
Халықтың тағдыры ыстық табада шыжғырылып, адамды мал құрлы көрмей қырған заманда дүниеге келген Жармағамбет шалдың, белінен туған бес ұлының ішінен аман қалған жалғыз тұяқ Сейсеннің, дүниеден қалай өтетінін суреттеу арқылы Төлен Әбдікұлы, көп жазушылардың ақылы жеткенімен, тәуекелі жетпей жүрген, ащы ақиқатты айтты. Қырағы цензураның қалай байқамай қалғанын білмеймін, әйтеуір жолы болып, советтік заманның жасампаздығын насихаттаудың орнына, оның қазаққа жасаған бүкіл зұлымдығын әшкерелеген шығарма, жетпісінші жылдардың аяғында күтпеген жерден оқырманға жол тартты.
Ой елегінен өткізіп көрсеңіз, жаңа заманды орнату үшін болған күрестің Жармағамбет әулетіне қайғы-қасірет жамылдырып, зар қақсатқаннан басқа тигізген пайдасы жоқ екен. Шетінен қасқыр болып туған бес ұлдың – алғашқысы Нұржанды, атты казактар, бие сауғызып тұрған жерінен атып өлтіреді. Қапсаттар соққыға жығылып, қаза табады. Әпсаттар болса қатыны, бала-шағасымен тегіс ашаршылықта қырылып қалады. Ақыр аяғы Совет үкіметіне бар жан-тәнімен беріліп, оны орнатып, жұртқа көп жақсылық жасаған Дүйсеннің өзі халық жауы аталып ұсталып, репрессияға ұшырап, сол кеткеннен елге оралмайды.
Алайда жазушының «Әке» повесінің ішкі табиғатында бұрынғы жазған шығармаларына ұқсамайтын өзгешелік бар. Бұл шығармадан зұлымдықты жеңген адамгершіліктің шуағы жарқырайды. «Әке» суреткер Әбдікұлының шығармашылық құдіреті туғызған – ең сәулелі шығармасы. Әкесіне жақсылық жасай алмаған баланың көңілін бір өкініш өртегенімен, ұрпағын аман алып қалу үшін арпалысқан парасат майданында заманның зұлымдығымен шайқасқан Сейсен жеңіске жетті. Арманы орындалды. Өмірде адам үшін –арманың орындалып өлгеннен артық қандай бақыт болуы мүмкін. Міне, сондықтан парасат майданындағы шайқаста зұлымдықты жеңіп, туған халқының тағдырынан ажырамай, елдің ішінде өлген Сейсен шал, өркениет әлемінде төңкеріс жасап, адамзатқа танымал болған Эдуард Бейкерден мың есе бақытты пенде. Өйткені Сейсен шалдың әкесін есіне алып, туған халқының қыруар өлім жоралғысының ғасырлар бойы халық арасында сақталып келуінің сырын түсінген парасатты перзенті бар.
***
Әлемді Құдай жаратты. Адамды да Алла топырықтан жасап шығарды. Бірақ зұлымдық та көктегі Тәңірдің қалауымен өмірге өсіп шықты емес пе? Діни кітаптардың барлығы ізгілік пен мейірімділікке үйреткенімен, неге үнемі жауыздық үстемдік етумен келеді әлемде? Неге бір уақыт ізгілік жеңіп, адамзат баласы шексіз бақытқа бөленбейді мына дүниеде?
Жүрегінің сәулесімен жанымызды жылытқан ғұламалардың барлығы да осы бір сауалдың жауабын іздеп, ақыры олар да өмірдің зұлымдық екенін мойындаған. Зұлымдықты жеңетін амал таба алмай у ішіп өлген Сократ хакім, өмірінің соңында былай деп мұңын шағады: «Тәннің өмірі дегеніміз – зұлымдық пен өтірік қана. Міне, сондықтан тәннің азабынан құтылғанды біз игілік ретінде қабылдауымыз қажет». Ұлы философ Шопенгауэр да хакімнің ойын қайталап, «көңіліміз қаламаса да өмірдің тек зұлымдық қана екенін» мойындауға тура келетінін жасырмайды. Тағы бір кемеңгер «өмір дегеніміз –мағынасыз зұлымдық» (Толстой) деп нақтылай түседі олардың аяқталмай қалған ойын.
Бірақ солай бола тұрса да, нағыз суреткердің, барлық заманда да осылай болған екен деп, зұлымдыққа мойынсынуына еш қақысы жоқ. Зұлымдықпен күреспеудің өзі оның сыбайласына айналғанмен пара-пар қылмыс. Тіпті парасат майданындағы ұлы шайқаста, зұлымдықты жеңбек болып азапқа түскен талай ұлы суреткерлер адамды қойып, Құдаймен де сөз таластырған емес пе.
Есіңізге түсіріп көріңізші, Достоевскийдің кейіпкері Иван Карамазов Құдайдың жаратқан зұлымдығын мойындағысы келмей, ұлы Жаратушымен тайталаспақ болады. Зұлымдыққа зорлықпен жауап бермеу керегін айтқан ұлы Толстой адам кейпіндегі Ғайсаның Құдай екенін мойындаудан бас тартқаны үшін шіркеуден аластатылды. Өнердің сиқыры арқылы зұлымдықтың моласын қазғандай болған, күні кеше ғана өмірден өткен жазушы Жозе Сарамаго, ең соңғы жазған «Қабыл» романында оның қабатын тым терең қопарып, Қабылдың жасаған күнәсі үшін, ауыр қылмысқа жол берген Құдайдың өзін жазаға тартқысы келеді.
Қазақ қаламгері Төлен Әбдікұлы да «Ақиқат» повесінде өмірді зұлым етіп жаратқан Құдаймен қарсыласып, оның сырын түсінбек болады. Жындыханадан қашып шыққан шығарманың бас кейіпкері Роберт өмірдегі зұлымдықтарды көріп, тұла бойы түршігіп, ауруханаға қайтып оралады. Свяшенниктің кім екенін таныған соң, әлемдегі ең сорақы қылмыстардың Құдайдың атымен жасалып жатқанына көзі жетіп, ұлы Жаратушыға қарсы бүлік шығарады.
… Мен көп қиналдым. Өмірдегі жаманшылық атаулыны тудырып отырған негізгі күшті, негізгі айыпкерді ұзақ іздедім. Ақыры таптым. Ол – Құдайдың өзі. Адамды мазақ етуші де, азапқа түсіруші де, зұлымдықты қолдаушы да соның өзі. Жазықсызды жауызға жем қылған, адал махаббатты арам қылған, арды аяққа таптатқан, сан миллион халықтың қанын судай шашқызған, опасызды, қаныпезерді, тирандарды жаратып, солардың зорлығына баршамызды қор ғып қойған кім? Соның өзі…
«Ақиқат» фантастикалық хикаятындағы оқиға алыстағы Америкада өтеді. Телепат Роберттің тағдыры – сюжеттің негізін құрайды. Оқиғаның кеңістігі кейіпкердің сырқаттанған уақыты мен өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі аралықты қамтиды. Осы аралықтағы Роберттің ойына, естеліктеріне, толғанысына кең орын беріледі. Баяндау автордың өз атынан берілгенімен, қаламгер кейіпкеріне де сөз беріп отырады. «Алдағы тарих… Бұл одан да сорақы. Цивилизация атаулы табиғаттан бастап, адам бойындағы барлық қасиеттерді жояды» Мұндағы кеңістік пен уақыт қатынасы кейіпкердің мекеншақтық кезімен тұспа-тұс келеді. Хикаяттағы оқиға ішкі және сыртқы тұрғыда беріледі. Адамның ішкі ойы аса анық, тартымды суреттеліп отырады. Автор кейіпкерінің әрбір әрекетін беру арқылы оның жан дүниесіне, кеңістігіне еркін бойлайды.
Хикаяттың орталық кейіпкерлері – Роберт, оның әйелі, профессор, дін өкілі. Бұл кейіпкерлердің қай-қайсысы да екі дүние – нақты және рухани дүниенің арасында ғұмыр кешеді. Алайда, осылардың ішінде Роберттің өзіндік әлемі ерекше суреттеледі. Оның дербес уақыт пен кеңістік әлемі өзінің күрделілігімен ерекшеленеді. Ол өткенді, қазіргіні және болашақты біріктіреді. Оның ішінде шынайы оқиға мен ертегі әлемінің бейнесі аралас жүреді. Өзінің жағдайы туралы толғана жүріп, саябаққа келген Роберт ата-анасы, балалық шағы туралы тебірене ойға шомады. Осы ретте, оның естелігі анасы айтқан ертегімен астасып жатады.
Жалпы, хикаятта ертегі ерекше мәнге ие. Ертегі арқылы автор Роберттің тағдырын, трагедиясын айқындаса, екінші жағынан адам өмір сүретін ортаның көпқырлы күрделілігі сипатталады. Ертегідегі үзінділер хикаяттың негізгі лейтмотиві. Көз жұмарының аз-ақ алдында Роберт анасы туралы ойланады. Оның әлдиге бөлейтін, жұмсақ үні құлағына келеді. Роберттің тағдыры оның айналасындағы адамдар тағдырымен тоғысып жатады. «Адамның өз болмысынан туатын қайғы қаншама. Бірінші – өмірде бақыт атаулының болмайтынын сезу. Бақыт сағым сияқты. Алыстан көзді арбайды. Адамдар тіршілік деп аталатын алас-күлес мұхитта бір батып, бір шығып жанталасып жүретін сорлы жәндік сияқты». Осы кейіпкерлердің бір-бірімен байланысы сыртқа көрінетін байланыс түрінде де, көзге шалынбайтын ішкі сезім-күй арқылы да өтеді. Роберт айналасындағы адамдарды көріп, олармен тілдесіп ғана қоймайды, кейде олардың ішкі жан дүниесіне де ене алады, олардың ойларын «оқиды». Осыған орай кейіпкерлердің болмысы терең ашылады. Роберттің мекеншағы жабық, тұйық. Оның жабық кеңістігі басқа кейіпкерлердің кеңістігіне қарсы қойылады.
Автор Роберт арқылы айналасындағы құбылыстардың, басқа кейіпкерлердің жан дүниесіне ене алады. Хикаяттағы тағы бір көңіл аударатын нәрсе – кейіпкерлердің есімдері аталмайды, тек Роберттің ғана есімі бар. Автор оларды кәсібіне, сырт ерекшелігіне байланысты атап отырады. Бұл олардың типтік бейне екендігінің меңзеуі. Яғни сол ортаның, қазіргі заманның адамдары. Олар тек қазіргі өз заманында ғана жасай алады, ойлары, кәсібі, білім-шарқы бір-біріне қарайлас. Олардың айырмасы қызметінде, жасында ғана. Олар Роберт енетін әлемге ене алмайды, ал олардың әлемі Робертке жат. Хикаятта егіз-қосар кейіпкерлер бар. Мәселен, хикаяттағы бас дәрігер мен ғалым ұқсас, екеуі де бүгінгі заманға, өркениетке қызмет етеді. Олардың өмір сүретін кеңістігі де ортақ. Хикаятта диалогтің рөлі үлкен. Диалог кейіпкерлердің дүниетанымын ғана емес, өткен мен қазіргінің байланысын, адам мен табиғаттың бірлігін көрсетеді. Осы диалогтің көмегімен автор шығармасындағы баяндауға мифологиялық және тарихи уақытты кіріктіріп отырады. Мәселен, Роберт өмірдің мәнін айта отырып, Агасфер, Сүлеймен, Будда туралы әпсаналарға беріледі. Өз ортасында өтіп жатқан құбылыстар арқылы өткеннің, тарихтың құбылыстарын жарыстыра береді.
Хикаятта адам-машина образы да сәтті алынған. Ол эпизодтық түрде берілсе де, оның уақыты Роберттің кеңістігімен сәйкесіп жатады. Бүгінгі өркениеттің мәні туралы айта отырып, Роберт енді бір кезде адамдардың басы мен жүрегін «қолмен жөндейтін шақ туады» деп ойлайды. Осы арқылы адам-машина кейіптеу болып тұр. Хикаятта өмірдің мәні, тарих бейнесі көп суреттеледі. Автордың ойынша, «өмір дегеніміз – ол қараңғылықты серпіп отыратын сәуле». Ал Роберттің өмір жайлы түсінігі тіпті тосын. «Өмір – үлкен аурухана», «ақыл – дерт», «адам өмірге сол дертті өздеріне жұқтыру үшін келеді». Адам сол дерттен ұзақ ауырады, тек о дүниеге көшкенде ғана сауығады. Туындыда автор мен кейіпкердің ойы түгелдей кірігіп кетті деуге болмайды, алайда олардың ұстанымдарында жақындық бар. Хикаятта өмір мен өлім мәселесі тым жақын алынады. Ол екеуінің алмасып келуі заңдылық. Содан да болар кейде осы екі ұғымға қатысты күрделі, айқын емес ойлар тізбегі де байқалып отырады. Адам баласы қайсысына асығу керек: өмірге ме, өлімге ме? Осы арқылы автор шеңберлі тіршілікті суреттейді. Адам баласының ғұмыры осы айналыста өтеді. Бұл ұғымның символдық мәні де байқалады. Көптеген жырауларымыз айтып кеткендей: өмір-өткінші. «Өмір – деген өткінші, өлім деген – мәңгілік» (Қадыр). Тарих тақырыбы да хикаятта өзінше өріледі. Ол өркениет мәселесімен бірлікте қаралады. Автордың пайымынша, тарих дегеніміз – бүгіннің, өткеннің және болашақтың бірлігі. Осыдан келіп, адам тарихқа із тастап отырады. Әрі қарайғы адамзат болашағын айқындайды. Автор тарихтың мәні туралы ойлана келе, оның екіжақты сипатын ашады. Бір жағынан ол тез өтеді, өткінші; екінші жағынан мәңгілік құндылықтарды сақтаушы, дәуірден-дәуірге жеткізуші. Хикаятта автор тіршіліктің маңынасына бойлайды, адам өмірінің барша қалтарысын ашқысы келеді, жер бетіндегі адамның рөлін бағамдайды.
Өз кезінде еуропалық авангардизмнің негізін қалаған Марсель Дюшаннан «Сіз Құдайға сенсіз бе?» деп сұрағанда, «Жоқ, ешқашан, мен үшін бұл мәселе жоққа тән. Құдай – бұл адамның жасап алғаны», – деген. Авангардизм бағыты өнер атаулының өзіне тән табиғи сипатын бұзып, көркемдікті терістеді. Ендеше, оларға өнерді терістеу («антиискусство») тән. Яғни көркемдікті, әсемдікті қабылдамау, көпшілік қабылдаған қалыпты дүниеден аулақтау, өнердің асқақтығын мойындамау, сөйтіп, қоғамдық дағдарысты, күйреуді көрсету, жаңа форма ұсыну – авангардизмге тән сипат. Олар кейде адам санасында орныққан бейнелердің мүлде басқа белгілерін алға шығарады. Адамға тән қасиеттердің өзге қырларын ашады. Авангардтық өнер адамды эстетикалық сезімге бөлемейді, керісінше, оның ашуын, жеккөрушілік сезімін тудырады.
Жазушы Т.Әбдік «адам мен құдай» мәселесін көтереді. Яғни жер мен көктің, кеше мен бүгіннің арасында мәңгілік байланыс бар. Хикаятта адам-ойыншық, ермек деген ой да көрініс береді. Осы арқылы адамның қоршаған ортаға тәуелділігі айтылады. Адамның өмірі тұйық шеңберді құрайды. Осы тұйық кеңістік жалғыздыққа әкеледі. Автордың ойынша жер бетінде адамдар бірін-бірі жатсынып келе жатыр. Адам адамнан, адам табиғаттан алшақтап келеді. Әр адам тек өзіне керек, қажет айналыста ғана қалған. Автор концепциясы күнделікті тіршіліктің қайшылығы, адамның бойкүйездігі, қарапайым, күнделікті тіршіліктің аясында қалуы, бұл идеал, мақсаттардың азайғаны. Яғни өмір бос қалған. Ал автор болашақтағы жарасымды өмірді меңзейді, соған жетуге шақырады. Адамның бақытты болуға хақысы бар. Әр адамның бақытты түсінуі, оған жету жолындағы әрекеті күрделі. Бұл да адам өмірінің мәнін құрайды.
Қызыл сөздің қызығын қуалап кетпей, ойдың сөлін сығып беріп, келесі шығармасын тәмамдағанша оқырманның төзімі мен тағатын тауысып, әбден зарықтырып қоятын суреткер Әбдікұлы пенделік санамызға ұялаған зұлымдықтың сырын ылғи да адам жанының тереңдігінен іздейді. Жазушылық жанарымен адамның жан әлеміне қайта-қайта үңіліп, зұлымдықтың құбылмалы табиғатын қапысыз танып, таңғажайып жаңалықтар ашады.
Т.Әбдіктің ұлттық ғұрып пен салт-сананы дәріптейтін шығармаларының өзі әлем әдебиетіндегі құндылықтармен өзектесіп жатады. Қаламгер әр ұлт, менталитет ерекшелігін айғақтайтын маңызды мәселелерді адамзаттың ірі гуманистік идеяларымен қабыстырады. Қазіргі өзекті мәселелерді адами биік межеден шешу арқылы туындылардың көркемдік көкжиегін кеңейтті. Мифке тереңдей барып, адам атаулының тереңнен бастау алған ұлттық бейнесін, адам проблемасын, адамгершілік пен ұлттық салт-ғұрыптың түйінді мәселелерін ұсынды. Осы арқылы жазушы Т.Әбдіктің туындылары әлем әдебиетінің белгілі шығармаларымен қатар тұрады.
Қаламгердің шығармаларын оқығанымызда, ондағы суреттелетін зұлым тағдырдың аласат құйыны санамызды сансыратып, жан дүниемізді қалыпты орнынан қозғап жібергендей болады. Өнердің биік өлшемімен таразылайтын болсақ, жазушы Әбдікұлы керемет суреткер ғана емес, адам жанының шыңырауына тығылған зұлымдықтың талай құпиясын білетін терең ойшыл, һәм рухтанушы да. Қаламгердің біз сөз қылып отырған осы ерекшелігі, оның «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» хикаясында да жарқырай көрінген.
Повесть аталып жүргенімен, әңгіменің жүгін көтеріп тұрған бұл туындыда, пенде баласының рухани тағдыры түп-тамырына дейін қопарылып, жазушы өмірдің тереңгі қабатында көміліп қалған зұлымдықты қазып алады. Бір әулеттің басындағы рухани трагедияны суреттейтін көркем туындыны оқи бастағаныңда, алғашқыда, қайғының мұңы қажаған Қожекеңнің жан азабын жүрегіңмен сезініп, көңілің құлазып, жаның күйзеледі.
Құдай басқа салмасын, расында да кәрі қойдың жасындай ғана ғұмыры қалғанда, жазмыштың бұйрығымен, өмірдегі тірегінен айырылып, морт сынған бәйтеректей құлап, жапан далада жалғызсырап қалғаннан асқан қандай қасірет пен азап болуы мүмкін, мына жалғанда. Тағдырдың Қожабек шалды зар еңіреткен зұлымдығына дауа бар ма? Тіпті көңіл айтуға келгендердің барлығы да байғұс шалды қалай жұбатарын білмей аңтарылып, жалғыз ұлын өз қолдарымен өлтіргеннен бетер қаймығып, бастары салбырап, төмен қарап, жауа алмаған бұлттай түнеріп, қиналып отырған жоқ па.
(Жалғасы бар)