Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:35, 06 Тамыз 2024

Paris-2024. Нариман Құрбанов: От пен судан кейін

Нариман Құрбанов
Фото: Ашық дереккөз

Париж олимпиадасы ортасынан ауғанда, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы күміс медаль түсті. Спорттық гимнаст Нариман Құрбанов ат бағдарламасында 15,433 ұпай жинап, Париж олимпиадасының вице-чемпионы атанды.

Бұл – Қазақстанға 8 жылдан бері бұйырған алғашқы күміс. 2016 жылғы Рио олимпиадасынан кейін қазақстандықтар Токиода 8 қола иеленіп, не алтынға, не күміске қол жеткізе алмаған еді. Сондай-ақ Н.Құрбанов тәуелсіз Қазақстан тарихында спорттық гимнастикадан олимпиада жүлдесіне тұңғыш қол жеткізген спортшы атанды.

Алты жастан – арманға

Нариман Құрбановтың олимпиада медаліне дейінгі жолы біршама ауыр. Ол алты жасынан жаттығу залына барды. Әкесі Хусанжан Құрбанов – дәл осы спорт түрінен жаттықтырушы. Әкенің қалауы бар, баланың икемі бар – барлығы бір арнада тоғысып, кішкентай Нариман спортпен бел шешіп айналыса бастады. Хусанжан аға ұлын бірден тұтқалы ат снарядына бейімдеді. Спорттық гимнастиканың алты снаряды бар, оның барлығында бірдей үздік болу өте қиын. Сондықтан әке ұлының бір бағдарламада үздік болуын қадағалады.

2020 жылғы Токио олимпиадасының жолдамасы Нариманға бұйырмады. Іріктеу кезеңіндегі нәтижелері Токио төрінде өнер көрсетуге сәл жетпеді. Оның алдында Құрбановтың ұлттық құрамаға дейінгі жолы да күрделілеу болған-ды. Халықаралық турнирдің біріне демеушінің көмегімен қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен соң ғана оған құрама есігі ашылды. Содан бері Нариман жарыс сайын нәтижесін жақсарта берді.

Универсиада, Ислам бірлігі ойындары сияқты ірі сындарда ол күміс жүлде иеленді, кейінгі екі жыл қатарынан Азия чемпионы атанды. 2023 жылғы Азия ойындарында алға тайпейлік және жапониялық қарсыластарын жіберіп, қола жүлдегер атанды.

Париж олимпиадасының жолдамасы Құрбановқа соңғы әлем кубогында, Германияның Котбус қаласында бұйырды. Бұл сында отандасымыз 15,433 ұпай жинап, олимпиадаға жол ашты. Ең қызығы, Париж төрінде де ол дәл сондай ұпайға (15,433) ие болып, жүлдегер қатарына қосылды.

«Жынданып кете жаздадым»

Париж олимпиадасында финалға іріктеуде Нариман 6-нәтиже көрсетті. 15,000 ұпай жинады: төрешілер жаттығудың қиындығына – 6,4, орындалуына 8,600 ұпай берді. Жалпы, спорттың бүл түрінде 15,000 ұпай ең жақсы көрсеткіш болып саналады. Оған қол жеткізген спортшы өзін «финалдамын» деп еркін сезіне беруіне болады.

Ең қиыны финалда күтіп тұрды. Құрбанов ел алдына бірінші шығатын болды. Мұның өз қиындығы бар: қателеспеу керегі өз алдына, кейін шыққан қарсыласыңның бәріне алаңдап бітесің. Іштей таусылып, қаламасаң да, қарсыласыңның қатесін күтесің.

Нариман өз кезегін мүлтіксіз орындап шықты. Ол өз атынан тіркелген The Kurbanov элементін құдды жаттығуды жүргендей атқарды. Үлкен сындарда Құрбанов үшін жаттығуды сәтті орындап, жерге, қажет нүктеге дәл түсу үлкен мәселе еді. Тіпті талай рет жаттығуды сәтті атқарып шықса да, соңғы кезекте аяғын тікке көтеріп барып дік ете қалуды құнттамай қалатын. Олимпиада төрінде бәрі керемет шықты. Мамандар да, қарсыластары да Нариманды бірден құттықтады.

Осыдан кейін күту басталды. Үшінші ретпен ортаға шыққан Макс Уитлок (Ұлыбритания) қатты қателесті. Ол бұған дейін Рио және Токио олимпиадаларында топ жарған еді. Бірақ Парижде ол бір құлап барып жарысын жалғастырды. Төрешілерден төмен ұпай алған соң, Уитлок түнерген қалпынан танған жоқ. Нәтижеде ирландиялық Рис МакКленаган ғана отандасымыздан 0,1 ұпай артық жинап, олимпиада чемпионы атанды. Америкалық Стивен Недорощиктен қатты қауіптенген едік, ол да төрешілердің ықыласын қатты жаулай алған жоқ.

Осылайша, Нариман Құрбанов олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. «Шынымды айтсам, қарсыластарым өнер көрсетіп біткенше жынданып кете жаздадым. Уитлок сәтсіздігінен кейін кемінде қола медаль қолымда деген ойға берілдім, ақыры нәтиже мен күткеннен де жақсы болып шықты. Бұл жеңісімді Қазақстан халқына арнаймын. Қазір қандай үлкен іс тындырғанымды сезіне қойғаным жоқ, дегенмен елге барған соң бәрін қайтадан түсіне бастайтын болармын» деді жеңімпаз журналистерге берген сұхбатында.

Ең жақсы нәтиже көрсететін кезең

Жеңімпаздың әкесі Х.Құрбановқа да алғысымыз шексіз. Олар қазақ спортының тарихына жаңа жылнама жазды. «Зал салқындау болса да, қатты терлеп кеткенімді сездім. Нариман өнер көрсетіп біткенше тұрған жерімде қатып қалыппын. Кәнігі маман көзіне ұлымның өте жақсы атқарып шыққаны бірден көрінеді, сондықтан іштей «бір жүлде біздікі» деген сенімнен айнығаным жоқ» дейді Хусанжан аға.

Елге оралған соң Нариман үйленеді. Бұл туралы да ол жеңісінен кейінгі сұхбатында ресми мәлімдеді. «Спорттағы мансабым туралы айтар болсам, ойлануым керек. Спорттық гимнастикада 26-30 жастың арасы нағыз дер шағың саналады. Мен қазір 26 жастамын. Демек, ең жақсы нәтиже көрсететін кезеңдемін» деді ол.

Н.Құрбановтың күмісі – қазақ спортының жаңа жетістігі. 1996 жылдан бері осымен он бесінші спорт түрінде елімізге олимпиада жүлдесі бұйырып тұр. Ең көп алтын және ең көп жүлде әкелген – бокс болса (7 алтын, 7 күміс, 10 қола), жеңіл атлетикадан – 2 алтын (оған қосымша 1 күміс, 2 қола), күрес түрлерінен – 1 (5 күміс, 11 қола), ауыр атлетикадан – 1 (4 күміс, 6 қола), дзюдодан – 1 (2 күміс, 3 қола), велоспорттан – 1 (1 күміс), қазіргі бессайыстан – 1, жүзу спортынан 1 алтынымыз бар. Әр жылдары мылтық атудан – 2 күміс, 2 қола, спорттық гимнастикадан – 1 күміс, каратэден – 2 қола және таеквондодан 1 қола жүлде еншіледік.

Есей Жеңісұлы