Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 13 Тамыз 2024

Paris-2024. Қазақ спортының 43 күндік кемдігін көрсеткен 43-орын

1
Фото: Жас Алаш Коллаж

XXIII Жазғы олимпиялық ойындар аяқталды. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлдемен командалық есепте 43-орыннан көрінді. 

 Барлығы 126 медаль (40 алтын, 44 күміс, 42 қола) жинаған АҚШ құрамасы топ бастаса, алтынының саны АҚШ-пен бірдей, күмісі мен қоласы аз Қытай (27 күміс, 24 қола) екінші орын иеленді. Азиялық және бір ел – Жапония (20, 12, 13) 45 медальмен үздік үштікті түйіндеді. ТОР-10 ел қатарына Австралия, Франция, Нидерланд, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Италия және Германия енді. 8 алтын жеңіп алған көрші Өзбекстан – 13, 6 жүлде иеленген Қырғызстан 68-орынға орнықты. Жалпы 92 ел өкілдері жүлдемен қайтса, соның ішінде 62 ел спортшылары кем дегенде 1 алтын жүлде жеңіп алды.

Қазақстан: 7 медаль аз ба, көп пе?

Қазақстан құрамасы өз тарихында екінші рет 7 медаль алып, Жазғы ойындарды медаль саны бойынша ең аз көрсеткішпен аяқтап отыр. 2000 жылғы Сидней олимпиадасында жүлде саны жетеу болса да, оның үшеуі – алтын, төртеуі қола болған еді. Биыл үзіліп қалған чемпион жүлгесі қайта жалғасты: Токио олимпиадасында ешбір спортшымыз финалға шыға алмаса, Парижде Елдос Сметов алтыннан алқа тақты, тағы үш спортшымыздың ең биік тұғырға көтерілу мүмкіндігі болды.

79 спортшысы қатысқан, спорттың 20 түрінен сынға түскен отандастарымыздың 7 медалі, әрине, аздау. Үздік алтылыққа енген Әбиба Әбужақынова (дзюдо), Әмір Маймұратов (спорттық құзға өрмелеу), Александра Ле (50 метрге 3 позициядан ату), семсершілер құрамасы (сапы бағдарламасы), Милад Кәрами (спорттық гимнастика), Сәкен Бибосынов (бокс), Әлішер Ерғалидің (еркін күрес) жетістіктері де ескеруге тұрарлық. Дегенмен қазақстандықтардың басым бөлігі іріктеу кезеңінен өте алмағанын ескерсек, осы жеті жүлденің өзі зор жетістік болып көрінеді. Даниил Мұсабаев (батут), Ә.Маймұратов, Ә.Зәкіров (брейкинг) сияқты спортшылар жүлдеге мейлінше жақын тұрып жеңілді, әйтпесе жарыстың соңғы күніне дейін Қазақстан қоржынын томпайтуға әзір спортшы болған жоқ.

Мәселеге бұдан да тереңірек қарасақ, Ә.Әбужақынова ғана медаль үшін күресіп жеңілді. Ал екі жеңіл атлет – Д.Жепкемей (10 мың метр) мен Н.Жеруто (3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру) жарыс барысында көш басында жүргенмен, соңғы айналымдарда қарсыластарынан көп қалып қойды. Қорытынды қандай: 7 медаль – біздің қазіргі деңгейіміздің нақты көрінісі.

Елдос Сметов
Фото: ашық дереккөз

Неден өстік, неден кері шегіндік?

Дзюдо. Жарыстың алғашқы күні Елдос Сметов 60 келіде алтыннан алқа тағып, еңсемізді қатты көтерді. Спорттағы жолы күреске толы балуан дегеніне жетті. Олимпиада қарсаңында ол рейтингте небәрі 22-орында тұрды. Сондықтан «олимпиадада алтын үшін ғана күресемін» деген лебізін қарапайым жанкүйер түгіл мамандардың өзі де екіұдай қабылдады. Сметов елішілік спарринг арқылы ғана олимпиада жолын ашты. Қазір қарап отырып, Елдостың алтын үшін осындай «тар жол, тайғақ кешуден» өткені де дұрыс болған екен дейміз. Ол Токио олимпиадасынан кейін екі турнирде ғана жүлде алды, сол иығының ауыр жарақатын емдеуге ұзақ уақыт жұмсады. Соңғы мүмкіндігінде Н.Серікбаев, М.Шамшадин сияқты құрамадағы қарсыластарын қосымша іріктеуде жеңіп барып қана олимпиадаға қатысу құқығын жеңіп алды. Бірақ Сметов олимпиадада жеңілсе, «осы балуанды неге апардыңдар, одан рейтингте алда тұрған жас спортшы болды ғой» деген сөздің де гулейтіні сөзсіз еді. Сондықтан Сметовтің алтын жүлдесін «барлық үмітсіздерге қайтарылған жауап» деуімізге болады. Оның үстіне бұл жүлденің қоржынымыздағы жалғыз алтын болғанын ескерсек, нарқы одан да биіктей түседі. «Сметов болмағанда қайтер едік?» деп шүкірлік жасауға тура келеді осыдан кейін.

Ғұсман Қырғызбаев
Фото: olympic.kz

Ғұсман Қырғызбаевтың қоласы алтынға бергісіз. Өйткені Ғұсман бірнеше жыл бойы 60 келіде Елдостың бәсекелесі болды. Дәл сол салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021 ж.) атанды, Азияның екі күмісін де сол салмақ дәрежесінде иеленді. Гранд Слем және Гран Прилердегі барлық табысы да осы салмақта. Сондықтан оның аз уақытта 66 келіге ауысып, рейтингте қажет ұпай жинап, олимпиадаға бару құқын иеленгенін бір ерлік десек, олимпиадада қола жүлде алуын теңдесі жоқ ерлікке балаймыз. Шынтуайтында, Ғұсманға сәттілік қана жетіспей қалды: жартылай финалда ол бразилиялық Уиллиан Лимамен де тең күресті, «алтын ұпайға» дейін барды, шешуші сәтте шабуылды да өзі бастады, бірақ қарсы әдіске түсіп қалды. Дәл осындай жағдай Лиманың басында да болуы ықтимал еді. Ал қола жүлде үшін таласта Ғұсман серб Страхинья Бунчичтен берместі тартып алды. Ескерейік, бұл жігіттердің барлығы – 66 келіге баяғыда орныққан, атаққа жеткен мықтылар. Қырғызбаевтың ерлігі сонысымен де құнды.

Әбиба Әбужақынова
Фото: olympic.kz

Ә.Әбужақынова (48 келі) жарыстан кейін бәрін де өзі талдап айтып берді. Ол жартылай финалдағы қарсыласы Габриэла Нарваестен де (Парагвай), үшінші орын үшін белдесудегі Тара Бабулфаттан да (Швеция) әлдеқайда шебер. Бірақ Әбиба да жартылай финалда Қырғызбаевтың қателігін қайталады: шабуылды өзі бастап, қарсы шабуылға түсіп қалды. Бабулфатпен белдесуде де отандасымыз соңғы сәтте қателесті. Ең бастысы, Әбиба олимпиада дуын көрді. Өзін әлі де бір олимпиялық циклде сынап көре алатынын жариялады. Бізге мұндай жігерлі спортшы керек.

Д.Шамшаев, Н.Шархан, Э.Куюлова, К.Берлікаш сияқты дзюдошыларды жазғыру да қиын, олар алғашқы қарсыластарына есе жіберіп, жүлдеден дереу үміт үзді. Жалпы дзюдо спорты Париж олимпиадасында өз жоспарын асыра орындады деуімізге болады.

Нұрбек Оралбай
Фото: gov.kz

Бокс. Токиомен салыстырғанда күміс жүлдеміз бар, бірақ тағы алтын жоқ. Бокстан екі олимпиада бойы бас жүлдесіз оралып отырмыз. Демек, Токио олимпиадасынан бері ерлер арасында бес әлем чемпионы шықса да, жалпы 2017-2024 жылғы бокс буынын әлсіздеу деуге тура келеді. Өйткені оған дейінгі олимпиадалардың барлығында біздің былғары қолғап шеберлері аса биік меже қойды. Біз басқа спорттың бәрін белден сызсақ та, ешқашан бокстан үмітсізденіп көрген емеспіз. Н.Оралбай финалда жеңілді. Басқа боксшыларымыздың барлығы дерлік (М.Сабырханнан басқасы) қарсыластарына 2:3 есебімен есе жіберді. Демек, оларға жеңіс үшін бір ғана нәрсе жетіспеді деуге болады. Ол не нәрсе: дене күшінің дайындығы ма, сәттілік пе, шеберлік пе, әлде алқау ма? Тап басып айту қиын. Дегенмен жігіттердің барлығы жеңісті соңғы раундтарда уысынан шығарып алғанын ұмытпауға тиіспіз. Тіпті финалда жұдырықтасқан Нұрбек те соңғы раундта сылбырлығынан есе жіберді. Неге? Ойланатын мәселе.

Париж олимпиадасында өзбек, испан (2), грузин, әзербайжан, украин және иорданиялық боксшылар біздің жігіттерден басым түсті. Осылардың ішінде Өзбекстан мен Украина, ішінара Әзербайжан болмаса, бұрын испаниялық, грузиялық, иорданиялық боксшылардан жеңілу түсімізге де кіре қоймайтын еді.

Ең бастысы, боксымыз қазіргі заман талабына сай дамуға тиіс. Федерация басшылығы ендігі жерде нақты таңдау жасамай болмайды. ХОК мүшеліктен шығарып тастаған IBA мүшесі болып қала берудің қандай маңызы бар? Әлде Омар Кремлевпен жеке достық қана шеше ме осы мәселені? ХОК мойындаған World boxing ұйымына кіруге не кедергі? Әлем чемпионатында, IBA чемпиондар түні сияқты турнирде алатын қомақты сыйақыны меже етіп жүре берсек, Лос-Анжелес олимпиадасына дейін боксымыздың түлей қоюы екіталай.

Назым Қызайбайдың қола жүлдесін де жоғары бағалаймыз. Назым отыз жасында олимпиадаға алғаш рет қатысты. Оның салмағында Қазақстан ішінде дау олимпиадаға дейін толастаған жоқ. Назым да ел ішіндегі қосымша іріктеу турниріндегі жеңісінен кейін ғана Париж жолдамасына таласуға жол ашты. Неге оның жолы ауыр болды? Неге біз талантты спортшыларға сыртта емес, елдің ішінде кедергі жасаймыз? Ойлану керек.

Нариман Құрбанов
Фото: olympic.kz

Спорттық гимнастика. Нариман Құрбановтың күмісі – елге тамаша тосынсый. Біз, қарапайым жанкүйерлер, оның әлем кубогы кезеңдеріндегі, басқа да мәртебелі жарыстардағы жетістіктерін ара-тұра ғана санамалап жүргенмен, олимпиадада аса жоғары деңгейде өнер көрсете алатынын білген емеспіз. Олимпиада қарсаңында берген сұхбатында көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Әлия Юсупова жалпы гимнастика спортының жай-күйін саралай келіп, «Нариман мен Милад Карими қандай да бір жүлдеге таласа алады» деген еді. Маман алысты көре біліпті. Құрбановтың ат снарядындағы жаттығуын кемеліне жеткізу жолында бәрін құрбан еткенін, тіпті олимпиада үшін үйлену мәселесін де бақандай төрт жылға кешеуілдеткенін кейін естіп-білдік. Тіпті Нариманды бала күнінен осы биікке әкесі, жеке бапкері Хусанжан Құрбанов шаршамай-талмай, қиындықтарға қарамай жетелеуінің өзі ескеруге лайық.

Ең бастысы, Құрбанов Париж олимпиадада Қазақстан спортына жаңа жетістік парағын ашты. Бұған дейін 2000 жылғы Сидней олимпиадасында қол тіреп секіру бағдарламасында отандасымыз Сергей Федорченко ғана үздік бестікке енген еді. Құрбанов жетістігі «алтын шыққан жерді белден қазуға» болатынын аңғартады. Мысалы, Париж олимпиадасында филиппиндік Карлос Юло екі бағдарламада – еркін жаттығуда және қол тіреп секіру сынында екі алтын жеңіп алып, бір өзі елін жалпы есепте 37-орынға шығарды.

Демеу Жадыраев
Фото: Тұрар Қазанғапов/НОК

Күрес түрлері. Мойындайық, ардагер спортшы Демеу Жадыраев (77 келі) финалға шығып, қазақ күресінің абыройын жалғыз өзі сақтап қалды. Токио олимпиадасында ол алғашқы белдесуде жеңілгенде сынға көп ұшырап еді. Арадағы үш жылда оның толысқанын, өзін жақсы дамытқанын Париж кілемінде көрдік. Демеудің жолы да ауыр болды. Әлемнің екі дүркін чемпионы Ақжол Махмұтовты (Қырғызстан) жеңген соң алтын ауылы жақын сияқты көрініп еді. Бірақ финалда сәл ғана жетпей қалды. Бір ойымыз айтады: кілемнен шығып кететінін біліп, Демеу қайта кіруге жанталасқанша, қарсыласына бір ұпай бере салғаны жөн бе еді?.. Қалай дегенде де, Жадыраев ерлік жасады. Бұл салмақта әлемде мықтылар көп, солардың арасына сыналап кіріп қана қоймай, екінші үздік болу екінің бірінің қолынан келмейді.

Басқа балуан жігіттердің деңгейі осы екенін көрдік. Онсыз да еркін күрес пен грек-рим күресінен жолдамамыз аз, ал әйелдер күресінен жолдама мүлде жоқ еді. Біздің балуандарға атағы сәл басымдау қарсылас жолықса, дереу жеңілетінін тағы байқадық. А.Сұлтанғали – екі дүркін әлем чемпионы Ж.Шәршенбековтен (Қырғызстан), Н.Тұрсынов – олимпиада чемпионы Ж.Беленюктен (Украина), Ә.Сыздықов Рио олимпиадасының қола жүлдегері С.Шариатиден (Әзербайжан) алғашқы айналымда-ақ жеңілді.

Еркін күрес те осыдан алыс емес. М.Қартбай, А.Дәулетбеков, Ю.Батырмырзаев сияқты балуандардың қарсыластары – тау қақпақылдап жүрген жігіттер емес, жастар арасында көзге түскен немесе осы олимпиадада біраз жерге барған балуандар. Ал Ә.Ерғали екінші белдесуінде аса талантты балуан А.Тәжудиновке (Бахрейн) тізе бүкті, одан кейін өзі деңгейлес Ә.Азарпирадан (Иран) жалғыз ұпай ғана ала алды.

«Балуан елміз» деп үзеңгі керетін әдеттен баяғыда арылғанбыз. Бірақ олимпиада сайын бұйырса – бір жүлде, бұйырмаса, жүлдесіздікті де қанағат тұтып жүре беретін болыппыз.

Жалпы алғанда, Париж олимпиадасы қазақ спортының деңгейін дәл көрсетіп берді. Бізде жақсы спортшылар, талантты жастар бар, бірақ қара көбейтушілер де аз емес. Алтын ең көп таратылатын жеңіл атлетикадан (42 алтын) Қазақстан намысын небәрі 7 спортшымыз қорғады, оның екеуі легионер болды. Садақшылар да өз деңгейінен төмен нәтиже көрсетті. Байдарка мен каноэде есуден әлемдік көш әлдеқайда алға кеткенін көрдік. Семсерлесушілер ә дегенде атақты қарсыластарын жеңіп, үміт отын жаққан еді, артынша бәз қалпына түсті. 36 алтын таратылатын жүзу спортынан екі-ақ спортшымыз қатысып, қою шаң арасында қалды.

Осылай санамалай беруге болады. Дегенмен әр олимпиада өткен сайын қазақ жанкүйері «е, мына спортқа сүйенуге, сенуге болады екен ғой» деп қорытынды жасаса дейміз. Бірақ бұл жолы Парижде төрт жүлдені жасы отыздан асқан спортшыларымыз алып бергенін көреміз де, тағы ойланып қаламыз. Мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев тамаша өнер көрсетті. Олардың қола жүлдесін де тосынсый деуге болады. Бірақ олар енді дәстүр қалыптастыра ала ма? Боксымыз биігін қайта таба ма? Спорттық гимнастиканың табысы бір реттік қана болып қалмай ма?

Сұрақ көп. Ал жауапты Лос-Анжелес олимпиадасына дейінгі төртжылдық кезең мықтап қайтаруға тиіс. 43-орын... Қоңылтақсып қалғанымызды қалай жасырайық. Айтпақшы, әйгілі «Қобыланды батыр» жырында Тайбурылдың қырық үш күндік бабы келіспей қалатын...

Есей Жеңісұлы