Парасат майданының суреткері

(Соңы)
(Эссе)
Бірақ негізгі оқиға Болаттың өлімінен кейін басталып, суреткер Әбдікұлы шаңырақты ұстап қалатын жалғыз тіректің қирауынан да ауыр қайғының болатынын оқырманнан жасырмай, Қожабектің ұлының екі «менін» ашу арқылы, адам жанының тереңіне тығылған зұлымдықты қопара бастайды.
Жалпы осы тұрғыдан алғанда Төленнің прозасында «адамның үмітін қиратумен ғана айналысып келген Чехов» (Лев Шестовтың сөзі) шығармашылығымен үндестіктің, керек десеңіз екі жазушыны бір-бірімен жақындастыратын, тіпті бір рухани туыстықтың бар екенін сезінгендей әсер аласың.
Суреткер Әбдікұлы да қолындағы жазушылық пышағымен адамның жанын аямай тілгілеп, оның ішінде жасырынып жатқан зұлымдықты суырып алып шығып, қатал жазалаудан қаймықпайтын – қатыгез талант. Егер де ұлы Чехов, сомдаған кейіпкерлерінің жанын аямай сойып, адамның төбе шашын тік тұрғызатын, неше түрлі тәжірибе жасаса, суреткер Әбдікұлы да дүние-жалғанның зұлымдығын көрсету үшін, пенде баласының соңғы үмітін сындырып, ең ақырғы сәулесін сөндіріп, өмірін түнекке орап тастаудан қаймықпайды. Сол себептен де ол, қанағат нәпсісіне жегі түсіп жасаған баласының күнәсі үшін, тірі жанға қиянат қылмақ түгіл, тышқанның мұрнын қаната алмаған Қожабекті аямай, рухани катарсистің, яғни азаттану мен тазарудың азапты жолынан өткізеді. Тән үміті мен жан үмітін талқандап, ботадай боздатады.
Көзге бадырайып көрінбегенімен, бір адамның ішінде өмір сүретін қостұлғалық Қожабектің жалғыз ұлы Болаттың бойында да бар. Жазушы Болаттың сайтандық табиғатына үңіле отырып, Қожабектің ішкі трагедиясын түрлі қырынан зерттеп, адам жанының жұмбағын шешуге тырысады. Тағдырдың шынжырымен кісенделген зұлымдықтың құлпын ашуға әрекет жасайды. Болаттың жасаған зұлымдықтарын әшкерелеп, сол үшін оның әкесі Қожабекті тірі өлікке айналдырып, ауыр жазаға тартады.
Дегенмен дәл осындай қатыгездікке дейін барып, шығармасының соңында бір нәзік үміт те қалдырмай, түнекке орап, мұнарлап тастаған Төлен Әбдікұлын, қанша тырыссақ та реалист жазушылардың қатарына жатқыза алмас едік. Неге дейсіз ғой, әрине? Мұндай күрмеуі күрделі сұраққа жауап бермес бұрын, «кез келген ұлы және нағыз өнердің реалистік болуы мүмкін емес» (Н.Бердяев) екенін есімізге түсіріп, ой елегінен өткізіп көрейікші.
Екі дүниенің ортасындағы алтын көпір болып табылатын нағыз өнер, шынайы өмірдегіден де күрделі ақиқатты ашады. Ұлы мәртебелі өнер эмпирикалық тұрмысқа қызықпайды, рухани болмыстың тереңдігіне бойлайды. Еш уақытта да жалаңаш шындықты көрсетпейді, барлық кезде де ол басқа әлемге еніп кетеді. Сол басқа әлемде адам жанының нағыз өмірдегіден де терең тылсымдары танылып жатады. Міне, сондықтан да Төлен шығармашылығының негізін құрайтын адам бойында өмір сүретін қостұлғалықтың себеп-салдарын да, реалистік әдебиеттің тәсілімен түсіндіріп беру беймүмкін.
«Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» әңгімесіндегі Болаттың бірінші «менін» танығаныңызда Қожабектің қайғысына сіздің де қабырғаңыз қайысып, парасаты биік баласынан айырылған ғаріпті аяп, жүрегіңіз елжіреп, жаныңыз жылап қоя береді.
Қандай ақылды азамат еді, Болат! Мұғалімдердің өздерін қаймықтыратын алғырлығымен көзге түскен оның білімділігіне, бүкіл ел тәнті болған жоқ па. Институтты айрықша дипломмен тәмамдады. Бір жыл өтісімен аудандық басшы қызметке көтерілді. Жуықта облысқа әкететін көрінеді деген сыбыс та тараған. Ел-жұртқа жастайынан танылған сол Болат, енді үйленгелі жатқанда аяқ астынан қайтыс болып кетті. Шынында да Алланың жақсыны әкетеді дегені рас екен-ау! Ең өкініштісі артында тұяқ қалмай, бір әулеттің тұқымын Болат өзімен бірге мәңгілікке тоқтатты. Опасыз жалған-ай!
Бірақ ұлының қазасынан соң, күтпеген жерден Болаттың артында тұяқ қалғаны туралы хабарды естіп, аласапыран ойдың арбауына түсіп, немересін іздеп, алып-ұшып қалаға жеткен Қожабек ақылға сыймайтын ақиқатты танып, ұлы туралы нағыз шындықты біліп, Болаттың екінші «менімен» танысып, сағы сынып, қайғыдан тозған жаны түршігеді.
Алладан сұрап алған жалғыз перзенті жұрт мақтағандай азамат емес екен. Жүрген жеріне шөп шықпайтын нағыз зұлымның өзі болып шықты. Адам баласына қиянат жасағаннан басқа тигізген түк пайдасы жоқ. Талай қыздың обалына қалған – сұмпайы зинақордың өзі. Басқаны аямақ түгіл, белінен туған баласы шетінеп кеткенде жерлеуіне келмей қойған – сұмырай.
Шығармадағы басты кейіпкер көзге көрінбегенімен, екінші «менін» тану арқылы, біз оның адамға жасаған барлық зұлымдығының куәсі боламыз. Әңгіменің соңында көңіліне жиналған әлдебір реніш-запыран жүрегін қыжылдатып, әлдекімге шағынғысы келіп, жалғыз ұлының зиратының басына келіп, пенде баласына сырын аша алмай, екі дүниедегі үміті талқандалып, іштегі жұбанышы сарқылып, не істерін білмей, көзінің жасын көлдетіп, еңіреп жылаған Қожабекті көреміз.
– Мұ не қылғаның, жарығым-ау. Бәрі қолыңнан келгенде қиянат қылмау қолыңнан келмегені ме, жарығым-ау. Құдайдан көрген зәбір тірліктің заңы шығар, адамнан көрген зәбір қымбат жарығым-ау. Соны неге түсінбедің – Қожакең сақалынан сорғалаған жасын сезбей, құлпытасты сипай берді. – Қалайша түсінбедің, құлыным-ау! Хайуанның да обалы жібермейді деуші еді, адам обалы қайтіп жіберсін…
Суреткер Әбдікұлы еш уақытта да жалған заманның жалына жармасып, өткінші уақыттың ақиқатын жырлауға қызығушылық танытқан емес, ол пенделік болмыстың табиғатын зерттеп, өмірдің түнегіндегі адамның жанын зұлымдықтан тазартып, оны рухани тереңдігіне қайтарып береді. Оның шығармаларында өмірдің зұлымдығы адам жанының рухани тереңдігінде зерттеліп жатады. Ол жалған тірліктегі жауабы дайын пенделік сұрақтардың емес, үнемі зұлымдық туғыза беретін, ақылмен түсіндіріп бере алмайтын Тәңірлік сауалдардың жауабын іздеп, ылғи да басқа ешбір жазушының соқасы тимеген тың топыраққа түрен салады.
Төлен Әбдікұлы оқырманға жеткізгісі келген үлкен идеяны қазан миында қорытып алмайынша, жазушылық үстеліне беттемейтін суреткер. Суреткерлік түйсігімен адамның жанына еніп кететін жазушы шығармашылығында, пенде баласының рухани тағдырын өміршең етіп тұрған – Құдайлық шындықтың шұғыласы бар. Құдайлық шындықты ол адам рухының жұмбағынан іздейді.
Шын мәнісінде адам жоқ жерде Құдайдың да болмайтынын терең таразылаған суреткер, ұлы Жаратушының жұмбағын адамдардың тағдыры арқылы танып, ақиқатқа бір табан жақындай түседі. Рухани тереңдігін жоғалтқан пенденің Алланың жолынан адасып, қандай ұлы қасіретке душар болып, азап шегіп, жаны тозақта күюі ықтимал екенін зерделейді.
Суреткер үшін адамның ең ұлы байлығы – оның жаны. Жазушының жаңа шығармасын оқыған сайын адам жанының жұмбағын басқа бір қырынан танып, қаламгердің дүниені тану құпиясына бойлай бересің.
Төлен шығармашылығында көптеген қазақ қаламгерлерінің табиғатында бола бермейтін, суреткерлік пен шеберліктен бөлек – идеялық, танымдық, философиялық дана түйсік бар. Оның шығармасын оқыған кез келген адам – идеяға, ойға, танымға байып шығады. Қаламгерді менсінбей, оны танығысы келмегендер парасат пен ой ашаршылығына ұшырап, рухани байлықтың мол қазынасынан құр қалады.
Ол – жазушылық жанарын алысқа тігіп, адам жанының құпиясы мен антиномиясын (Дұрыс саналатын екі ереженің ара қайшылығы. Астын сызған біз – А.К ) мейлінше терең зерттейді. Жазушылық түйсігімен шығармасындағы кейіпкерінің болмысына бар жан-тәнімен еніп кетіп, адам туралы оқырман күтпеген жаңалықтар ашады, адам жанының құнарлы топырағының қабатындағы рухани тереңдіктерді табады.
Сыншылардың назарына іліне қоймағанымен, сондай ұлы жаңалықты ашып, жазушының бұрынғы жазған дүниелеріне мүлде ұқсамайтын, бүгінгі заман туғызған зұлымдықтың жамылғысын жұлып тастап, оны аяусыз әшкерелеген көркем туындысы – «Қайырсыз жұма» әңгімесі.
Жазушы Әбдікұлы бұл әңгімесінде, министрдің бір күндік өмірін суреттей отырып, зұлымдық салтанат құрған қоғамда, адамдық сәулесі сөнген пенденің, байлыққа қолы малынып, мансаптың биігіне көтерілсе де бақытты бола алмайтынын қазымырланып зерттеген.
Әбен Ілиясович биліктегі үлкен кісінің қаһарына ілігіп, бір күнде лауазымды қызметінен айырылып қалады. Министр болудан қолынан басқа ештеңе де келмейтін ол үшін – бұл үлкен трагедия. Сары уайымға салынған шенеунік жүрегі ауырып, ақыр соңында дүние салады.
«Қайырсыз жұмада» министрлік қызметінен түсіп қалған Әбеннің өмірінің ең соңғы күні ғана сипатталғанымен, біз тірі өлікке айналған байғұстың, жүріп өткен өмірлік жолын терезеден бақылағандай боламыз.
Әңгіме барысында жазушы Әбдікұлын біз, бекерден-бекер қатыгез таланттардың қатарына жатқызған жоқпыз. Қараңызшы, жүрегіндегі сәулесі сөніп, көңіл түкпірінен ештеңе де таба алмаған адамды да ол, өлерінің алдында рухани катарсистің, яғни азаттану мен тазарудың қыл көпірінен өткізіп, тышқан ұстап алған мысықтай, оның тағдырымен ойнайды.
Міне, министрлік қызметінен түсіп қалған Әбен мырза көңілі құлазып, орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың Иван Ильичіне ұқсап, жаны күйзеліп, нәрі мен мәні жоқ өткен өміріне ойша үңіліп отыр. Қызмет үшін жанын сайтанға сатқан ол байғұс, ең болмағанда жар қызығын да көре алмапты. Үнемі сыртта жүргендіктен, сырттың қызығы жүрегін көбірек жаулап, отбасылық бақыттың ләззаттын да сезінбепті. Қызмет қуудың рахатынан басқаны ұмытып, жалғыз ұлын дұрыс тәрбиелеу де қолынан келмепті. Отбасының бар ырысы отағасының лауазымы арқасында келіп жатқандықтан, барлық тілек, мақсат сол лауазымға ғана бағынышты болыпты. Тіршіліктің бар жағдайын жасаған абырой, беделге жеткізген әлгі лауазымды әйелі мұның өзінен де артық жақсы көреді.
Ұлы жазушы Лев Толстойдың Иван Ильичі салыстырмалы түрде алғанда Әбеннен анағұрлым бақытты кейіпкер. Өйткені оған шын мәнісінде жаны ашитын бір адам бар. Ол – қожайынның қызметшісі. Ал министр орынтағынан түсіп қалған Әбенге шын жүрегімен жаны ашитын тірі пенде жоқ. Өйткені оның жанындағы адамдардың барлығы да лауазымы жоғары қызметі үшін ғана оны бағалап, жақсы көріп келді. Тіпті әйелі де.
Қарап отырса, мына өмірде шын сенісіп, сырласатын досы да қалмапты. Баяғы достар жоқ, оның орнында үнемі ауыстырып тұратын киім секілді, қызметтес достар ғана бар. Министр боламын деп жүріп, жақын-жуықтың барлығынан да айырылыпты. Оның мына жалғанда мұңдасатын, сырласатын жалғыз ғана «досы» болыпты. Ол – өзін өмір бойы құл қылған, жанына кісен салған, бауырдан да, достан да айырған – ұлы мәртебелі Қызмет. Енді ол да жоқ. Қайтпек керек?
Шығармасының соңында суреткер Әбдікұлы ылғи да осындай жауабы жоқ сұрақтарды қойып, оқырманды терең ойдың теңізіне тастап жібереді. Бәлкім, сондықтан ба, оның сомдаған кейіпкерлерін бірден танып, еш уақытта да ұмыта алмайсың. Жан әлеміңнің қақпасын бұзып кіретін ол кейіпкерлер, көңіліңнің жайлауында өмір сүріп, зұлымдықтан жаны күйреген адамның қандай ұлы қасіретке душар болатынын дүркін-дүркін есіңе түсіріп, қайта-қайта ой өзеніне батырады.
Көркем туынды құрылымында кейіпкерлердің деңгейі әр түрлі сипатта бейнеленеді. Туындының кеңістігіндегі кейіпкер оның сюжеттік желісіне, көркемдеу құралдарына айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен, орыс жазушысы Тургеневтің «Артық адамның күнделігі» («Дневник лишнего человека») шығармасында өмірден өткелі жатқан кейіпкер көктем мезгілін, әсіресе «мәңгілік» күннің сәулесін ерекше сезінеді. Осының өзі кейіпкер болмысындағы трагизмді тереңдетіп тұр. Ол жарық дүниеден өтейін деп жатыр, ал күн нұрын шашып тұр, табиғат та құлпырып кеткен. Әдебиеттегі гуманизм қандай да бір нақты қалыпқа көне бермейді. Неміс ақыны П.Шелли өзінің 1821 жылы жазған «Защита поэзии» трактатында көркем шығармадағы адамгершілік сипатты танып-білудің тұтас тізбегін ұсынады. Зерттеушінің пікірінше көркем туындының адамгершілік құндылықтарға тигізетін ықпалын танудың бір құралы – оқырман санасында елестету қасиетін орнықтыру. Осы ретте, орыс әдебиетіндегі романтикалық кезеңнің басында тұрған В.А.Жуковский әдебиеттегі, оның ішінде поэзиядағы адамгершілік идеяны жоғары қойды. Романтикалық эстетика мен этика тек романтизм әдебиетіне ғана емес, реализм әдебиетіне де өз ықпалын тигізді. Әдебиеттанушы М.Бахтин романтикалық кейіпкерді «аяқталмайтын» сапа-қасиеттің иесі деп санайды. Автор кейіпкерін сомдау үстінде оның көңіл күйі мен әрекетін түзеп, неғұрлым болмысқа жақындата түседі.
Осы тұрғыдан алғанда орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың Иван Ильичі салыстырмалы түрде Әбеннен анағұрлым бақытты кейіпкер. Өйткені оған шын мәнісінде жаны ашитын бір адам бар. Ол – қожайынның қызметшісі. Бұл жөнінде жазушының өзі: «Мен шығармаларымның кейіпкерлерін бар жан-дүниеммен жақсы көремін, олар үшін барша көркемдікті жасағым келеді. Ал, мұның бәрін – шындық арқылы көрсетемін»,-деген. Яғни жазушы Иван Ильичті суреттей отырып, оны қандай ситуацияға түсірсе де, оны қиын-қыстау жайттардан алып шығып отырады. Ал, министр орынтағынан түсіп қалған Әбенге шын жүрегімен жаны ашитын тірі пенде жоқ. Өйткені оның жанындағы адамдардың барлығы да лауазымы жоғары қызметі үшін ғана оны бағалап, жақсы көріп келді. Тіпті, әйелі де. (Қайталау)!!!!!!
Қаламгер Т.Әбдік бұл жайтты кең түрде әлеуметтік ортаның сарабына салады. Қызметтен ажырады, айналасындағы адамдар да сиреді. Енді не істеу керек? Қарап отырса, мына өмірде шын сенісіп, сырласатын досы да қалмапты. Баяғы достар жоқ, оның орнында үнемі ауыстырып тұратын киім секілді, қызметтес достар ғана бар. Министр боламын деп жүріп, жақын-жуықтың барлығынан да айырылыпты. Оның мына жалғанда мұңдасатын, сырласатын жалғыз ғана «досы» болыпты. Ол — өзін өмір бойы құл қылған, жанына кісен салған, бауырдан да, достан да айырған – ұлы мәртебелі Қызмет. Енді ол да жоқ. Қайтпек керек?
Шығармасының соңында суреткер ылғи да осындай жауабы жоқ сұрақтарды қойып, оқырманды терең ойдың теңізіне тастап жібереді. Бәлкім, сондықтан ба, оның сомдаған кейіпкерлерін бірден танып, еш уақытта да ұмыта алмайсың. Жан әлеміңнің қақпасын бұзып кіретін ол кейіпкерлер, көңіліңнің жайлауында өмір сүріп, зұлымдықтан жаны күйреген адамның қандай ұлы қасіретке душар болатынын есіңізге түсіріп, қайта-қайта ой өзеніне батырады. Бұл қаламгердің кейіпкерді сомдаудағы өзіндік ерекшелігі. Адам болмысындағы ойшылдықты, толғанысты құптауы.
Өткен дәуірдің ұлы қаламгерлерінің бірі, латинамерикандық магиялық реализмнің негізін салушы Хорхе Луис Борхес шығармаларының негізі – интеллектіге, өмірдің мәнін іздеуге, адам жанына тереңдеп, ақиқатты, мәңгілік ұғымдарды, махаббатты айқындауға құрылған. Борхес кейіпкерлерін де, оқырмандарын да осы сауалдың жауабын бірге іздеуге шақырады.
Ұлы қаламгердің «Кітап адамға қуаныш сыйлауы керек», – дегенін мойындайтын болсақ, жазушы Т. Әбдіктің шығармаларын оқудың ерекше шаттығы бар. Жан тазалығы үшін күресетін суреткер шығармасының қай-қайсысы да зұлымдықтан сақтандырып, рухыңды кемелдендіре түседі. Жазушының шығармаларын бар зейінімен оқыған адам, үнемі зұлымдықтан қасірет шеге беретін қазақтың жанындағы бір маңызды дүниені түсінгендей болады. Оның туындылары қасіреттің кермек дәмін татқыза отырып, адамды тазаруға ұмтылдырады. Төленнің қаламынан туған дүниелер шебер жазылған шығармалар ғана емес, «жанынан басқа ештеңесі де жоқ адамның» (Пифагор Самосский) ішкі әлеміне үңіліп, қоғамды зар илететін зұлымдықты аяусыз әшкерелеп, шындықты жырлаған – нағыз парасат дастандары.
***
«Адамның нағыз өмірі, оның бойында ақыл-парасаттың санасы ояна бастағанда ғана басталады» дейді ұлы Толстой. Ал қоғамның аспанын зұлымдықтың қара бұлты торлап, адамшылықтың не екені ұмытылып, елім деп еңіреген азаматтардың құйрығына шала байланып, аузына темір сулық салынып, жауыздық салтанат құрған заманда, адамның бойындағы Алланың нұрындай жарқыраған ақыл-парасат сәулесінің сөнбеуі мүмкін бе? Қанша күшті дегенімізбен, Құдай жаратқан пенденің әлемдегі ең нәзік құрақтан да әлсіз екенін данышпан Паскаль баяғыда дәлелдеген жоқ па еді. Ендеше, сол Алланың әлсіз пендесіне, тағдырдың алапат дауылы соғып, дүниенің астаң-кестеңін шығарып, ескі дәуір мен жаңа дәуір беттесіп, бір-біріне өткел бергісі келмеген өмірдің өліарасында, бойындағы адамдық қасиетін қалай жоғалтып алмауына болады? Қалай?
Төлен Әбдікұлының шығармашылық кемелдігінің ең биік шыңы болып табылатын «Өліара» романын оқығаныңда, осындай бір мазасыз сауалдар жаныңның тыныштығын бұзып, байыз тапқызбай қояды.
Шығарманың «біссмілләсында» біз әуелі, ешкімге соқтығыспай, барақат тіршілік кешіп жатқан қазақтың өмірін көреміз. Міне, жаны жомарт, адамдық мұратты темірқазық етіп ұстаған және сол жолдан өмірдің мұз-айдынында тайғанап кетпеген Асқар оқудан келген бауыры Бәйтенді тай сойып, дүркіретіп той жасап, қарсы алып жатыр. Мәре-сәре болған ағайын мен ата-баба дәстүрімен тіршілік еткен халықтың қуанышында шек жоқ.
Бір кезде өмірге жазмыш араласты. Парасат күнін зұлымдықтың тұманы тұмшалап тастады. Батырлық пен әділеттіліктің туын биік көтерген қазақтың дәурені аяқталып, базары тарқады. Адамның бойындағы сүйіспеншілік, имандылық, бауырмалдық, парасаттылық секілді ең асыл қасиеттері күресінге лақтырылып, пенде баласының тағдырын жаңқа құрлы да көрмей ұшырып әкеткен, зұлым заманның долы дауылы ышқынып соқты. Ағайынның бауырмалдық сезімі жойылып, нағашылы-жиенді болып әзілдескен қалжың енді ерегеске, адамның бойындағы бір-біріне деген сүйіспеншік сезімі бірте-бірте жауыздыққа ұласты. Атақтының аяғынан тартып, білімдіні көре алмайтын, адам болып өмір сүрудің барлық мүмкіндігі сарқылған, ерлік есерсоқтыққа, әділеттілік қиянатқа орнын босатып берген, имани құндылықтардың құны жойылған, алмағайып заман орнады, қазақ даласына.
Қолындағы биліктің күшін пайдаланып, күні кеше ғана бір құдықтан су ішіп, бір дастарханнан дәм татқан замандасыңның қолына кісен салып итжеккенге айдатып жіберетін зұлымдық та ұлы ерлік бола бастады, мына дүниеде. Біреудің сүйген қызын зұлымдықпен тартып алу да нағыз батырлық санала бастады, мына жалғанда.
Адамның ақыл-парасаты жауыздықтың түрмесіне қамалған өліарада зұлымдық пен ізгіліктің шекарасы жойылып кетті. Адамдық құндылықтардың бәрі шатасып кеткен заманда зұлымдық пен ізгіліктің не екенін кім ажыратып бере алады? Кім? Оның белгісі мен сипаты қандай?
Романның даралық сипатын анықтау үшін, ондағы суреттелетін кейіпкерлерге жеке-жеке тоқталып, олардың мінез-құлқын талдаудың қажеті шамалы. Мұндай тәсіл адасушылыққа ұрындырып, автордың айтпақ идеясы мен ойының тереңдігін түсінуге көп кедергісін келтіреді. Және парасат майданындағы шайқаста жеңіліске ұшырап, адамдық жолдан адасқан кейіпкерлер романда өте көп болғандықтан, ондай талдауды жасау мүмкін де емес. Сондықтан да біз бұл мақаламызда жазушы Төлен Әбдікұлының айтқысы келген идеясына ғана тоқталып, шамамыз жеткенше шығарманың рухына бойлап, суреткердің әлемді танып, тіршіліктің ішіне еніп кеткен дүниетанымын көрсетуге тәуекел еттік. Өйткені осы уақытқа дейін оны жасауға талпыныс жасаған ешкім болған жоқ. Бір мақаланың ішінде біз романдағы барлық кейіпкерлердің даралық сипатын әйгілеп береміз деп айта алмаймыз. Жазушының шығармасындағы бір-біріне ұқсамайтын жүздеген адамдардың образы туралы сезіміңді қалай жеткізесің. Біз өз мақаламызда романның негізгі идеясын түсіндіріп беріп, қолымыздан келгенше жазушының өмірді танудағы жұмбағын ашуға тырыстық.
Суреткер Әбдікұлының дүниені танудағы ешкімге ұқсамайтын өз жұмбағы бар. «Өліара» романында жазушының өмірді танудағы сол жұмбағын, асқан шеберлікпен сомдалған Асқардың болмысынан танығандай боласың. Тағдырдың найзағайы түсіп, пенделердің жаны отқа оранған дәуірдің өліарасында да зұлым заманның ноқтасын мойнына салғызбай, адамдық қасиетті талақ қылмай арпалысып өтуге болатыны Асқардың бейнесі арқылы асқан шеберлікпен ашылған.
Шығарманың басты кейіпкерлерінің бірі Асқар өмірдің рухани биігіне көтерілген азамат. Мұндай адамдарға барлық уақытта да қиын. Өйткені мына дүниеде санаулы адамдар ғана өмірдің рухани биігіне көтеріліп, қалың тобыр, оның етегінде қалып қояды. Уақыт тобырға қызмет етеді. Қоғамның заңдылығы да тобырдың сұранысын қанағаттандыру үшін салтанат құрады. Сондықтан да рухы кемелденген адамдар мен құмырсқаның илеуіндей құжынаған мәдениетсіз тобыр, қандай заманда өмір сүрсе де, еш уақытта да бірін-бірі түсіне алмай өтеді.
Қандай да бір қоғамнан дараланған тұлғаның болмысына жалғыздық тән. Өз кезінде де Абай «мыңмен жалғыз алысты». Мұның себебі де ортасынан озық туған жандардың ой-танымы, білім-парасаты терең. Ол айналасындағы көпшілікпен бірден, терең ұғынысып кете алмайды. Сөйтіп, өзімен-өзі оңашаланып, тұйықталады. Жалғыздық мотиві адамның дербестігін танытады. Осы дербестік тұлғаның танымын, интеллектісін кеңейтеді. Ендеше, жалғыздық кейіпкердің сапалы қасиетін танытуға жәрдемдеседі. Бұл қасиет адамға өзінің ішкі «менін», тұлғалық ерекшелігін орнықтырады. Мұның ар жағында адамның болмыс еркіндігі, ой азаттығы жатыр (Кьеркегор).
Бірақ қара тобырдың ортасында жүріп те, адамдық қасиетіңді жоғалтпай, жарқырап өмір сүруге болады. Туындыдағы Асқар – уақыттың дауылы сөндіре алмаған, қараңғы түнекте де күн сияқты жарқыраған – өмірдің сәулесі. Оның жан күйзелісін көргенде, тобырдың надандығына назаланып, бас кейіпкердің рухани тереңдігін тани түсеміз. Ол өлген күні жалп етіп, адамның жанына шуағын шашып тұрған, рухани өмірдің сәулесі де онымен бірге сөнеді. Сол сәуле сөне жаздап, жарығы әлсіреген шақта, картинаның қақ ортасынан, советтік дәуірде өмір сүре отырып, оның ұлтымызды қан қақсатқан зұлымдығына назаланған жазушының, түрлі кейіпкерлер арқылы жеткізген жанайқайы, қайта-қайта естіледі:
– Мыңғырған малдан бір үзім нанға қараған күнге түсу сорақылық емей не? Қазақтың кедейі де мұндай қайыршылықты бастан кешкен жоқ. Әлде сендердің мақсаттарың байлық емес, қайыршылық па?..
– Сен бар болғаны қолшоқпарысың. Ал қожайындар –басқалар, Тарихты жасайтындар да солар. Және олар өздеріне керек тарихты ғана жасайды…
– Мен үшін ел сенің шындығыңнан да қымбат. Шындық үшін жеке адамдарды құрбан ет, бірақ елді құрбан етуге болмайды…
– Оспан қожа елді алдаса, оған да дін кінәлі емес, діннің шариғатын сақтай алмай отырған Оспан қожа кінәлі. Екеуін шатастыруға болмайды. Шариғаттың үкіметке қарсы жерін көргем жоқ. Өтірік айтпау, ұрлық қылмау, адал еңбекпен күн көру, кісіге қиянат жасамау, байлыққа құнықпау, кедейге қайыр, ғаріпке көмек – осының бәрі шариғатта бар нәрсе. Ал мұның қай жері бұрыс?..
Заманның зұлымдығы шектен шығып, шарықтау шегіне жеткенде жазушы халықты қан қақсатқан советтік дәуірге бар қаһарын төгіп, оны қарғай бастайды. «Зорлықшыл мемлекеттердің бірін-бірі басып алғысы келетіні секілді, адамдар да бірін-бірі басып алып, биліктерін жүргізгісі келеді ғой. Бірақ бұл күресте әмәнда күші басым жеңе бермейді, кейде күштіні әлсіздер де жеңіп кете береді. Ол жолда әлсіздің ең үлкен қаруы – жағымпаздық».
Советтік дәуірдің ұлтымызға тартқызған тауқыметі мейлінше шынайы жырланған «Өліара» романы жиырмасыншы ғасырдың ауқымды эпопеясы ғана емес, барлық уақытта да құндылығын жоймайтын, байлығы ешқашан да сарқылмайтын әдебиетіміздің алтын қазынасы болып қала береді. Романда даралық сипаты бір-біріне ұқсамай кестеленген образдардың тұтас әлемі бар. Ал аласұрған өмір теңізінің үстінде сеңдей соғылысып, жанталасқан адамдардың тағдыры туралы сезіміңді жеткізу тіпті де мүмкін емес. Бәйтен мен Хадишаны бір-біріне ынтызар еткен, ақсүйек ойнаған кеш қандай тамаша! Ал сол кештен кейін өмірі ажырамастай болған Хадишаның Бәйтенге жасаған опасыздығына күйінген ашу-ызаңды сөзбен қалай жеткізе аласың. Өмірден тірек іздеген қаншама адам зұлым дәуірдің боранында адасып жүр. Жынды Хамзаның трагедиялық бейнесі қалай әдемі сомдалған. Романның соңында өмірден түңілген Асқар өзіне-өзі қол салып өлмек болғанда, оны ажалдан құтқарған сол жынды Хамзаның ақылды адамдардың бәрінен де асқан парасатына қалай қайран қалмайсың. Қоғамның сайтанына айналған Нұрбектің образын талдайтын болсақ, әңгімеміз тіпті ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Бірақ олардың бәрін жіпке тізе берудің қажеті жоқ.
«Өліара» романының сол жылдары жазылған басқа туындылардың барлығынан биіктетіп тұрған даралық сипаты тек сонда ғана емес. Оқырманның мүлгіп кеткен ойын түртіп оятып, романды өміршең етіп тұрған құдіреттің ең ғажайып сыры мүлде басқада.
Шығармаға жан бітіріп, оның шырайын келтіріп тұрған ең үлкен құдірет – заманның зұлымдығын әшкерелеуден қаймықпаған, Төленнің ақындық жүрегі. Романның әр бетін парақтаған сайын, зұлымдықпен айқасқан сол ақындық жүректің дірілін айрықша сезіне түскендей боласың.
Ғажайып эпопеяны туғызған Төлен талантының даралығы өмір топырағының астында көміліп қалған ақиқатты қазып алып, тарихи дәуірдің зұлым шындығын біздің санамызда қайта тірілте білген шеберлігінде жатыр.
Романның соңында «бірінші кітаптың соңы» деген түсініктеме берілгенімен, біздің ойымызша Төлен Әбдікұлының бұл шығармасы аяқталып, соңғы нүктесі қойылған туынды. Інісі оқудан келгенде тай сойып, той жасаған Асқарды, шығарманың соңында сол туған бауыры Бәйтеннің алдына салып айдап әкетіп бара жатқанынан кейін, дәуірдің зұлымдығын көрсететін басқа бір деталь іздеудің қажеті шамалы шығар.
Тақырыптың түйіні
Жазушы Төлен Әбдікұлы адамның рухын кемелдендіре түсетін парасат майданында толайым табысқа жеткен суреткер. Оқырмандардың зор сүйіспеншілігіне бөленген мұндай жеңіске ол, бойындағы таланты, жазу шеберлігі мен өнердегі ізденісінің арқасында ғана жеткен жоқ. Айласы шексіз, амалы шолақ ғасырда өмір сүрген суреткерді өнердің асқар биігіне көтерген екі қанаты болды – адал махаббат пен адамдық парасат.
Өнерді сүйген махаббатына адал болғандықтан, «Өліара» романындағы Асқардай барлық уақытта да ол адам болып қалудың жолын іздеп, даңғойқұмарлықтан, жағымпаздықтан, екіжүзділіктен, өтірік пен өсектен бойын аулақ ұстады. Шығармашылық өмірінің қос қанаты – адал махаббат пен адамдық парасат оны ылғи өнердің аспанындағы шексіздікке қарай ұмтылдырды.
Өнерге ұлы мақсат қуып келгенімен, армандаған биігіне жете алмай қанаты қырқылып қалатын қаншама таланттар бар. Және олардың барлығы шығармашылық қуатының аздығынан ғана сол биікке көтеріле алмай қалған жоқ. Өнерді сүйген махаббаты мен адамдық парасатын жоғалтып алғандықтан олардың қанаты сынып, шығармашылығы өлді. Жүректері таза кезінде біраз биікке самғағанымен, уақытқа қызмет ете жүріп олар, парасат күнін тұмшалап тастаған бұлттардың арасында адасып кетті.
Жазушы шығармадағы терең ойды ізденіс пен кітаптан ғана емес, ең алдымен рухының тазалығы мен жанының тереңдігінен табады. Көп оқып, көз ізденгенімен, өмірдегі алаяқ, екіжүзді, даңғойқұмар, мақтаншақ, пысық, жағымпаз болып туған адамдардың неге кемел дүниелер туғыза алмайтынының себебін ойланып көрдіңіз бе? Өйткені Алланың алтын сарайындай жарқыраған ұлы Рухтардың қақпасы, шығармашылығы былғанбаған, адал махаббаты мен адамдық парасатын жоғалтпаған адамдар үшін ғана ашылады.
Әдебиет – адамтануды ғана емес, адам болып қалуды үйрететін ұлы өнер. Міне, сондықтан да шын талант әдебиетке, адамдық бастаудың қайнарын лайлайтын қоғамның зұлымдығынан өмірді тазарту үшін келеді. Жүрегі оттай жанып, өмірдің зұлымдығымен күресе алмаған жазушы еш уақытта да адам жанының суреткері бола алмайды.
Өнерге берілген адалдығы мен адамдық парасатының арқасында Төлен Әбдікұлы адам жанының суреткері бола білді. Оның қаламынан туған шығармаларында зұлымдыққа қарсы парасат майданын ашқан оттың жалыны лаулайды. Сол жалыннан қуат алған біздің рухымыз да оның жазған әр шығармасымен бірге кемелденіп, адамдық жолдан тайғанап кетпей, парасат майданында жазушымен бірге жеңіске жетіп келеді.
Басы мына жерде:
1. Парасат майданының суреткері
2. Парасат майданының суреткері