Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:57, 26 Қазан 2023

Партиялар мен уәделер: «Ауыл» төрге шыққанша...

21
Фото: из открытых источников

Биылғы мәжіліс сайлауында ең көп мандат құрылғаннан бері Қазақстандағы саяси бәйгелерде сөзсіз фаворит болып келе жатқан «Аманатқа» (бұрынғы «Нұр Отан») бұйырды. Парламенттің төменгі палатасына бұл партияның 40 өкілі кірді. «Ауыл халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» екінші орын алды, олардан 8 адам депутат атанды.

Біз бұған дейін «Қазақстан халық партиясы» атанып жүрген бұрынғы «Қазақстан коммунистік халық партиясы» жайлы сөз қозғадық. Бізді таңғалдырғаны, парламентте бес өкілі отырған білдей партиямен байланысқа шығудың өзі мұң болды. Ал бүгін сөз еткелі отырған «Ауыл» партиясы көне коммунистерден көш ілгері екен. Тұрақты байланыс телефонынан бөлек, «call-орталық» нөмірі бар болып шықты. Әрине, бұл жағдай партияның саяси салмағын арттырып жібермейді, ҚХП-мен салыстыру мақсатында ғана айтып отырмыз.

Бұл партия 2016 жылдан бері сайлауға қатысып жүр. 2021 жылы мәжіліске бір табан жақын тұрғандай көрінген. Сарапшылар парламентке «Нұр Отан» және «Ақ жолмен» қол ұстасып «Ауыл» өтеді деп сенген. Бірақ шешуші сәтке келгенде «коммунистерге» биліктегі бұрынғы саптастары көмектесті ме, әйтеуір, «Ауылдың» алдын орап кетті. Қатарына қазақ қоғамына танымал тұлғаларды топтап, «ауылдың жырын жырлаймыз» деп ұрандатқан ауылдықтар 7 пайыздық барьерді еңсере алмады. 2019 жылғы президент сайлауында «Ауылдың» кандидаты 3%, ҚХП өкілі 1% дауыс жинаған. Сарапшылар осы көрсеткішке қарап мәжіліс сайлауында «Ауылға» сенім артқан сияқты. Бірақ нәтиже олай болған жоқ. Есесіне, 2023 жылғы сайлауда «Ауыл» ҚХП-дан оза шапты.

Саяси партияларға сенім азайған елде мәжіліске кім өтіп, кім өтпегеніне халық аса мән бермейді. Өйткені сайлауалды бағдарламасында «аспандағы айды әперуге» уәде еткен партиялар іс-жүзінде ештеңе істемей, қол қусырып қарап отырады. Өткен санда ҚХП-ның бағдарламасы мен мәжілісте көтерген депутаттық сауалы арасында жер мен көктей парық бар екенін айттық. Сайлау алдында ірі сөйлеген «коммунистер», сайлаудан кейін «тышқаншылап» кетті. «Ауыл партиясы» да осы «өгізді өлтірмейтін, арбаны сындырмайтын» бейбіт жолды таңдап алды.

Мәжіліс сайлауы өткен наурыз айынан бері «Ауыл партиясынан» жұрт назарын аударатын жалғыз жаңалық естідік. Жақында партия төрағасы ауысты. Бұған дейін партия тізгінін ұстаған сенат депутаты Әли Бектаевтың орнын мәжіліс депутаты Серік Егізбаев басты. «Құрттың атын малта қойғандай» кішігірім өзгеріс партия жұмысына қандай жаңалық әкелетіні бізге белгісіз. Бірақ өздері мемлекет басшысы депутаттар алдына қойған міндеттерді жедел орындау үшін (!) мәжілісмендер арасынан төраға сайлауға тура келгенін айтады.

Сайлауға дейін – «Ауыл төрге шықсын!»

«Ауыл» сайлауалды бағдарламасында кей партиялар сияқты саяси жүйені өзгертіп, жемқорларды жоямыз, Қаңтар шындығын ашып, елде әділдік орнатамыз деген популистік уәде бермепті. Өз бойымыздан биік секірмейік деген сияқты. Партия атына сай ауылдың жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға уәде еткен. «Ауыл» партиясы ауыл проблемаларын біледі және оны шешу жолын ұсынады» деген ұранды өтімді деп ойласа керек.

«Қазақстанды индустриялық-аграрлық державаға айналдырамыз» деп, іске кірісіп кеткен ауылдықтар ауыл шаруашылығы жерлерін латифундистердің емес, халықтың пайдасына жарату үшін жер кодексін қайта қараудан бастап, міндетін дұрыс орындамаған әкімдер мен мәслихат депутаттарын жауапқа тарту керек деп бір, 100% мемлекеттік жарғылық капиталмен Агробанк құрамыз, екінші деңгейлі банктер аграрлық саланы қаржыландырғанда пайыздық мөлшерлемені мемлекет белгілейтіндей етеміз деп екі шүйліккен. Шаруаларды салықтан босатпай тоқтамаймыз деген «патриоттар» ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту керек деп жар салған. Интернет, білім, денсаулық, мәдениет, спорт мәселелерін айта келіп, ауылды жерде 20 жыл жұмыс істеген азаматтарға зейнетақыны ұлғайтып, әлеуметтік осал топтар өкілдері үшін азық-түлік төлем карточкаларын енгіземіз деп уәде берген. Делдалдармен күресуге күш саламыз дегені және бар.

Сайлаудан кейін

Партия сайлауалды бағдарламасында «бас жаққа барыспайтынын» айтып, бетін ашып алған. Бірақ шын жұмыс істеймін деген адамға ауылда да проблема жетерлік. Мысалы, 1990 жылдары елдің жалпы ішкі өнімінің 27-29 пайызын ауыл шаруашылығы берсе, бұл көрсеткіш қазір 5 пайызға да жетпейді. Әлемдік тәжірибеде әр елдегі ең бай адам мен ең кедей адамның табысындағы айырмашылық 6-7 еседен аспауы қажет екен. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 30 есе. Табысы төмен тұрғындардың біршамасы ауылда тұрады. Қысқасы, «Ауылға» жұмыс жетеді.

Фракция депутаттары мәжілісте 22 депутаттық сауал жолдапты. Алғашқы сауалда үкімет аграрлық салаға көңіл бөлмей отырғанын айтып, бюджеттен субсидияға бөлінетін қаржы мөлшері сұраныстан 4 есе кем екенін есептепті. Келесі сауалда аграрлық ғылымның зерттеу институттары қараусыз қалып, ғылым саласы құлдырап кеткенін айтыпты. Кейінгі кезде саладағы ғалымдар саны 3000-нан 2000-ға кеміп, орташа жасы 60-тан асқанын еске салады. Тағы бірде ауыл шаруашылығы мамандарының мәртебесін көтеріп, осы салада оқитын студенттердің стипендиясын көбейтуді ұсынады. Сондай-ақ ветеринария саласындағы кемшіліктерді көтеріп, қауіпті мал ауруларының алдын алуға шақырады. «Ауыл» депутаттары бұдан бөлек блогерлер жауапкершілігі, киік ату мәселесі, гендерлік саясат және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жайлы сөйлепті.

Ауылдықтар мәжіліс мінберін тартысқа толтырып, саясат сапыруға тырыспайтынын айттық. Технология мен жеңіл өнеркәсіпте көп елден артта қалғанымыз рас, ендеше, аграрлық саланы жеке дара иемденіп алып, екі жаққа да жағып жүре береміз деп ойлауы бір қарағанда ақылға қонымды көрінеді. Бірақ алты айдағы депутаттық сауалдардың салмағы мен саны көңілге күдік ұялатады. Іскер партия бұдан гөрі батыл жұмыс істесе керек. Оның үстіне саладағы ең өзекті проблемалар – заң жүрмейтін латифундистер, қолдағы «екі сиырын» бағуға жер таппай жүрген шаруалар, су тапшылығы, егінін ешкімге сата алмай, далада шіріткен дихандар жайлы әлі жақ ашқан жоқ. Оңтүстік өңірдегі қуаңшылық жайын да ауылдықтар жеріне жеткізе алмады.

Мәжілістегі «Ауыл» фракциясының депутаттары қалай жұмыс істеп жатқанын білу үшін партия аппаратына хабарластық. Олар құрғақшылықпен күресті бастап кетіпті.

Сібір өзендерінің бір бөлігін елге бұруға күш саламыз

«Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында «Агробанк туралы» және «Азық-түлік қауіп­сіздігі туралы» заң жобасын әзірлеп жатыр. Бағдарлама міндеттері бойынша 22 депутаттық сауал жолданып, аграрлық мәселелер жөніндегі комитет аясында 5 көшпелі және тақырыптық отырыс ұйымдастырылды. «Ауыл» фракциясы депутаттарының қатысуымен «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң қабылданды. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасына «Ауыл» партиясының фракция депутаттары белсене қатысты. Бұдан өзге 12 заң жобасына фракция мүшелері белсенді араласты.

«Ауыл» фракциясының депутаттары партия бағдарламасы аясында алда елді мекендерді дамыту мәселесіне ерекше назар аударады. «Ауыл» партиясының депутаттары су, cалық кодексі, мемлекеттік сатып алу саласындағы заң жобалары бойынша елеулі жұмыс атқарды. Ветеринария, балық және орман шаруашылығы және жергілікті басқаруды жақсарту жөніндегі заңдарға түзету енгізді. Депутаттар өзекті мәселелер бойынша үкімет пен министрліктерге тұрақты түрде сауал жолдап отырады. Мысалы, су тапшылығын жою үшін Сібір өзендерінің бір бөлігін елге бұру жөніндегі кеңестік мега жобаны жандандырып, көрші мемлекетпен бірлесе жүзеге асыру туралы үкіметке сауал жолдады», – дейді партия төрағасы Серік Егізбаев.

«Елеулі жұмыс атқарып», «тұрақты түрде сауал жолдап отыратын» партия жарнама туралы заңды қабылдауға қатысқанының өзін үлкен жетістік санайды екен. Дегенмен бұл өзінің де сүйкімі аздау партияға абырой әпермейтінін түсінді ме екен, бас жаққа барыспаймыз деген ауылдықтар жаһандық деңгейдегі проблемаға араласып кетсек дейді. Жалпы, Сібір өзендерін бері бұру мәселесі ара-тұра айтылып қалады. Егер әлемдік жылыну асқынып, құрғақшылық қаупі арта түссе қайтеміз дегенде айтылатын, қашпаған қашардың уызы сияқты бастама. Ауылдықтардың бұл мәселеге иек артуы – қалай-қалай емес деген «сақтық» шаралары ғана сияқты. Ал Агробанк пен азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жуық арада қабылдана қоймайтыны тағы анық. Демек, ауыл «патриоттары» да әзірге бетегеден биік, жусаннан аласа, момақан қалпында жүре тұрады. Өздері айтқандай, ауыл да, «Ауыл» да төрге жақын арада шыға қоймайды.

Ауыл шаруашылығы саласының маманы, «Шопан-ата» агро-қозғалысының төрағасы Алмасбек Садырбаевтан ауыл тақырыбын қаузап жүрген партияның жұмысына қандай баға беретінін сұрадық.

«Бұл партия қазақ үшін қасиетті атауды арқалап жүргені болмаса, ештеңе тындырған жоқ. Үш жыл бұрын Маңғыстау мен Қызылордада жұт болғанда «Ауыл» қайда қалды? Ормандар өртенгенде, су тапшы болғанда, егін көгеріп жатқанда «Ауыл» қайда болды? Олар бұрын мәжілісте жоқпыз, қолымыздан ештеңе келмей отыр дейтін. Міне, парламентке барғалы жарты жылдан асты, әлі ештеңе істеген жоқ. Арзан атақ қуып қана жүр. Әлеуметтік желідегі парақшасына қарасаңыз, «Ауыл» сайлау кезінде ғана оянатын партия екенін көресіз, елді сол кезде ғана іздейді. Сондай-ақ «Ауыл» партиясы мен фермерлер қауымдастығының ара-жігін ажырата алмай жүрміз, екеуі бір ұйым ба, әлде бөлек пе, белгісіз. Партия ауыл деген сөздің қадірін кетіріп болды. Қала халқы мен өзге ұлттар осы партияға қарап, ауылға деген теріс көзқарас қалыптастырады. Партияға жаңа төраға сайланып жатыр екен, қалай жұмыс істейтінін алда көреміз», – дейді сарапшы.

          Қуаныш Қаппас

Тегтер: