Paris-2024. Сена жағалауындағы үздіккен үміттер
26 шілдеде ХХХІІІ жазғы олимпиялық ойындар басталады. Қазақстандық 80 спортшы 19 спорт түрінен 92 бағдарлама бойынша ел намысын қорғайды.
Жақында олимпиада астанасына алғашқы спортшылар легі аттанды. Жарыстың алғашқы күндері боксшылар, велосипедшілер және дзюдошылар сынға түседі. Олимпиада 11 тамызға дейін жалғасады.
Париж – үшінші рет олимпиада астанасы
Франция астанасы өз тарихында үшінші рет жазғы ойындарды қабылдамақ. Бұған дейін 1900 және 1924 жылдары Парижде олимпиада өткізілді. Бұл көрсеткіш бойынша Париж Лондонмен (Ұлыбритания) теңеседі.
2024 жылғы жазғы олимпиаданы өткізуге әу баста Будапешт (Венгрия), Гамбург (Германия), Лос-Анжелес (АҚШ), Париж (Франция), Рим (Италия), Бостон (АҚШ) қалалары үміткер болды. Бірақ өтініш беру процесінің соңына қарай жарыс жолында Лос-Анжелес пен Париж ғана қалды. 2017 жылдың 9 маусымында Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) атқару комитеті 2024 және 2028 жылғы олимпиадалар астанасын бірден анықтауды дауысқа қойды. Бұл ұсыныс сол жылғы 11 шілдеде Лозаннада (Швейцария) өткен ХОК-тың кезектен тыс сессиясында мақұлданды. Нәтижеде 2017 жылдың 13 қыркүйегінде ХОК-тың Лимада (Перу) өткен 131-сессиясында Париж ХХХІІІ ойындар астанасы болып таңдалды.
Олимпиада таңбасы, бойтұмары, ұраны
Париж ойындарының ресми эмблемасын Royalties Eco-Branding дизайн студиясы жасап шығарды. Онда алтын медаль ішіндегі олимпиада алауы, Франция Республикасының символы Марианнаның ерні бейнеленген. Марианна бейнесі 1900 жылғы олимпиадаға қатысқан әйел спортшыларға құрмет болып та саналады. Сурет астындағы Paris 2024 сөзі ар-деко стиліндегі шрифтпен жазылған.
Олимпиада және паралимпиада бойтұмары 2022 жылдың қарашасында таныстырылды. Фриги есімді қалпақ Париж ойындарының бойтұмары ретінде таңдалды. Тарихта ол фригиялықтар қалпағы деген атаумен танымал. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қалпақ – «Француз Республикасының айқын символы», ал француз халқы үшін ол – азаттық бейнесі.
2022 жылдың 25 шілдесінде Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті «Барлығы үшін ашық ойын» деген ұранды таныстырды. Ағылшын тілінде ол – Games Wide Open, французша Ouvrons grand les jeux болады. Ұран ойынға қатысушы ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікті (5250 ер спортшы және 5250 әйел спортшы), сондай-ақ спорттың жаңа түрлеріне ашықтықты білдіреді. Париж ойындарында алғаш рет брейк-данс жарыстары өтеді.
Олимпиада нысандары
Ойындар Париждің Үлкен Париж, Версаль және Орталық Париж аудандарында өтеді. Баскетбол (іріктеу жарыстары), гандбол (финалдық кезең), академиялық есу, байдарка мен каноэде есу, желкен спорты, серфинг, мылтық ату сияқты спорт түрлері Париж аумағынан тыс жерлерге жоспарланған. Ал футбол матчтары Францияның алты қаласындағы (Марсель, Бордо, Лион, Сент-Этьенн, Ницца, Нант) стадиондарда өткізіледі.
Ашылу салтанаты
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» сөзі (Шәкерім) Париж олимпиадасының ашылу салтанатына дөп келіп тұр. Бұл жолғы салтанатта басты тұлғалар – қатысушы спортшылар. Сондай-ақ биылғы шараның басты ерекшелігі – бағдарламаның барлығы стадионда емес, ашық кеңістікте жоспарланған. Спортшылар шеруі Сена өзені бойымен шығыстан батысқа қарай 6 шақырым қашықтықта өтеді. Әр делегация жеке қайықпен жүзеді. Шеру Ботаникалық бақ маңындағы Аустерлитц көпірінен басталып, қала ортасындағы екі аралды (Сен-Луи және Сите) айналып өтеді де, бірнеше көпір мен бөгенді артқа тастайды. Спортшылар Келісім сарайы, Инвалид сарайы, Гран-Пале, Йена көпірі сияқты олимпиада нысандарын көріп өтеді. Шеру Эйфель мұнарасын өте айқын көрсететін Трокадеро алаңында аяқталады. Ашылу салтанатының финалы да сонда өтеді.
Делегациялар мінген қайықтар арнайы камералармен жабдықталған. Теледидардан немесе түрлі трансляциялар арқылы тамашалап отырған көрермендер спортшылардың эмоциясын, қуанышын жақыннан көре алады. Ашылу салтанатының тағы бір ерекшелігі – жоғары жағалауларға жиналушылар ақы төлемей-ақ тамашаласа, төменгі жағалаудан орын алғысы келетіндер кіру билетін сатып алады.
Сена өзені арнасының ластануы салдарынан 1923 жылдан бері шомылуға тыйым салынған. Олимпиадаға байланысты өзен арнасы тазартылды, бірақ жергілікті жұрт оны әлі де қолайсыз санайды. Сырттан келетін спортшыларды сендіру үшін Париж мэрі Анн Идальго мен Спорт министрі Амеот Удеа-Кастера арнайы киіммен шомылып та көрсетті.
Қысқарған, қосылған бағдарламалар
Биылғы олимпиада бағдарламасында 32 спорт түрі бар. 28 негізгі олимпиялық спорт түріне қосымша брейк-данс, спорттық құзға өрмелеу, скейтбординг және серфинг таңдалған.
Барлығы 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл 2020 жылғы Токио олимпиадасынан 10 медальға кем.
Биыл байдарка және каноэде есу (3 медаль), бокс (әйелдер арасында +1 салмақ), желкен спорты (3 медаль), брейкинг (2 медаль), құзға өрмелеу (2 медаль) түрлері бойынша қосымша 10 жүлде сарапқа салынады. Ал каратэ, бейсбол, софтбол, т.б. спорт түрлерінің жалпы 20 бағдарламасы олимпиялық спорт бағдарламасы тізімінен шығарылды.
Париж олимпиадасындағы жарыстар ретін регби-7, футбол, садақ ату, гандбол сындары 24 және 25 шілдеде бастап кетеді.
Сегізінші ойындар
Қазақстан дербес мемлекет ретінде сегізінші Жазғы олимпиадаға қатысады. Бұған дейін отандастарымыз 14 алтын, 22 күміс, 35 қола, барлығы 71 жүлде жеңіп алды. 2020 жылғы Токио олимпиадасында ғана қазақстандықтар бірде-бір алтын немесе күміс жүлде иеленген жоқ.
Париж олимпиадасында қазақстандықтар ең аз құраммен өнер көрсетеді. Бұған дейін ең аз спортшымыз сынға түскен олимпиада Токио додасы (2020 жыл, 93 спортшы) болатын. Ең көп спортшымыз 2008 жылы Бейжің олимпиадасында (132) ел намысын қорғады.
Ту ұстаушылар
Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафронова көтеріп шығады. 2020 жылғы Токио олимпиадасынан бері туды әр елден екі атлет (ер және әйел) ұстап келеді. Токиода Қамшыбек Қоңқабаев пен Ольга Рыпакова ту ұстаушыларымыз болған еді.
«2004 жылы Бақтияр Артаев ағамыз олимпиада чемпионы болған соң, туған ағам мені бокс секциясына ертіп келді. Содан бері жаттығып, спорттың бұл түрі өзіме ұнап қалды. Енді, міне, жазғы олимпиадада еліміздің туын көтеріп шықпақпын. Ең бірінші кезекте бұл – үлкен мәртебе, үлкен жауапкершілік. Туымызды желбіретіп барып, желбіретіп қайтамыз» деді Шымбергенов.
Қызықты деректер
Қазақстан ҰОК олимпиадаға іріктеу кезеңін қорытындылай келе ұсынған қызықты деректер:
• Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы олимпиадаға толық құрамда барады;
• Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет жазғы ойындарға үш спортшы апарады;
• Брейкинг пен бадминтоннан Қазақстан тұңғыш рет олимпиада жолдамасын иеленді. Брейкингтен – Әмір Закиров, бадминтоннан Дмитрий Панарин ел намысын қорғайды;
• Әйелдер күресінен Қазақстан командасы тарихта тұңғыш рет Олимпиададан сырт қалды;
• Семсерлесуден Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет командалық жарыста бақ сынайды.
• Қазақстан тұңғыш рет гимнастиканың үш түрінен (батуттық, спорттық және көркем) жазғы олимпиадада сынға түседі;
• Нысана көздеуден Қазақстан командасы тұңғыш рет олимпиадаға алты спортшы апарады;
• 80 қазақстандық спортшының ішінде 54 атлет жазғы ойындарға тұңғыш рет қатысқалы отыр;
• Қазақстан олимпиадалық құрамасының сапында жазғы ойындарға төртінші рет қатысатын екі спортшы бар. Олар – жеңіл атлет Ольга Сафронова мен академиялық есу шебері Владислав Яковлев;
• Елдос Сметов (дзюдо), Кирилл Герасименко (үстел теннисі) және Елена Потапенко (қазіргі бессайыс) олимпиялық ойындарға үшінші рет қатыспақ;
• 21 спортшы өзінің екінші олимпиадасына аттанады;
· Бұған дейін олимпиада жүлдегері атанған 3 спортшымыз Парижде сынға түседі. Олар – Елдос Сметов (күміс және қола), Қамшыбек Қоңқабаев (қола), Сәкен Бибосынов (қола).
12 төрешіге тілеулеспіз
Париж Олимпиадасына 12 қазақстандық маман төрелік етеді. Олар: Алуа Бектұрова (көркем гимнастика), Ольга Соловьева (ауыр атлетика), Әлия Кәрімова (әртістік жүзу), Юлия Игнатченко, Меруерт Қаукеева (теннис), Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика), Евгений Дьякокин (семсерлесу, қылыш), Евгений Михеев (баскетбол), Ерік Жұмабеков, Игорь Лигай (күрес), Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс).
Қаукеева мен Игнатченко осыған дейін 2021 жылы Токиода да төрелік еткен еді. Ал Әмірбеков төртінші олимпиадасында қара қылды қақ жармақ.
Олимпиада жұлдыздары
ХОК Париж олимпиадасында өнер көрсететін қазақстандық спортшылардың жұлдыздар тізімін жасады. Демек, ұйымдастырушылар оларды фаворит қатарынан күтетіні сөзсіз. Бұл тізімге Назым Қызайбай, Валентина Хальзова, Сәкен Бибосынов (бокс), Әбиба Әбужақынова, Елдос Сметов (дзюдо), Милад Кәрими (спорттық гимнастика), Нора Джеруто (жеңіл атлетика), Руслан Құрбанов (семсерлесу), Айдос Сұлтанғали, Демеу Жадыраев, Азамат Дәулетбеков (күрес түрлері), Елена Рыбакина (теннис) енді.
Бокс – ең олжалы спорт
8 олимпиадада Қазақстан қоржынына ең көп жүлде салған спорт түрі – бокс. Жұдырықтасу өнерінің жампоздары 1996 жылғы Атланта олимпиадасынан бері 7 алтын, 7 күміс, 10 қола – барлығы 24 жүлде жеңіп алды. Біздің боксшылар соңғы Токио олимпиадасында ғана финалға шыға алған жоқ.
Олжасы көп екінші спорт түрі – күрес. Күрестің әр түрінен отандастарымыз әр жылдары 1 алтын, 5 күміс, 11 қола (барлығы 17 жүлде) жеңіп алды.
1996 жылдан бері қазақстандықтар бокс, жеңіл атлетика, грек-рим күресі, ауыр атлетика, велоспорт, қазіргі бессайыс, жүзу бағдарламаларынан алтынға қол жеткізді.
Сондай-ақ дзюдо, мылтық ату, каратэ және таэквондо спорттарынан жүлделер иеленді.
Үш олимпиадада жүлде иеленген, алтынға да, күміске де, қолаға да қол жеткізген жалғыз спортшымыз бар. Ол – үш секіруші Ольга Рыпакова. Ольга 2008 жылғы Бейжің олимпиадасының – күміс, Лондон олимпиадасының – алтын, Рио олимпиадасының қола жүлделерін жеңіп алды.
Қазақстандық спортшылар допинг дауына байланысты 10 жүлдесін (6 алтын, 2 күміс, 2 қола) қайтарып берсе, қарсыластарының допинг дауына орай 6 жүлдеге кейінірек ие болды (1 алтын, 3 күміс, 2 қола).
1996 жылы Александр Парыгин Атланта олимпиадасында топ жарғалы бері қазақстандық бессайысшылардың ешбірі жүлдеге қол жеткізіп көрген жоқ. Сондай-ақ жүзу спортынан – жалғыз медаль (Дмитрий Баландин, Рио-2016), велоспорттан – Александр Винокуровтың қос жүлдесі (Сидней – күміс, Лондон – алтын), таэквондодан жалғыз қола (Арман Шылманов, Бейжің-2008) әлі жаңарған жоқ.
Биыл теннис, көркем және спорттық гимнастика, спорттық құзға өрмелеу, брейкинг сияқты спорт түрлерінен қоржынымызға түскен кез келген жүлде осы спорт түрлерінің алғашқы медалі болады.
Биылғы олимпиадада қазақстандықтар ешбір командалық спорт түрінен жарысқа қосылмайды.
Олимпиаданың жабылу салтанаты 11 тамызда Париждегі «Сен-Дени» стадионында өтеді.
Есей Жеңісұлы