Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:13, 20 Қазан 2023

Партиялар және уәделер. Қазақстан халық партиясы

1
Фото: Abai.kz

Биыл наурызда дүркіреп сайлау өтіп, мәжілістен мандат бұйырған партияларды анықтадық.

Саяси жарысқа түскен жеті партияның алтауы парламенттің төменгі палатасына өтті (Amanat – 40, «Ауыл» – 8, «Ақ жол» – 6, Respublica – 6, «Қазақстан халық партиясы» – 5, ЖСДП – 4 мандат алды). Сайлау науқаны басталар сәтте саяси партиялардың белсенділігінде шек болған жоқ. Бірінен-бірі өтіп, сайлауалды бағдарламасын ұсынып жатты. Ондағы уәделер жұрт игілігіне жарайтындай еді. Бірақ арада алты ай өтпей «сайлауға дейін бәрі жақсы, жаман партия қайдан шығады» деп бас қатырып отырмыз.

Әрине, партиялардың ұсынған бағдарламасы мен берген уәдесіне халық сенбейтін болған. Олар сайлауға дейін сайрағанымен, сайлаудан кейін тілі байланатынын елдің бәрі біледі. Тіпті біздің елде партияларды саяси күш деуге де келмейтін шығар. Белгілі бір партия түрткі болып, оң шешімін тапқан ірі істер некен-саяқ. Бізде саяси партия заңда белгіленген тәртіппен мәжіліс пен мәслихатқа өту үшін ғана қажет сияқты. Бұған енді ауыл мен аудан әкімдерін сайлау қосылды. Қоғамдық мәселеге бас қатырмайтын партиялар қазір әкім лауазымына өкілдерін ұсынып «мәз» болып жүр.

Алты ай. Мәжіліске өткен алты партияның қызметіне баға беретін кез келді деп есептейміз. Сондықтан,қай партия не уәде берді, қазір не істеп жатыр деген тақырыпқа бірнеше мақала арнасақ дейміз. Алғашқы сөз бұрынғы коммунистік, қазіргі халықтық партиясына арналады.

Қызыл сұңқарлар

Мәжілістен мандат алған «Қазақстан халық партиясының» аты жаңа болғанымен, заты ескі деуге болады. 2020 жылы 11 қарашаға дейінгі атауы – «Қазақстан коммунистік халық партиясы». Аты айтып тұрғандай ол кезде нағыз қызыл коммунистер еді. Былайғы күнде олардың бар-жоғы білінбейтін, елдің саяси және мәдени өміріне мүлде араласпайтын, тек «комсомолдың пәлен жылдығы», «совет одағының түген күндігі» деген даталарда ғана бой көрсететін. Сөйтіп жүріп-ақ мәжіліс мандатынан құр қалмайтын. Тіпті олардың биік мінберден көтерген мәселелерінің өзі кісінің күлкісін келтіретін.

2020 жылы тамызда ҚКХП мүшелері мәжілісте «Қазір оқушылар мен студенттер комсомолдар мен коммунистердің ерлігін неге оқымайды» деп шу шығарған. Олар тіпті бас прокуратураға хат жазып, ұлттық құндылықтарды жоқтап жүрген азаматтарды «фашистер» ретінде жазалауды талап еткен. «Халық коммунистері нацистер мен коллаборационистерді дәріптейтін декоммунизаторларға соғыс жариялайды» деп кеңес кезіндегідей ұран тастағанда мұндай ұстанымдағы партия Тәуелсіз елдің заң шығарушы органына қалай өтіп кеткеніне таңғалған едік.

Жарайды, өткенге салауат дейік. Аты ауысқан партия енді КСРО-ның жоғын жоқтап, сойылын соқпаса болғаны. Бірақ «жаңа» партияның атрибуттары мен киімі қызыл коммунистерді еске салатынын айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ ресми сайтында партияның социалистік идеологияны жақтайтыны жазылыпты. ҚХП-ның бұрынғы мүшесі, экс-депутат Жамбыл Ахметбеков «партия аты өзгергенмен, коммунистік идеологиядан бас тартпайды» деп ашық мәлімдеген.

Әділін айту керек, «Қазақстан халық партиясы» 2022 жылы КСРО-ның 100 жылдығын дүркіретіп тойлаған жоқ. «Бессмертный полк» секілді даталарға да аса назар аудармайтын болыпты. Соған қарағанда, ескінің елесінен арыла бастаған көрінеді. Бірақ кезінде «Русский мирден» жырақтап барамыз» деп аһ ұрған Ирина Смирнова сияқты кісілер сол партия атынан әлі депутат болып жүр.

Сайлауға дейін

«Қазақстан халық партиясы» халыққа қандай уәде беріп еді? Додаға «билік пен байлықты халыққа қайтарамыз» деген ұранмен кірген ҚХП елде әділдік орнатуға күш салатынын айтқан. Сайлауалды бағдарламасына сенсек, партия мәжілісте «жемқорлық жайлаған жүйе, санаулы олигархтардың қолындағы ел байлығы» сынды мәселелерді көтеріп, үкіметті сілкілеп жатуы қажет еді. Олар тіпті үкімет есеп беретін, парламент бәрінен күшті болатын жүйе құруға уәде еткен.

Партия елдегі қалыптасқан жүйені сынайды; ел байлығының көп бөлігін олигархтар иеленіп алғанын, 3 млн адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын айта келіп, елді жемқорлық жайлағанына өкініш білдіреді. Әділдікке ешкім сенбейді, теңге құнсызданып, халық несиеге батты дей келіп, осы кемшіліктерді түзететін партия бағдарламасын ұсынған. Бағдарламаға шағын шолу жасайық.

  • Билікті халыққа қайтару үшін мәжіліс пен мәслихат ықпалын арттырып, судьялар мен әкімдерді халық сайлау керек, әкімдер жергілікті мәслихатқа есеп берсін, цензура және бұғаттауды тоқтатып, барлық партияны тіркеу қажет. Сондай-ақ Қаңтар қасіретін ашық әрі әділ тергеп, қанды оқиғаға кінәлілерді жазалау керек.
  • Бай азаматтар – бай мемлекет. Кландық-олигархиялық капитализмнің дәуірі өтті, елде жұмыссыздық пен кедейшілікті жойып, қуатты орта тап қалыптастырамыз. Шығыны көп іс-шаралардан бас тартып, зауыттар мен фабрикалардың санын көбейту қажет. Жер тек жерде еңбек еткенге берілсін!
  • Қазба байлықтан түскен табысты халыққа беріп, кедейлікпен күрес заңын қабылдау қажет. Мемлекеттік компаниялар акциясын азаматтарға тегін таратып беру керек. Әр сәбиге 3 жасқа дейін ең төменгі жалақы мөлшерінде жәрдемақы беріп, көпбалалы ата-ана мәртебесін бекіту қажет. Орта және жоғары оқу тегін болып, студенттерді жатақханамен, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуіміз керек. Әйелдер – 58, ерлер 60 жаста зейнетке шықсын.
  • Өңірлерді дамытып, ауыл-аймаққа ауыз су, газ және интернет жеткіземіз. Жол сапасын жақсартып, сапалы тұрғын үй, балабақша, мектеп және емханалар салу қажет. Көпбалалы отбасыларды, жетім балаларды, мүгедек баласы бар отбасыларды тегін баспанамен қамтамасыз ету керек.

Сайлаудан кейін

ҚХП фракциясының депутаттары мәжілісте «аузын буған өгіздей» тыныш отыр дей алмаймыз. Ресми сайттағы ақпаратқа сүйенсек, партияның 5 өкілі 39 депутаттық сауал жолдапты. Бірақ олар сайлауалды бағдарламадағы сияқты «сүйекті» емес. Олигархтар қолындағы елдің ен байлығы, жемқорлық, Қаңтар оқиғасы жайлы ештеңе айтқан жоқ. Саяси жүйеге өзгеріс енгізіп, үкіметтен есеп аламыз дегені де әлі күнге орындала қойған жоқ.

ҚХП депутаттары мәжілісте «мұғалімдердің біліктілігін арттыру, балаларға арналған жәрдемақыны көтеру, тұрғын үй қауіпсіздігі, мүмкіндігі шектеулі азаматтар құқығын қорғау, әлеуметтік тұрғыда осал отбасыларға жеңілдікпен тұрғын үй беру, көпбалалы отбасыларға мәртебе беру, студенттерге арналған жатақхана мәселесі, мектеп пен ЖОО-дағы білім деңгейін жақсарту, аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау» және т.б. тақырыптарға қатысты сауалдар жолдапты. Проблеманың үлкен-кішісі жоқ дерсіз, бірақ депутаттар «мемлекеттік алимент қорын құру, электромобиль саласын дамыту, науқастарға түпнұсқа препарат беру» сияқты әлеуметтік мәселелерді қозғайтын бейбіт тақырыптар шеңберінен шығып, ірі саяси мәселелерге араласып жатса, Астанадағы саяси арена қыз-қыз қайнап жатпас па еді.

КХП көтерген мәселелер Ақорданың саясатына дөп келетін, соларға жағымды тақырыптар. Алты ай бойы мінез көрсете алмаған қызыл сұңқарлар енді аяқастынан белсеніп кетеді дегенге сену қиын. Олигархтардың жағасынан алып, отыз жыл бойы жиғаның қайда деп, сілкілеп жатуға тиіс; халықтың бар мәселесін шешіп тастамаса да, үкіметтен «ол кім, бұл не?» деп, ақырып теңдік сұрап жатуға тиіс коммунистердің ізбасарлары, тіпті қоғамдағы шулы мәселелер тұсында да бұғып қалды. Мысалы, зат бағасы күн сайын өсіп, несиеге батқан адам саны артып барады. Мұның алдын алу үшін ҚХП не істеді? Қаңтар оқиғасына қатысты ашылмаған істер, дәлелсіз сотталған азаматтар аз емес. Қаңтар шындығын ашуға атсалысамыз деген депутаттарда үн жоқ. Елде тіркеле алмай жүрген саяси партиялар көп. Бұл да ҚХП бағдарламасында бар мәселе. Бірақ мәжілісте көтерген жоқ. Сондай-ақ халықтың экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған уәделер сөз күйінде қалып отыр.

«Көтеріп жүрміз...»

Біз мәжілістегі ҚХП фракциясының депутаттарына бірнеше сұрақ қойдық. Ең алдымен бағдарламада айтылған мәселелерді мәжіліс мінберінде көтерген-көтермегенін білгіміз келді. Бұған депутат Сейітжан Кенжеғұл «Сайлауалды бағдарламаны мәжілісте көтеріп жүрміз. Алғашқы депутаттық сауалым мүгедектігі бар азаматтарға байланысты болды. Бұл біздің бағдарламамызда бар мәселе. Сол кездегі премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сауалымызға тұшымды жауап ала алмадық. Жауапқа қанағаттанбағанымызды айттық. Бұдан бөлек электр энергиясына, суға қатысты сұрақтарды қолымыздан келгенше көтеріп жатырмыз», – деп жауап берді.

«Алматыдағы «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана» мәселесінің оң шешім табуына ықпал еттік. Сондай-ақ азаматтар жазған түрлі өтінішке байланысты біздің депутаттар қолдан келгенше жұмыс істеп жатыр. Мысалы, бұрын мүгедектігі бар тұрғындар министрмен кездесе алмайтын. Біз оларды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен кездестірдік. Қазақ тіліне қатысты біршама мәселені көтеріп жүрміз. Халық мүддесі үшін қолдан келгенше жұмыс істеп жатырмыз».

«Биыл жазда жүзден аса кездесу өткіздім. Көптеген азамат әлеуметтік кодекске көңілі толмайтынын айтады. Онда мүгедектігі бар азаматтардың мәселесі жазылмаған. Сондай-ақ тұрғын үй мәселесі көп айтылады. Үй кезегін күтіп шаршаған халық аз емес. Атырауда экологиялық мәселе ушығып тұр. Осы мәселені шешуге бағытталған мемлекеттік сатып алу жайлы заң мәжіліске түсті, соны қарастырып жатырмыз».

Сейітжан Кенжеғұл мәжілісте экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне мүше екен. Сол үшін оның жұмысы көбіне экологиялық мәселелер мен мүгедектігі бар тұрғындарға қатысты. Партия жұмысы жайлы толығырақ басшыларынан сұрағымыз келген. Бірақ байланысқа шығу мүмкін болмады. Ресми сайтындағы нөмір сөндірулі тұр. Әлеуметтік желідегі парақшаларына, мессенджерге жазғанымызбен мүлде жауап болмады. Біз мұны партияның қалай жұмыс істейтінінің бір көрінісі ретінде астын сызып айтып отырмыз.

Популистік уәделер

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед әдетте партиялар сайлауалды бағдарламасы бойынша жұмыс істемейтінін айтты.

2
Фото: из открытых источников

«Партияның сайлауалды бағдарламасы бір мерзімге (мысалы, бес жылға) арналады. Ондағы мәселені бүгін көтермесе, кейін көтеруі мүмкін. Кей партия бұрын қолға алған мәселелерін тағы көтеріп, соны жалғастырады. Бағдарлама деген халықтан дауыс жинау үшін жасалады, кейде оған орындалу-орындалмауы белгісіз популистік уәделерді қосады. Көп партия әдетте бағдарламаға аса мән бермейді, тек келесі сайлау алдында ғана қайта назар аударады. Биылғы сайлауда көп дауыс жинаған «Аманат» партиясы премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловты ұсынды. Әдетте премьерді ұсынатын партия үкіметті көп сынамайды. Керісінше, үкіметті оппозиция өкілдерінен қорғайды. Шетелде солай. Демек, бір мандатты жүйе бойынша сайланған немесе оппозициялық партия ғана бағдарламасына сай үкіметке сын айтуы мүмкін», – дейді саясаттанушы.

Тағы бір мәселе, әдетте депутаттар үкіметке сауал жолдап жатады. Шенділер сауалға заң аясында жауап бергенімен, сөз болған мәселенің шешіле қоюы екітайлай. Кейде тіпті депутаттардың айтқан сөзі айтылған жерінде қалуы мүмкін. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедтің айтуынша, мұндайда халық қалаулыларының қолынан келер қайран жоқ.

«Биліктің бірнеше тармағы бар. Парламент заң шығарушы орган, ал әкімдік, министрліктер атқарушы билік. Конституциялық заңға сай депутаттар сауал қойып, жұмыс істейді. Комитетте тыңдаулар болады, сонда үкімет адамдары есеп беруі мүмкін. Депутаттарда көтерген мәселесін үкіметке толық орындататын заңмен бекітілген басқа жол жоқ. Демек, депутаттар заң бойынша қандай жол бар, соны пайдаланып жұмыс істейді. Мәселе көтеріп, сауал қойып, жауабын талап етеді. Ол жауапқа көбінде депутаттардың көңілі толмай жатады. Ондайда қосымша сауал жолдайды немесе БАҚ арқылы өз позициясын халыққа жеткізеді», – дейді Бөріхан Нұрмұхамед.

Рас, үкіметке сауал жолдап, оған оңды жауап ала алмау жағынан депутаттар қазақ журналистеріне ұқсайды. Оларда БАҚ арқылы мәлімдеме жасап, өз позициясын халыққа жеткізе алатын мүмкіндік бола тұра парламент үйінің дәлізінде журналистерден қашып жүреді. Және халықтық партия сияқты қоғаммен байланыс орнатудан қашады. Өйткені белгілеп берген шеңберден шығып кетем бе деп қорқады.

Қуаныш Қаппас