Парламентте президентті ойлап отырып өткен бір жыл
Жыл аяқталар тұста тағы бір депутат Еділ Жаңбыршин көзге түсті. Дүйсенбі күні парламентке Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер келген.
Монополист компанияға айтылар сын бұрыннан көп, депутаттар да қарап қалмауға барын салып жатты. Иә, мұндай компания өкілдерінің келуі – депутаттар үшін үлкен мүмкіндік. Өйткені билікке тіл тиіп кететіндей емес, бейкүнә тақырып, қалай шалып, қалай жықсаң да өз еркің. Оның үстіне, әуе компаниясына қатысты сұрақ қоярда соншалық ізденіп те керек емес. Билет неге қымбат? Қазақ тілі неге дұрыс жолға қойылмаған? Неге кешігіп ұшасыңдар?.. Ел айтып, жазып жүрген мәселе.
Алдымен депутат Мұрат Әбенов сұрақ қойды. Жоғарыда айтқан мәселелер. Одан кейін Жаңбыршин «шаңыраққа қараңыз» деп бастап, баптанып сөйледі. Ұшу уақытының кешіккені үшін әуе компаниялары өтемақы төлеу жолдарын жеңілдетсін, «бүйтіңіздер», «сөйтіңіздер» деп, «тапсырма беріп» жатқанда Фостер сәл езу тартқандай болды. Сол-ақ екен, өзі де ширығып отырған Жаңбыршин дүрсе қоя берді.
– Сіз күлмеңіз! Сіз бізді менсінбей отырсыз. Біз сізге Африкадағы абориген емеспіз, ештеңені түсінбейтін. Ойнамаңыз, бізді күліп, менсінбей! Бұл – Парламент! Осы жерде отырғандардың бәрі – халық сайлаған адамдар.
Бір қызығы, осы видео тарағаннан кейін жұрт Фостердің езу тартқанын емес, депутаттың сөзін талқылап кетті. Оның себебі де жоқ емес еді. Жаңбыршиннің сөзінен бірнеше қарама-қайшылықты көруге болады. Ол ағылшын кәсіпкеріне қарата «бізді менсінбейсіз» деп ренжиді, сөйте тұра бір айдаладағы «африкалық аборигендерді» (негізгі мағынасы «жергілікті жұрт», «байырғы халық») кемсіте сөйлейді. Және Фостердің есіне оның Парламентте отырғанын салады. Артынша өздерінің «халық сайлаған адамдар» екеніне ерекше мән береді («бізде сайлау әділ өтеді» дегісі келді ме екен...) Бұл бір қазақ депутаттарының бар болмысын ашып беретін сөз. Психологиялық зерттеу жүргізсе, оның бойында қаншама комплекс бар екенін анықтауға болады. Ол, ең алдымен, Парламенттің айбынын асыра көрсетуге тырысады және өздерінің әділ сайлаумен келгенін керексіз жерде тықпалайды. Жаңбыршин Маңғыстау облысынан мажоритарлы жолмен (соңғы шақырылымда енгізілген) сайланған депутат, мейлі, оның әділ жеңгеніне сенейік-ақ, бірақ, ел ішінде депутаттар мен сайлауларға қатысты елдің көзқарасы қандай екенін ол жақсы біледі. Және Фостер де біледі деп ойлайды. Сол үшін қолында тұрған мандатты пайдаланып, оны тез арада тапап тастауға, біздің де мықты екенімізді көрсетіп қалуға тырысады. Әрине, онысы құр доңайбат.
Жаңбыршин ғана емес, жалпы қазақ депутаттарының риторикасына қатысты осыны айтуға болады. Ешқандай саяси дебатқа үйренбеген, кәсіби тұрғыда жетілмеген, сауал жолдағанда жеткілікті түрде ізденбейтінін көрсетіп ала береді. Және бәрінде шындық айтуға деген «құмарлық» бар: бұл тұрғыда олар ойыны қанбай қалған бала сияқты. Шындық туралы түсініктері де қасаң. Айғай, зеку, көзге түсу, ұпай жинау, өзінің зор екенін көрсетуге тырысу, өзгелер ойлағандай емес, айтары бар екенін және ең бастысы, ешкімнен қорықпайтынын дәлелдеуге тырысып жатады. Ал ондай мүмкіндік мәжілісте күнде туа бермейді.
АЭС-ке келгенде айғайшылардың үні шыққан жоқ
Қазақ парламенті қай кезде де Қазақстан президентінің аузын аңдып отыратын орган. Қай жұмысы да президенттің жыл сайынғы жолдаулары, үндеулері, сөйлеген сөздері, бастамалары, бағдарламалары тұрғысында өрбиді. Былайша айтқанда, президенттің аузынан шыққан бастамалар – бұйрық іспетті, талқылауға жатпайды. Бұл тұрғыда қандай заң, қандай заңнама болса да, өте жуас, бейбіт түрде қабылданып жатады. «Рақмет құрметті төраға»; «Сұрағыңызға рақмет», «Жауабыңызға рақмет» деп келетін достық рәуіштегі отырыстарда депутаттар кешегідей өзеуремейді. Және мәжілістің жалпы отырысы мен үкімет сағаттарының айырмашылығы бар екенін байқауға болады. Өйткені әдетте жалпы отырысты Қошановтың өзі, өзгесін орынбасарлары жүргізеді. Депутаттар төрағаның өзі отырғанда өздерін басқаша ұстайды. Мұндайда отырыс тіпті «скучно» боп бара жатса, мәжіліс спикері айғайшыларын іске қосады. Мәселен, Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы талқылауда Ринат Зайытов көзге түсті. Күшене сөйлеп, үлкен мәселе айтып жатқандай көрінеді, бірақ, сауалы да, көтеріп отырған мәселесі де тым қарабайыр. «Елтаңба деген менің ұғымымда біреу ғана. Түркістан жеке мемлекет болып бөлінгелі жатыр ма? Елтаңба дегенді түсіндіріп беріңіз» дейді. Мұндай сұраққа, әлбетте, баяндамашының жауабы дайын: «Елтаңба дегенім – эмблема ғой». Болды, сонымен тақырып жабылады.
Осылай ара-тұра «батыр» болып тұратын депутаттардың ең бір қысылған кезі – АЭС салу талқысы кезінде болды. Бұл референдумға салынған және нәтижесі алдын ала белгілі болып қойған науқан еді. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын елдің бәрі біліп отыр, әйтеуір көп науқанның бірі ретінде өтті де кетті. Міне, осы кезде қазақ депутаттары жынынан айырылды да қалды. Титтей күмән тудыру қайда, ел адақтап, АЭС-тің жыршысына айналып кетті. Жоғарыда айтқан Зайытовтың өзі күтпеген жерден энергетик болып шыға келді. Бұрын түсінбей жүрген екен, референдум қарсаңында мамандар әбден ұқтырған соң, өзі де лекция оқитын деңгейге жетті.
АЭС салу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін үлкен топ құрып, оны Халықтық штаб деп атап, оған сенат пен мәжілісті, өздерін бейтарап атап жүрген алты партияны бірдей тоғытып жіберу – реті келгенде әртістікке салынса да өзін зор көрсетуге тырысып жүрген депутаттардың көкірегін басқан ерен оқиға болды. Басқасын айтпағанда, парламентке өтпей қалған жалғыз партия «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртайдың өзі сөзінен айнып, АЭС-ті жақтап шықты, қалған алты қаздың жағдайын айтып жатудың өзі артық. Ең қызығы, соншама депутаттың бәрінің ойы бір жерден шығуында. Ең болмаса, «ради приличия» бірнеше депутат қарсы шықса да ештеңе өзгермес еді. Бірақ қазақ билігі болымсыз қарсылықтың үлкен қозғалысқа айналып кетуі мүмкін екенін жақсы біледі, қоғам онсыз да қарсы болып отырғанда мұндай «скидка» жасауға тәуекел етпей-ақ қояйық деген секілді. Оның үстіне, депутаттардың абыройы дегенді ойлап, бас қатырмайтыны тағы бар, саптағы сарбазы сияқты қарайды, алды да АЭС туралы оттың ортасына тастап жіберді. Ал бұл оттан аман шығу үшін «халық өкілдері» ештеңеден тайынбайды, ешкімнің басына келмейтін аргументтер ойлап табады. Мұндайда, әлбетте, «ат сүрінгенше сөз табатын» айтыскердің көзге ерекше түсуі заңды.
Қандай істе де депутатты құрбанға шалудың тағы бір астыртын месседжі бар: биліктің өз ұсынысын өткізу үшін ештеңеден тайынбайтынын білдіру. Бұл жұрт арасында «бәрі бір солардың айтқаны болады» дейтін немқұрайлы көңіл күй қалыптастырады. Басқа емес, депутаттардың өзі АЭС-тің ауыз жаппас насихатшысына айналып кеткенін көрген ел негізгі мәселені қойып, «сатқын», «екіжүзді», «жалтақ», «биліктің құйыршығына» айналған халық қалаулысын жерден алып жерге салып жүріп, референдум болатын күннің қалай жетіп келгенін байқамай да қалды. Сөйтіп, депутаттар нағыз қаһарманға айналатын тарихи сәтті жіберіп алды.
Уақыт белдеуі. Жанып-сөну
Бірыңғай уақыт белдеуіне көшу туралы ұсыныс та алғаш рет мәжілісте айтылды. Бұрын бұл бастамаға қарсы болып жүрген Еркін Әбіл аунап түсіп (ол да бұрын дұрыс түсінбей жүрген, кейін «мамандар» көзін жеткізген соң, бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің ғажайып бастама екенін түсінген), «ғылыми консенсусқа» сүйеніп, батыс пен шығыстағы құжат алмасудың қиындығын алға тартып, балалардың ұйқысы қанбайтынын, жалпы елдің денсаулығын бетке ұстап, депутаттық сауал жолдады. Өзі де шығайын деп тұрған көз екен, ызы-қиқу басталды да кетті. Жұрт о баста уақыттың жылжығанынан не өзгереді дейсің деп жүрген, өзгеріп кеткеннен кейін ғана өздерінің қайда тап болғанын бір-ақ білді. Білді де, шулап кетті. Әбілдің ақталуы да (қолымда дәлелденген ғылыми-зерттеулер болмағандықтан қарсы болдым), ғалымдардың аргументтері де «сиырдың мөңірегенінен», «тауықтың шақыруынан», «тас төбеге шығып алған күннен» түнгі сағат 3-те оянып жүрген елді жұбата алмай қойды.
Сөйтіп жүргенде бір топ депутат жаз кезінде ел аралап жүріп, Шығыс Қазақстандағы жағдайды көріп, түңіліп қайтты. Жай қайтқан жоқ, Астанаға екі иінінен демалып, бұрқ-сарқ қайнап жеткен бетте, Лұқбек Тумашинов, Ринат Зайытов, Юлия Кучинская, Дәулет Мұқаев, Нұртай Сабильянов, Асхат Аймағамбетов, Дүйсенбай Тұрғанов және Мақсат Толықбай бірігіп, әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап тастады. Толықбай «Жер үлкен болған соң география бойынша уақыт белдеуі денсаулыққа қаншалықты зиян екені алдын ала зерттелуі керек еді» деп шықты; «халыққа қолайсыз, денсаулығына кері әсер етеді. Сондықтан Үкіметтен уақытты қайтаруды талап етеміз» деп Сабильянов батырсынды. Әдеттегідей ежіктеп, ақылдасамыз, қараймыз, ұсынамыз деген жоқ, «талап етеміз!» деді. Және осының бәрі мәжілістің жалпы отырысында айтылды. Қошановтың өзі «халықтың талабын біз міндетті түрде қарастыруымыз қажет» деп, тіпті таңғалдырды.Бірақ бұл «ренессанс дәуірі» ұзаққа созылмады. Бұл әңгіме үн-түнсіз жабылып кетті. Ең болмаса, депутаттар Қошанов айтқан пленарлық отырыста қызыл кеңірдек болып, дауысқа салып, жаңа уақыт белдеуін қолдайтындар басым түсіп, сол күйінде қалдыруға да болатын еді, бірақ Қошанов бастаған корпус ең болмаса осындай спектакль қоюдың өзіне қабілетсіз болып шықты. Премьер-министр Олжас Бектенов ақырында ештеңе өзгермейтінін айтты, алдағы уақытта елге «ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізетінін» айтты, талап етеміз деп жүрген депутаттар тырс еткен жоқ. Күні ертең елге түсіндіру бойынша науқанда «біз дұрыс түсінбеппіз, адамға түнгі сағат 3-те оянған пайдалы екен, бұл өте терең ғылыми-зерттеулер негізінде қабылданған» деп, сайрап отырса таңғалмаймыз.
Айтпақшы, Еркін Әбіл ақталам деп жүріп «Үкімет бұл шешімді менің депутаттық сауалыма бола жайдан-жай қабылдаған жоқ. Үкіметтік комиссия жұмыс істеді, бірнеше ғылыми мекеменің қорытындысы шықты. Комиссия менің депутаттық сауалыма дейін өз жұмысын бастады» деп, шынын айтып қойды. Яғни үкімет депутатты өзінің бастамасы үшін пайдаланған. Және басқа емес, бұрын қарсы болып жүрген депутатты оп-оңай өз бағының бұлбұлына айналдырып ала салды.
Тістеніп отырып бәріне көну
Бұл шарттың 100% ратификацияланатыны о баста түсінікті болған. Әрине, сондай шартты үнсіз қабылдап жібергендерін жылы жауып қоя салуға болатын-ақ жағдай, әттең, ел тыныштық бермейді. Әлеуметтік желіде жұрт бірнеше депутаттың атын атап тұрып, «басқа-басқа, сенен осыны күтпеп ем» деген лепте көк есекке теріс мінгізіп жатты. Сондай қысымға шыдамады ма, әлде бұл да осы шешімді ақтау туралы тапсырма ма, Ермұрат Бапи көлдей мәлімдеме жасады. Ол бұл сыртқы саясатымыз үшін маңызды екенін айта келіп, «президент Тоқаевтың дипломатиялық саясатына дес беріп, мен осы заңды тісімді шықырлатып отырып қолдаймын» деді. Тіс шықырлатып – іштей кіжініп отырып, көп нәрсеге келісе салуға болады. Бірақ ақталуға болмайды.
Жалпы, қазақ шенеуніктері мен билікшіл зиялы қауым һәм депутаттардың риторикасында «Аю мен Айдаһардың ортасында отырған елміз» дейтін месседж бұрын да аз айтылмайтын. Қазір «геосаяси жағдай ушығып тұрған кездегі сыртқы саясат» дейтін кеп қосылды. Мұны депутаттар (бұрын билікті сынап жүрген) өздерін ақтап алатын аргумент ретінде жиі пайдаланатын болып жүр. Яғни алмағайып заманда бәріміз президенттің қасынан табылуымыз керек дейтін гәп – ақталуға жарап тұр. Бұрынғы «еліміз егемендігін енді алды, еңсемізді тіктеп, буынымызды бекітіп алғанша елбасының сарабдал саясатына қолдау білдіруіміз керек» дейтін сөз жиі естілетін ескі Қазақстан еске түседі.
Парламентте отырып Ақордаға пас беру
2021 жылдан бері айтылып келе жатқан «Масс-Медиа туралы» заңды бекіту де биылғы депутаттардың еншісіне бұйырыпты. Журналистер арасында талқыланғаны болмаса, бұл заң қазақ ішінде резонанс тудырды деп айта алмаймыз. Ерекше есте қалғаны Жигули Дайрабаевтың «Әлеуметтік желіде негатив көп жазылады. Қаралау, жамандау, жүргізіліп жатқан дұрыс саясатты бұрмалау, халықты бір-біріне арандату – осындайларға қатты шара қолдану керек» деген сөзі. Бір кездері президенттікке үміткер болған (!) Дайрабаев онымен тоқтамай, оның орнына «қарапайым еңбек адамын дәріптеу» туралы ұсыныс айтты. Ал «еңбек адамы» – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдан бері айтып келе жатқан сөзі. Көрдіңіз бе, қазақ депутаты БАҚ туралы заң талқыланып жатқанда да Ақордаға қайтсем жағам деп ойланып отырады.
Біраз депутаттар бұрынғы президенттер мен олардың отбасы мүшелерінің жеке өмірі және денсаулығы жайлы деректер мемлекеттік құпияға жатқызылатыны туралы заң президенттің үстелінде жатқанда «біз бұл заңнан хабарсызбыз» деп, өздері аң-таң болғанымен қоймай елді де аң-таң қалдырды. Парламентке, депутаттарға үміт артпауды халық онсыз да меңгерген, бірақ депутаттардың ел ішінде ең бір көп әңгіме болған мәселеден жай ғана «хабарсызбын» деп, ат-тонын ала қашу – бұл жақта қысымның ғана емес, моральдық-этикалық жағдайдың да тым күрделеніп бара жатқанын көрсетеді.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов 2024 жылды қорытындылаған сөзінде «Жыл басынан бері біз Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында, Ұлттық құрылтайда берілген тапсырмаларын орындау үшін бірқатар маңызды заң қабылдадық» дей келіп, осы сессия басталғалы Палатаның қарауында 106 заң жобасы болғанын, оның ішінде 37 заңды қабылдағандарын, 19-ына Президент қол қойғанын» айтты. Яғни депутаттар қабылдаған заңға президенттің өзі (!) қол қойған! Демек, депутаттық корпус әзірге әжетке жарап тұр – оған өздері өте қуанышты. Жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алуға болады...
Димаш ӘЛЖАНОВ, саясаттанушы: Депутаттарда тәуекел де, тәуелсіздік те жоқ
– Орыс тілі ұйымы туралы сөз болғанда Ермұрат Бапи орыс тілі ұйымын құруға қатысты «тісімді шықырлатып отырып қолдадым» деген сөз айтты. Біздің депутаттар сын сағатта неге қайрат көрсете алмайды?
– Өздігінен бірдеңе істей қояды дейтіндей біздің депутаттарда тәуекел де, тәуелсіздік те жоқ. Парламент президенттің бақылауында және қалай десеңіз де, заң шығару процесіне жетекшілік ете алмайды. Қазақстан заңдарын президент әкімшілігі мен үкімет жазады, ал парламент формалды түрде соны қабылдайды. Парламенттің жұмысы мен тәртібін қадағалайтын мәжіліс пен сенат спикерлері президентке бағынышты. Ермұрат Бапи да басқа тәуелді әріптестері сияқты, заң жобалары бойынша берілген тапсырмаға сәйкес дауыс береді. Яғни парламенттің күн тәртібінде жоғарыдан түскен немесе солар рұқсат берген заң жобалары ғана қаралады. Ондағы талқылаулар мен пікірталастар техникалық тұрғыда ғана жүреді, басқа ештеңе емес.
– Депутаттар популизммен айналысады деген сын жиі айтылады. Осының себебі не?
– Депутаттарда да олардың партиялары сияқты өзіндік саяси ұстаным деген жоқ. Парламенттегі партиялардың бәрі президент әкімшілігі арқылы құрылған. Биліктің ұстанған курсын қолдау үшін. Сондықтан олар өткір-өткір дейтін саяси сұрақтарды жіліктеп талдай алмайды. Мұндай жағдайда депутаттар популизмге бой алдырады. Шынайы саяси процесс болмағанда оның орнын популизм алмастырады. Бұл қоғамның көзін алдаудың бір құралы.
– Соңғы шақырылымда бір мандатты сайлау жүйесі енгізілді. Мәжілісте осыдан бірдеңе өзгерді ме?
– Мұндағы проблема тек сайлау жүйесінде емес, проблемалардың жиынтығында. Біріншіден, парламент өз функциясын атқару үшін саяси бәсекелестік жағдайында құрылуы керек. Мемлекетте оппозициялық партиялар тіркелуі керек, ал қарапайым азаматтардың саясатпен айналысуы үшін заңдық тұрғыда кедергілер мен шектеулер болмауға тиіс. Екіншіден, парламенттің өзі тәуелсіз болуы керек. Мысалы, Оңтүстік Кореядағыдай, президенттік билікке қарсы салмақты құрылым болғанда ғана бірдеңе өзгереді деп күтуге болады. Сонда ғана депутаттардың тәуелсіз болуға және шынайы өзгерістер жасауына шанс пайда болады. Жалпы, дені дұрыс саяси орта қалыптаспаған жағдайда сайлау жүйесінің моделін талқылаудың мәні жоқ.
Бізде қабылданған 29 бір мандатты сайлау округіне келсек, бұл ештеңені өзгерте алмайды. Бұл бізде тәуелсіз кандидаттар бар, бәсекелестік бар деген жай ғана көз алдау болып қала береді.
– Журналистер қазір парламентте депутаттарды баяғыдай қуып жүріп «тергей» алмайды. Белгіленген жерде ғана пікір сұрауға болады.
– Бұл авторитарлық режимнің шектеулері. Қазақстан билігі президентке ғана тиесілі, азаматтардың құқығы мен бостандығы және медиа еркіндігі шектеулі. Мәселе тек парламентте ғана емес, билік органдарына да жол жабық. Ақпаратқа қол жеткізу барынша қиындатылған. Режим осы арқылы қоғамның әлденеден хабардар болу мүмкіндігін төмендетіп, өз билігін нығайтуға тырысады.
Алмас Нүсіп